*Өмірдің өзі
анаңыздың зейнетақысына көлік мінер ме едіңіз?..
tories/46a2b8bae5b5ad44447d4b637550973a.jpg» width=»448″ height=»298″ alt=»46a2b8bae5b5ad44447d4b637550973a» style=»vertical-align: middle;» />
Жұмысымыз Шымкенттегі «Орталық саябақтың» жанында орналасқан. Күніне сол саябақтан арлы-берлі бірнеше рет өтуге тура келеді. Аптап ыстық қысып тұрғанда жап-жасыл қалпы, салқындығын саялап келген серуендеушілер саны ертелі-кеш бір үзілмейді. Шахмат ойнаған қарттарды да, қолтықтасқан жастарды да, баласының қызығына тоймаған жас отбасыны да осыдан кездестіресіз.
Саябақтан өтіп бара жатқанмын, екі жігіттің әңгімесін құлағым шалып қалды. Жүздеріне қарасаң жиырманың үстіндегі жігіттер екендігі байқалып тұр. Бір-біріне ішіндегі наздарын айтып отыр.
-Әкеме анамның зейнетақысы бар ғой, кредитке көлік алайын, анамның зейнетақысынан төлеп тұрамыз» десем сонша жынданады маған. «Анаңның зейнетақысына көлік алып, көлігіңді ас қыламыз ба?» деп айқайды салды кеп. Жұрттың бәрі көлік мініп жүр. Біз қашан мінеміз… Әкем ақша тап та ала бер деп діңкілдейді маған. Жұмыс жоқ болса ақша қайдан табады екенмін?
-Әке-шешенің тірлігі үнемі сол. Біздің үйдің де жетісіп отырғаны шамалы,-деп жолдасы жолдасының сөзін қоштап қояды.
Жүрісім баяулады. «Әке-шешесіз өссе қайтер еді, бұл жазғандар?!» деп ойлап қоямын іштей. Ата-анасын кіналағанына қарағанда анасының зейнетақысына көлік мінуден арланбайтында сиақты. Қасындағы досының пікірі анау. Әңгімеміз өрескел-ау, өткен-кеткеннің құлағы шалса ұят болады-ау деген ниет те байқалмайды түрлерінен. Ашуланып, ызаланып отыр кәдімгідей. Барға қанағат ете алмау деп осындайды айтатын шығар-ау. Жұмыс жоғы несі. Жол бойын жағалап жарнама қағазын таратып жүргендер де күн көріп жүр ғой. Солардың ісі мыналардыкінен мың есе артық. Салқын жерде отырып алып әке-шешесін тілдейтіндей олардың не жазығы бар…
Ойланбайтын болғаны ғой. Әйтпесе, жандарынан маған қара да шүкіршілік ет дегенді үнсіз айтып арбаға таңылған, екі аяғы жансызданған жан өтіп бара жатты. Олар оған назар да аударған жоқ. Қолды сілтеп қойып даурығып сөйлеп жатыр.
Осы газетте жарияланған мақалаларымның кейіпкері болған арбаға таңылған әнші Роза Мұса мен танымал биші қыз Айжан Оразханқызы оралды ойыма. Олардың жаратылысы қыз болса да қайсарлығы, ерік-жігері мына екі жігіттікінен әлдеқайда жоғары деп мойындадым. Неге дейсіз бе?! Ол екі арбадағы жандар өздерін ешқашан бақытсызбын деп есептемеген. Керісінше, екі аяқтарын жерге тигізбеген тағдырларына қарсы жүріп, өмір атты тылсымның дауылына төтеп беріп, елдің намысын қорғап жүр. Олар ата-аналарын кіналамайды. Біреуді кіналау ойларында да жоқ. Он екі мүшесі сау соқталдай жігіттердің әңгімесі мынау. Жалпы жігітке осалдық жараса ма?..
Мен әңгімесін еріксіз тыңдаған екі жігіт жарқылдап тұрған жанарларымен жанары жоқ жандарға үңіліп те әуре болған жоқ. Тағы да газеттегі жұмысым ойға оралды. Біздің «Қызмет» газетіне «Көздері әлсіз көретін облыстық кітапхана» қызметкерлері өздерінде өтіп жататын іс-шараларын жарыса жазады. Жанарлары семіп тұрса да олар өмірге назын айтып шағымданған емес. Қоғамда өз ортасын қалыптастырып алып, жұмыс істеп жатыр.Олар көлік туралы армандамайды, жұмыс істеп жүр. Сонда, әлгі екі жігіттің әңгімесі не?..
Саябақта таяғын сүйеніп алып шахмат ойнауға келетін қариялар өте көп. Әке-шешесіне назын айтқан дардай жігіттер оларға да назар аудармады. Екі аяқпен жүруге шамасы жетпеген қарт кісілер қолындағы таяғына сүйенуге мәжбүр. Ал сап-сау әлгі екі жігіт көлікті ойлап отыр.
Олар ата-анасын жазғырады. Ал, біреулер ата-ананың құшағын, қамқорлығын аңсап күтіп жүр.
Айналамызда ойланбайтын адамдар көбейіп бара жатқан сияқты. Мен солай ойладым. Ойланса анамның зейнетақысына көлік алып мінем деп емес, анама қайтсем қуаныш сыйлаймын деп қамығу керек еді ғой.
Неге екенін өзімізді айналадағы адамдармен немесе болып жатқан құбылыстарға қарап салыстыруды әдетке айналдырмағанбыз.
Шынын айтайық, біз ол екі жігіттің көлік мініп жарқырап жүруіне қарсы емеспіз. Көлік мінудің де өз жөні бар. Біз әкені, ананы кінәлауға қарсымыз.
Ал Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман! Отбасыңыздың ішкен-жегеніне жарап отырған анаңыздың зейнетақысына көлік мінер ме едіңіз?.. Біз өзімізше жаңағы жігіттерді кінәлап отырмыз. Сіз кімді кінәлар едіңіз? Жас жігіттерді ме, әлде баласына көлік мінгізе алмаған әке-шешені ме?
Ж.Шынарбекұлы
Leave a Reply