Ошибка
 
 
«Түркістанға бренд болып қалатындай атауларды қарастырып жүремін» PDF Печать E-mail
Негізгі тарау | Байлық құпиясы19.07.2019 18:34

Нәтижелі жұмыспен қaмтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Осы орайда Түркістан қаласындағы сауда орталығының жұмысын қолға алып, келісімшарт жасап, 2300-ден аса шағын кәсіпкердің ісін дөңгелетуіне жағдай туғызып отырған кәсіпкер Инара Намазбаевамен арнайы тілдестік.


Қазақтың қайсар да қарапайым, іскер қызының бүгінде жасап жүрген жақсылықтары мен жария етпей істеп жатқан қайырымдылықтарын сырттай естіп, жақыннан танығымыз келді. Жас та болса бас болып, қажымас қайраттылығы, бірбеткей мінезімен талай қиындықтарды қақ жара өтіп, өзінің болмысымен жеңе білген Инара Намазбаева бұрынғы «қара базарды» «Қуаныш сауда орталығына» айналдырып, әкесінің бастап беріп кеткен ісін дөңгелетіп отырған жайы бар. Қол астындағы жұмысшыларға жанашырлық танытып, туысындай қарап, әрбіріне қамқор әпке, кішіпейіл қарындас. Ол қасиеттерін жұмысшылары да тілге тиек етіп, «жұмыс уақыты мен төленетін жалақы көңілімізден шығады» деп отыр.

Бүгінде сауда орталығында 2300 ден аса кәсіпкер келісімшартпен жұмыс жасайды. 2015 жылы болған өрттен кейін де базар өз жұмысын тоқтатпады. Қиын-қыстау кезінде халыққа қол ұшын созып, көмегін аямаған Инара ханымның әкесі марқұм Әбдіғаппар Шәймерденов мырзаға халық сенді. Түсіністікпен қарады. Тарап кетпей, сол базар аумағында шыдамдылықпен күтті. Өрт болған жерге екінші рет бармаймыз – деп қашқан ешкім болмады. «Қуаныш сауда орталығы» болып аяқтан тұруы, халықтың осы ниетінің арқасында. – Халық бізге күш жігер берді – деп отыр Инара Әбдіғаппарқызы.

Өртеніп күлге айналған бұрынғы «қара базарды» тегістеп, 2 және 3 этажды үш сауда үйлері мен ет, сүт, конфет, көкөніс, мата павилондарын жеке-жеке тұрғызып, қыста ыстық, жазда салқын болып тұратын соңғы үлгідегі ғимараттар бой түзеді. Бұрын базарда аяқтарынан тоңып, сыз өтіп тұратын халықтың барлық жағдайын жасап қойғанын сырт көз де жақсы біледі. Осы ретте бір ерекше айтып өтетін жәйт: Ол бұрын «Ташкентский» – деп аталып кеткен шағын базардың атын өзгертіп, «Достық сауда үйі» деген атау берген. Инара Намазбаева бұл жайында: «Мен – ұлтшыл емеспін, намысшылмын. Халықтың барлығы бірдей. Тек адамгершілікпен бағалаймын. Мен тек бренд болып қалатындай атауларды қарастырып жүремін. Базар аумағындағы және қала ішіндегі сетьтік «Бауырсақ» дәмханасы дәлел. Алдағы жоспарда «Ташкент шайы» аталып кеткен шайды «Түркістан шайы» – деп ұсынып, өзгертетін ойым бар. Қалған жоспарлардың орындалуы болашақтың еншісінде.

Осы бизнес саласына келгендіктен бір орында тоқтап қалмай, даму керек екенін біліп, шет мемлекеттерге барып, білім алып, тәжірибе алмасып келудемін. Осы жолы Швецарияға Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы бастаған еліміздің 17 аймағынан 60 әйел адам делегация болып 3 күндік саммитке барып келдік. Бұл – жыл сайын әр мемлекетте өтетін жиын. Соңғы 10 жылда Қазақстанның әйелдерін арнайы шақыру дәстүрге айналды. Аталған жиынға екінші рет баруым. Алдыңғы жылы Токиода өткен жиынында болып, көп нәрсе көкейге түйіп қайтқанмын. Былтырғы жылы Австралияда өткен жиынына белгілі себептермен бара алмадым. Осы жылы Қазақстан  ассоцациясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Жаһандық әйелдер саммитінің келесі жылы 30 жылдық мерейлі мерекесі болғалы отыр. Алла бұйыртса, «барсам» деген жоспарда бар. Бұл саммиттің берері көп. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген әйелде, елдерінде болып жатқан өзекті мәселелерді көтеріп, үлкен алаңда тәжірибе алмасады. Нәтиже көп. Мен бұрын әйел адамдарды билікке әкелмеу тек Қазақстанда ғана бар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, барлық дамыған мемлекеттерде бар және көп көтерілетін мәселелердің бірі екен. Қандай өзекті мәселелер кездесуде? Сол талқыланады. Осы жолы саммиттің ерекшелігі – бір күн тек ер адамдарға арналып, ер кісілерді ғана сөйлетті. Жоғарыда айтып өткендей, әйел адамдардың билікке келуіне қарсы болуының бірден бір себебі: Кезінде ата-бабаларымыз қыз баланы үйдің, ер адамды түздің адамы – деп бөліп қараған және қыз баланы төрге шығарып ұяңдығымен, нәзіктігімен, жан жылуымен шаңырақты ұстап тұрады деген ой қалыптасқан. Биліктің басында тек түздің адамы еркек қана отыруы керек деген де түсінік әлі күнге дейін бар. Бірақ бұл таптауырынды біздің қоғамдағы әйел кісілер бұзды. Себеп: Әйелдер барлығына да үлгеретінін, әйел бар жерде коррупцияның азаятынын дәлелдеді. Сондықтан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев билікке 30 пайыз әйелдер араласуына рұқсат берді. Мысалы билік басында 10 жоғарғы лауазымды посттың үш постын әйелдерге беру керек туралы жарлық шығарды. Қазіргі таңда Қазақстанның Солтүстік аймағында бұл мәселе шешімін тапты десе де болады. Солтүстік әйелдері белсенді. Батыс аймақта да жоғары лауазымда отырған әйел кісілер де баршылық. Біздің Оңтүстік аймақта көптеген қарсыласу мен қиындыққа қарамай, ер кісінің алдынам шығу ойымда жоқ, бірақ, ерлермен деңгейлес жұмыс жасай алатынымды дәлелдеп жүрген жайым бар. Мен жасаған жақсылықтарымды жарияға жар салып жасағым келмейді. Бірақ ақпарат қалай тарап кеткенін білмей қаламын. Мұсылмандарда: «оң қолың жасағанды, сол қолың білмесін» деген бар емес пе? Мен істеген жақсылықтарымды жария етіп, Алланың берген сауаптарынан құр қалғым келмейді. Алдағы уақытта көп адамдарға көмегім тиіп алғыстарын алып жатсам, соның өзі – мен үшін мәртебе» – деді Инара Әбдіғаппарқызы.

Қазақта «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөз тап бір Инара ханымға арналып айтылғандай. Олай дейтінімізге себеп көп. Әкеден берілген қайсарлық, шешеден берілген жанашырлық пен жүрегінің жұмсақтығы, әженің қамқорлығы Инара Намазбаеваны иненің көзінен өткендей етіп өмірдің өзі сауатты тәрбиелеп шығыпты. Сөйлесіп отырып, сүйсініп, үлгі алдық. Ал іштей қазақтың осындай қайсар қыздарының көбейюіне тілекші болдық. Ұлтымыздың қайсар да әділетті, батыр қыздары тарихымызда аз болмаған. Соның дәлелі – осы Инара Әбдіғаппарқызы. Үлгі тұтар нәзік жанды намысшыл, өзгеге жанашыр кәсіпкерлеріміз көбейе берсін!

Гүлзат МҰХТАРҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.