Ошибка
 
 
Денеңіз сөйлей ала ма?.. Печать
06.08.2019 15:32

Қазіргі кезде халық арасында көп қолданылып жүрген «психосоматика» терминін сіз де естіген боларсыз. Бұл сөздің кең таралуының өзіндік себептері бар. Соңғы уақытта дәрігерлерге белгілі бір негізсіз аурумен баратындар көбеюде. Яғни, пациенттің физикалық жағдайында ақау жоқ. Ата-анасының да денсаулығында белгілі бір кірпиян болмаған. Қандай дәрі көмектесетінін де білмейді. Осыған психосоматикалық аурулар деген ат берген. Бірақ бұл сөздің нақты мағынасы мен мәнін жете түсіне бермейміз. Ендеше бірге қарастырып көрейік.


«Психосоматика» термині алғаш 1918 жылы қолданысқа ене бастады. Түбірі грек тілінен шыққан бұл сөз «psykhe – ой, ақыл», «somatikos – дене» дегенді білдіреді. Ең алғашқылардың бірі болып Зигмунд Фрейд былайша анықтама берген: «Жасырған ішкі сезімдеріміздің, эмоциямыздың сыртқа ауру ретінде шығуы». Жалпы, «бүкіл ауру нервтерден пайда болады» дегенді көп естіген шығарсыз. Аталған сөз толығымен рас болмаса да, түбінде бір шындық бар. Психосоматика да осыны зерттейді.

Сонымен психосоматика – эмоционалдық күйіміз бен денеміздің өзара байланысын зерттейтін психологияның бір саласы. Басқа елдерде бұрыннан бұл салаға біраз көңіл бөлінген. Ал Кеңес үкіметі кезінде, одан бертін келе де халық өзінің психологиялық жағдайына қатты көңіл бөлмейтін. Тек есінен адасқандарды ғана емдейтін маман деп біліп келдік. Ал қазіргі кезде бұл мамандық иелеріне қоғамның көзқарасы өзгерген. Қиналып, жан баласына айта алмайтын сырларымыз бен ойларымызды жақсы психолог табылса жайып салғымыз келіп тұрады.

Психосоматикалық аурулар ұзаққа созылған эмоционалдық уайымдардың нәтижесінде ауруға айналған стресстен пайда болады. Аурудың басты себептерінің бірі – агрессия (ашу-ыза). Яғни адам өзінің ашуын сыртқа шығармай, ішінде ұстап қалуы. Бұл алдыңызда тұрған адамға бар зәріңізді шашып алу керек, байсалдылықтан тану керек деген сөз емес. Өзіңіз жалғыз қалғанда не болмаса психологиялық әдістерді пайдаланып ашуды шығарып тастаған жөн.

Қазіргі таңда әрбір дәрігер пациенттің психологиялық жағдайына ерекше көңіл бөледі. Себебі қаншама дәрі көмектесе алмайтын аурудың себебі мүлде біздің физикалық жағдайымызда болмауы мүмкін. Осындай жағдайда психотерапевтке жүгініп жатамыз. Дегенмен сіз ауруханалар мен поликлиникаларға баруды жақсы көрмесеңіз, өзіңіз қарап, қорытындылай аласыз. Психосоматикалық аурулардың белгілері көбінесе мынадай болып келеді. Өңештегі, іштегі, кеуде тұсындағы түсініксіз, жағымсыз сезім; ентігіп қала беру; жүрегіңіздің қысылып, жүрекқағыс ритмінің бұзылуы; асқазандағы ауырлық, әрқашан сезіліп тұратын аштық; ревматоидтық аурулар, бұлшық еттердің қақсауы. Әрине бұдан да басқа симптомдары бар. Бірақ ең көп білінетіндері – осылар.

Ал бұл аурулардың себептері мынадан туындауы мүмкін. Эмоциялардың сыртқа шықпауы. Мәселе сезу қабілетінде емес. Эмоция да, сезімдер де бар. Бірақ адам ерте бастан оның бәрін жасырып, қысып ұстаған. Бұлар ешқашан да жоғалып кетпейді. Керісінше тереңге бойлай береді. Екінші себеп – бала кезде алған психологиялық травмалар. Бала әлі өзінің ойын ашық айтып жеткізе алмайтын жаста бүкіл эмоциясы дене арқылы белгі береді. Қатты қорыққанда жүрегі жиі соғып немесе дем жетпей қалуы мүмкін. Үшінші себеп – стресске түскенде. Жағдайлардың ауысуы, қалыптан тыс жағдайға тап болу, бір жерден екінші жерге үйрену барысында адам күйзеліске түседі. Мысалы, жақынын жоғалтқан адамның онсыз жаңа өмірге үйрену барысында жүйке жүйелерінің зақымдалуы ықтимал. «Егер адам 40 сағат ішінде өзгерісті қабылдай алмаса, жағымсыз эмоция біздің денемізде қалып кетеді» дейді психологтар. Ал 40 күнде толығымен болған жағдайларды қабылдап, басқалармен жаңа қатынас құра алмаса, психологтың көмегіне жүгінген жөн. Себебі стресс депрессияға айналып кетсе, денсаулыққа өте қатты зияны тиюі мүмкін.

Ал енді денеміздің әр бөлшегіне тоқтала кетсек. Бас ауруы – психосоматикалық аурудың ең көп тараған түрі. Балаға «басыңды үнемі тік көтеріп жүруің керек!» деген сияқты талаптар қойыла берсе, адам өз-өзін «мен қалай ата-анамның көңілінен шығамын?» деп жей беретін болады. Үнемі алға ұмтылу, даму, басқалардан биік болу баланың ұстанымына айналып кетеді. Ал шынайы өмірге оралсақ, біз қалаған нәрсе әрқашан бола бермейді. Оны өз ата-анасына түсіндіре алмаған бала тұйықталып, сезімдерін ішінде ұстай бастайды.

Егер арқаңыз ауыратын болса, сіз бәлкім өткен шағыңыздан қорқатын шығарсыз. Көбінесе балалық шағы қиындықпен өткен адамдарда бел ауруы байқалып жатады. Арқаңыздың жоғарғы жағы маза бермесе, сізге жақын адамдарыңыздың қолдауы жетіспейді деген сөз. Ал төменгі бел жақ ауырса, сіз ақшаны ойлап көп уайымдайсыз немесе басқа адамдар сізден көп ақша талап етеді. Иықтағы ауру – біздің көтере алмайтын жүкпен күресіп келе жатқанымыздың айғағы. Адам өмірінде болып жатқан өзгерістерге көнгісі келмей, жаңа бір нәрсені қабылдамаса шынтақ белгі бере бастайды. Жалғыз, сырласуға досы жоқ адамдардың көбінесе қолдары ауырады. Себебі біз қиналғанда «қол ұшын созатын» біздің достарымыз ғой. Біреудің алдында тізерлегісі келмейтін, бүкіл әлем оның айналасында шыр-пыр айналып жүруі керек деп ойлайтын кісілердің тізелерімен проблемасы болады. Ал табаныңыз сыр бере бастаса, сіздің алға қарай жылжығыңыз келмейтін себебінен. Өзіңіз ұнатпайтын жұмыста істеп жүрген боларсыз немесе көңіліңізге жақпайтын адамдармен кездесу керек болып жүрген шығар. Яғни, сіздің аяғыңыз тартпайды. Дегенмен, әр мәселенің шешу жолдары бар.

Өз өміріңізге өзіңіз жауапты екеніңізді ұмытпаңыз. Өзіңізді тыңдауды, не қалайтыныңызды білуді үйреніңіз. Ең жақсысы психологтарға жүгіну. Дегенмен, бұл аурулардын толықтай құтылу жарты жыл, бір жыл уақыт алуы мүмкін. Ең бастысы өкпе-назыңыздан арылып, өмірден қайтадан ләззат алуға деген құлшыныс болуы керек.

Айжамал МАХАШОВА

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.