Ошибка
 
 
Қоғам
Қоғамдық штаб өкілдері Шымкентте Печать
29.05.2019 20:34

Кезектен тыс Президент сайлауының кандидаты Қ.Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Шымкент қаласына келді. «Түркістан» сарайында өткен кездесуге республикалық қоғамдық штабтың штаб жетекшісі, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев бастап, республикалық қоғамдық штаб мүшелері, Шымкент қаласының активі, әкімдік өкілдері, Шымкент қаласы мәслихаттың депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, ұстаздар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.


Қоғамдық штабтың төрағасы М.Әшімбаев Қ.Тоқаевтың еліміз бен шетелде түрлі қызметтерде лауазымды атқарғанын, елдің дамуына сіңірген үлесіне тоқталып, кандидаттың сайлауалды бағдарламасының үш негізгі ұстанымы туралы баяндады. Кездесуде мәжіліс депутаты, Халық қаһарманы Б.Ертаев, тележүргізуші Д.Нұржігіт, қаламгер Н.Оразалин, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Д.Қыдырәлі, қоғам қайраткерлері Қ.Сұлтанов пен З.Тұрысбеков және «Достық» қауымдастығының төрағасы И.Хакимжанов сөз алып, кандидаттың бағдарламасындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Жазушы Н.Оразалин: «Қ.Тоқаевпен Сенатта бірге жұмыс істесе жүріп, сынап та қарап, сұрақ та қойған кезіміз болды. Дос та болсын, басқа болсын, үлкен мінбеден еліміз бен халқымыздың атынан сөйлейтін адамға сынмен қарау, ол – парыз!» деп, халықты өз сынынан өткен азаматқа қолдау көрсетуге шақырды.

"Қызмет - ақпарат"

 
Өз құның мен қадірің өзгелердің құрметімен қалыптасады Печать
27.05.2019 16:19

Гар­вард университетінің түлегі Шыңғыс Мұ­­қан әлеуметтік желісінде Америка мектептері балаларды қалай тәрбиелейтіні жайында қызықты ақпарат бөлісті.  Отандасымыздың жазбасын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.


«Америкада оқыдым. Бостон қаласында тұрдық. Ұлым Алаш Америкада бірінші сыныпқа барды. Қарапайым мемлекеттік мектеп. Баламды бір жыл бойы бақылап, мектеп бағдарламасын зерделеп, мұғалімдермен сөйлесіп, ата-аналармен араласып, күліп жүретін, өз бағасын білетін, өз-өздеріне сенімді, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын ұрпақты қалай тәрбиелейтінін түсінгім келді.

Алашты таңғы сағат сегізге 5–10 минут қалғанда мектепке апарып тастаймын. Бойы екі метрге таяу, шашын ақ шалған жігіт ағасы, мектеп директоры Урен Блэр оқушыларды мектептің алдында қарсы алып тұрады. Бәрімен жапа-тармағай амандасып жатады. Әр оқушының атын атап, түсін түстеп жағдай сұрасады. Осы арада балаларын алып келген ата-аналарымен де бірер сөз алмасып үлгереді.

Ішке кірген соң, сынып жетекшісі күтіп алады. Туған балаларындай мейірімін төгіп, ұзақ мерзім көріспегендей зор сағынышпен құшақтап жатады. Басында аң-таң болып жүрдім. Бұл не деген ағыл-тегіл махаббат?.. Кейін сырын білмек болып сұрастыра бастадым.

Блэр мырзаға «жалғыз ғана сұрағым бар» деп кабинетіне кіріп келдім. Есігі айқара ашық тұр. Директорды ағылшынша «principal» дейді. Принсипал бөлмесінің жабық тұрғанын соңғы бір жылда көрмеппін. Кабинеті кіре берістегі бірінші есік. Кең адымдағанда он шаршы метрден сәл-ақ асатын бөлме. Жұмыс орны мен төрт кісілік дөңгелек үстел, шағын шкаф тұр. Одан артық жиһаз сыймайды. Осының өзінде ішінде әрең айналасың. Терезесінен мектептің алды, ал есігінен кіреберіс дәліз көрінеді. Кіреберістен күзетші көріп үйреніп қалған көзім «директорге емес, күзетшіге таптырмайтын кеңсе екен» деп қояды.

«Осы сіз неге оқушыларды күтіп аласыз? Мектеп директорлары орындауға міндетті нұсқаулық па?». Егер нұсқаулық болса, сұрап алып, озық тұсын елімізге неге енгізбеске деген ой бойды билеп барады... – Таңертең оқушыларды қарсы ал деген бұйрық жоқ. Бұл – оқушыларға деген құрметім. Үлкендердің құрметі балалардың бойына сенім ұялатады, өз қадірін білуге тәрбиелейді, – деді директор.

Алаштың сынып жетекшісі Джоанна Лиеберманнан рұқсат алып, бір күн сабағына қатыстым. Мұғалім мен оқушылардың өзара байланысын бақыладым. Білім беру әдістемесіне зер салдым. Екі ерекше жағдай көзге түсті.

Біріншіден, мұғалім оқушыларды өзімен тең көреді. Бірінші сыныптың балаларымен емес, өз қатарымен сөйлескендей тең құқықты байланыс қалыптастырған. «Мен мұғаліммін, сендер оқушысыңдар» деген ұстанымды байқамадым.

Бір оқушы майлы бояумен салған гүлдің суретін оқушыларға таныстырып тұр. Қалған оқушылар жан-жағына қаумалай орналасқан. Сөйлеуші сөзін тәмамдады да, «кімде қандай сұрақ бар?» деді. Үш-төрт оқушы қолын көтерді. Мұғалімнің де қолы әуеде. Суретші-оқушы аудиториясын көзбен бір шолып шықты да, алдымен сыныптастарының сұрақтарына жауап берді. «Бояуды қайдан алдың?». «Қызыл мен сары араласқанда қандай түс пайда болады?». Бәрінің сұрағына түгел жауап берді. Мұғалім әлі қолын көтеріп тұр. «Сіз не сұрайын деп едіңіз Мисс Лиеберман?» деп ересек адамдарша сұрағына салмақ салып, өз таныстырылымын класс жетекшісінің сұрағына жауап берумен аяқтады. Ағылшын тілінде «сіз» деген сөз жоқ. Бәріне «you» дейді. Дегенмен, «сізді» суреттейтін басқа да лексика жеткілікті. Мисс Лиеберман оқушыларына сізді білдіретін «please» (өтінем), «thanks» (рахмет), «would you mind...» (қарсы емессің бе) деген сөйлемдермен сөйлейді.

Сондықтан мұғалімнің пікірімен келіспеу, берген ақпаратына күмән келтіру, дәлел сұрау қалыпты жағдай. Ашулана ма десем, керісінше, тақырыпқа қызығушылық ояттым деп мұғалім мәз. «Жаңалық – келіспеушіліктен, жетістік – өзгерістен туады» деп қояды. Ішімнен «не жаңалық», «не өзгеріс», бар болғаны бірінші сыныптың сары ауыз балапандары емес пе деп отырмын.

Екіншіден, класты безендіруде әр оқушының ерекше орны, биік мәртебесі көрініс тапқан.

Бір күні Алашты сабаққа ертерек алып келдім. Күтіп отырмыз. Есіктің сыртында оқушылардың дөңгелете қиған суреттері жапсырылып тұр. Төменгі жағында аттары жазылған. Алаш қарап отырды да, «менің суретім жоқ қой» деді. Айтып үлгерген жоқ, Мисс Лиеберман жетіп келді. Балам апайының қолынан ұстады да, есіктің сыртындағы суретінің түсіп қалғанын көрсетті. «Енді менің суретімді қызыл астарлы етіп іліңіз. Себебі, қызыл – менің сүйікті түсім» деп тапсырды.

Адам аты мен суретінің иесіне етер жағымды әсері талай зерттелген. Бір байқағаным, класқа кіреберіс есікте, сырт киім мен сөмке қоятын шкафта, дәлізде, оқушылардың аттары мен суреттері жайқалып тұрды. Ал сыныптың ішінде тіпті одан да көп болып шықты. Ерінбей санап шықтым. Әр баланың аты жиырма рет кездеседі. Төбеге жіпке ілінген қағаз жұлдызшалар. Әр қайсысында оқушы есімдері. Туған күндері көрсетілген күнтізбеде де, керегеге жапсырылған ғылыми жобаларда да, парталардың үстінде де балалардың эгосы анадайдан айқайлап тұрмай көрсін енді!

Оған қоса, балалардың туған күндерін атап өту оқу бағдарламасынан орын тапқан. Туған күн иесін ортаға алып, тілек айтып, оның ерекше тұстарын әңгімелеп, өздері жасаған қолөнер бұйымдарын сыйлап ұсынып жатады.

Мұғалім әкімшілігі сыныпқа мұғалім тегінің алғашқы әріпін береді. 1 L деген сыныпты бітірген Алаш «Мисс Лиеберман енді мен мұғалімің емеспін, досыңмын» деп айтты деп келді.

Сабақ таңғы 8:00-ден түскі 14:30-ға дейін. Оқу жылы 21 маусымда аяқталды. Балалар өзгеріске үйренсін деп жыл сайын мұғалімі және жыл сайын сыныптастары ауысып отырады.

Ағылшын тілінде адам қасиетіне қатысты «self-respect» және «self-esteem» деген түсініктер көп қолданылады. Қазақшасы – өзін-өзі құрметтеу, өз-өзінің бағасын білу.

Оқушылардың өзіне деген құрметін есік алдынан қарсы алу арқылы қалыптастыратын директор, еш кем көрмейтін, өзімен тең көретін мұғалім, қайда қарасаң да, өз атың мен суретің көзге шалынатын класс – Америка мектептеріндегі оқушыларды өз-өзін қадірлеуге тәрбиелеу формуласы.

Біз балаларымызды жақсы көреміз. Баласын қай ұлт, қай ата-ана жақсы көрмейді дейсіз! Бәріміз де өліп-өшіп тұрамыз. Бірақ біз балаларды адам ретінде орнын біліп, құрметтей алмайды екенбіз. Балалар өздерін бала емес, адам ретінде сезіну үшін оларға жақсы көруден бұрын, құрмет керек. Адам ретінде сезінсе ғана олар балалықпен шалалық жасамайды, керісінше, үлкен адамдарша жауапкершілігі артады. Келесі жазбада Америка өз балаларын жасампаз етіп өсіру үшін олардың қиялдарына қалай қанат бітіретіні туралы сөз етемін».

Автордың түйін сөзі: «Бір жыл бойғы зерттеу нәтижесінде мынадай ой түйдім. Американың орта мектептері оқушы бойына келесідей төрт негіз қалаушы құндылықты сіңіреді екен:

өз-өзін қадірлеу, қиялдай білу, ұлтжандылық пен жанашырлық».

Қағазға түсірген – Әділхан АБАЙҰЛЫ

 
Балалар әдебиетіне арналған форум өтті Печать
27.05.2019 16:03

Түркістан қаласында «Jas Turkistan-2019» балалар әдебиетіне арналған республикалық марафон өтті. Бұл жиынға еліміздің жетекші балалар мен жасөспірімдер басылымдарының бас редакторлары және ақын, жазушылар қатысты.


Атап айтсақ, «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, PR маман, Talbesik.kz сайтының бас редакторы Азамат Битан, «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Паттеев, «Балдырған» журналының бас редакторы Д.Мағлұмов және көрші ел Туркиядан ғылым докторы Халил Четин, Өзбекстаннан балалар әдебиетіне үлесін қосып жүрген Алмагүл Оңаева арнайы ат басын бұрды. Одан бөлек, еліміздің өзге қалаларынан аудармашы, ақын Есей Жеңісұлы, әдебиеттанушы, жазушы Аягүл Мантай, «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, ақын Серікбол Хасан және «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова келді. Ал өзіміздің оңтүстік өңірінен республикалық «Қызмет» газеті мен «Ақылдым» балалар журналының басшысы Бейсенкүл Нарымбетова, «Жебе» баспа үйінің директоры, «Қазығұрт», «Жас ғалым» журналдарының жетекшісі Жарқынбек Төлтебаев және «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры, режиссер Батырхан Дәуренбеков мәртебелі қонақтар қатарында болды.

Марафонның мақсаты – балалар әдебиетінің қазіргі жай-күйін сөз ету, балалар шығармашылығына көңіл бөлу, балалар басылымдарының бағыт-бағдары туралы пікір алмасу, дамыту мен өркендету жолдарын қарастыру.

Балалар әдебиеті – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің құрамдас бір бөлігін құрайтын халықтың озық ойлы, терең де тамырлы әдебиеті. Барлық тірі табиғат тамырдан нәр алады десек, онда сол тамырдың тереңге бойлап, түбіне балта шабылмауын қадағалауымыз керек. Демек, балалар әдебиетін бала танымымен бағалау жеткіліксіз. Сондықтан «Jas Turkistan–2019» марафонын қоғамға қажет кезде жеткізілген «жедел жәрдем» деуге болады.

Елімізде алғаш рет бастау алған марафон туралы облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев: «Бала тәрбиесі қашанда басты назардан тыс қалған емес. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, балалардың тәрбиесімен қатар, балалар шығармашылығының дамуына мән беріп отырамыз. Біздің өңірде мыңға тарта білім ұялары мен колледждер бар. Онда балаларды жан-жақты дамыту, сан салаға бейімдеу мәселелесіне көңіл бөлініп отыр. Дегенмен, балаларымыздың болашағы, оларға қандай тәрбие

беріуміз керек деген мәселелер қоғамда өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы зор», – деп өз пікірін білдірді.

Иә, бұл марафонда балалар әдебиетінің маңыздылығы ғана емес, бала тәрбиесі, жаңа заман балаларының қызығушылығы, балаларға арналған баспасөз құралдарының бағыты туралы да сөз қозғалды. «Ғаламтор шырмауына ересектердің өзі шырмалған заманда балаларға қандай сапалы контент ұсына аламыз?» деген сұрақтар талқыланды.

«Балаларға арналған шығармалар жасөспірімдердің ой-өрісін, сана-сезімін дамытып, оларға заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталады. Балалардың ойлау, түйсік, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығы, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді. Сондықтан да балаға қиялын дамытып, шабытын шарықтатуға дем беретін шығармалар жазылуы тиіс», – дейді балалар үшін түрлі жанрда өндірте шығарма жазып, балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан өзбекстандық жазушысы Алмагүл Оңаева.

Аталған жиыннан кейін қатысушылар Түркістан қаласындағы №19 жалпы орта мектебіне арнайы барып, мамандық таңдау мен балалардың шығармашылыққа деген талпынысы, жас тілші бола алатын мүмкіндіктері жайлы әңгіме қозғады.

Марафонның балаларға ғана емес, ересектерге де берері көп болды десек қателеспейміз. Өзара пікір алмасу, ой бөлісу жаңа идеялар сыйлайтыны анық. Алдағы уақытта балалар әдебиетінен жаңашыл леп, жаңа сыйпат көреміз деп үміттенеміз. Себебі кешегі марафонға келген әрбір қонақ қойын дәптеріне бір ойды түртіп кетсе, әр бала қиялына қанат бітіріп қайтты. «Жас ұрпаққа жақсы әдебиет жасайық», – деген Әбділдә Тәжібаевтың сөзі әлі күнге дейін актуалдылығын жоғалтпаған. Жазушылардан «жаңа заманның жаңа әдебиетін» күтеміз.

Гүлзат МҰХТАРҚЫЗЫ

 
Қоғамдық келісім формуласы: Бірлік пен Жаңғыру Печать
27.05.2019 15:51

Шымкент қаласында «Қоғамдық келісім формуласы: Бірлік пен Жаңғыру» тақырыбында Шымкент қалалық Қазақстан халықтары ассамблеясының бірінші сессиясы өтті. Оған қала әкімі әрі Шымкент қаласы бойынша ҚХА төрағасы Ғ.Әбдірахымов, қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев, Шымкент қаласы бойынша ҚХА төрағасының орынбасары М.Қалмұратов, басқарма басшылары, этномәдени бірлестіктердің басшылары, діни бірлестіктер, партиялар және ҮЕҰ өкілдері, жалпы барлығы 1000 шақты адам қатысты.


«Қазақстан халықтары Ассамблеясы бірлік пен бейбітшілік идеяларын насихаттайтын тиімді институтқа айналды. Бүгінгі таңда Шымкентте 100 этнос өкілдері өмір сүрсе, 15 этномәдени бірлестіктер жұмыс істеп келеді. Тұрақты қоғамдық қатынастарды сақтау жұмыстарын бұдан ары да жалғастыра беруіміз қажет» – деп атап өтті әкім өз сөзінде.

Сессияда қоғам қайраткері Б.Тұрғараев, ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі Д.Сасықов, ҚХДУ студенті А.Абдувахи, әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары А.Гурбанова, жас кәсіпкер Д.Мамырханов сөз сөйледі. «Бірлігі жарасқан берекелі Шымкент» деректі фильмі көрсетіліп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

«Қызмет - ақпарат»

 
Бет 8 , барлығы 85
 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.