Ошибка
 
 
Қоғам
Шымкенттік Алланың үміті алда Печать
22.11.2012 23:32

Ел намысы сынға түскен дүбірлі бәсекелерде спортшы аруларымыз алынбастай көрінген биік белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жетіп,қай кезде де дүйім жұртшылықтың мақтанышы болып келеді. Бейжің Олимпиадасы ойындарында ауыр атлетика спортынан облыстың, тіпті республиканың маңдайалды табысына қол жеткізген жерлесіміз – Алла Важенинаның күміс жүлдесі тіпті ерлікке пара-пар! Ресейдің Қорған облысы, Шадринск қаласында дүниеге келген спортшы қыз Қазақстан азаматтығын алып, еліміздің атынан сынға түсуге ниет білдірген еді. Әрине, алғашқы кезекте Алла төрт жылда бір рет келер Олимпиада ойындарынан тыс қалуды қаламағаны анық. Жұмыр жер бетінің үздік спортшылары санатындағы Светлана Подоведова, Наталья Заболотная, Надежда Евстюхина, Валентина Попова сынды алыптармен бір салмақта өнер көрсеткен спортшы әуелгі кезде біраз уақыт бапкер назарынан тыс қалып келді. Ал, бұл жағдай алғашқы кезекте Шадринск тұрғындарына тіпті де ұнай қойған жоқ. Нәтижеде, Шадринск қалалық ауыр атлетика мектебінің жаттықтырушысы Юрий Боровский мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ли арасында жүрген келісім бойынша мектептің үш бірдей түлегі – Алла Важенина, Светлана Черемшанова және Елена Шадрина ұлттық құраманың мүшелігіне қабылданды.

Алла бұған дейін Ресей біріншілігінің алтын медалін екі рет жеңіп алса, Светлана үш дүркін чемпион атанған. Ал, Елена біріншілік барысында бір сәтте сегіз рет жаңа рекордтық көрсеткішті тіркепті. Шымкент қаласына қоныс аударған Алла қыз алдымен Каназава (Жапония) қаласында өткен Азия чемпионатында құрама қоржынына күмістен олжа салса, көп ұзамай бұл көрсеткішін Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында қайталай алды. Ал, Ресей бапкерлерінің бұл салмақтағы үміт артқан спортшысы – Надежда Евстюхина жүлдеден мүлдем сырт қалды.

- Важенина күміс жүлдені жеңіп алған Бейжің Олимпиадасында өзінің мүмкіндігін толық таныта алған жоқ, - деді Олимпиада ойындарынан кейін спортшының жаттықтырушысы Юрий Боровский. – Жаттығу залында жұлқа көтеруде – 130, серпе көтеруде – 160 келіні оңай бағындырған ол ойын барысында алғашқысынан 119, кейінгісінен – 147 келіні ғана көтерді. Енді болмағанда, алдымызды ораған қытай қызының соншалықты артықшылығы байқалмаған да еді.

- Шадринск қаласының тұрғындары бізді өте жылы қарсы алды. Ойындар барысын көгілдір теледидар арқылы тамашалаған қала тұрғындары сол мезетте топ-тобымен сап түзеп, көліктерімен түннің бір уағына дейін кернейлетіп сауық құрыпты. Ендігі жерде, Астана қаласында өтер әлем біріншілігіне қызу дайындалатын боламын, - дейді Алла Важенина.

Арманы асқақ қыз мұнан кейін де биік белестерге қол созуға талпынып көрген. Әттең, бағы келіспеді ме, әлде, бабы болмады ма, жанкүйерлерін ірі де жарқын жеңістерімен қуанта алмады. Кешегі өткен Лондон Олимпиадасында бар күшін сарқа жұмсап, аяғына дейін тіресіп бақты. Әйтсе де, шын мықтыға тұсау жоқ. Әлемнің кіл ығай-сығайлары бас қосқан 75 келідегі алпауыттар – қазақстандық Светлана Подоведова, ресейлік Надежда Евстюхина сынды үздіктеріне жол беріп, еріксіз жүлделі орындармен хош айтысуға тура келді. Жалпы қорытынды есепте – Аллаға бағынған биіктік – 6-шы нәтиже ғана болды. Әйтсе де, табиғатынан қайсар қыз өз өміріндегі спорттық жолына өкінішпен қараудан аулақ. Әлемдік марқасқалармен деңгейлесе жүріп, қазақ халқының абырой-мүддесі үшін күрескен ауыр атлет қазір спорттық карьерасын біржола тәмамдауға бел буған секілді. Алланың алға қойған бұл шешіміне бәлкім, құрама бапкерлері өзгеріс енгізе де жатар. Ал, бізге белгілісі, ауыр атлетиканың ғажайып қасиетін Оңтүстік өңіріне танытып, өзіндік леп ала келген Алла Важенина ендігі болашақ жарқын жұлдыздарға үлгі болып қалары анық.

"Қызмет" ақпарат.

 

 
Қымбаттым, қай елдi қалайсың? Печать
21.11.2012 22:31

altЕңбексүйгіштер мен дүкен аралауды жаны қалайтындар нені таңдайды?

Туристік фирмалардың мәліметтері бойынша Атырау облысы шетелге емалуға баратын туристер саны жағынан Батыс Қазақстан бойынша көш басында тұр. Атыраулықтар үшін туристік пакеттерді таңдаудың маңызды белгілерінің бірі - оның үнемділігі.

Біздің туристер үнемдегенді ұнатады

Бәрі де салыстыру арқылы айқындалады. Қазақстандық туристік фирмалардың жергілікті филиалының бұрын Алматыда жұмыс істеген Гаухар есімді қызметкері бұрынғы астанада сәнді демалыстар үшін ірі соманы жоюды қалайтындардың көп екендігін әңгімелейді. Туристік агенттіктерде салтанатпен ерекше қарайтын VIP қалаушылар экзотикалық және ең қымбат елдерді, ал, егер назарларын барлық бағыттағы дәстүрлі орындарға бұрса, онда олар ең қымбат пакетті таңдайды: жеке трансферт, жоғары жұлдызды қонақ үйлер және басқа да ерекшеліктер. Гаухар Атырауда жұмыс істеген жылдар ішінде ондай клиенттер санының тек төртеу болғанын айтты.

Тікелей рейстердің болмауы атыраулықтар үшін бағасы жағынан қолжетімді курорттық бағыттар аясын айтарлықтай азайтады. Ұзақ ұшу, билеттердің соншалықты қымбатқа түсуі, жалпы қазақстандық туризмнің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені, біздің еліміз белсенді әуе маршруттардан алшақ жатыр, сондықтан да туристік пакеттің салмақты үлесін ұшақ билетінің құны құрайды. Қазіргі маусымда операторлар Атыраудан гректердің Крит аралына ұшатын чартерлік рейстерден бас тартуда: өткен жылы ұшақтар жартылай бос кетіп отырды. Алайда, мұның өзі Қазақстан туроператорлары үшін қателік болды, олар нарықты асыра бағалады. Дағдарыстан кейінгі туристік белсенділіктің өсуінің алғашқы белгілерін операторлар 2011 жылы байқады. Және болашаққа барынша құбылмалы болжамдар жасауға асықты. Қазақстандық туристік ассоциация директоры Рашида ШАЙКЕНОВАНЫҢ пікірінше, 2011 жыл сабақ боларлықтай жыл болған екен. Туристік операторлардың ұсыныстары соңғы бірнеше жылда сұранысты асырған, чартерлік рейстердің де саны көбейген. Туристік агенттер жақсы пайда тапты, өйткені, олар өздеріне барынша тиімді талаптарды таңдап алды. Ал, чартерлік рейстерді ұстаушылар мен туристік пакеттерді көптеп сатып алған компаниялар біраз қиындықтарға ұрынды.

Таңдау аясы кең

Біздің туристік агенттіктер ендігі жерде шығынға батуды қаламайды. Ал, барынша үнемді демалысты таңдау мүмкіндігін іздеген клиенттер үшін күні бұрын брондалған турлар бойынша акцияларды ұсынады. Кейбір агенттіктерде ақпан айының ортасына дейін 35% дейін, ал, қазір 20-25% жеңілдіктер ұсынылады. Бұл ұсыныс қыркүйек айының аяғына дейін сақталады.

Сақылдаған қыстан ыстық жазға тап болуды қалайтындар үшін мына бірнеше бағыттағы маршруттар дәстүрге айналған: Египет, Греция, Таиланд және Біріккен Араб Әмірліктері. Орын алған жағдайлардан соң Египет бағыты сәннен кетті, ондай күн Грецияның басына да туды. Ал, бұл БАӘ және Таиланд елдерінің жолдамасының құнына әсер етті. Олар 10-20% өсті. Туристік агенттер бұл елдерге қазіргі кезде баруға кеңес береді, ондағы қазіргі температура +30+35. Ал, жазда ыстық және ылғалды, қолайсыздау болады. Хорватияда демалу кеңінен қанат жаюда. Алматыдан ұшатын чартерлік рейс және жазғы уақыттарда визасыз ұшу жолдаманың құнын азайтады. Жаңа елдерді көрсем деушілерді тартады. Хорватиядағы он күндік демалыс шамамен 1 500 долларға шығады. Қытай бағытындағы да тұрақты клиенттер бар, алайда, әзірге аспан асты елі біздің туристерді негізінен сауда және медициналық орталықтар ретінде ғана қызықтырады.

Жастар қалауы арзанға түседі

Жергілікті туристік агенттіктер өздерінің клиенттерін жас ерекшеліктеріне қарай бөледі. Жастар жағы көңілді демалыстарды – дискотека, жағажай, дүкендерді аралағанды қалайды. Олар үшін сол елдердің қыр-сырлары мен ерекшеліктерін сезіне білу маңызды. Ол елдердің мәдениеті қызықтырады, сондықтан да олар қонақ үйлерде аз уақыт өткізеді, оларды қонақ үйлердің қанша жұлдызды екендігі алаңдатпайды да. Олардың ұраны: «Өзі арзан, өзі маржан!» деуге болады. Осы жастардың арқасында туристік карталарда жаңа маршруттар пайда болып жатады. Көбіне клиенттер билеттер мен қонақ үйлерден орынды өздері брондап жатады, ал, туристік агенттікке тек визаны рәсімдеу көмегіне ғана жүгінеді. Олар клиенттердің мүдделеріне қарай жығылып, өздерінің ұсыныстарын дайындай келе, олардың сұранысымен танысады. Айталық аралас маршруттар өте танымал бола бастады: клиенттер өз қалауларына қарай нақты бір елдердің қызықты жерлерін немесе бірден бірнеше елдерді - Англия, Франция және Бельгия сияқты елдер бойынша экскурсиялық бағдарламаны таңдайды. Теміржол арқылы оларға баратын жолсапарлар үнемдеуге мүмкіндік береді. Өткен жылы Италияның бес қаласын әрқайсысына екі күннен тоқтала отырып, аралау сапары клиенттерге 1 300 еуроға шықты.

Жан жадыратар жағалаулар

Балиге саяхат – тағы бір мақсатты топтардың – бал айларын өткізетін жұптардың романтикалық сапары.

Барынша ересектеу клиенттер Чехияны таңдайды. Олар емделіп және демалуды жүзеге асырады. Оның үстіне қонақ үйге жолдаманы сатып алу барысында бонус ретінде оның құнына бірнеше емдік процедуралар да енгізіледі. Алайда, Чехия елшілігінің құжаттарды визаға тапсыру кезінде жеке өзінің қатысуын талап еткеннен соң, оған баратындар саны азайып кетті. Осыған байланысты агенттіктер өз назарларын бұрынғы кеңес одағының курорттық жерлеріне, мәселен, Бакуде демалуға және емделуге ұсыныс бере бастады.

Отбасылық жұптар балаларымен қыста – Дубайда демалыс пен шопингті біріктіру мақсатында таңдаса, жазда балалар үшін түрлі арнаулы бағдарламалары бар Түркияға таңдау жасайды. Жолдама құнына барлығы кіреді.

Экзотикалық табиғат, экскурциялық және жағажайдағы демалыс, шопинг үшін Малайзияны таңдайды. Бұл жерде ата-аналар үшін өз балаларына нағыз джунглида саяхат ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар.

-Қазір Атырауда туристік нарықтың тек бірнеше ғана сигменттерін танымал деп есептеуге болады: жағажайдағы демалыс, емдеу демалысы және шоп-турлар. Экскурсиялық бағдарламалар және белсенді қысқы демалыс түрлері әзірге аса сұраныста емес. Егер оларға сұраныс туатын болса, бізде ұсыныстар жеткілікті,- деп сендіреді туристік операторлар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

 

 
Аладоптың құдіретін бағындырған АРУЛАР Печать
21.11.2012 22:07
     Әйелдер футболынан ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Алматының «СШВСМ Кайрат клубы» қайта қайратына мінді. 2011 жылы чемпиондық атақты уыстан шығарып алып күміске қанағат етпеген   Наталья Дорошева шәкірттері биыл барын салды. Нәтижесінде ел біріншілігіндегі 24 ойында 1 рет жеңіліс тауып, екі кездесуде тең ойнаған Алматылық клуб Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.

Артылған сенім ақталды төгілген тердің есесі қайтарылды. Салтанатты марапаттау кешіне   әдеттегі спорттық киімнің орнына өздеріне жарасқан кешкі сәнді көйлек киіп келген кеше ғана жасыл алаңда өздерінің мықтылығын дәлелдеген ойыншыларды   бірден тану қиынға түсті, әрине. Бір сәтте өзгерген аруларды бір сұлулық байқауының қатысушылары деп қаласыз. 2012 жылғы чемпионаттың ең үздік бомбардирі деген атаққа лайықты футболшы деп «СШВСМ Кайрат клубының» команда капитаны Мария Ялова танылды. 31 жастағы Мария қарсылас команданың қақпасына соғылған 28 голдың авторы атанған. Мерген қыз жыл бойындағы ең қиын кездесуді былай деп еске алады:

Ең қиын кездесу Шымкенттің «БИІК Қазығұртымен» болды. Есіме алсам, күні бүгінге дейін денем түршігеді. Былтыр осы командаға есе жіберіп екінші орынды иеленген болатынбыз. Сондықтан қалай болғанда да ұтуымыз керек еді. Біздің команда тапсырманы орындады. Өте қуаныштымын.

Чемпион болғаннан чемпиондық атақты сақтап қалу қиын деген тәмсіл бар. Сондықтан «СШВСМ Қайраттың» бас бапкері Наталья Дорошева жаңа маусымда команданы күшейту мәселесі қаралатынын жеткізді.

 Ойыншылар желтоқсан айына дейін еңбек демалысына жіберіледі. Содан кейін команданы жаңа футболшылармен толығу мәселесі жайында келісім сөздер жүргізетін боламыз,-дейді ол.

Ел біріншілігінде 62 ұпайға қол жеткізген Шымкенттің «БИІК Қазығұрты» күміс медальмен қанжығасын майлады. Сондай ақ бұл ұжым биыл Ел Кубогін иеленді. Қола медаль жылдағыдай көкшетаулық арулардың қоржынында кетті. Олардың еншісінде 38 ұпай. Төртінші орында Талдықорғанның Жетісуы. Қарағанды қаласының командасы» Шахтер Каргу» бесінші орында. Елордалық «Астана» - 64 турнир кестесінің 6- сатысына табан тіреді. Ал көш соңындағы Шымкенттің «БИІК СДЮШОР-7» командасы 3 ұпайға қол жеткізіп 7-ші орынға жайғасты. Осылайша сәуір айының ортасында бастау алған әйелдер футболынан ҚР чемпионаты өз мәресіне жетті.  

Индира БЕКТЕНОВА,  Алматы қаласы

 

 
Олимпиадашыларымыз қайда жүр? Печать
21.11.2012 22:03

Бахтияр Артаев, Мұхтархан Ділдәбеков, Еркебұлан Шыналиев және Әлия Юсупова.Бұл есімдерді білмейтін қазақ кемде- кем шығар. Олардың олимпидадағы жеңісіне қол соқтық, мақтаныш еттік. Сол сәттерде бұл есімдер күнделікті айтыла беретіндей көрінген. Батыр емес пе? Әндер, жырлар, термелер туар. Оған жанды баурар жарқ-жұрқ еткен клиптер түсірілер. Күніне кемі он рет қайталанып беріліп жататын жарнамалардың кейіпкеріне айналар... Әйтеуір ел көңілінен таса етпеудің мың сан әдісі бар емес пе? Олай болмады, уақыт жеңді. Сонымен кезінде қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан спортшыларымыз қазір қайда жүр? Немен айналысады? Спорттан алыстаған жоқ па? Сұраққа жауап іздедік.

Әлия Юсупова: Қазақ көркем гимнастикасының қаһарман қызы Әлия Юсупова қазіргі таңда 3 бірдей қызметті атқарып жүрген білікті маман. Қазақстан құрамасының бас бапкері, сондай-ақ, жеке меншік және мемлекеттік мектептердің басшысы. Мақсаты біреу. Олимп шыңына шығатын шәкірт тәрбиелеу. Әлемде бестіктің қатарынан орын алған спортшы қыз бір шаңырақтың ақ тілеулі келіні, адал жар, аяулы ана .

Мұхтархан Ділдәбеков: Мұхтархан Ділдәбеков қолғабын шегеге ілгенімен, бокстан қол үзіп кеткен жоқ. Сидней Олимпиадасының   күміс жүлдегері 2008 жылдан бері Шымкент қаласында облыстық бокс мектебінің директоры қызметін атқаруда.Өткен жылдың өзінде мектеп қабырғасынан 22 спорт шебері шыққан екен. Бүгінгі таңда бокс ұстаханасында 600- ден астам ұл қыз олимпиадалық спорт түрінің қыр сырын меңгеруде. Былғары қолғап шеберлерінің басы қасында 40 білікті бапкер жүр.

Бақтияр Артаев: Олимпиада Чемпионы - Бахтияр Артаев! Үлкен спортпен қоштасқан Артаев біржола саясатқа ауысқан. Алдымен селолық округтің әкімі, кейіннен   облыстық спорт басқармасының бастығы болды. Ал 2011 жылы Бахтияр Жамбыл облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Спортшы сыналатын кезең, жеңістерден кейін басталады деген рас болар. Бейжiң Олимпиадасының қола жүлдегерi Еркебұлан Шыналиевтің шаршы алаңдағы өнерін жанкүйер ұзақ күтті. Алайда спортшы спорттан ауылы алыс басқа салада бағын сынауды жөн көріпті .Қазақтың атын шығарған спортшыларымыз аз емес. Қайсысын алсаңда бар білгенін ізін басқандарға үйретіп әлек. Міне, жаңа олимпиада маусымы басталды.   Жаңа есімдер күтеміз!

"Қызмет" ақпарат.

 
Бет 76 , барлығы 85
 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.