Ошибка
 
 

rssfeed

Қоғам
Медицианалық-профилактикалық алқа отырысы өтті Печать
07.02.2020 10:38

2020  жылдың 6 ақпан  күні Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 2019 жыл қорытындысымен медицианалық-профилактикалық алқа отырысын өткізді. Алқа отырысына департаменттің басшы орынбасарлары және бөлім басшылары, ТКҚСҚББ-ның басшылары және бөлім басшылары, Ұлттық сараптама орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры және зертхана меңгерушілері, Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының директоры  қатысты.

Алқаға департамент басшысы Н. Нышанов төрағалық етіп, кіріспе сөзінде қаралатын мәселелермен таныстырған соң регламентті бекітті.

Отырыс барысында қаралған мәселелер:

- 2019  жылы атқарылған құқықтық, ұйымдастыру-әдістемелік, өнеркәсіптік, коммуналдық, тағам, балалар және білім беру объектілерінің санитариялық-гигиеналық жағдайы;

- техникалық регламенттер талаптарының сақталуы;

- карантиндік, аса қауіпті және ауруханаішілік инфекциялардың эпидемиологиялық жағдайы;

- зертханалық зерттеулер мен аспаптық өлшемдер талдамасы;

- дезинфекция саласында атқарылған жұмыстар;

- департаменттің 2020 жылға қойылған мақсаттары мен міндеттері.

Басшы орынбасарларының аталған тақырыптар бойынша оқыған баяндамасынан кейін қатысушы мамандар тарапынан сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды.

Алқа төрағасы 2019 жылда жіберілген кемшіліктерді жою және алдағы уақытта ТКҚСҚБ  Комитетімен қойылған мақсаттар мен міндеттерді орындау және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды күшейту облыс аумағында санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз ету  мақсатында тапсырмалар беріп, отырысты қорытындылады.

 

Түркістан облысы ТКҚСҚБД-нің баспасөз қызметі

 
Судың адам ағзасына тигізетін әсері Печать
04.02.2020 18:25

Қазақ халқы «Сулы жер — нулы жер» дейді. Су - табиғи байлық. Ғаламшарымызда алғашқы тіршілік суда дамыған, сусыз тіршілік жоқ. Ол қан мен өсімдік, жануар құрамына кіреді, зат алмасу процесінің жүруін қамтамасыз етеді.Су болмаса тірі ағза өледі. Су санитарлық және шаруашылық тұрмысқа да керек. «Тазалық — денсаулық кепілі» дейміз. Су болмаса тазалық та болмайды. Су денсаулық жақсарту мен дене шынықтыру шараларына пайдаланылады. Судың емдік қасиеті өте зор. Мысалы, белгілі Есентуки суы құрамында сода және ас түзы тағы да басқа минералдық элементтер бар. Ақжайық суында гидрокарбонат, хлоридті, магнилі, кальцилы, натрилі элементтер бар.


Су — иіссіз, дәмсіз, түссіз сұйықтық. Ол мөлдір, аққыш. Оның өз пішіні болмайды. Су — еріткіш. Су табиғатта сұйық күйде, сондай-ақ қар және мұз, бу түрінде кездеседі. Қазақстанның өзен-көл аз жерлерінде еспе суы мен терең қабат аралық жер асты суының үлкен маңызы бар. Өмірде сусыз тіршілік жоқ. Судың адам ағзасына пайдасын білу – міндет. Адам денесінің 70 пайызы судан тұрады. Кез келген адам күніне 1,5-2 литр таза су ішуі керек.

Ағзада судың 20% жетіспеушілігінің өзі қауіпті, денеде бұлшық еттің 75%, мидың 74%, қанның 83%, ал сүйектің 22%-ын су құрайды. Барлық адамзат ауруы судың ағзада аз болуымен байланысты. Мәселен, үнділік ғалымдар арқаның құрысуы секілді ауруларды судың көмегімен ғана емдеуге болады деп баяндайды. Көз бен миға су жетпесе бас сақинасында ауырсыну байқалады, сусызданудан көз ауруы, ал буында су жетіспеушілігі салдарынан артрит ауруы пайда болады. Ағзадағы су деңгейінің төмендеуі бүйрек ахуалдарын туындатуы мүмкін. Бұл ауруларды емдеу үшін бар болғаны жедел түрде 3 стақан су ішідің өзі жеткілікті. Әсіресе, қысты күндері вирустық инфекциялық аурулар көп кездесетіндіктен, организмнің уланулары кезінде, іш қатулары кезінде, сонымен қатар іш өтулері кезінде суды тәулігіне 3 литрдің шамасында тұтынуы қажет. Сіз білесіз бе, кей жағдайда суды мөлшерден тыс пайдлану ағзаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Қан қысымы жоғары бүйрек аурулары немесе зәр шығару жүйесінде ауыртпалықтары бар жандарға мүмкіндігінше суды тәулігіне 1 литрден артық пайдаланбаған жөн. Сонымен, дене температурасын тұрақтандыратын,тері жасушаларын ылғандандырып, әр беретін, ас қорытуды жақсартып, мидың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін осынау табиғат байлығын көп пайдаланған абзал, бірақ, мейлінше жылы күйінде, себебі, салқын су миға қан жеткізу үдерісін тежейді. Оянғаннан кейін бір стақан ішкен дұрыс. Содан соң, тамақ ішер алдында 20-30 минут бұрын немес тамақтанғаннан кейін 3 сағаттан кейін суды ішуге кеңес беріледі.

Су адам үшін алмастырылмайтын бағалы жаратылыс болып табылады.

К.Баймусанова

Шымкент қаласындағы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы

 
Ботулизмнен сақтаныңыз! Печать
04.02.2020 18:21

Күз мезгілінен бастап, қысқы дайындыққа барлығымыз да кірісіп кетеміз. Көбіне жеміс-жидектерді, көкөністерді үй жағдайында консервілеп, дайындайыз. Адамдар қыста ешқандай күмәнсіз осы дайындалған өнімдерді қолданғанда ботулизм деген қатерлі аурудың күтіп тұрғанын білмей, ауруханаға ауыр қалде түсіп жатады. Сондықтан аурудың алдын алуда көмегі тиер деген мақсатта ботулизм ауруы бойынша айтқым келіп отыр.


Ботулизм— жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аурудың ауыр түрі. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың және балықтардың ішек жолдарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм адамдарға көкөністен, саңырауқұлақтан, еттен, балықтан технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда жұғады. Ауру белгісі 1-2 сағаттан немесе бірнеше күннен кейінде байқала бастайды, адамның басы ауырып, ұйқысы қашады, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, аузы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Сонымен қатар көздің қарашығы ұлғайып, заттар қосарланып көрінеді, адамның жұтынуы қиындап, бірте-бірте даусынан айрылады (афония). Ботулизмнің алғашқы белгісі білінісімен науқасты ауруханаға жатқызу керек. Оған жедел түрде Ботулизмге қарсы арнаулы иммунды сарысу егіледі. Мұндай сарысуды науқаспен бірге болып, уланған консервімен тамақтанған басқа адамдарға да егу қажет.

Ботулизм ауруының алдын-алу үшін көбіне үй жағдайында дайындалған қолдан жапқан саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс салат, ет, балық консервілерін пайдаланғаннан болатындықтан, базарлардан, сауда нысандарынан, белгіленбеген сауда орындарынан үй жағдайында дайындалған, қолдан жапқан консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс салат, ет, балық өнімдерін сатып алуға болмайды. Консервіленген салаттарды пайдаланған кезде сақтайтын, пайдаланатын уақыт мерзімін қараңыз, қақпағы күмпиген (бомбаж) салаттарды пайдалаңбаныз. Үй жағдайында ет , балық, саңырауқұлақ консервілемеген дұрыс. Жеміс-жидек, көкөніс консервіленген кезде оларды жақсылап жуып, тазасын, бүлінбегенін пайдаланыңыз.

Сапалы тағам – денсаулық кепілі.

Лаззат ТУРТАЕВА

Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданының

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы

 
Өгем құпиялары Печать
03.02.2020 16:21

Саяхат

Қазақ даласының сай-саласы, өзен-көлі, тау-тасының қойнауы қаншама сырды бүгіп жатыр десеңші. Тілін тапсаң, желмен бірге уілдеген жусаны мен сыбдырлаған қурайы да небір аңыз-әңгімелердің көбесін сөгіп жіберетіндей. Сөйлете алсаң, маңғаз жоталар мен тынымсыз су ағысы даланың аңызға айналған батырлары мен сұлулары жайындағы әпсаналармен жадыңды жаңғыртар ма еді? Ал, жер-су тарихы жайында туған өлкенің әр тасының сырын аңдаған құймақұлақ қарияның әңгімесін тыңдау бір басқа. Жаның жадырап, дала құпиясын ұғуға ынтыға түсесің...

Өгем аңғары

Қазақ жерінің оңтүстігінде Өгем деген тау бар. Аспанмен тілдескен қабырғалы Тәңіртаудың (Тянь-Шань) батыс бөлігі саналатын бұл таудың жасырған құпиясы жеткілікті. Мектеп қабырғасындағы география сабағынан азды-көпті Өгем тауы жайлы, оның суайырық жотасынан солтүстікке қарай Сайрамсу, Бадам, оңтүстікке қарай Өгем, Науалы өзендері бастау алатынын білетін боларсыз. Бұл атырап тарихтың қаншама сырын бауырына басып жатқаны әзірге беймәлім. Өгем өзені аңғарының қазақстандық бөлігінен әр түрлі кезеңдерге жататын 25-тен астам археологиялық ескерткіш табылғанын еске алсақ, бұл маңайды мекен ету сонау есте жоқ ескі заманнан келе жатқанын бағамдауға болады.

Бүгінгі біз көтеретін аңыз-әпсаналар топтамасында Өгем тауының құпиялары жөнінде сөз қозғалады. Оқиғалар желісі әр дәуірде болғанмен, нысандар өзара географиялық орналасу жағынан біріне-бірі жақын орналасқандықтан соның бәрін «Өгем құпиялары» тақырыбына топтастыруды жөн санадық. Тақырып қызықтырды маа? Ендеше, аңыздар ішінен уақыт жағынан бүгінгі күнге ең жақын, әрі ең қызықтысынан бастайық...

 

«Осипов қазынасын» қайда жасырған?

«Осипов қазынасы» дегеннен-ақ елең етіп, әңгіме желісін бағамдап қойған боларсыз. Ия, бұл тақырыптың айналасында қазақ және орыс тілдерінде бірнеше мақала жазылып, романдар жарық көрді. Өлкетанушы Кеңес Исмаиловтың «Угамский транзит» дейтін кітабының өзі неге тұрады? Бірақ, біз айтқалы отырған аңыз желісі басқа біреулердің жазып кеткен материалдарына шолу емес, керісінше, сол «Осипов қазынасы» нақты қай жерде жасырылғанын білетін қарияның көзін көріп, әңгімесін естіген жанның аузынан жазылып отыр. Әңгіме баршаға түсінікті болу үшін басынан бастап, энциклопедиялық сараң деректерге кезек беріп алайық.

ХХ ғасырда ақтар мен қызылдар болып Азамат соғысы үдеп тұрған тұсында Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Тәшкен шәрі үшін ұрыс қыза түседі. Большевиктер Тәшкенді алғанмен, көп ұзамай 1919 жылдың 18-23 қаңтарында өзара кикілжің орнап, қарулы қақтығысқа ұласады. Антисоветтік қарулы бүлікті Түркістан республикасының әскери министрі қызметінде болған, кейіннен Кеңес әскері қатарына өтіп, сеніміне кірген К.П.Осипов деген комиссар басқарады. Көтерілісті Қызыл армия басқанымен, К.Осипов бастаған аз топ Түркістан республикасының халық банкін тонап, Шымкентке бет алады. Тәшкеннен  ұрыс сала қашып шыққан топты Шымкентке өзкізбес үшін Қышкөпір маңында торуыл күтіп тұрғанын білген Осипов бағытты шұғыл өзгертуге бел байлайды. Осылайша қазына артылған керуенмен Өгем тауы арқылы Шымкентке, одан әрі Ресейге жетуді мақсат етеді. 1919/1920 жылдың қысы қатты суық, қары қалың болған екен, тіпті Тәшкеннің өзінде -30 градусты көрсетіп тұрған. Соған қарамай тәуекел еткен Осипов отрядын Өгемнің қарлы тау жотасы күтіп тұр еді. Қызылдар болса Шымкентте Осипов отрядын күтіп отырған болатын. Бірақ топ та, қазына артқан керуен де сол күйі Шымкентке жетпеді.

Араға жыл салып, Қызыл әскер Бұқар әмірлігін басып алғанда К.Осиповты сол жақта кезіктіреді. Бірақ ол тағы да қашып үлгеріп, Ауғанстан асады. Бұқар әмірі қазынасы ішінен Осипов ұрлаған қазынаның бір тиыны да шықпайды. Демек, қазына Бұқарға жетпеген. Осыдан кейін Қызыл әскер ол қазынаны Өгем асуынан Шымкентке асар тұста қандай да бір тау үңгіріне жасырылған, ал Осипов бастаған аз ғана кісі басқа амал қалмағандықтан Ферғана арқылы Бұқар әмірлігі қызметіне өткен, қалған топ мүшелері қар көшкініне ұшырап, қаза болған деген шешімге келеді де, қуғынды тоқтатады. Түрлі зерттеушілер де Құмсан ауылы тұрғындарына сілтеме жасап, алтын артқан керуеннің Өгем өзенін бойлай жоғары көтерілгенін, бірақ қайта төмен түспегенін алға тартады. Керуен артқан қазынада 3 миллион Николай патша рублі, 3 миллион Николай патша кредиті, 50 мың рубль алтын монета, 2 миллион рублдің алтын құймалары мен құнды заттары,  үндістандық рупилер мен басқа да валюталар болған екен. Ескеретін бір нәрсе, қазына Тәшкеннен шыққан сәтінде бірнеше автокөлікке тиеліп шығып, таулы аймаққа енгенде 11 түйе мен аттарға жүк болғаны белгілі.

Қазынаны және оны артқан керуенді түгендеп алдық, енді жүріс жолын шамалап көрсек. Қолдағы көне карталарды қарап отырсақ, Өгем аңғары арқылы өтетін Шымкент-Құмсан бағытында көне керуен жолының сүлдері анық байқалады. Ол карталарды фейсбук әлеуметтік желісінде Әсет Темірғалиев деген пайдаланушының парақшасынан көруге болады. Сол көне сүрлеуге жақын жолды тау кезген аңшылар мен орманшылар қазір де пайдаланып келеді. Құмсаннан шыққан керуен Өгемнің оң жағалауымен жүріп отырып, Бақшелпек, Өгем ауылы тұсынан беттеп көтеріледі де, Қырыққыздың асуы арқылы бүгінгі Бірінші мамыр ауылы маңынан шығады. Біздің бұл шамалауымызды осы өңірдің тумасы, танымал ақын Бақытжан Алдияр да құптайды. Бақытжан аға бала күнінде атасынан естіген әңгімелерін алға тартып, Осипов қазынасы жасырылған жерді шамалайтынын айтты. Қазіргі Өгем ауылынан Қырыққызға қиялап көтерілетін беткейде ескіде үңгір болғанын, сол үңгірдің ауызы 1920 жылдың қысында үлкен жарылыстың нәтижесінде бітелгенін ескертті. Ақынның айтуынша, Осипов бастаған топ асудан өте алмағасын, қазынаны сол үңгірге жасырады да, жарылыс жасап үңгір аузын бекіткен. Жарылыс болған түні Бақытжан ақынның атасы жылқы күзетіп жатады, жарылысты естігенмен ол жаққа аяқ баспайды. Омбылап қар басқан белге ат тұяғы батып бара алмайтын болғасын, көктем шыға әлгі үңгір үстіне келіп, аршуға болатын жағын шамалап кетіпті.

Шамасы, бұл әңгіме көңілге қонатын секілді, әрі керуен жолына да жақын. Олай болса, қызық қуған қазына іздеуші саяхатшылар назарын Өгем аңғарына аударып, туризмнің жаңа бағытын (приключенский туризм) ашуға болатын секілді.

К.П.Осипов

 

Мақпалкөлдің біз білмейтін құпиясы

Көркем келбетімен талайды тамсандырған Мақпалкөлді кім білмейді? «Өгемтауға бардың ба, Мақпалкөлді көрдің бе?» дейтін тіркес бекерге айтыла қоймас. Қызық қуған саяхатшыны тау басындағы осынау көлдің көркем табиғатынан өзге тағы нендей қасиеті тартуы мүмкін? Су жылқысы «суын» жайы, Мақпал сұлу туралы аңыздары, емдік қасиеті бар өсімдіктер мен Дәурен ақынның жыр шумақтары ма? Жоқ...Бұлардан өзге тағы бір қасиеті бар екен. Ол – «Мақпалкөл жазуы».

Мақпалкөл

Мақпалкөл маңында ертеортағасырлық көне түркі жазба ескерткіші бары жайында тарихшы қауым хабардар болар. Бұл ескерткіш туралы алғашқы деректі Ғани Назарбек деген табиғат жанашырынан естіп едім. Ескерткіш төңірегінде ауызекі әңгімелер болғанмен, нақты ғылыми айналымда ондай тіркес атымен жоқ. Өткен айда К. Исмаилов атындағы журналистердің бильярд турнирінде осы ескерткішті көрген кісі жайлы Бақытжан ақынның әңгімесін тыңдадым. «Қазығұрт ауданына қарасты Құларық ауылында Әбеке деген кісі тұратын. Өзі малшы, жазда малын айдап Өгемге жайлауға көшетін. Сол кісі бір күні жылқысын іздеп, Мақпалкөлдің жоғарғы жағына шығыпты. Үштағанның маңына жақын жерде астындағы аты ылдиға түсе алмайтын болғасын бір бұтаға байлайды да, қалың шеңгел арасынан бір кісілік жол тауып, сырғыма қиыршық тасты жолмен төмен түскен. Ылдиға түскен жердегі кішірек алаңқайда қарсы алдынан беті айна тәрізді теп-тегіс қара тас кезігеді. Тастың бетінде шимайланған жазу бар. Әбекем өзі малшы болғанмен, арабша төте жазудан хабары бар кісі. Арабшаға ұқсатпаған. Орхон-Енисей жазбасындағы көне түрік жазуымен жазып көрсетіп, «осындай жазу ма?» деп едім, «анық осы» деп нақтылап берді» дейді Бақытжан аға.

Түркология ғылымында көне түркі жазуларына қатысты «Талас жазуы», «Ферғана жазуы» деген тіркестер бар. Талас пен Ферғананың ортасындағы Өгем тауында мұндай түркі жазуларының кездесуі әбден мүмкін. Осы маңайда Ордақонған, Ұлыжұрт, Кішіжұрт деп аталатын тарихи атаулардың болуы да Өгем тауын көне түркі тайпалары мекен еткенін қуаттай түсетіндей. Сондықтан, бұл ықтималдықты нұсқа деп қарап, арнайы зерттеу экспедициясын ұйымдастыру қажет болар. Айтпақшы, биылғы шілдеде «Мақпалкөл жазуын» іздеуді мақсат еткен еріктілер жасағы құрылып, жорық жасап қалуы мүмкін. Егер, мүмкіндік болып жатса, ол туралы арнайы мақала жазатын боламыз.

Көне түркі жазуы (көрнекі сурет)

 

Осы жұрт Ұлыжұртты біле ме екен?

Өгем тауының құпиясын бүккен нысандарының бірі – Ұлыжұрт үңгірі (Улучурская пещера). Атағы әлемге танымал болғанмен, бұл үңгірді қарапайым саяхатшылар мен тұрғындар біле бермейді. Қазақстандағы ең терең, әрі ең ұзын үңгірді бағындыруды нешеме альпинист армандайды десеңізші. Үңгірдің тереңдігі 250 метр (кей деректерде 280 метр), ұзындығы 1500 метр. Интернет ресурстарда осынау ерекше нысан жайлы мәліметтер аз болғанмен, кәсіби мамандар арасындағы танымалдығы өте жоғары.

Үңгір Өгем тауының Ұлыжұрт деп аталатын тауалды үстіртінде орналасқандықтан осылай аталған. Құлдық шыңынан солтүстік-шығысқа, Ұлыжұрт асуынан шығысқа қарай жайғасқан. Оған кіретін үш ауызы бар, бірі жатағандау болса, екіншісі тіп-тік шыңырау. Жалпы, Ұлыжұрт үстірті қалың шалғын басқан қаратопырақты жайдақтау жота, тау үстіндегі жазық десе де болады. Мұнда ағаш пен бұтаны сирек кезіктіресің, беті ашық карст шұңқырлары көп. Барлық дерлік шұңқырлар тұйық, бірнешеуінің терең жалғасы болса, солардың ішінде тек біреуі ғана үлкен үңгірге ұласады. Ұлыжұрт үңгірі шыңыраулы болып келетіндіктен, бағындырғысы келетін альпинисттер үшін Қазақстандағы ең күрделі үңгір саналады. Сонысымен де қызық қуған саяхатшылар мен спелеологтар назарын арбайды.

Үңгір іші қараңғы, әр-әр жерден су тамшылары сорғалайды. Сонау тереңнен өзеннің сарылы естіледі. Үңгірге тереңдеп енген сайын қауіп те көбейеді, жоғарғы жағынан люстрадай салбыраған мұз сүңгілері үрейіңді алады. Кезінде «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінде инспектор болған Ғани Назарбектің айтуынша, үңгір қабырғаларында көне жазулар мен петроглифтер сақталған. Осы үңгірді көру үшін жыл сайын арнайы ат басын бұратын тау туристері бар. Егер, осынау құпиялы жерді көзбен көруді ойласаңыз, Шымкент қаласында Ұлыжұрт үңгіріне жолбастаушы бола алатын альпинистер табылады.

Карст үңгірі (көрнекі сурет)

 

Өгем аңғарында құпиясын жасырып жатқан мекендер көп-ақ. Біз тек ең қызықтыларын ғана әңгімеледік. Тастан қаланған қорған ізі, Үшбастөбе қалажұрты, Сусіңген көлі, Бақшелпек аңғары, тастанды шахта секілді тарихи және табиғи орындар кез-келген туристің назарын бұра алады. Туған жердің осынау қасиеттері неге насихатталмай келеді?

P.S «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіндегі туристік соқпақтар тізіліміне енгізетін қызықты жерлер қатары мол. Экологиялық, тау, альпинизм, экстримальді, этнотуризм, қызықты оқиға (приключенский) секілді туризмнің бірнеше түрін қатар дамытуға таптырмайтын мекен – Өгем аңғары десек, қателеспейміз. Әлемнің түкпір-түкпірінде қызық қуған саяхатшылар қауымы тамашалайтын ерекше мекен іздеп жүргенде, біз үнсіз отырмыз. Кей жиһанкездер үшін қала жағдайындағы комфортты жағдай емес, керісінше бағасы арзан, әм жабайы табиғат аясындағы өмір ұнайды. Ол үшін жол салып, қымбат қонақүйлер жабдықтаудан бұрын, тиімді насихат жетіспейді. Осыны бір ойлап қойсақ.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛ

 
Бет 2 , барлығы 204
 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.