Ошибка
 
 
«Қолына күміс қонса, алтын өзі келер...» Печать
30.03.2018 13:34

Жақында Баян атты нағашы апам өмірден өтті. Нағашы жағынан жалғыз жеңгем болғандықтан ба, әлде өз анамнан кейін қамқорлық танытушының бірегейі болғандықтан ба, жаныма жақын аяулы апатайымның қазасы мені қатты толғандырды. Ел ішінде «Баян сұлу», «Ақ Баян» деп аталып кеткен жеңгемді ақтық сапарға шығарып салған сәттегі ұрпағының анаға деген ерекше құрметі қолыма қалам алуыма себеп болды.Баян апам бірқалыпты, ел қатарлы ғұмыр кешті. 11 бала дүниеге алып келді, 30 немере, 5 шөбере сүйіп, 75 жасында аппақ әже, сұлу апа болып о дүниеге аттанды. «Сырлы табақтың сыры кетсе де сыны кетпес» демекші сол әдемі күйінде қартайды, әдепті әлемімен жадымызда жатталды.  Сырқаттанып жатып, өмірден аттанар сәтін сабырмен күтті, төзімділігі қайран қалдырды, қабағын шытып, ауру жанына батқанын еш білдірмеді. Жалған деп аталатын жарық дүниемен қоштасар сәтте бар байлығым жан жарым мен ұрпақтарым жанымда болса, тілім кәлимада және ауа райы жылы болса деп тілеген еді...


Апамыздың сұрағаны орындалды. Тамылжыған тамыз айында, немерелері жазғы демалыста ата-әжесінің қара шаңырағына түгел жиналған кезде дүниеден татар дәмі таусылғанын көңілі сезді. Перзенттерінің көбісінің мамандығы мұғалім болғандықтан, барлығы дерлік жанында болатын. Ал қалғандарына Алла сәтін салып, сенбі-жексенбі күндеріне орай жиналғандықтан, соңғы өсиетін айтып, тілі өзі тілегендей кәлимада болып, бұл дүниеден бақилыққа күлімсіреген күйінде аттанды. Бәрі өзі сұрағандай... Алла момынның тілегін қабыл алады дегенге тағы да көзіміз жетті.

Біз қазақ той өткізудің шебері екеніміз белгілі. Той өткізу тәртібіне бала тәрбиесінен артық көңіл бөлетін болдық. «Той десе қу бас домалайды» деген сөз де сол тойшылдығымызды аңғартатындай. Дастарханға қоятын тағамды ойласу үшін арнайы мәслихат шақырып, туыстармен ақылдаса отырып, өткен тойларды талқылап, кемшіліктерін қайталамау үшін електен өткізіп, жарыса отырып ұнамаған нәрсені тізбектеп шығатынымыз да жасырын емес. Той көркін қыздырғанымыз соншалық, бәйгені тоқтатуға қауқарсыздық танытып қаламыз. Тойдың түрі де көбейді. Ысырапшылдыққа бой алдырып, тоқтай алмай қаламыз. Адамзаттың бар арманы той өткізу сияқты ойдың жетегінде кетеміз.

Өмір бар жерде өлім бар екені қаза қабырғамызды қайыстырған сәтте еске түседі. Біз соңғы сапарға шығарып салуға әлі де дайын емес екенбіз. Өлім хақ екенін білсек те, одан ешкімнің құтылып кетуі мүмкін емес екенін біле тұра, немқұрайлылық танытып келеміз. Жасыратыны жоқ кейде қайғылы жайтта да дастархан жасауды ойлағаннан артыққа аса алмай қаламыз. Мәйітті жайғастырып болмай жатып, базарға жүгіреміз. Бірі мал іздеп әбігер, екі-үшеуі бөлініп жылап-еңіреп жүріп, базар-ошарын қарыштайды. Жұрттың істегенін жасамасақ ұят болады деген қалыптасып қалған ойдан арыла алмастан арпалысамыз. «Бардың малы шашылып, жоқтың... құдай-ау жоғы білініп», жалған ұяттан жер бауырлап, ұят болмасыншы деп азаптанып келеміз. Бұл жазылмаған заңдылыққа айналып кетті.

Марқұмға деген құрмет те сезілмейді. Бір күн түнету деген бар. Бұл мәйітті құбылаға қаратып, бір өзін бір бөлмеге шырақ жағып, бетін жауып жатқызып қою. Бұл да ескерілмейді. Мәңгілік сапар баршамыздың пешенемізге жазылған, дәстүрімізде оның да өзіндік жөн-жоралғысы бар, сөйте тұра тірілер тіршілігімен алысып келеміз... Дастархан жаюмен жарысамыз...

Баста айтқан Баян апамның қазасы маған ой салды. Қазада да өнеге бар екеніне көзімді жеткізді. Өйткені, ол кісінің перзенттерінің іс-қимылы мен қарекеттері көп нәрсені аңғартты... ой салды... өкінішке де бой алдырды. Ойландырған өнегесі туралы айта отырайын.

Баян апам көз жұмғанда, барлық қамқорлық пен жауапкершілікті тұңғыш қызы Балқия алды. Балқия ғалым, ұстаз болғанымен, біздің ортамызда қажылық сапарға барып келген тұңғыш қажы болатын. Дін жайында одан артық ешқайсымыз білмейтінімізді мойындадық. Балхия қажының айтуымен сауап алғысы келетін перзенттері сүйекке кіріп, Анасын өздері жуып-шайып, жайғастырып шықты... Кешке Баян апамның тоғыз қызы кезегімен дұға оқып отырып, анасының ақтық киімдерін өздері тікті. Бір кезде өздерін әлпештеп киіндірген анасын енді қыздары мәпелеп, денесіне киімі қатты батпауына мұқият қарады. Жатқан бөлмесіне шырақтар жағып, кезегімен кіріп, маңдайынан сипап, табанын сүйіп, разылығын білдіріп, қоштасып жатты.

Анасының күлімсіреп, әдемі боп мәңгілік ұйқыда жатқанын тілге тиек етіп, бір-біріне басу айтып отырғандарының өзі өнеге іспетті. Қыздары мен ұлдарының жоқтауы да өзгеше. Дауыс салып егіліп жылай бермей, қайта артында қалған ұрпақтарына жақсылық тілеу. Артық сөз жоқ. Сабырлық сақтаулары, тізіліп отырулары, жан жүрегі қан жылап тұрса да, бауырлардың бір-біріне демеу болуы, тіреу болуы... Көрген көз сүйсінеді. Осының бәрі Ананың өнегелі тәрбиесі! Бұл отбасында той, үлкен жиын өтсе де артық сөз айтылмайды, бір-бірін көзбен ғана түсіне береді, көп адамның жүргені де білінбейді. Қонақтардың алдына ас та, шәй да уақтылы жетіп жатады. Бәрін өздері даңғазалыққа салынбай, әдеппен өткізуге тырысады. Барлығы өз міндеттерін атқаруға үйренген. Сол темірдей тәртіп жыл өткен сайын өз нәтижесін беруде. Апамыздың замандастары үлгілі тәртіпке сүйсіне отырып «Бұл Мұстафиндердің бесікте жатқан баласының өзі де тәртіпті. Жыламай, Баянның қолы босағанын күтіп жатады. Содан соң жәй ғана белгі береді» деп әзілдейтін. Бүгінде осы отбасының тәртіпті, үлгілі, еңбекқор, әдепті балаларының бәрі де  жоғары білімді. Бәрі де бай-қуатты. Адал еңбекпен келген бақ пен береке. Қиын сәтте де бір-бірінің қабағынан ұғысып, ойларын көздерінен оқып, ауырлықты жеңілдеткісі келгендері пейілдерінен аңғарылуда.

Балалары мен немерелері ешкімге айтқызбай-ақ бір сәтте міндеттерін бөліп алып, әрқайсысы өз жұмысына кірісіп кетті. Санаулы ғана бір-екі сағатта бүкіл құда-жекжат, тума-туыс жиналып қалды. Аяулы анамен қоштасуға келген халықтың саны шамамен мыңнан асты... Келушілердің көліктерінің көше бойына сыймай қаз-қатар тізіліп тұруын көргенде, елдің ғазиз анаға деген шексіз құрметіне көз жеткізесіз.

Көпшілікке ауыл имамы Артық қажы уағыз айтып отырды. Ғибратқа толы әңгімелер өнегесімен ұйытты. Қонақ асының соңында имам ертеңгі жаназаға кешікпей, ғұсылмен келу керектігін ескертті. Сонымен қатар «Егер кімде-кімнің өз анасына тіршілігінде құрмет-қошемет көрсете алмадым, перзенттік борышымды өтей алмадым деген өкініші болса, анаға деген сағынышы мазаласа, жаназаға қатысып, қабіріне бір уыс топырақ салып, сауапқа кенеліңіздер», - деп ойын түйіндеді.

Ал, біз Баян апамыз жайлы ет жақын туыстары артында айта-айта жүретіндей із қалғандықтан, жақсылығын айтып отырып, естеліктермен таңды да атырдық.

Апамыз Ташкенттің қызы, әжеміз сүйек жаңғырту дәстүрімен жиендерінің қызын көзінің ақ пен қарасы жалғыз ұлына құда түсіп әперген екен. Ұзатылып келе жатқанда қызғалдақтар гүлдеп, дала гүлге оранған кез екен. Жолда тоқтатып, асыл жары Қаламбек Қазығұрт тауының бір құшақ әсем гүлдерін жинап ұсынған екен. Жылда әйелдер мерекесіне гүл шоқтарын сыйлағанымен, мен дәл сол бірінші рет сыйға алған дала гүлдерінен артық гүл көрмедім деуші еді жастық шағын еске түсіріп күлімдеген Баян сұлу апамыз.

Алтын тойында нағашымның ел алдында асыл жары Баян Тойшыбекқызына деген ризашылығын білдіріп, бір құшақ ақ раушан гүл ұсынғаны есіме түсті. Сол сәттегі апамыздың өзіне тән ұялшақтығы, жарты ғасыр өтсе де ескірмеген әдемі сезімдерінің кір шалмаған тазалығындай әдемі күлкісі көз алдымда сақталып қалыпты. Ұяңдығы көрік беріп тұрғандай. Ұялудың өзі де тек қазақ әйеліңе тән қасиет емес пе?!

Баян апамыздың жас кезінде киген бір-екі костюмін тұңғыш қыздары Балхия мен Роза студент кезінде киіп тоздырды. Апамыздың ұқыптылығы сонша, бір қадам алға ойлайтыны. Сән деген қайта оралады деп, өзінің сапалы әрі қымбат киімдерін сақтап қойғанын қалай ұмытуға болады?  Әр заттың бағасын білетін және бағалай алатын адам еді.

Жаназаға екі-үш сағат қалған кезде перзенттері кезек-кезегімен Баян апамызға разылығын білдіріп, қоштасып шықты. Енді ақтық сапарға дайындық басталды. Алланың разылығы үшін абыз ананы арулауға кіреміз деген құдағилар мен туыстардан белсенділері көп болды. Бірақ, қыздары мен қайынсіңлілері, өз сіңлілері өтініш жасап, өздері жанашырлық танытты.

Анасының денесін зәмзәм суымен шайындырып, ақ киімге құндақтап, денесіне бір тігісі батып кетпесін деп аялап жүріп, бар жоралғысын жасады. Табыттағы жатқан мәйіттің сырт көрінісі ерекше аялаған алақандардың қолынан шыққан ақырғы жасауындай өзгеше болатын. Ораған қызыл жібек кілемнің оң жағы ел назарын еріксіз аудартты. Дәл осылай тек өз перзенттері ғана қызмет жасайтынына көзім жетті.

Сол кезде мен неге өз анама осылай қызмет жасамадым, неге бәрін білгенде осыдан бейхабар қалдым деген өкініш мазалады. Перзенттің көп болғаны жақсы екен ғой деп қызықтым. Баладан артық байлық жоқ дегенді енді ұқтым.   Қажылыққа барсам деген арманым бартын, ертерек баруға асығу керек екен деп ой түйдім. Білген жақсы, білуге құмарту абзал, білмегеннің өкініші де ауыр екен. Бір кем дүние деген осы ғой...

Үйден табытты тек өзінің ұлдары мен немерелері көтеріп шықты. Жаназаға жиналған қалың елге имам жарты сағатқа ұялы телефондарын сөндіріп тастауды сұранды. «Біз пенделер уақыт сәті келгенде осылай анамыз сияқты бәрін тастап о дүниеге аттанамыз, екі қол бос кетеді, ешкім де бірге ермейді. Артымызда қалатын жақсы атымыз, өнегелі ісіміз бен иманды ұрпағымыз, анадан өнеге көрген ұл мен қыз, атадан тағлым алған перзенттер қалады. Сондықтан болар қазақ, өлі әруақ па, әлде тірі ме деп сұрайтыны. Адамның барлығы өлу үшін жаралған, соны есте сақтайық! Ал артында иманды ұрпақ қалдырған, еліне сыйлы, еріне адал жар, дана әже болған ардақты Баян Тойшыбекқызын мәңгілік сапарға ел болып шығарып салғалы тұрмыз. Перзенттерінің өтініші бойынша қабырстанға жаяу алып барамыз. Ақтық көшке дайын болыңыздар! Сауап алуға асығыңыздар!» - деді имам.

Айтқаны сол екен табытқа бір топ жиендері жақындады. Бес-алты шақырым жердегі қабырстанға қолдан-қолға тигізбей, бірін-бірі алмастырып қалын жұрт жөнелді. Абыз ананың керуені кетіп барады, тірілерге ой салып, өнеге боп. Ардақты ананың соңғы сапары ел есінде осылай қалды. Сол сәтте әр анаға, әр әкеге дәл осылай құрмет жасалса екен! - деген тілек әркімнің де көкейінде туындағаны сөзсіз.

Тоғыз ай жүрегінің астында, өлгенше жүрегінде сақтаған ұрпақтың анасын соңғы сапарға шығарып салу құрметі ерекше тағылымды еді. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен, жекжат артырған және досы көп, көршісімен тату адам сыйлы екен бұл өмірде. Солар екен даңқыңды асыратын, өлгенді жақсы сөзімен өлтірмейтін.

Жерлеп келгесін ел азаматтары естелік айтты. Баян апаның қонақжайлығы, еріне деген қамқорлығы, адамның жақсылығын көре біліп, қасиеттерін асырып мақтап отыратын мінезін айтты. Құдайы тамақтан соң немерелері Балхия қажы апасын алып, бейіттің басына барып бірнеше күн құран сүрелерін кезектесіп оқып отырды. Қабір азабын қайтсек жеңілдетеміз деген перзенттік қарекет, ананың қақы – құдайдың қақы деген ұғымға қайтарым.

Бүгінде ауылға келген сайын ұрпағының әжесінің бейітіне барып, құран оқып, жанаттан хабар алып қайтатыны бар. Алла сауапқа жазсын! Осы жайттардың куәсі болған мен дана халықымыздың «Ұрпақ тәрбиелеген ұтады» деген терең ойын ұғынғандаймын. Ұрпақ иманды болса, адам өлмейді, өмірі ұрпағымен бірге жалғаса береді екен.

Баяғыда әжелеріміз ең сұлу әйел кім? - дегенде марқұм анам «көп бала туған әйел» деуші еді. Ұйқысы қанбаған, етегіне үш-төрт бөпесі жармасқан, алдында емізулі нәресте, арқасында тәй-тәй басқан баласы бар әйел қайдан сұлу болушы еді ?!- деп таңырқайтынмын. Талғамдары төмен бе? - деп те ойлаған кездерім болғанын жасыра алмаймын. Осыған байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр.

Баян апа Ташкентке төркіндеп барарда әжем тек бір кейде екі қызын алып баруға ғана рұқсат етеді екен. Көз тиеді деп қорықса керек. Өзімен туысқан сіңлілері барлық балаларын ертіп келіп, қаланы аралатып, жақсы киімдер алып қайтқанына қызығып, бірде Баян апа да енесінен әрең рұқсат алып, бес қызын төркініне ертіп шығыпты. Аялдамада тұрса да, жолда кездескендердің барлығы сенің қыздарың ба? - өзіңнің жасың нешеде? – деп сұрап қоймайды екен. Жап-жас болып туып тастапты деп таңырқап қоятындар да табылған.  Содан бір кезде лық толы автобус тоқтапты. Баян апамыз қыздарын біртіндеп автобусқа көтеріп мінгізіп жатса, кондуктор әйел «мысық сияқты туа беріпсің ғой. Ішіңде де біреу бар білем» - деп дауыстап, автобусқа жария етіпті. Бұрын ондай сөз естімеген Баян апамыз жылап қалыпты. Анасының жылағанына бес қыз да қосылып жылапты. Оны көрген алдыңғы қатарда отырған ел ағасы орнын ұсынып, мұндай алтын қыздарды өмірге әкелген ананы қазақ «Ханым» деп әспеттеген. Жамандардың сөзіне ренжіме деп жұбатып, қыздарды жайғастыруға жәрдем беріпті. Сонымен бес қызымен төркіндеймін деп әбден әбігерленген апамыз үйіне шаршап оралып, енесіне «сіз көріпкел екенсіз ғой» деп тәубесіне келіп, сол оқиғаны үнемі күліп еске алушы еді. Енесінің жақсылығын айтып тауыса алмайтын. Сол, жарықтық асыл ананың арқасында қыздай боп жүрдім, еркеледім, ақылымен есейдім, қамқорлығымен жапырақ жайып, елге мақтаулы болдым деп қимастықпен еске алып отыратын. Сендердің әжелерің өте ақылды, даналығымен есте қалған абыз ана еді, сондай асылдың ұрпағы екендеріңді еш уақытта ұмытпағайсыңдар дейтін Баян апа.

Иә, дүниеге көп бала алып келген ананың сұлулығын сезіну үшін біраз өмір сүру керек екен. Оны көретін көз бен сезетін жүрек керек. Бүгінде мен Ана әр туған баласына  сұлулығының бір мөлшерін бөліп береді ме? деп ойлаймын. Бөліп беріп жүріп өзі де нұрлана береді білем... Қуанышыңмен бөліссең-көбейеді деген тәсілмен.  Ал немерелері мейірлене сүйгенде Ана жарықтық ажарланады. Ана табиғаты сондай! Шын мүбәрак жанның бағы жанар деген ғой. Баян апамыз болмысында көп сөйлемейтін, істің адамы еді.

«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» демекші сөйлескенімде, сырласқанымда ана байсалдылығына көзім жететін. Біз сырлас болдық. Әсіресе, анам өмірден өткесін мені жақын тартып, көп іздейтін болды. Жүрегім алабұртып, ана мейірімін аңсап жүрген сәттерімде тыңдап сезімталдықпен аналық тілекпен ұштастыруға талпынатын. Анам туралы естеліктер айтып отырып көзіне жас алатын. «Анаң өте мейірімді, ақылды адам еді» дегенді жиі қайталап, қимастықпен «Ондай адамдар жоқ қой» - деп жоқтаған көңілмен күрсінетін. Сол сөздерінде қимастық пен құрмет, сыйластық пен сағыныш мелдектеп толып, жанарынан төгілердей болатын. Араларындағы қыл өтпестей татулығы, бұл күндері аңыз сынды үлгі тұтардай қастерлі.

Баян апамның «қолына күміс қонса, алтын өзі келер» - деген сөзі есімде қалыпты. Оның мағынасы тым терең екенін кейін түсіндім. Күмістей тоғыз қыз бен екі ұлға алтындай күйеу балалар мен келіндер жолықты. Жақсы құда-жекжат бұйырды. Қылығы балдай немере сүйді, жанын елжіретіп жіберер шөбере сүйді. Осының бәрі күміс пен алтын. Бірін-бірі тартып, жарқырап адам жанын жадырата береді екен.

Күлия АЙДАРБЕКОВА, журналист.

 

 

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 

Соңғы пікірлер

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.