Ошибка
 
 
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр Печать
08.05.2019 12:02

Созақ ауданына жол түсіп, аудан орталығы Шолаққорғанға аялдағанымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер туралы естідік. Содан өңірде өте сирек кездесетін мұндай шағын кәсіпорынның тынысымен танысу үшін арнайы ат басын бұрдық. Шағын кәсіпорын жұмысын «Созақ аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігі» ҚБ жүргізеді екен. Төрайымы – Бақыт Смахова. Осы ретте цех басшысының көмекшісі Ержан Оразханды әңгімеге тарттық.


«Созақ аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігі» ҚБ шағын тігін кәсіпорны жұмысын бастағанына 2 жылдан асты. Цех жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, оның ішінде арнайы қызметтік киімдер, спорттық формалар, қыстық киімдер, төсек жабындар, қолғап, төсеніш, киіз үй жабдықтары, тіпті, қыз жасауы мен той жабдықтарын да өндіру, сонымен қатар, аяқ киімдер жөндеумен айналысып келеміз. Кәсіпорын тігін машиналары және қолғап тігетін станоктармен қамтылған», – деді Е.Оразхан.

Қазіргі таңда бұл шағын кәсіпорын өз өнімін Созақ ауданы аумағындағы нарыққа таратады екен. Тұтынушылармен қоса, уран кенін өндіруші компаниялармен келісімге келіп, тұрақты әріптестік орнатқан. Сондай-ақ, тек аудан нарығымен шектелмей, облыстың өзге де аумақтарынан тапсырыстар қабылдай бастаған. Мәселен, Арыс қаласындағы теміржол саласында қызмет атқаратын кәсіпорындар «Созақ аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігі» ҚБ-мен келісім шарт түзіп, жұмыскерлеріне арнайы қызметтік киімдеріне тапсырыс бере бастаған. Тапсырыс беруші тарап бұл цехтың қызметіне жүгінуінің басты себебі ретінде өндірілетін өнімнің сапалы әрі қолжетімдігін атаған. Кәсіпорын өнімдерінің өз тұтынушысы бар, сұранысқа ие.

Кәсіпорын өндіретін өніміне қажетті шикізаттар мен жартылай фабрикаттарды демеушілік жасаушы ауданда уран өндіріп жатқан «Инкай» ЖШС жеткізіп берсе, көптеген қажетті заттарын Шымкенттегі «Алаш» базарынан сатып алып, тасымалдайды.

Қазіргі таңда бұл шағын кәсіпорында 14 адам жұмыс істесе, оның 6 жұмысшысы тігіншілер. Олардың дені – мүгедектер мен аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келіп жұмыс тапқан жергілікті тұрғындар. Солардың қатарында біз сөзге тартқан Е.Оразхан да бар. Ержан – Шымкенттегі №1 колледждің түлегі. Колледжде осы тігін саласының қыр-сырын оқып, пішу мен тігіс тігуді меңгерген. Қазір осы шағын кәсіпорынның тігіншісі әрі шаруашылық жағынан басшылыққа көмекші болып жұмыс істейді. Цех жұмысшылардың атқарған жұмыс ауқымына қарай ақы төлесе, оған қоса Ержан секілді әлеуметтік бағдарламалар жолдамасымен жұмысқа келген жұмысшылар 55,0 мыңнан атаулы әлеуметтік көмек алады. Алдағы уақытта Е.Оразханның өзі де осы салада кәсіпкерлік ісін бастағысы келеді. Өйткені, «тұрақты сұраныс бар» деп отыр.

Өз кезегінде біз әр аудан мен аймақтарда мұндай кәсіпорындар көптеп ашылса дейміз. Себебі, бұл – мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік бағдарлама жолдамасымен жұмысқа кезекке тұрған кісілер үшін таптырмайтын мүмкіндік.

«Қызмет – ақпарат»

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.