Ошибка
 
 
Балалар әдебиетіне арналған форум өтті Печать
27.05.2019 16:03

Түркістан қаласында «Jas Turkistan-2019» балалар әдебиетіне арналған республикалық марафон өтті. Бұл жиынға еліміздің жетекші балалар мен жасөспірімдер басылымдарының бас редакторлары және ақын, жазушылар қатысты.


Атап айтсақ, «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, PR маман, Talbesik.kz сайтының бас редакторы Азамат Битан, «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Паттеев, «Балдырған» журналының бас редакторы Д.Мағлұмов және көрші ел Туркиядан ғылым докторы Халил Четин, Өзбекстаннан балалар әдебиетіне үлесін қосып жүрген Алмагүл Оңаева арнайы ат басын бұрды. Одан бөлек, еліміздің өзге қалаларынан аудармашы, ақын Есей Жеңісұлы, әдебиеттанушы, жазушы Аягүл Мантай, «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, ақын Серікбол Хасан және «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова келді. Ал өзіміздің оңтүстік өңірінен республикалық «Қызмет» газеті мен «Ақылдым» балалар журналының басшысы Бейсенкүл Нарымбетова, «Жебе» баспа үйінің директоры, «Қазығұрт», «Жас ғалым» журналдарының жетекшісі Жарқынбек Төлтебаев және «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры, режиссер Батырхан Дәуренбеков мәртебелі қонақтар қатарында болды.

Марафонның мақсаты – балалар әдебиетінің қазіргі жай-күйін сөз ету, балалар шығармашылығына көңіл бөлу, балалар басылымдарының бағыт-бағдары туралы пікір алмасу, дамыту мен өркендету жолдарын қарастыру.

Балалар әдебиеті – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің құрамдас бір бөлігін құрайтын халықтың озық ойлы, терең де тамырлы әдебиеті. Барлық тірі табиғат тамырдан нәр алады десек, онда сол тамырдың тереңге бойлап, түбіне балта шабылмауын қадағалауымыз керек. Демек, балалар әдебиетін бала танымымен бағалау жеткіліксіз. Сондықтан «Jas Turkistan–2019» марафонын қоғамға қажет кезде жеткізілген «жедел жәрдем» деуге болады.

Елімізде алғаш рет бастау алған марафон туралы облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев: «Бала тәрбиесі қашанда басты назардан тыс қалған емес. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, балалардың тәрбиесімен қатар, балалар шығармашылығының дамуына мән беріп отырамыз. Біздің өңірде мыңға тарта білім ұялары мен колледждер бар. Онда балаларды жан-жақты дамыту, сан салаға бейімдеу мәселелесіне көңіл бөлініп отыр. Дегенмен, балаларымыздың болашағы, оларға қандай тәрбие

беріуміз керек деген мәселелер қоғамда өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы зор», – деп өз пікірін білдірді.

Иә, бұл марафонда балалар әдебиетінің маңыздылығы ғана емес, бала тәрбиесі, жаңа заман балаларының қызығушылығы, балаларға арналған баспасөз құралдарының бағыты туралы да сөз қозғалды. «Ғаламтор шырмауына ересектердің өзі шырмалған заманда балаларға қандай сапалы контент ұсына аламыз?» деген сұрақтар талқыланды.

«Балаларға арналған шығармалар жасөспірімдердің ой-өрісін, сана-сезімін дамытып, оларға заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталады. Балалардың ойлау, түйсік, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығы, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді. Сондықтан да балаға қиялын дамытып, шабытын шарықтатуға дем беретін шығармалар жазылуы тиіс», – дейді балалар үшін түрлі жанрда өндірте шығарма жазып, балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан өзбекстандық жазушысы Алмагүл Оңаева.

Аталған жиыннан кейін қатысушылар Түркістан қаласындағы №19 жалпы орта мектебіне арнайы барып, мамандық таңдау мен балалардың шығармашылыққа деген талпынысы, жас тілші бола алатын мүмкіндіктері жайлы әңгіме қозғады.

Марафонның балаларға ғана емес, ересектерге де берері көп болды десек қателеспейміз. Өзара пікір алмасу, ой бөлісу жаңа идеялар сыйлайтыны анық. Алдағы уақытта балалар әдебиетінен жаңашыл леп, жаңа сыйпат көреміз деп үміттенеміз. Себебі кешегі марафонға келген әрбір қонақ қойын дәптеріне бір ойды түртіп кетсе, әр бала қиялына қанат бітіріп қайтты. «Жас ұрпаққа жақсы әдебиет жасайық», – деген Әбділдә Тәжібаевтың сөзі әлі күнге дейін актуалдылығын жоғалтпаған. Жазушылардан «жаңа заманның жаңа әдебиетін» күтеміз.

Гүлзат МҰХТАРҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.