Ошибка
 
 
АПАТ. ЕЛ. ҚАЛАМ Печать
28.06.2019 19:18

КӨРДІМ

Оқты көрдім тереземде жарылған,

Отты көрдім керегемде жағылған.

Көкті көрдім найзағайы шағылған,

Көпті көрдім жалаңаяқ сабылған.

Ана көрдім сəбиінен айрылған,

Бала көрдім құсалықтан қайғырған.

Ерді көрдім еңкейгенге қарасқан,

Елді көрдім ынтымағы жарасқан.

Көрген көзім жасқа толды,

Бұладым!

Жылап тұрып жұртқа амандық сұрадым!

Серік СЕЙІТМАН 24.06.2019 жыл.

28 маусым –  Баспасөз күні. Ел алдында жүрген әріптестеріміздің шығармашылығын бөлісеміз деп жоспарлағанбыз. Апат айтып келмейді. Дүйсенбінің таңында жаманат хабар түсті де, аласапыран басталды да кетті. Жұмыстағылар, үйдегілер... Жұрттың бәрі аласапыранның айналасында жүр. Қайтсем көмегім тиеді деп жанұшырады. Рухты халықпыз ғой. Сол рух алдаспандай жарқ етті.

Оқиға ортасында жүріп те біздің әріптестеріміз, қолынан қаламын тастаған жоқ.

Бүгін біз әріптестеріміздің рухқа, сезімге толы жазбаларын ғаламтордан теріп алып жариялауды жөн көрдік.


Абай БАЛАЖАН:

«АТА!» ДЕП ТҰРА ҰМТЫЛҒАНДА ТЕҢСЕЛІП КЕТТІМ...

Сөзімнен саясат іздеп әуре болмай-ақ қойыңыздар, туасы біздің Қазақстандай асыл ел, біздің қазақстандықтардай бауырмал халық әлемде жоқ! Мұны Арыстағы інімнің бала-шағасын енді түгендеп болып, «Уһ» деген соң айтып отырмын. Сол Арыстағы әскери бөлімде қызмет атқаратын інімнің бес ұл-қызы бар. Кішкентай екеуі балабақшада. Жарылыс басталғанда келін үйдегі үш үлкенін көршілерге ілестіріп жібереді де кішкентай екеуін алуға балабақшаға жүгіреді. Бес жасар ұл мен әлі үшке тола қоймаған қызды балабақшадан алып, Монтайтас жақты бетке алып, жүгіре береді. Бір көлікті тоқтатып, өзі сыймаған соң екі сәбиді соған салып жібереді. Ол көліктің не маркасын білмейді, не нөмірін білмейді, түсі тіптен есінде жоқ!

Сағат 09-50-лердің шамасында-ақ Арысты бетке алдым. 2009 жылғы жарылыста бір інімізді берген едік. «Е, Құдай не нәрсенің де ақырын жақсы қыла гөр» деп ішімнен күбірлеп отырғанымды ғана білемін.

Келін бір мотоциклге мінгесіп, N41 разьезге жетіп алыпты. Осы жерде көршісімен және солармен ілесіп кеткен үш баласымен жолығады. Содан бәрі жаяу-жалпылап, N42 разьезге жетіпті. Мен оларға дәл осы жерде жолықтым. Бауырымның балалары «ата!» деп тұра ұмтылғанда теңселіп кеткенімнің несін айта берейін?!. Содан бала-шағаны мінгізіп алып, екі кішкентайды іздедік. Аяқ жетер жерді түгел сүзіп шықтық. Кешкісін Сарыағаш жақтан табылды.

Айтайын дегенім – Монтайтас, Сарыағаш халқы ешкім ұйымдастырмай-ақ өз бастамаларымен арыстық ағайындарының алдынан шығып, соларға деп арнайы алып шыққан нан-суларын ауыздарына тосып жүр!

Журналистикада жұмыс істеп жүргеніме 36 жыл болса да дәл қазір мен өз ойымды жеткізуге дәрменсізбін. Сарыағаш халқы, Монтайтас халқы не деген бауырмал еді! Олардың мейірмандығын көздері айтып тұр. Ал көз еш уақытта алдамайды!

Кеш те болса жұмысқа бас сұқтым. Сөйтсем әріптестерім едел-жедел 100 мың теңге жинап, азық-түлік алып, жолға шыққалы тұр екен! «Біздің бюджетімізді кесіп тастады-ау, кейбір Құдайдан безгендер таралымымызға ауыз сала бастады,арыстықтарға көмектесетін өкімет бар, біздің басымыздың іскені не?!» деп отырған ешқайсысы жоқ! Ың-шыңсыз газетті де шығарған және елдігің сынға түсер сәтте бірін бірі көзбен ұғысқан да ақша жинай берген! Мұндай адамдардың аяғының астына топырақ болып төселіп, адал қызметшісі болсаң жараспас па?!

Жүргізуші Бақытжан Иманқұловтың көлігімен қанша адамды қауіпсіз аймаққа жеткізіп тастағанын санаған кім бар дейсіз?! Әйтеуір көп, өте көп!

Айтқандай, бауырымның балаларын өз балаларын іздегендей іздеген «Жанубий Қозоғистан» газетінің бас редакторы Әлішер Сатыбалдиев бауырға айтар алғысымыз да шексіз! Жамандық көрме, Әлішер інім!

Рухани діңгегі мықты осындай елді бақытты ел демегенде, кімді бақытты ел дейміз?!

Әңгімеміз әртүрлі себеппен қиюласпай жатса, жыға айыпқа бұйырмассыздар, алтын ағайындар!

Мұхамеджан ТАЗАБЕК:

АРЫСҚА ҚАРАЙСЫҢ, АЛЫСТЫ ОЙЛАЙСЫҢ...

Күтпеген жерден апат ! Арысқа қарайсың, алысты ойлайсың... Сынақ деген осы. Күтпеген жақтан, тоспаған тұстан келеді. Қаншама жұрттың жоспары бұзылды. Жасағалы жатқан той, күткелі жатқан құда, бастағалы жатқан құрылыс, жүргелі жатқан сапар, бәрі тоқтады, бәрі өзгерді. Маңырап мал қалды, қаңырап үй қалды. Суырмада пұл қалды, суғарылмай гүл қалды. Таңертең бірге оянған сәбиден түсте көз жазып қалдық. Түсте табылмастай болған тағдырлармен кешке аңырап жүріп қауыштық... Аллаға мұңайтам десе де, қуантам десе де оңай екен! Жан тәтті, оқтың даусы ащы... Қауіп қасыңнан төнгенде басқа уайым басыңнан шығып кететінін көрдік. Төленбеген кредит, қайтпаған қарыз, бауырға деген өкпе, досқа деген реніш, бәрі бір сәтте артқа шегініп, бастың амандығы мен қу жанның тыныштығын ғана іздеп кететінімізді ұқтық... Өмірде шындық көп, бірақ жалғыз ақиқат – осы. Өлімнің иісі мұрынға кеп, жан алқымға тығылса, шешілмейтін мәселе, кешірмейтін айып жоқ екенін сезесің... Бұл фәниде бәрі де салыстырмалы, бәрі де өткінші уайымдар екенін, пендеге қылған пендешілігіміз екенін түсінесің... Бастың амандығы, жүректің тыныштығы, баланың жыламағаны, шаңырақтың шайқалмағаны, ел іргесінің сөгілмегені ең үлкен құндылық екенін үнсіз мойындайсың... Өмірдің әр сәті – сабақ, әр күні – тағылым, әр оқиғасы – ғибрат, әр апаты – ескерту! Бұл жағдайды да, бұл күннің дүрбелеңін де пенделік пернелерде ойнатпай, Құдайдың құлдарына деген ерекше ескертуі, раxыми назары деп түсінсек екен... Артық сөздеріміз бен алкеуде амалдарымызға тәубе қылып, Алладан жақсы күндеріміздің жалғасқанын тілесек екен... Шекпенділер шекесінен қарауды қойып, қаймана елдің қамында аманатқа адал болса екен... Бұқара қауым ызаға булығып, әдемі сөйлегенге алдана бермей, қолында бардың қадірін біліп, тізгін ұстағандарға тілекші болса екен... Біз бірге болғанда ғана мықтымыз! Тілекші болғанда ғана тұтаспыз!

Алла күтпеген қиындықтан, көтере алмайтын сынақтан сақтасын! Арыстың қаласы қайтадан xалыққа, әр үй жарыққа толсын!

Базаргүл ҚАЛБЫР:

РУХЫМЫЗ ЖОҒАЛМАҒАН ЕКЕН

Фейсбукте "Кеше Арыста кішкентай балалар неге ата-анасынан ажырап қалған?" деген сұрақтар көп қойылуда. Оның себебі бар. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың "Ғасырға созылған ұзақ күн" деген шығармасын оқып көргендеріңіз бар ма? Кеше дəл солай жайды арыстықтар бастан кешті... Бəрін басынан бастайын. Кеше сағат онға таяу ФБ-ға кіріп қалмаймын ба? Онда Арыстағы əскери бөлімде тағы да жарылыс болып жатқанын оқып қалдым. Рас -өтірігін біле қояйын деп əкімшіліктегі таныс келіншекке телефон соқтым. Телефон барғаны сол, бірден өшірді. Мүмкін жиналыста отырған шығар деген оймен Арыстағы сіңлімнің үйіне телефон соғайын. Сөйтсем сіңлім "Жарылыс болып жатыр, бəрімізге кетіңдер деді" деп жүгіріп келе жатқанын ырсылдай сөйлегенінен сездім. Кəдімгі кинодағы соғыста көргеніміздей зу-зу еткен дыбыстардың даусы естілуде. Оның үйінде жаз болған соң бірнеше немерелерінің қыдырып келгенін естіген мен "Балалар қайда? " деп едім, "Оларға кете беріңдер, мен үйдегі құжаттарды алып шығамын деп үйден шыққанша, ешқайсысын таппай қалдым" деді. Келін мен бала жұмысқа кеткенін білдім. Енді дереу екінші сіңліме телефон шалсам, оныкі байланыс аясынан тыс жерде немесе сөндірулі деп тұр. Күйеу баланыкі де солай. Дереу қайтадан əлеуметтік желіге кірдім. Алғашқы видеолар салына бастапты. Жүгіріп бара жатқандар, көліктер, қап -қара қою түтін, жарылыс... Мынаны көріп, жүрегім тоқтап қала жаздады. Жанұшыра сіңлімнің үлкен ұлына телефон шалдым. "Əпке, балаларды таппай қалдым. Олар жоқ" дейді жанұшыра. "Мамаңмен бірге шығар" десем, "Ол балаларды таппай қалыпты. Өзі бір көлікпен Шағырға қарай кетіп барады екен" дейді. Ал келіншегі мектептен үйге жүгіріп келсе, есік ашық, терезелер қирап жатыр. Қазір екеуміз сөйлестік, маған қарай келе жатыр". Осы кезде жарылыстың даусы телефоннан маған естілуде. "Енді тұра бермей, бір көлікке мініп кетсеңдерші" деймін ана дауысты естіген сайын зəре-құтым қалмай. Ал ол, ал ол маған не дейді дейсіздер ме? "Əпке, мен балаларымды таппай қайда барамын. Білесіз ғой Ерсұлтанның бір жарым жаста екенін. Ол жүгіре де алмайды ғой. Ал ана қыздар бар болғаны біреуі жеті, біреуі бес жарым жаста емес пе? Ал қасындағылар да жоқ". "Адамдар не істеуде?" "Бəрі көлікке мінгені мініп, мінбегені жаяу қашып барады". "Құдай сақтасын, оларды көлікпен əкеткен шығар. Бір орнында тұра бермей, кетсей ол жерден" деймін жанұшыра. Жарылыс даусы тоқтаусыз естілуде. "Міне, келініңіз де келді". Сонымен телефон сөндірді. Бес минут өтпестен қайтып соқтым. Желі бос емес. Əлден уақытта өзі соқты. "Келініңіз бəрін көрдім, олар үйде жоқ деп жылап тұр. Мүмкін қорыққандарынан бір жерге тығылып қалған шығар. Мен үйге барамын" дейді. Осы сəтте келіннің "Олар еш жерде жоқ, бəрін тексердім" деп жылай сөйлегені естіліп тұр. "Осылай қарай жүгіріп келе жатқанда дəл алдымда бірдеме жарылды, əйтеуір ешқайсымызға түспеді" дегенін естіген соң, шынымды айтсам, Шымкентте, айдалада отырып, есімді жоғалтуға сəл -ақ қалдым. Бар даусыммен телефонды жара: "Кет деймін сендерге, тұра бермей" деймін. "Əпке, түсінесіз бе, біз балаларсыз қайда барамыз?" Зың-зың... Ал... Ауа жетіспей барады... Қызым "Бəрі жақсы болады. Сабыр сақтаңызшы" дейді... Əлден уақытта қайтадан телефон шалдым. "Жаяу кетіп барамыз, тоқтаған көліктерге тек балаларды мінгізіп жіберіп жатырмыз. Егер балалар сыймай жатса, көлік ішіндегі үлкендер түсіп қалуда. Менің балаларым да осылай мініп кеткен шығар" дейді. "Басылды ма? "Жоқ, аздап басылғандай болады да, қайтадан жарылуда". Бұларды білген соң, екі сіңліме қайтадан телефон шалайын. Екеуінікі де байланыс аясынан тыс жерде... Мүмкін алысқа кетіп қалған шығар деймін де, "жаман айтпай жақсы жоқ" деген емес пе? Ойым сан-саққа кетеді... Сіңлімнің үлкен қызына телефон соқтым. "Біз балалармен көлікте келе жатырмыз. Бірақ, уақ малдарды бағып кеткен екі баланы таппай қалдық" дейді жылап. Оның бірі он бір, екіншісі жеті жаста.

Сөздің қысқасы, балаларды Шымкенттегі мектептер мен мешіттерден іздеп жүріп, əрқайсысын əр жерден таптық қой. Олардың əрқайсысын тапқан сайын қуаныштан жылайсың... Кейін өзді-өздімізге келгенде інім айтады ғой. "Əпке, арыстық жерлестерімнің бүгінгі адамгершілік іс-əрекетіне риза болдым. Өзі кетіп бара жатқан көліктен түсіп қалып, өз орындарына үш-төрт кішкентайларды салып жіберіп жатты. Олар олай етпесе де оған өкпелей алмайсың... Біз айналамызда балалар қалмаған соң барып көліктерге міндік".

Міне, балалардың бір жақта, ата-аналардың бір жақта болуының себептері... Арыстықтар, осындай қатерлі сəтте бір жұдырықтай жұмыла білдіңіздер! Өр рухты қазақ ұрпағы екендіктеріңізді дəлелдедіңіздер! Сіздерді мақтаныш етемін! Бəлкім, бес саусақ бірдей емесіндей, кейде келеңсіздіктер де орын алған болар... Тек жақсылық орын алсыншы, халқымыз тыныш, Жер-Анамыз аман болсыншы!

Айдар ҚҰЛЖАНОВ:

10 МИЛЛИОН ТҰРАТЫН 4 КӨРПЕ

Кеше түнгі 11-лер шамасында Шымкенттегі №1 дарын мектеп-интернатына жолымыз түсті. Баласын жоғалтқан ата-аналардың бірі телефон арқылы бүлдіршінінің Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылында екенін білді. Абыржыған келіншек «Енді «Атбұлаққа» қалай жетеміз?» дей бергені сол-ақ екен сонда тұрған жігіттердің оншақтысы «Мен апарайын, мен апарайын» деп таласып қалды. Ақыры мемлекеттік нөмірі «058 17» деген (сериясын жаттап үлгермедім) «Nissan qashqai» автокөлігі баласына асыққан ата-ананы ала жөнелді... Сөйткенше, төрт көрпесін ақ матаға орап иығына салып арқалап бір апа келе жатыр. Зейнеткер екені көрініп тұр. Қасындағы екі немересіне де бір-бір көрпе көтертіп қойыпты. «Әй, балалар, мынаны алыңдар, үйдің түбінде осындай жағдай болып жатқанда жылы төсекте қайтіп тыныш жатамыз, үйдегі бар көрпешенің жартысын алып келдім, алыңдар қарақтарым» дейді апамыз... Қайрат Молдасейітов секілді азаматтар 10 миллион ақша аударыпты. Алла разы болсын! Менің бір білетінім – әлгі апаның арқалап келген 4 көрпесінің құны да, қадірі де 10 миллионнан бір мысқал да кем емес. Себебі, адамның адал пейілі ештеңемен өлшенбейді. Мына сөзді естіп толқып, тұла бойым шымырлап кетті. Күн сайын жазып жүрген елдің елдігі, халықтың ынтымағы деген ұғымдарды құр ауызбен айтпай, алғаш рет жүрекпен сезіндім. Осындай періште пейіл халықтан қайтіп айналмайсың?! Әлгі екі эпизод самарқау тарта бастаған санамды солқ еткізді. Өмірге, жұмысқа, шығармашылыққа деген құлшынысымды арттырып жіберді. Өміріміз осы халыққа иненің жасуындай пайдамыз тисе деген ниеттің үстінде өтсе, арман не?! Қаза болғандардың жақындарына Алла сабыр берсін, жарақаттанғандардың тез сауығып кетуіне ел тілекші. Арыста болған оқиғалар Жаратқанның біздің халыққа берген сынағы шығар. Халқымыз сол сынақтан сабырмен, ынтымақпен, иманмен өтіп жатыр. «Әр түннің артынан келетін бір таңы бар» демей ме? Енді мұның өтеуі ретінде елде үлкен қуаныштар боларына, жақсы замандар орнарына сенеміз.

Бетті дайындаған – Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.