Ошибка
 
 
Жылаған ата саяхаты: Экстрим. Табиғат. Тылсым Печать
04.07.2019 15:03

Қазақ даласының қай түкпіріне барсаң да қасиетті жерлер көптеп кездеседі. Олар жайлы сан түрлі аңыз-әпсаналармен әспеттеліп, еліктіріп әкетеді. Бұл ретте қарт Қаратау қойнауының алар орны бөлек. Әр суы, әр тасы, әр аңғары өткен дәуірдің тылсым қатпарынан аңыз боп сыр шертеді. Аңыз бен тұмса табиғат біріккенде материялық ми қауашығыңа сыйымсыз қаншама ғажайып құпияларға елти түсесің. Сондай сыр бүккен ертегідей ғажайып мекеннің бірі – Жылаған ата сарқырамасы.


Бұл ерекше орынды интернет әлемі мен туристер қауымына алғаш таныстырған кісі – өлкетанушы, саяхатшы Ерлан Сыздық. Оның аңызбен көмкеріп жасаған бейнероликтері ғаламдық желі пайдаланушыларын қызықтыра түсті. Ғажайыпты өз көзімен көру үшін еліміз бен әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келе бастады. Құран аяттары оқылғанда тастай бұлақ суы сарқырай жөнелетін көріністі көргенде техниканың қыр-сырын білетін жапондық саяхатшылар таңданысын жасыра алмаған сәттері болыпты. Жылаған ата сарқырамасы осылайша ғаламтор бетінде танылғанымен, сарқырама жайлы ақпарат сұрап жатқан оқырман әлі де болса көп. Олар табиғат кереметін көргісі келіп, жету жолын сұрастырып жатады.

Сонымен, оқырманымызды осынау қасиетті жер туралы хабардар ету және көзбен көруге ынтыққан достарымызға көрсету мақсатында бір топ саяхатшыны бастап жолға шықтық. Жол өте алыс әрі қиын болғандықтан, ертерек жиналып, күн салқында жол өндіріп алу қажет болды. Ол үшін түнгі 02:00-де жиналып, Шымкенттен 02:30-да шығып кетуміз керек те, Түркістаннан ары қарай жүретін жол талғамайтын КАВЗ автобусына 05:00-де отыруды көздедік. Осы жоспармен жүрсек, Үкаша басындағы құдыққа таңғы 07:00-де аялдап, тау қойнауындағы Жылаған атаға 09:00-де барып қаламыз. Сапарымыз жоспардағыдан онша алшақ бола қоймады, бәрі ойдағыдай. Көкқасқа КАВЗ тізгіндеген, тау жолына тәжірибелі Әмірхан Шабанов жер-су тарихына қатысты аңыздар және басынан өткерген әңгімелерімен топты жалықтырмады. Сол кісі сабақтаған Жылаған ата аңызының желісіне кезек берсек...

Ертеректе, шамасы қазақ даласына ислам діні енді ғана жайылып, алғашқы мұсылман жұраты қалыптаса бастаған кезеңде Күрзіхан деген кісі өмір сүріпті деседі. Өзі төрт түлігі сай бай болғанымен, бір перзентке зар болған екен. Бәйбішесі Шашты ана екеуі перзенттің зарын айтып, әулие аралап, бармаған тауы, баспаған тасы қалмапты. Күндердің күнінде Күрзіхан мұсылмандықты қабылдап, Үкаша атадан дәріс алады. Намаз үйреніп, күн, түн демей құлшылық жасайды. Тілегі қабыл болып, Шашты ана бір ұлды дүниеге әкеледі. Бірақ баланың шаранасы үлкен, местей болыпты. Сол сәтте Күрзіхан түс көріп, Қыдыр атадан аян алады. Аянда бұл бала қасиетті, береке әкелетін ерекше бала екенін, месті жармауын, мерзімі келгенде өзі жарып шығатынын айтады. Күрзіхан мен Шашты ана аянды қабыл алып, месті қолынан тастамай көтеріп жүреді. Жеті жыл өткенде бір күні Шашты ана месті көтеріп келе жатады. Бір жерлерге келгенде су шашысып ойнап жатқан балаларды көреді де, «осылар секілді күлген дауысыңды естімедік, жұрттың баласы құсап қашан ойнайсың?» деп кейиді. Анасының сөзін естіген бала «мен сендерге масыл болмайын» деп месті жарып түседі де, тауға қарай қашады. Артынан қуа шыққан ата-анасы кешірім сұрап жүгіре жөнеледі. Таудың үстіне шыққанда ата-анасының шөлін басу үшін балақай қолындағы кішкене асатаяғымен су көзін ашып қойыпты. Сусындаған ата-анасына ұстатпай тағы жөнеле бергенде тас еріп, таста баланың екі аяғының табы қалыпты. Күрзіхан мен Шашты ана бірнеше шақырым жүгіріп өкпесі өше бергенде көз ұшында баласы үлкен тасты асықша иіріп, ойнап отыр екен. Ата-анасының қарасын көрген замат балақай тағы жөнеледі. Осылайша қашқан бала тау қойнауына кіріп кетеді. Артынан ілесе қуған ата-анасы да қалмай құз-жартастар арасынан жол тауып әрең өтеді. Бір үңгірге жасырынған баланы періштелер көтеріп көкке ұшыпты. «Біз енді арғы дүниеде кездесеміз, қош болғайсыздар! Енді кері қайтыңыздар да, арттарыңызға қарамаңыздар. Арттарыңыздан береке барады» дейді де ғайып болады. Сол сәтте өкініштен тауы соғылып, еңсесі езіліп, көз жасын бұлап кері қайтады. Бір сәт Шашты ана баласының кеткен жолына бұрылып қарағанда бір өзен су бұрқырап ағып келе жатыр екен. Сол замат ана жанарымен су тау қойнауына сіңіп, жоғалады. Сол қайнаудың сол жақ бетіндегі жартаста тамшылап тұрған ыза суды «Ананың көз жасы» десе, оң жақ бетіндегі құран оқығанда сарқырай ағатын бұлақты «Жылаған атаның бұлағы» екен дейді. Сол жерден жоғары жақта өзен арнасындағы тасты «Ана құрсағы» деп атап кетіпті. Бұл жерлерге тән тылсым сыр туралы әңгімелер өте көп.

Үкаша ата құдығы бізді аздап тамшылаған жаңбыр шашуымен қарсы алды. Әдетте құдық басындағы кезектің шеті көрінбейтін. Ертерек барғандықтан, біздің алдымызда ешқандай кезек болмады да, сапарымызға кедергі келтірмеді. Түркістаннан Қарашық, Жүйнек, Қарнақ, Серт ауылдары арқылы Үкаша ата құдығы басына дейін жол жақсы, асфальттелген. Жету оңай. Дегенмен, инфрақұрылымның басқа жағы: әжетхана мен жуынатын орындары сын көтермейді. Ашық-шашық әжетхананың мүңкіген иісі жүректі айнытады. Құдық басында келушілердің садақасын қалдыруға арнап «Әзіреті Сұлтан» қорық-мұражайы орнатқан темір жәшікке қарағанда, оның қасына жайылған шелекші нұсқайтын ақ мата бізге күдікті көрінді. Өзі қорық-мұражайдан штатты жалақы алатын қызметкер болса, келушілерден тағы да қаржы ала ма? Кезектесіп шелек тастап, бұйырған судан ұрттаған саяхатшылар автобусқа тез жинала қойды.

Үкаша ата құдығынан батыс жағындағы қырды айнала Бабайқорғанның жоғарғы жағынан шықтық та, өзен арнасымен Қаратауға қарай өрлей түстік. Қаратал мен аңшеңгел таласа өскен тастақты өзен бойымен мәшене доңғалағы жүре беріп жол жасап алыпты. Біраз жүргесін тау жолы бізді бұжыр қара тасты қыратты айналдырып, биікке көтерді де, Қаратау орманшылығына қарайтын қолдан егілген қараағашты тоғай өскен жайылым үстінен шығарды. Бұл тоғайлы қырқадан асқаннан кейін сулы өзен аңғарына қайта түстік. Бұл аңғардағы жайлауға қоныс тепкен қойшы ауылы бар екен. Қойшы қосы ұсынған ағына сусындап, қайта жолға шықтық. Көкқасқа жарықтық ыңырана өрлей түсті. Оң жақта да, сол жақта да тастан үйілген көне оба-қорғандар қарауытады. Аздап қыратты еңсерген соң, сапарымыздағы ең қауіпті асу көрінді. Бұл асудың өз ерекшелігі бар. Жолының қиындығы мен күрт бұрылыстарымен ерекшеленеді. Асудың ұзындығы 3 шақырым болса, деңгей айырмасы (перепад) 260м. Ыңырана қиналған автобусымыз қиыршық тасты асу жолымен ырғалып шығып келеді. Кілт бұрылыстарда әйнектен терең таудың құзды шатқалына қараған кей жолаушылар қорыққанын білдірмей күбірлеп иманын үйіре бастады-ау. Іштей білгенінше құран сүрелерін қайталап отырған болар. Үлкендеу тасқа келгенде көліктің артқы бөлігі селт етіп секіре қалғанда, іштегі жұрт көңілдене шулап алды. Теңіз деңгейінен 870м. биіктіктен 1130м. биіктікке бірден көтеріліп шыға келдік. Айнала жап-жасыл, жаздан көктемге ауысқандай болдық. Бірер шақырым жүргенде ернеуі темір қаңылтырмен жабылған құдыққа аялдадық. Құдық суы тым жақын, еңкейіп су ала аласыз. Тау басында, теңіз деңгейінен 1300м. биікте орналасқан бұл қандай құдық деп таңданасың. Суы салқын әрі тым тұщы. Ауа райы аса ыссы болмағандықтан қатты шөлдей қоймап едік, сонда да сусындап алдық. Бұл құдық – аңызда айтылатын местен шыққан баланың ата-анасына жаны ашып, олардың шөл басуы үшін асатаяғымен ұрып су шығарған құдығы екен деп айтылады.

Көкқасқа көлігіміз Палуантас жанына келіп тоқтады. Аңызда айтылатын бала асықша иіріпті дейтін тас – осы. Азық-ауқатымызды бөлісе көтеріп алдық та, тау соқпағына ыңғайланған бір-бір ағаш таяқша алып, аңғарға ылдилап түсе бастадық. Соқпақ бізді тобылғылы-шеңгелді тау аңғарымен бойлап төмен жетеледі. Жол бойында үлкен жапырақты рауғаш, сасыр мен гүлқайыр қурайлары, белден келетін тобылғы, адам бойындай үшқат, әр жерде итмұрын бұталары кезікті. Үш шақырым шамасындай жүргенімізде алдымыздан тастан қаланған екі ғимарат көрінді. Оның бірі – шырақшының баспанасы болса, бірі намазхана. Шырақшы Мәулен Омаровпен амандасып болғасын биік бәйтеректердің бірінің көлеңкесіне жайғасып, тамақ қамына бірден кірісіп кеттік. Жылдамдатып тамақты бұқтырғасын, тобымыз аздап шайланып, ес жиіп алды. Сонсын барып шырақшы ағаға жол бастатып, Жылаған ата бұлағына бағыт алдық. Мәулен аға сарқырама ернеуіне келгенде Жылаған ата аңызын айтып, сарқырама қасиеті туралы түсіндіріп, мақамына басып құран аяттарын оқыды. Салауат айтып, бата қайыра бастағаны сол еді жаңа ғана құрғақ боп тұрған жартастан сарқырап бұлақ аға жөнелді. Мына құдіретті қараңыз! Жаңа ғана құп-құрғақ, тыныш қана тұрған жартас еді, арқыраған сарқырамаға айналды! Тобымыз жаратушыға мадақ айтып, жапатармағай ыдыстарына су құйып алуға асықты. Бірі мына тылсымға таңдана қараса, енді бірі шипалы судан ұрттап, тіпті, бәзбіреуі киімшең суға шомылып жатты. Арада 5–10 минут өткенде сарқырама тоқтап, бұлақ суы сарқылды. Әлдекім бұлақ көзін бекіткендей кілт тыйыла қалды. Мұның не құпиясы барын ешкім білген емес. Жұрт тылсымға балап, суын шипа-ем мақсатында тұтынады.

Осы сарқырамадан 50–60 метрдей жоғарыда «Ана құрсағы» деп аталатын өзен арнасындағы табиғи қауыз бар. Аңызда айтылатын балақай шомылыпты деседі. Бұл жерде бала көтермей жүрген отбасылар шомылып, шипасын көп көреді екен. Ал аңыз айтатын балақайдың періштелермен көкке көтерілетін үңгірі бұдан да жоғарыда. Жолы қиындау болғандықтан біз бұл жолы ол жаққа бармадық. «Ана құрсағы» табиғи қауызына шомылып, кері қайттық. Тылсымға елітіп жүріп байқамаппыз, уақыт болса түстен ауып барады. Ошақ басына келгенімізде асымыз балбырап пісіп дайын болып тұр екен.

Бұл қасиетті орын туралы айтылатын тылсымға толы әңгіме көп. Тек тыңдау керек. Ол үшін бір түн түнеп, алау басында отырып шырақшы Мәулен ағаның сөзіне құлақ түру керек. Айлы түнде билейтін «биші ағаш», мына бір жуан бәйтерек артынан шыға келіп «асық ойнайтын балақайлар» секілді тылсымға толы әңгімелері жетерлік. Мұндай әңгімелерді тек түнде тыңдау керек, қызықтау болады. Ал әзірге біз қайтуымыз керек. Өйткені, күн болса сонау жаңбыр шайған қара шыңнан асып, ұясына асығып барады. Тау жолы да қиын. Түркістанға дейін кемінде 3 сағат уақытымызды жоғалтпақпыз. Одан ары Шымкентке дейінгі жол тағы бар. Мәулен ағаның Жылаған ата туралы қызықты әңгімелеріне келесі жолы дұрыстап құлақ салармыз дедік те, қош-сау айтыстық.

Жылаған ата саяхатының басты артықшылығы (фишкасы) – экстрималды тау асуы, көктемгі жол бойындағы қып-қызыл ерекше қызғалдақ түрлері және ең бастысы тылсымды су сарқырамасы. Осы үш қасиеттің қай-қайсысы да саяхатшыны еліктіре тартып тұрады. Көп жағдайда Жылаған ата бұлақ-сарқырамасына баратын жолды жөндеуді ұсынады. Керісінше, осы қалпымен қызықтылау әрі табиғи көрінеді. Қиын жолдың өзі ерекше сарқыраманың тылсым дәрежесін көтеріп тұрғандай. Сұлуға қол жеткізу жолы қиындау болғанда ғана бағалы болады емес пе еді? Тек киелі орын басындағы әжетхананы заманауи талапқа сайлап, қоқыс жәшіктерін көбейтсе және жаяу жүргіншілерге арналған көпір орната қойса, болды, басқасы артық деп түйдім.

Айтпақшы, қарапайым автобус жүргізушісінің құрметіне соғылған ду қол шапалақ көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, Жылаған ата асуынан Әмірхан ағаның Көкқасқа автобусымен аман өтіп көріңіз, өзіңіз де саяхатшылармен бірге шопыр шеберлігіне дуылдата қол соғар едіңіз. Адреалиніңізді оятқаны үшін және бір разылық білдіріп қояр ма едіңіз, бәлкім?! Келесі жолы қызықты саяхатқа бізбен бірге шығуды ұмытпағайсыз. Осымен бүгінгі саяхатымыз тәмам.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.