Ошибка
 
 
«Домбыра» аспабына арнап ескерткіш ашылды Печать
05.07.2019 16:28

Бүгін Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығы алаңында «Ұлттық домбыра» күні мерекесі аясында «Домбыра» аспабына арналған ескерткіштің салтанатты түрде ашылуы өтті.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту мақсатында шілденің алғашқы жексенбісін «Домбыра күні» деп белгілеп, 2018 жылы 13 маусым күні жарлыққа қол қойды.

Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енгені белгілі. Табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның сырын шанағынан төгілткен домбыра енді жыл сайын ұлықталады.

Мерекелік шараға Шымкент қаласының білім, мәдениет және өнер мекемелері жұмылдырылған. Концерттік бағдарламада халық әндері, халық және Қазақстан композиторларының шығармалары орындалды. Осы орайда «Домбыра» ескерткішінің ашылуына байланысты Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының пікірін білдік:

«Бүгінгі «Домбыра» ескерткіші ашылуының маңызы өте ерекше. Себебі, ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан домбыра аспабының шанағынан төгілген ән мен күй адамның ішкі жан-дүниесін қозғап, рухани нәр беріп, рухын көтереді. Мен де бала кезімде домбырамен әуестендім, ең алғаш үйренген күйім Дәулеткерейдің «Қос Алқасы» болатын. Ертеректе ата-бабаларымыз домбыра аспабында ойнау арқылы ерекше күйге түсіп, бір-бірімен энергия алмасқан. Бүгінгі «Домбыра» ескерткішінің ашылуы сол ұлттық аспабымыздың мәртебесін биіктетіп, ұлттық өнеріміздің абыройын асқақтата түседі деп ойлаймын». Ал «Домбыра» сабағын мектептерге пән ретінде ұсыну туралы пікіріңізді білсек?» деген сұрағымызға шаһар басшысы: «Егер де бұл жобаны білім министрлігі мақұлдаса, «Домбыра» пәнінің мектеп бағдарламасына енуіне қарсы емеспін. Меніңше бұдан балаларымыз зиян шекпейді, керісінше, ұлттық құндылықтарымызды тереңнен түсініп, қастерлеуді үйренеді деп ойлаймын», – деді.

Аталған мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының ардагерлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, білім, мәдениет және өнер мекемелерінің мамандары, студенттер мен оқушылар қатысты.

«Қызмет – ақпарат»

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.