Ошибка
 
 
Халыққа 5162 мемлекеттік қызмет көрсеткен Печать
19.07.2019 18:09

Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы былтыр ғана 11 шілдеде құрылғанына қарамай, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында біршама жұмыстар атқарған. Биылғы 6 ай ішінде атқарған жұмыстарын қорытындылаған басқарма басшысы Жәнібек Ағыбаев баспасөз өкілдерімен брифинг өткізді. Аталған кездесуде Жәнібек Есенұлы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін атап және басқа да мәліметтерімен бөлісті.


Басқарма жер ресурстарын тиімді және нәтижелі қолдану үшін 2019 жылдың 6 айы ішінде ҚР Жер кодексі белгілеген өз жауапкершілігі шеңберінде жұмыстар атқарған. Жекелей тоқталсақ, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізілімі бойынша Шымкент қаласының Жер қатынастары басқармасы жалпы саны 5162 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Бұл қызметтер 4 мемлекеттік қызмет түрі бойынша: 1) жерге орналастыру жобаларын қабылдау бойынша 2924 қызмет, 2) учаскелердің кадастрлық бағаларын қабылдау бойынша 120 қызмет, 3) учаскелердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша 1328 қызмет, 4) жер учаскесін алу үшін кезекке қою бойынша 790 қызмет атқарылған.

Жалпы, Шымкент қаласының аумағындағы жер балансында 2019 жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша 116 280 гектар жер болса, олардың нысаналы мақсаттарына қарай 4 аймаққа бөлінген: тұрғын үй аймағы 10481 га немесе 9,01% (оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер аумағы 401 га немесе 3,82% болса, жеке тұрғын үйлер 10080 га немесе 96,17%); әлеуметтік аймақ 1337 га немесе 1,14%; коммерциялық аймақ 17092 га немесе 14,69% (оның ішінде өндірістік объектілер 2575 га немесе 15,07% болса, сауда объектілері, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету 14517 га немесе 75,13%); өзге де аймақтар 87370 га немесе 75,13% құрайды.

2019 жылдың басынан Жер комиссиясының 16 отырысы өткен. Оның ішінде жер учаскелерді беру жайында жеке және заң тұлғаларының 2583 арызы қаралып, олардың 1 401 (54,0%) өтініші қабылданып, қалған 1 182 (46,0%) өтініші иелеріне Жер заңнамасының ережелеріне сәйкес бас тарту себебі көрсетіліп, қабылданбаған.

Басқарманың жұмыстары нәтижесінде түскен бюджеттік түсімдер жайлы тоқталатын болсақ, биылғы 6 ай ішінде қалалық әкімдіктің атынан 1479 дана шарт (онын ішінде жер учаскелерді сатып-алу бойынша 343 шарт, уақытша қолдану (жалға алу бойынша 921 шарт, жер учаскелерді жалға беру құқығын сатып алу бойынша 215 шарт) түзіліп, қала бюджетіне жер қатынастары саласынан 506,770 млн. теңге қаражат түскен.

Есепті кезең ішінде мемлекеттік мүдделерді және қоғамдық маңызы бар мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларда көзделген объектілерді салу мақсатында мемлекет меншігіне алынатын жер учаскелерінің жалпы алаңы 58,54 га аумақты құраған. Бұл 1 484 млн. теңге қаржыны құрайды. Атап айтқанда:

– Көлік инфрақұрылымы объектілері бойынша, жалпы алаңы 3 га, 376,47 млн. теңгеге 66 жер учаскесі сатып алынды (Қонаев құрылысы үшін 306,6 млн. теңге сомасына 29 учаскесі сатып алынды, Н.Назарбаев даңғылының құрылысы үшін 27,05 млн. теңге сомасына 15 учаскесі сатып алынды; Сыпырған ата көшесін салу үшін 13,7 млн. теңге сомасына 10 учаскесі сатып алынды; Тассай тұрғын алабындағы Тәуке хан көшесін салу үшін 6,64 млн. теңге сомасына 5 учаскесі сатып алынды; Жібек жолы көшесін кеңейту үшін 14,1 млн. теңге сомасына 5 жер учаскесі сатып алынды; құрылыс үшін Әл-Фараби 664 мың теңге сомасына 1 учаскесі сатып алынды). Қазіргі таңда Д.Қонаев даңғылының 2 және 5-кезеңдерін жалғастыру үшін Адырбеков көшесін кеңейту, Тұран шағын ауданының 1, 2, 7 көшелерін салу үшін жер пайдаланушылардан мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде;

– Көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша барлығы 1 107,4 млн. теңге сомасына 93 жер учаскесі сатып алынды. (Шымкент сити қалашығының құрылысы үшін 389,7 млн. теңге сомасына 12 жер учаскесі, Тұран шағын ауданы құрылысы үшін 158,8 млн. теңге сомасына 16 жер учаскесі сатып алынды. Ал Ескі қала құрылысы үшін (Цитадель) 246,535 млн. теңге сомасына 21 жер учаскесі және Қошқар ата өзенінің жағасына көп қабатты тұрғын үйлер мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 201,1 млн. теңге сомасына 15 жер учаскесі, сонымен бірге Қошқар ата өзенінің жағалауынан 35 м. дейінгі қашықтықта абаттандыру құрылысы үшін барлығы 61,1 млн. теңге сомасына 7 жер учаскесі сатып алынып, жұмыстар жүргізілуде; Әкімшілік іскерлік орталығы (ӘІО) бойынша 49,9 млн. теңге сомасына 22 жер учаскесі сатып алынды.

Жер заңнамаларын сақтауға бақылау жасауды қамтамасыз ету барысында да біршама жұмыстар атқарылған. 2019 жылы Шымкент қаласы аумағында жер заңдылығын сақтамай пайдаланған 107 тұлғаның жер учаскесіне тексеру жұмыстары жүргізіліп, 4 183,966 мың теңге айыппұл салынса, 114 жер учаскесінің иесіне жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқамалар табысталды. Оның ішінде тексеру нәтижесімен 14 жер учаскесінде заң бұзушылықтар анықталмаған. Жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алған 18 тұлғаға 3 690,130 мың теңге айыппұл салынған. ҚР жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбай жатқан 14 тұлғаға 380,211 мың теңге айыппұл салынған.

2019 жылдың 6 айы көлемінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекке 790 азамат тіркелсе, жалпы осы кезге дейін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 119 018 азамат тіркелген. Қазіргі қала аумағындағы жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер көлемі кезектегі 16500 азаматтың ғана немесе 14 пайызының ғана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге қаралған жердің 767 га мемлекет меншігінде болса, ал қалған 2541 га жеке меншікке тиесілі. Жер кезегіндегі азаматтардың мұқтаждығын шешу үшін жеке меншіктегі жер бөлігін мемлекет қажеттілігіне қайтару үшін 8,0 млрд. теңге қажет болса, ал оның қажетті инфрақұрылымдарын жүргізудің өзіне 13,0 млрд. теңге қаржы жұмсалуы керек. Бұл ұсыныстар тиісті Министрлік назарына енгізілген.

Басқарманың жалпы құжат айналымы 2019 жылдың 6 айы аралығында 14522 дана болған. Оның ішінде 8408 данасы азаматтық тұлғалардын жолданымдары, 474 данасы заңды тұлғалардын жолданымдары, қалған 5640 данасы қала әкімдігі немесе басқа да мемлекеттік органдарынан, ұйымдардан, мекемелерден (сауалдар, ақпарат, нормативтік-құқықтық акт жобалары, т.б.) келетін өзге корреспонденциялар құраған.

Қоғамдық пікірді талдау үшін басқармада бірыңғай нөмірі бар қалалық Call-центр құрылған. Call-центрдің жұмыс уақыты таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін. Әр азамат кез келген уақытта жер мәселесіне қатысты ақпарат ала алады. Сонымен қатар, аптаның әр сейсенбі күні басқарма басшысы жер мәселелері бойынша қала тұрғындарымен жеке қабылдау өткізеді. Сондай-ақ, ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 және 2016 жылғы 18 тамыздағы №308 «Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылық жерлерін жеке меншікке беру және шетел азаматтарына жалға беру» Жарлықтарына сәйкес 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілгені ескертіліп, әкімдіктің ресми интернет-ресурсында ереже құрастыру процесі аясында қазіргі кезде жүріп жатқан жұмыстар жайлы ақпарат берілген.

Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы 2019 жылдың соңына дейін мына жұмыстарды атқаруға басты назарға алып отыр:

– Басқарманың мемлекеттік қызметтер көрсету, бюджет түсімдерінің атқарылуы, мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жерлерді иеліктен шығару, жұмыстың заңды атқарылуы және т.б. бекітілген атқарымдарды күнделікті жұмыстардың сапалы және уақытында орындалуына байланысты жүйе қалыптастыру;

– Азаматтар мен заңды тұлғалардын жер қатынастары жайындағы арыздарды жылдам уақытта қарау үшін Басқарма электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді автоматизациялау және «GeoSet» автоматизацияланған ақпарат желісі бағдарламасы арқылы жер дерекқорын жасау жұмысына қатысады.

«Қызмет – ақпарат»

 

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.