Ошибка
 
 
«Негізгі міндетіміз сәтті бизнес ортаны құру болып табылады» Печать
17.08.2019 11:56

5 ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту»


Әлібек Лесов, Мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысы:

«Негізгі міндетіміз  сәтті бизнес ортаны құру болып табылады»

 

Салық төлемейтін адам жоқ. Сол себепті де күнделікті өмірімізде салық саласы өкілдерімен  бетпе-бет келіп жатамыз. Және қащан келсек те қарбалас жұмыстың үстінен түсеміз. Бұл- бізге көрінетін салық жүйесінің бір қыры. Және бір қыры мемлекеттік салық саясаты. Ауқымды тақырып. Елбасымыздың 5 әлеуметтік бастаманың бір тірегі ретінде салық жүктемемін азайтуды айрықша атап көрсеткені белгілі. Осы орайда жергілікті мемлекеттік кірістер мекемесінде қандай жұмыстар жүргізілуде?  Осы сауал төңірегінде  Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыс басқармасының басшысы Лесов Әлібек Шәмшінұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.


– Өзіңіз білесіз, 5 әлеуметтік  бастаманың екінші бастамасында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту керектігі туралы айтылады.  Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды  маман ретінде талдап айтыр берсеңіз...

Талдап қарасақ, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеу қоғамның бүгінгі ағысын түбегейлі басқа арнаға бұрып жіберетін, өте маңызды бастамалардың бірі. Бұл бастамалар тиісті органдар ғана жұмыс істесе жүзеге асады десек, әрине жаңылысамыз. Бастама баянды болсын десек кәсіпкерлер бар, жалпы салық төлеушілер бар, жалпы  қоғам болып бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Егер әрбір қазақстандық  осы бағытта белсенді болса, салық төлеу жауапкершілігін сезінсе, бүгінде біраз мәселе оңай шешілер еді.  Бес әлеуметтік бастаманың екінші бастамасы, бұл- жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін, салық жүктемесін азайту болып табылады. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, елімізде жаңа салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жеке тұлғалардың салықтық жүктемесі азайтылды.

Сөз орайы келгенде айта отырайын, салық саласында насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек. Өйткені жүйе үнемі өзеріп, жаңалықтармен толықтырылып отырады.

– Әңгімемізді насихат алаңына айналдыра отырайық, өзіңізде айтып отырсыз, салық өте ауқымды тақырып, кей мәселелері тек қана сала мамандарына ғана түсінікті. Жаңа салық кодексі туралы айттыңыз, қарапайым азамат ретінде салықтық игерімдер туралы білгім келіп отыр. Осы салықтық игерімдерге  жатады?

Салықтық игерімдерге: міндетті зейнетақы жарналары, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналар, стандарттық игерімдер жатады. Мұнан өзге Ұлы отан соғысының қатысушыларына, мүгедектерге, баласы мүгедек ата-аналарға қатысты салықтық игерімдер бар.

– Әрі қарай жіктей түссек, бізге танысы әлеуметтік салық. Осы  әлеуметтік салық мөлшері соңғы уақытта қанша пайызға дейін кемітілген?

11% -дан 9,5%-ға дейін кемітілді.

– Әлеуметтік салықтан кімдер босатылып отыр?

Әлеуметтік салықтан патент негізінде қызмет атқаратын кәсіпкерлер мен шаруа, фермер қожалықтары босатылған. Сонымен қатар мүгедектер  соның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту,сөйлеу, көру, қабілетінен айрылған жұмыс істейтін мамандандырылған ұйымдар да әлеуметтік салықтан босатылған.

– Әлеуметтік салықтан, салық төлеу кезеңінде, кәсіпкердің табысы болмаған жағдайда қанша айлық көлемінде салық төленбейді? Мысал келтіре кетсеңіз.

Салық кезеңінде табысы болмаған жағдайда, 2 айлық көрсеткіш көлеміндегі төленуі тиіс әлеуметтік салық  2018 жылдан бастап төленбейді. Бес әлеуметтік бастаманың екінші бастамасының жүзеге асуы дегенде осы мысалды келтіруге болады.

– Бүгінгі таңда облыс бойынша жұмысшылардың орташа айлығы  қанша, қанша азамат табыс салығын төлеп отыр?

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Түркістан облысындағы жұмысшылардың орташа айлық көрсеткіші 102 мың 80 теңгені құрайды. 2019 жылы жеке табыс салығын төлеушілердің саны 328 239 болса, оның ішінде жалақылары 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштен төмен 45 388 салық төлеуші бар.

– Қырық бес мыңда аз көрсеткіш емес. Жалақылары төмен азаматтардың салықтарын азайтқанда, бюджет қоржынына зиян келмейді ме?

Бастамада салықты азайту арқылы жалақыны көбейту туралы    айтылған. Жалақылары төмен азаматтардың салықтарын 10 пайыздан 1 пайызға төмендеткен жағдайда, бюджет қоржыны 1 млрд 270 млн. тг жоғалтады екен. Бірақ аталған азаматтардың  жалпы айлық жалақылары 2500-3000 теңгеге артады. Бұл азамат үшін тиімді. Салық төлеуші төлемейтін салық есебінен  ипотекалық немесе басқа да шығыстарын жаба алады.

Осылай салыққа қатысты жеңілдіктерді қарастыру елімізде жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

– Кәсіпкерлерге салынатын салық көлемінде қандай өзгерістер бар?

Қазіргі таңда кәсіпкерлерге салынатын салық көлемі де азайтылған. Мысал ретінде айтатын болсақ; жеке тұлға заңды тұлғаға 100 мың теңгеге қызмет көрсетсе 100 мың теңгеден бір тиында салық ұсталмай қолға тиеді. Бұрын, 100 мыңнан тиісті төлемдер шегеріліп, кәсіпкерлердің қолына 81 000 теңге тиетін. Осыған қарамастан салық кодексіне сәйкес салық агентінің төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын ұстау және аудару міндеті орындалды болып есептеледі.

– Мемлекеттік кірістер департаменті сырт көзге тек қана салық жинаумен айналысатын мекеме сияқты көрінеді. Әрине, бұл жаңсақ пікір. Жаңа өзіңіз айтқандай насихат жұмыстарымен айналысады, мұнан өзге тағы қандай міндеттері бар?

Дұрыс айтасыз, мемлекеттік кірістер департаментінің негізгі міндеті салықтар мен кеден төлемдерін алу ғана емес. Негізгі міндеттерінің бірі салықтарды жеңіл және қолайлы төлеуге болатын, сәтті бизнес ортаны құру болып табылады.

– Бізде ондай орта бар ма және ондай ортаны қалыптастыруға қандай жағдайлар кедергі болады? Мемлекеттің саясаты салық төлемдерін азайта отырып, салық төлеушілерді көбейту. Осы арқылы щағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамыту болып отырған жоқ па?

Әрине. Сәтті бизнес ортаны құру қалыптасып келеді. Мемлекет тарапынан бизнес субъектілеріне Жұмыспен Қамту-2020, Өңірлерді дамыту-2020 сияқты бірнеше бағдарламалар  аясында қаржылай көмек көрсетілуде. Алайда, кейбір кәсіпкерлік субъектілері өздерінің міндеттемелерін толық орындамай, бюджетке кері әсерін тигізеді. Нақты айтқанда жалдамалы жұмысшылардың жалақысынан жеке табыс салығын есептемей, тиісті салығын төлемейді. Мұндай жағдайда тепе-теңдік бұзылады. Салық аз түседі, сөйте тұра салық көлемін азайтуға тура келеді. Бүгінде мемлекет тарапынан салық төлеушілерге барлық қолайлы жағдай жасалып отыр. Біздің міндетіміз, олардың бюджетке төленуге тиіс салықтарын қадағалап, бақылау жұмыстарын жүргізу.

Ал, дер кезінде және толық көлемде салықтарын төлеу салық төлеушінің міндеті. Салық төлеушінің салық төлеу мәдениеті көтерілгенде тепе-теңдік орнына келіп екінші бастаманың тиімділігін өзге емес жұмыскерлердің өзі сезіне бастайды.

– Мемлекеттік кірістер органдары қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі көрсеткіші қандай?

Жаңа жұмыс орындарының санын арттыру арқылы, салық түсімдерін ұлғайту негізгі көрсеткіш болады.

Сұқбаттасқан: Гүлзат Мұқтарқызы

Түркістан қаласы

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.