Ошибка
 
 
БОС ҰЯНЫҢ ДАҒДАРЫСЫ немесе АЖЫРАСАТЫНДАР НЕГЕ КӨБЕЙІП БАРАДЫ... Печать
27.08.2019 13:26

Өзімізше зерттеп көрдік. Әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады екен. Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффиценті ең жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия мемілекеттері болса, Азия елдері  арасында Қазақстан алдыңғы ондыққа еніп, ажырасудың көшін бастап тұр. Яғни  Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады деген сөз. Британдық «Economisrt» басылымының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу саны жағынан көрші Қырғыз елі әлем бойынша 48-ші орында, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 болса, ал 18 миллион ғана халқы бар Қазақстан бірінші ондыққа кірген(1000 адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші - 2.8)  Өткен жылдың өзінде Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасу фактісі тіркелген. Ажырасу процесінен кейін де отбасылар арасындағы балаға талас, мүлік бөлісе алмау сынды дау-дамайлар мен шағымдар  көбейгендігі байқалған.

Отбасы шағын мемлекет десек, сол отбасының іргесін қалайтын-неке. Неке - ерікті де тең болуы шарт. Некеде зорлық жүрмейді ол екі адамның тең құқылы жұбайлық қатынасынан табиғи, hәм адами адалдығынан туындайды. Алайда елімізде ажырасатындардың саны күн сайын артып келеді. Бұған айтар себеп-салдары да уәжі де әр қилы. Сауалнамалар нәтиежесіне жүгінсек, ажырасуға себеп болатын жағдайлар- тұрмыстағы зомбылық-зомбылық, ер не әйелдің ішімдікке не есірткіге үйір болуы,  жұмыссыздық, жұбайлардың өмірге деген көзқарастарының сәйкес келмеуі, алып қашу, көзге шөп салу; материалдық қиындықтар; бедеулік болып келеді екен.

Ажырасу деген қайдан шықты, біздің қоғамға қалай келді?

Егер өткенге көз жүгіртіп, ата-бабаларымыз ұстанған қазақи қағидаттарды еске түсірер болсақ, бұрынғы дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу мүлде болмады деп кесіп айта алмаймыз. Ажырасулар ол замандарда да болды, бірақ ол кездегі ажырасулар бүгінгіден өзгерек еді. Егер күйеуі 10-12 жасар бала болып, әмеңгерлікпен алған әйелі 25-30 жаста болса, немесе бай адамдар дімкәс балдарына кедейдің бойжеткен қызын қалыңмалын төлеп зорлықпен алып берсе, немесе қол бала етіп кіргізіп құлдықта ұстаса, үшіншіден жазықсыз соққыға жығып зәбір көрсетсе, күйеуі не әйелі жеңіл жүріске салынса алдымен ата-енесіне, сосын әке-шесіне хабар беріліп, ата-аналар өз тарапынан құдалар алдынан өтеді. Бұдан нәтиже шықпаса, билер алдына жүгініп, теңдік алу құқығына ие болған. Қазақ қашанда сөзге тоқтаған халық. Ертеде ауыл ақсақалдары мен билері бүтін бір ауылдың берекесін сақтап,  тентектерін тыйып, дау-жанжал шыққан отбасындағы ерлі-зайыптыларды ымыраға келтіріп, шаңырағының шайқалмауын жіті назарда ұстаған. Сол себепті де дәл қазіргі замандағыдай жастардың жаппай ажырасуы болмаған.

Ал бүгінде заман басқа, заң басқа. Жастар кіммен және қалай,  қанша жасында шаңырақ көтеретінін, оның ұлтының кім, дінінің қандай болатынын да өздері шеше алады. Адам құқығы жөнін­дегі халықаралық конвенциялар­ға қол қойған елімізде Қазақстан азаматтарының кімге болсын үйленуіне не тұрмысқа шығуына, қолданыстағы заңнама бойынша ешқандай шек қойылмаған. Яғни біз тіпті заңмен де тыйым сала алмаймыз.

Аралас неке біздің қоғамға қалай келді?

Оның тарихын сәл әріден қаузасақ,  тың игеру жылдары қазақтардың жаппай басқа ұлттармен шаңырақ көтеруі белең ала бастады.  70-80 жылдары әрбір жетінші қазақ азаматы лауазымдық қызметті, ең жоғары жалақыны, жайлы пәтерді  көксеп, өзге ұлттар арасында бедел жинау секілді өзіне аса қажет  факторлардың салдарынан басқа ұлт өкілдерімен жұптасқан. Мұндай некелер көбінесе жастықтың желігімен  сезімнің жетегімен жүреді де уақыт өте келе менталитет кереғарлығы мен психологиялық көзқарастардың айырмашылғымен қатар   әр ұлттың генетикалық кодындағы этностық табиғаты ерлі-зайыптылар арасындағы түсінбеушілікті ұлғайтады. Мұндай некелердің көбі ерлі-зайыптылардың  екі ұлттың тәрбиесін толықтай бойына сіңіре алмағандықтан  бұзылады. Аралас неке тұрақсыздығының бұдан басқа да бірнеше себептері бар. Оның ең басты себебі қазақ қоғамында  ассимиляциялық үдерістің орын алуы. Мұның зардабын бізге кеңес дәуірінен бастап тиіп келеді.  Аз ұлттардан тұратын халық  ассимиляцияға ұшырағанда ақырындап, тілінен де дінінен де ділінен де айырыла бастады. Ал оның салдары аралас некенің көбеюімен қоса, сәйкесінше, олардың аз уақыттың ішінде ажырасуларына әкеп соғатын көрінеді.

Себеп пен Салдар

Еуропа елдерінде некеге тұру жасы 28 -30 жас болса, Жапонияда — 30-33 жас, ал «он үште отау иесі» деген қазақта 18 жастан некеге тұруына толықтай құқық берілген. Осы тұста ажырасулардың тең жартысы ерте отбасын құрған некелерден тұратынын тілге тиек еткен жөн. Мұндай некелер көп жағдайда ЖОО білімін аяқтауға, өз сүйген кәсіп иесі атануға, жалақысы жақсы, беделі жоғары жұмысқа орналасуға кедергісін келтіреді. Сондай-ақ ерте жүктілікпен бала туу, материалдық жетпіспеушілік, отбасылық проблемалар, жас отбасылардың жағдайын күрделендіріп, соңы көбіне-көп ұрыс-жанжалға ажырасуға әкеп соқтырады. Бұған келіннің ата-енесімен бірге тұра алмауы, күйеуінің туыстарымен тіл табыса алмауын қосыңыз, соның салдарынан екі жастың ажасуға қадам жасайтыны еліміздегі ажырасудың ең көп тараған түрі болып есептелінеді.

«Сценарий бойынша» ажырасушылар

Соңғы уақытта әлеуметтанушылар ажырасудың алаяқтық жолының пайда болғандығы туралы дабыл қағуда. Яғни елімізде мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік жәрдемақыны алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың «сценарий бойынша» ажырасуы жиілеп, әкелері өз туған балаларынан бас тартып сотқа арыз жазған. Осындай оқиғалардың жиілеуіне байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы әлеуметтік көмек алуда көпбалалы ата-аналардың алаяқтықтық әрекеттерін тоқтатуға тікелей тапсырма берді.

Бұл айдың арғы беті десек, келесі беті одан да сорақы. Кезінде онлайн танысуды түрпідей көретін біздің қоғам, онлайн ажырасуды да замана көшінің жетістігіне балап отыр. Көбінесе, мұндай жолмен ажырасатындар ортақ балалары жоқтар мен ортақ мүлікке иелік етпейтін азаматтар. Тек былтырғы жылдың өзінде онлайн жүйемен ажырасқандардың саны 30 пайызға артқан. Ажырасудың заманауи жүйесіне жүгінетіндер, Алматы, Шымкент Түркістан облысының азаматтары болып отыр. Көбінесе бір-бірлерін көргісі келмейтін жұптар онлайн арқылы некелерін бұзатын көрінеді. Мамандар егер елімізде ажырасудың онлайн жүйесіне тыйым салынатын болса, қоғамдағы ажырасу деңгейі  едәуір төмендеген болар еді дейді.

«Бос ұяның дағдырысы» немесе қартайғанда ажырасу

Психологияда «Бос ұяның дағдарысы» деген ұғым бар. Яғни қартайғанда не баладан не жардан жылу таппаған, балалары жан-жаққа тарқап ата-аналарын қараусыз қалдырған, не иіскейтін немересі жоқ, не ортақ қызығушылықтары қалмаған қариялар зиянды әрекеттерге әуестеніп, бастары бір қазанға сыйыспай жанжалдасып  соңынан  ажырасуға бел байлайды екен. Жастары жер ортасына келіп, өмірлерінің ширек бөлігін артқа тастап,  кенеттен бір-бірлерінен  көрместей боп жерініп, ажырасуға арыз жазатын қарияларымызды біздің қоғам құптай қоймайды.Себебі үлкендер қашанда жастарға үлгі-өнеге берушілер, жаманын жасырып, жақсысын асырып, ақылына ақыл қосушылар еді, алайда бүгінде үлкендеріміздің өзі ажырасудан жастарға есе жібермей отыр. Өкіншке орай мұндай оқиғалар күн өткен сайын артып келеді. Соңғы 5 жылдың өзінде Қазақстанда  11 732  қарияның шаңырағы шайқалған.

Бір өкініштісі, бұл көрсеткіш 2013 жылдан бері тұрақты түрде өсіп келеді.

 

Тақырыпқа тұздық

Ұя бұзғаннан кім ұтып, кім ұтылады?

Үрзада Айтөреева, зейнеткер, журналист:

-Жалпы отбасының берік болуы ер азаматқа байланысты. Егер ер бала жастайынан өз отбасынан дұрыс тәрбие алып, анасына, әпке-қарындастарына ылайықты құрмет көрсетіп өссе, есейгенде өз жарына да сондай құрметпен қарайды. «Отан отбасынан басталады» деген сөз осы.

Қалай деген күнде де ажырасуда ең бірінші зардап шегетін бала. Бала үшін отбасы – ол жылулық пен мейірімділіктің, махаббаттың көрінісі, бала әрдайым қуанышты көңіл-күй, мереке шаттық күтеді. Кез-келген жағдайда бала ата-анасынан  қамқорлығына мұхтаж болады.  Баланың санасындағы идеалды көрініс-ата-анасының үнемі жанынан табылуы, қолдау көрсетуі. Кенеттен толық отбасыдан, толық емес отбасына айналу – ата-анаға да, балаға оңай болмасы анық.  Бұл әлеуметтік проблема.

 

Психолог не дейді?

Жанат Төлтайқызы, гештальт терапевт, психолог:


-  Көбінесе, ата-ана ажырасу кезінде өз қара басының қайғысымен қалып кетіп, баланың психологиясына назар аудармайды. Мұндай уақытта бала да көмекке аса зәру болады. Ең дұрысы баланы жақсы көрген адамдарынан айырмау керек.  Ата-ана ажырасқан күннің өзінде де баланың психикасына ақау түсіріп алмау үшін қарым-қатынасын түбегейлі үзбей, араласып отыруы керек.  Болған оқиғаның балаға әсері етуі  үш түрлі болып бөлінеді:  Бірінші кезекте бала өз қатарластарына қарағанда тез есейіп кетуі мүмкін. Баланың балалық шағы ертерек аяқталып қалады. Ал екінші жағдайда: Екі ата-ана баланың ықыласын ояту үшін әртүрлі ақшалай сыйлықтар бере бастайды, көңілін аулай бастайды. Бұл да баланың психологиясына кері әсер етпей қоймайды.  Яғни бала ата-ананы белгілі бір деңгейде пайдалана бастайды. Ал үшінші бір жағы. Бала болған оқиғаны үлкен адамдарша қалыпты қабылдайды. Мұндай жағдай да ата-ана да бала да психологтың көмегіне жүгінгені абзал.

 

Тақырыпқа орай

7 айда 270 отбасы ажырасқан

Мұның атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін жасалған әрекеттер болуы мүмкін.Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Жетісайда өткізген мәжілісінде айтылды.

Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә. Әбжановтың мәліметінше, аудандағы 7011 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, таратылған. Қазір тағы да атаулы әлеуметтік көмек алу үшін Жетісайда 1000 отбасы, Мақтааралда 500 отбасы құжат өткізіп, күтіп отыр. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есеге өсіп, атаулы әлеуметтік көмек бойынша ауданда арыз-шағым көбейген. Тұрғындар атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізерде делдалдар пайда болып, белгілі бір сома сұрағанын айтып шағымданған. Жетісай ауданы бойынша 700 отбасының құжатына зерделеу жұмыстарын жүргізген министрлік 141 адамның құжаты жалған болып шықты дейді. Мақтаралда 175 адамның құжаты жалған боп шыққан.

«Е-халық» ақпарат жүйесіне енбеген отбасылар, заңды ажырасса да бірге тұрып жатқаны белгілі болып, табысын жасырған 2406 отбасының төлемі қайта есептеліп отыр.
Партия филиалы әлеуметтік көмектің төңірегінде орын алған заңсыздықтар бойынша талдау жасап, жауапты мемлекеттік органдармен шешу жолдарын қарастыратын болады.

Дереккөз: «Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық филиалының
баспасөз қызметі

P.S.

Қоштасқым келмейді...

Бір кездері орыс драматургі Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді…»  деген драмалық шығармасы көптеген совет отбасыларын ажырасудан аман алып қалған деседі. Сол шығармадағы ажырасу алдында тұрған Катя Лаврованың соңғы сөзі «Мен сені сағындым Митя. Қоштасқым келмейді. Біз мәңгі бірге боламыз» деген жүрекжарды сөздермен аяқталатынын сахнадан да кинодан да көріп өстік. Көзімізге еріксіз жас та келетін. Жалғанда адам баласының  ө3з құрған шаңырақтың отын өзі сөндіріп, көшін жарты жолдан доғарғаннан асқан қасірет бола ма? Ол жерде барлық адам жапа шегеді, сені өсірген ата-анаң да, бір кездері сүйіп қосылған жарың да, өз қаныңнан жаралған балаң да, тіпті сен өмір сүретін қоғам да жапа шегіп, жеңілске ұшырайды. Көбінесе ажырасқан әйелдер қайта тұрмысқа шығуға 10-15 жылдан кейін ниет білдіріп жатады екен, мұның өзі әйелдер санасындағы бірінші некеден кейін қалып қойған  қорқыныш сезімінен  ұзақ мерзімге дейін арыла алмауын көрсетсе, ер азаматтардың 50 пайызы сол күйі отбасын құрмай «салт басты сабау қамшы күйі»  қалып қоятын көрінеді. Ажырасудың ешкімге опа бермейтінін ескерсек, оның соңында үлкен өкініштің болатынын да ұмытпағанымыз  абзал.

Жәудір Нартай

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.