Ошибка
 
 
Кім мүмкіндіктерге ашық болса, сәттілік соның жолдасы Печать
28.09.2019 13:17

Мемқызметшінің келбеті

Әр адам оқу орнын бітірген соң қайда барып жұмыс істеп, кімге және қалай қызмет етемін деп ойлануы заңды құбылыс. Өз мамандығың бойынша жұмыс істеуіңе не болмаса мүлде басқа салаға да кетіп қалуға түрлі мүмкіндіктер болады. Оқу орнын бітірген әрбір саналы азамат өз еліне , қоғамға барынша пайдалы болуға, өмір сүріп отырған ортада қалыптасқан  мәселелерді шешуге ұмтылады. Қандай да бір бастама болмасын қызығы мен қиындығы бірге жүретіні түсінікті. Себебі, әрдайым жаңа адамдар, жаңа ортамен танысасың, әртүрлі мінез бен тәрбиенің ортасына түсесің. Сондай қым-қиғаш орта мен түрлі тағдарлардың арасында жүретін қызмет иелері бар бізде. Ол көп жағдайда еңбегі елене бермейтіндер – мемлекеттік қызметшілер.


Қандай да бір өзімізге қажетті құжатты алу керек болғанда үнемі есігін қағатын бір орын бар. Оның қатарына халыққа қызмет көрсету орталықтары, жұмыспен қамту орталығы, әкімшілік тағы да басқа органдар кіреді. Ондай орындарға тән нәрсе қашан барсаң да  құжынаған халық, қағаздардың шытыры мен қойылып жатқан қолтаңбалар. Кейде уақыт өтпейтіндей, кезек бітпейтіндей көрінеді. Сондай сәттерде бірнеше сағатта-ақ шыдамымыз таусылып, кеткенше асығып тұрамыз.

Сондай кездерде таңғы сағат тоғыздан кешкі жетіге дейін жұмыс істейтін адамдар жайлы ойланып көрдіңіз бе?

Егер сізге менің сұрағым қызық болса, Шымкент қаласындағы жұмыспен қамту орталығында азаматтармен жұмыс жасайтын Арман есімді жігітпен таныстырғым келеді.

25 жастағы біздің кейіпкеріміз Жетісай қаласында 2 ұл, 2 қыздан соң үйінің кенжесі болып дүниеге келген. Туылғанда аяқ-қолының буындары зақымдалғаны анықталған. Сол үшін де 1-2 сыныпты мектепте емес, өз үйінде отырып оқуға тура келді. 3-ші сыныпқа өткенде емделу үшін Алматы қаласына барады. Емдік шаралардың аса қатты пайдасы болмаған соң, қайтадан оңтүстіктегі Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында мүмкіндігі шектеулі азамматтарға арналған мектеп-интернатында оқуын жалғастыруға тура келген. 2013 жылымектепті қызыл куəлікпен бітіріп, бір жылдан соң Кентау қаласындағы арнаулы кəсіптік колледжінде «Есеп жəне аудит» мамандығы бойынша  білім алады.

2017 жылы дипломын алған Арман ең алғашқы тәжірибесін "Шымкент қаласы əкімінің аппаратында" яғни "Фронт офисте" бастаған. Еңбек шарты біткен соң ОҚО Ақпараттандыру мемлекеттік қызметтер  жəне архивтер басқармасында біршама уақыт қызмет жасады. Осылай күнде өз жұмысына барып келетін Арманның өміріне Шымкент қаласының үшінші мегаполис болуы өзгерістер алып келді. Көптеген мекемелердің Түркістан қаласына ауысуына байланысты Арманға да жаңа облыс орталығына ауысу жайлы ұсыныс түскен болатын. Бірақ одан бас тартуға тура келді. Өйткені, Түркістанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай қарастырылмаған. Егер мәселе осындай күрделі болмағанда мен ештеңеден қиналмай кете беруші едім дейді кейіпкеріміз. Себебі, адам  мемлекеттік қызметте өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істей білуі керек. Содан Арман Шымкент қаласы əкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығында жастар тəжірибесімен жұмысқа орналасады. Қазір сол жерде келісім шарт бойынша іс-қағаз жүргізуші болып қызмет атқаруда.

Арманның жұмысы таңғы сағат тоғызда басталады. Бұл уақыт сірә біреулер үшін жаңа күннің ең алғашқы минуттары болуы мүмкін. Ал жұмыспен қамту орталығында жағдай бөлек. Мұнда сіз мекеменің есігі қашан ашылады екен деп тағатсыздана күтіп тұрған халықты көресіз. Таңертең іші толған барлық автобустың тек осы мекеменің аялдамасына келгенде ғана іші босап, «уф» деп ары қарай жөнеліп кете беретіндей. Ал Арманды таңертең жұмысына такси әкеліп тастайды. Өз кабинетіне барып жайғасқан соң, адамдарды қабылдай бастайды. Әйтеуір қашан да алдындағы топ адамды жылы жүзбен қарсы алып, барлық сұрағына жауап беріп, тағы қалай көмек көрсетсем екен деп тұратын Арманды көресің. «Əр жұмыстың өзіндік қиындықтары болады. Халықпен жұмыс істеген соң әр түрлі адамдар келеді. Əр адамның мінезі, өзіндік ұстанымы жəне тəрбиесі бар және олар бір-біріне ұқсамайды әртүрлі. Сондықтан сабырлық керек деп ойлаймын. Мен үшін аса қиындық тудырмайды»-дейді біздің кейіпкер. Жастайынан өте ашық, белсенді болып өскеннен де болар маған дәл осы мемлекеттік жұмыс осындай адамдарға арналғандай.

Ал Арман үшін бұл қызмет – Отан алдындағы борыш. Ата-анасынан 2 жасында айрылғанда, оған бар мейірімін бауырлары төккен. Сол сәттерде мемлекет қол ұшын созып, қарайласпағанда жағдайым мүлде басқаша болуы мүмкін еді дейді жігерлі жігіт. Өмір кезек. Арман да қазір кезінде өзіне көрсетілген көмекті басқаларға көрсетуде, басқалардың өмірінің жеңілдеуіне өз үлесін қосуда. Абай атамыз Сегізаяқ өлеңінде "Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын" деген Арман қоғамға немесе үйіне, отбасына, ең құрығанда өзіне пайда таппаса ол адамды тұлға ретінде санамайтындығын айтады.

Байқағанымыз біздің кейіпкеріміз әріптестерінің арасында өте көңілді. Өзара қалжыңдасып, ашық-жарқын араласады. «Кемедегінің жаны бір» дегендей бір қызметте істеген соң, бір-бірінің жанын басқаларға қарағанда жақсырақ түсінеді. Қандай да бір мәселе туындаса әрқашан көмек қолын созуға дайын. Мұнсыз болмайды, себебі, қызметкердің көңіл-күйі түсіңкі болса, ол алдыңа келген адамға да әсерін тигізеді дейді. Арман жұмыстан бөлек түрлі жарыстарға қатысып, фильмдерге түсіп бос уақытын пайдалы өткізгенді жақсы көреді. Жұмысыңды қанша жақсы көрсең де, бір сәт демалып, көңіліңді басқа нәрселермен алдау өте керек деген пікірде. Мысалы, ол түскен "Ақ қанат арман" фильмі "Көкейімдегі бар əлем" атты республикалық фестивалінде қысқа метражды фильм номинациясы бойынша  гран-при иегері атанды. Арбадағы би спорт түріне қатысқан. Біздің шектеуіміздің бәрі біздің басымызда. Кім мүмкіндіктерге ашық болса, сәттілік соның жолдасы.

Адамға бақытты болу үшін көп нәрсе қажет емес. Ал, айналаңа пайдалы болу – бақыттың басты кілті. Басқа бір азаматтың жұмысын реттеу үшін өз қамынан бас тартатын қызметкерлердің жұмысын бағаламау тұлғалық қасиетке мін. Сондықтан да әрқашан позитивті болу, басқа біреудің еңбегін бағалауды үйрену бізге артық етпейді.

Айжамал Мақашова

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.