Ошибка
 
 
Сұхбат
Бастар ЕСҚАРАЕВ, ОҚО ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы: «ҰҒЫНЫҚТЫ ЖАУАП РЕНІШТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ» Печать
30.03.2018 13:51

Мемлекеттік қызмет көрсету саласы жыл өткен сайын тұтынушы үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ең бастысы САПАНЫ басшылыққа алып өзгерістерге ұшырауда. Жыл басында Оңтүстік Қазақстанда облысында бар 23 басқарманың кейбірінен бірқатар міндеттер алынып 4 басқарманың атауы қайта ауыстырылса, туризмді дамыту және тартылатын сыртқы инвестицияның көлемін арттыру мақсатында жаңа басқарма құрылды. Өзгеріске ұшыраған басқармалардың бірі Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы «Оңтүстік Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы» аталып, қызмет аясын кеңейтті. Басқармаға облыс әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы бірқатар  функциялар мен өкілеттіктер берілді. Бүгінгі әңгіме-дүкеннің қонағы аталған – басқарманың басшысы Бастар Есқараев.


Бастар Әуелханұлы, өзіңіз білесіз, қазір «көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын» ғаламтор атты «көмекшіміз» бар бәріміздің. Сізге келмес бұрын мен де сол «көмекшіміздің» сіз туралы не айтатынын ақтарып көрдім. Сізді еңбек заңдылықтарының білгірі ретінде таныдым, мемлекеттік тілдің жанашырысыз. Қысқасы елмен етене жақынсыз. Бұған дейінгі қызметтеріңіздің талабы да солай болып келген.Енді сіз басқарып отырған басқарманың қызметіне ақпараттандыру мен  мемлекеттік қызметтер көрсету қосылды. Жұмыс аясы кеңіді, осы туралы айтып берсеңіз..

– Оңтүстік Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы өздеріңіз білетіндей  жаңа жылдан бастап қайта құрылып өз жұмысын бастады. Осы жерде ерекше айтатын жағдай ақпараттандыру яғни цифрландыру саласы бүгінгі қоғамға өте қажет сала болып тұр.  Өйткені адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-сонды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Елбасы 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» жолдауында «Цифрлы Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарлама құру туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Осы бағдарлама өткен жылдың 12 желтоқсанында бекітілді. Бұл бағдарламада бес бағыт бар. Осы бағыттарды жүзеге асыру үшін Оңтүстік Қазақстан облысы бірінші болып  жаңа басқарма құрды. Бұл басқарманы қазір Қостанайда, Алматыда ашпақшы болып жатыр. Бірақ, біз алғашқы болып аштық. Басқарманың міндеті цифрландыруды, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласын жаңа жүйеге қою.

Әрбір жаңалық қоғамды жақсарту үшін енгізіледі. Цифрландырудан не күтеміз?

–  Жалпы цифрландыру дегенде не айта аламыз?

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының екі мақсаты бар:

Біріншісіхалықтың өмірінің сапасын жақсарту  мен экономика өсімінің қарқынын елеулі түрде жетелдету болса, екіншісі – Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімдікте өсуін қамтамасыз ету үшін жаңа бағытқа бұру болып табылады.

Әрине, ол сапалы және қолжетімді болуы қажет.

Жасыратыны жоқ, көп жағдайда, күнделікті өмірде, қызмет көрсету саласында сыбайластыққа барып жатады. Цифрландыру соның алдын алу, болдырмауға ықпалды бола алады. Бұл жаңалық емес. Өйткені, шыны керек біздер цифрландырудың өмірімізге қалай кіріп кетіп жатқанын байқамай да қалдық. Мысалы, қазіргі күнде ақпарат тарту, жіберу, алудың өзі осы цифрлы ақпараттандыруға өтіп кеткен. Қарапайым ғана мысал, телеарналардағы жаңалық шығарылымдарын үйде теледидар алдына телмірмей-ақ, басқа жерде жүріп көре беру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Немесе қазіргі күнде көптеген отандастарымыз шетелде жүрген туыстарымен смартфон, оның ішінде скайп арқылы байланысқа шығып жүр емес пе? Бұдан 10-15 жыл бұрын осылай болады десе, көпшілігіміз сенбес те едік. Осылайша біз цифрландырудың өмірімізге еніп кеткенін байқамай да қалдық. Енді мұны нақты қолға алып жалпы барлық саладағы үлесін мейлінше көбейту керек. Басқарманың негізгі жұмысы да осы. Қазіргі мемлекеттік қызметтердегі, мекемелердегі қағаз айналымы болашақта болмайды.  Қазірдің өзінде қағазбастылық азайып келеді. Алдағы уақытта, сіз мәселен аялдамаға келгенде өзіңізге қажетті бағыттағы көліктің қай кезде келетінін, арадағы қатынас уақыт қанша бәрін ешкімнен сұрамай-ақ, ұялы байланысыңыздан біліп ала аласыз.

–       Нақ осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілді?

– Экономиканың салаларын цифрландыру бойынша биыл облыста «Жол картасы» бекітілді. Оның ішінде 18 жоба қарастырылған, олар бойынша жергілікті бюджеттен 470 млн.827 мың теңге бөліну жоспарлануда. Бұдан бөлек, әрине мемлекеттік – жеке меншік әріптестік арқылы да жобалар болатынына сенімдімін.

Қазіргі күннің өзінде Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктің 95%, ауданаралық қатынастағы қоғамдық көліктің 100% GPS жүйесімен жабдықталған. Бұл осы цифрландыру, яғни қолжетімді әрі тез ақпараттандыру болып табылады.

Одан бөлек, мысалы жас босанған ана бала босануына байланысты жәрдемақы алатын болса, ешқандай құжат тапсырмай зейнетақы төлем орталықтарына барып жүрмей, тиісті мәліметтерді e+gov порталы немесе телефон арқылы жібереді, олар тиісті жәрдемақысын есепшотына аударады.  Алдағы күннің еншісінде балаңыздың күнделігін үйіңізде отырып көре бересіз. Студенттің оқу орнына барып жүргені, бармай жүргені жайлы үйде отырып біле аласыз. Дәрігерге барып, ұзын-сонар кезек күтіп тұрмайсыз, алдын ала ұялы байланысыңыздағы қосымша арқылы жазылып, кезек күтпей дәл уақытында барып қарала бересіз. Мысалы, сіз Шымкент қаласының тұрғыны болып, Арыс қаласына барғанда денсаулығыңыз нашарлап қалса, сондағы дәрігер сізді қарайтын болса, сіздің денсаулық тарихыңызды сұрап отырмай, осы саладағы (КМИС) цифрлы жүйесі арқылы барлығын біліп, сізге қажетті емді жасай береді. Бұл жақсы емес пе?!

Қазір архив саласында архив құжаттарын да цифрландырып жатырмыз.

Мен өткенде АҚШ-тың  Федералды архивінің операциялық орынбасарымен сөйлестім.Оның айтуы бойынша  Америка цифрландыруға, электронды архивке 1968 жылы өтуді бастаған,  келесі жылы толықтай электрондап бітіру көзделген. Демек, бұл бір күнде бітетін, бір жылда аяқталатын жұмыс емес.

Әңгіме Елбасымыздың тапсырмасымен жүзеге асып отырған «Цифрлы Қазақстан» жобасына келіп отыр. Енді осы бағдарламаның облыстағы жағдайына тоқтала  кетсеңіз...

– Біздің өңірде пилоттық жобаға білім, құрылыс, ауыл шаруашылығы бағыттары енгізілген.Пилоттық жобалардан басқа, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары параллельді түрде сынақтан өткізілуде. Сондай-ақ, көлік және қауіпсіздік, денсаулық сақтау, туризм, салалары да қолға алынуда.

Ғаламтор бетіндегі ақпараттар сіздің сазгер, ақын екеніңізден де хабар береді. Бұл да цифрландыруға байқамай еніп кеткенімізге бір мысал. Осы жайында айта отырсаңыз...

– Өлең жазу, ән шығару жағына келетін болсақ бұл жай келе салатын дүние емес. Ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойға даритын қасиет болса керек.  2002 жылы қатты науқастанып қалдым. Сол кезде «Ұшқыр жылдар» ән туды. Қолым тимей жарыққа шықпай жатып қалды.  Ол ән 14-15 жылдан кейін ғана, орындаушысын тапты. Шымкентке концерт қоятын кезде «Ұшқыр жылдар» әнін Нұрлан Өнербаев үлкен сахнада орындады. Өнер Алладан келген сый деп қабылдаймын.  «Ән шығарамын, не ертең жазамын» деген болмайды, өзінің келетін кезі болады. Кей өлеңдер болады ән сұрап тұратын, кей әндер болады сөз сұрап тұратын.

Ал енді осы өнер қайдан дарыған дегенге келсек, менің нағашым, анамның інісі ұстаз болып жүріп, актерлік қасиетке ие болған. Жетісай музыкалық драма театрында өнер көрсеткен. Кезінде 1960-шы жылдары Қазақстанның он күндігі болған Мәскеуде. Сол құрамда барып, Мәскеуде өнер көрсеткен. Ол кісі өмірден ерте озып кетті. Өзімді «өнер саласының өкілімін» деп айта алмаймын, бірақ, ара кідік жазып тұрамын. Одан мен рахаттанамын. Ішкі жан тебіреністер, жүректі қозғаған кей жайттар өлең болып, ән болып өмірге келіп жатады.

Аға, кітап оқисыз ба? Қандай бағыттағы кітаптар жаныңызға жақын? Өлең шығарып, ән жазатын жандар үшін кітап рухани азық қой. Соңғы оқыған кітабыңыз жайлы айтып өтіңізші.

– Өзім оқыған кітаптардың ішінде есімде қалғаны, өзіме ұнағандары жайлы айтып өтейін. Сайд Ахматтың «Көкжиегі» ұнады, Сәбит Досановтың «Екінші өмір» деген Қасым Аманжолов туралы кітабын оқыдым. Жаным поэзияны қалайды. Поэзияны көбірек оқуға тырысамын. Соңғы кездері жиі кітап оқымасам да, әлеуметтік желілердегі ақындардың өлеңдерін, басылымдарға шыққан өлеңдерін оқып тұрамын. Газеттегі өлеңдерді қиып, алып қиындыларын сақтаймын. Бұл менің бұрыннан қалыптасқан әдетім. Ұнаған өлеңді қиып алып сақтап қоятынмын.  Соңғы кездері Тұманбай Молдағалиевтың 25 томдық кітабын арасынан оқып жүрмін, уақыт тапқанда. Жақында осы Тұма-ағамыздың «Жүрек жылу» атты кітабын оқып шықтым. Ұнады, өте тамаша жинақ.

Жас кезде кітапты көбірек оқыдық. Мен әндерімнің екі-үшеуін осыдан отыз жыл бұрын өзім қиып алған газет беттеріндегі өлеңдерге жаздым.

Бұдан 35 жыл бұрын «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Жиырмасыншы көктем» атпен жарияланған Ресейдегі Лаура Кустаева деген бойжеткеннің өлеңіне ән жаздым. Сол кезде ол қыз жиырма жаста екен.Менде сол жаста едім. Соған 30-35 жылдан соң ән жаздым. Сол сияқты  Тұма-ағамыздың осыдан 35 жылдай бұрын Сарыағаш шипажайы жөнінде жайлы жазған өлеңіне ән жаздым.

Өнерді серік ете жүріп, жақсы көре жүріп бірталай мемлекеттік қызметтер атқардыңыз. Басшысыз, жұмыстың жүруі кадрға байланысты, цифрландыру технологиясы үлкен буынға қарағанда жастарға ұғынықтырақ.Қызметке келген жастардың бойынан қандай қасиеттер іздейсіз?

– Жалпы мен өз өмірімді мемлекеттік қызметке  арнаған адаммын десем болады. Кеңес Одағы кезінде мемлекеттік қызмет деген болмады, дегенмен биліктің партиясы болды. 24-25 жасымда партия қатарына қабылдандым, жоғары комсомол органдарында жауапты қызметтерде болды. Одан кейін өздеріңіз жақсы білесіздер Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты тәртіптік кеңес хатшылығының бас маманы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық басқармасы – Оңтүстік Қазақстан облысы тәртіптік кеңесінің Консультанты қызметтерін атқардым. 2008 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары – облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымын атқардым.  2013 жылдың шілдесінен бастап 2018 жылға дейін  Облыстық еңбек инспекциясы жөнінде басқарма басшысы - облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымында болдым. Осы аталған еңбек жолымның бәрінде дерлік мемлекеттік қызметтер атқардым.

Егер заң жүзінде айтатын болсақ бұл мемлекеттік қызмет деген, қоғам тарапынан, мемлекет тарапынан адамға беріліп отырған үлкен сенім. Қарапайым тілмен атайтын болсақ мемлекеттік қызметші – мемлекет үшін жаны ашитын адам болуы керек. Мемлекет  өзінің саясатын мемлекеттік қызметшілер арқылы жүзеге асырады. Осы тұрғыдан алғанда мемқызметшінің жауапкершілігі өте жоғары.  Және мемқызметші өзінің жауапкершілігін сезіне білуі, ол үшін ол қолданыстағы заңдарды жетік білуі, өзінің біліктілігін тиісті деңгейде көтеруі керек. Жұмыс тәжірибесінен көріп қаныққан жәйт заңды жетік білмегендіктен, жұмыста шикілік шығады. Осы тұрғыдан алғанда мен қызметшілердің біліктілік талаптарының көтерілгенін қалар едім. Жастардан көргім келетін қасиет жауапкершілік. Мемлекеттік қызметке келдің бе, жауапкершілігін де сезіне білуің керек. Сен мемлекет пен халықтың алтын көпірісің. Еркінсіп, қаласаң жұмыс істеп, қаламасаң жұмыс істемейтін мемқызметшінің пайдасынан зияны көп болады. Жастарға айтарым әркім өз тағдырын, өмір жолын өзі таңдайды. Кімде кім мемқызметшіні таңдайтын болса онда ол адамның мемлекетке жаны ашитын болуы керек. Кез-келген дүние бірден болмайды, тәжірибе жинай келе,  өз жұмысыңның нағыз маманы бола аласың. Сондықтан үйренуге талпыну керек, кеңес сұраудан ұялмау керек.

Әлеуметтік түсініспеушіліктер қайдан туады, мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты айтып отырмын.

–  «Әлеуметтік түсініспеушіліктер қайдан туындайды» деген сауалыңызға жауабым, өтінім иесі, мемлекеттік қызметке жүгінген адам өзінің өтінішіне толыққанды жауап ала алмағанында  наразы болады деп есептеймін. Себебі, оған дұрыс түсіндірілмейді. Осы тұрғыдан алғанда мен үнемі талап ететінім - жүгінушіге қарапайым тілмен жауап беру керек. Ол кісінің талабы орындалғанын айтып, орындалмаса қандай себептермен орындалмағанын түсіндіру керек. Сонда жүгінушінің  ренжуіне  негіз болмайды. Бұл менің өмірлік тәжірибеден ұққаным.

Реніш туралы айтып қалдық, Наурыз өкпе-реніштер кешірілетін ай. Кеше ғана наурыз мерекесін бүкіл ел болып тойладық. Кез-келген мерекені балалар асыға күтетіні белгілі. Сіздің бала кезіңізде наурыз мерекесі қалай тойланушы еді? Несімен есіңізде қалды?

– Наурыз мерекесі өте көне, ежелгі мұсылман халықтарының  мерекесі екенін тарихтан біліп  жүрміз. Қазақ даласы да тойлаған бұл мерекені, бірақ саясатқа байланысты ұмыт қалған кездері де болды, сол үзілістерден кейін бұл мерекені тойлауды отыз жыл бұрын қолға алдық.Менің балалық шағымда наурыз тойын ел болып тойлағанымыз есімде жоқ. Еміс-еміс білемін ауыл-ауылда наурыз мерекесі болатын. Бүгінде Наурызды осындай үлкен бүкіл ел болып тойлап жатқанымыз әрине, көңіл қуантады.

Наурыз өте керемет мереке, оның адамзат үшін өзіндік орны бар. Күн мен түннің теңесіп, табиғат біткен оянып, ерекше күйге бөленетін шақ. Бұл мереке қазақ халқы үшін ұлы мереке, сондықтан Ұлыстың ұлы күні деп атайды. Өткен мереке баршаңызға құтты болсын деймін! Жаңа жыл, жаңа бастамалардың бастауы болсын!

Сұхбатыңызға рахмет, істеріңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Нұрсұлу БАЗАРБАЙ

 
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, ғалым: «Қазақстанда бірінші миллионер мен болатын едім...» Печать
30.03.2018 12:21

Әр басылымның, әр журналистің өзіндік басты ұстанымы болады. Біздің ұстанымымыз оқырманға танымдық дүниелер ұсыну. Бұл жолы абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мекемтас Мырзахметовке ат басын бұрдық. Білімі телегей теңіз, көргені көп шежіре адаммен қашанда түрлі тақырыптағы түйдек-түйдек әңгіменің тиегі ағытылады ғой. Сенің білгің келеді. Сұрай бересің. Алып-ұшып тұрсың. Ал ұлттың ұстынына айналған ғалым әр сауалымызға сабырмен тоқталып, тиянақты жауап беруден таймайды. Қарапайым. Көз алдымызда әдемі қартайып бара жатқан АДАМНЫҢ бейнесі өзі айтқан тұщымды әңгімемен тұлғалана түседі.

Сұхбат иесі бір сөзінде: «Бүгінгі күнде кез келгенді «абыз» деп жүрміз. Бұл дұрыс емес. «Абыз» сөзін абайлап қолданайық! Елдің идеологиясына оң ықпал етіп, бүкіл елді артынан ергізе алған кісілер ғана абыз бола алады» деп еді. Бірақ біз сол абыз Мекемтас Мырзахметов десек, асырып айтқанымыз болмас еді деп отырмыз.


«ОҚИМЫН ДЕСЕҢ, ОСЫ ТАҚЫРЫПТЫ АЛАСЫҢ. ӘЙТПЕСЕ, ЕСІК АШЫҚ»

Әңгімені ошақ қасынан бастасақ. Қандай отбасында өмірге келдіңіз?

– Мен орта шаруа және үлкен отбасында дүниеге келдім. Әкем ер-тұрман, сәукеле жасайтын айтулы ұста болған. Екі әйел алған. Бәйбішеден тарағандар қудалауға түсіп, соғысқа кетіп, жоғалды. Ал балалары ашаршылық кезінде қырылып қалған. Өзімнің анам он шақты құрсақ көтерген. Содан екеу-ақ қалдық: біреуі – әпкем, екіншісі – мен. Колхоздастыру келіп, кулактарды тап ретінде жою кезінде әкем қамалып кеткен.

Ғылымға қалай бет бұрдыңыз?

– Мектепте белсенді болдым. Партияға өттім. Соның нәтижесінде оныншы сыныпты бітіріп, Алматыдағы ҚазҰУ-ға журналистер факультетіне түсуге кандидат болдым. Алайда, ол жаққа барып оқи алмадым. Материалдық жағдай болмады. Сөйтіп, Шымкентте Крупская атындағы екі жылдық мұғалімдік институтқа оқуға түсіп, бір жыл білім алдым. Бірақ өзімнің ойлаған деңгейімде білім нәрін бойыма сіңірмедім. Мен оларды, олар мені менсінбейді. Сұрақ қойсам, ұрсады. Бір жылдан соң, мына жерде мен ештеңе тындыра алмаймын. Не оқуға түсейін, не болмаса қара жұмысшы болсам да, күн көремін деп Алматыға кеттім. Содан КазПИ-ге, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультетіне оқуға түстім. 1950 жылы екінші курс оқып жүрген кезім еді. Үлкен шу шықты. Кеңес үкіметінің озбыр саясатына бас көтерген Кенесары Қасымұлын мақтағандарды қудалау басталды. Арамызда айтыс-тартыс. Екіге бөліндік. Көбісі «халық жауы» атанып сотталды. Соның ішінде академик Қажым Жұмалиев те бар. Ол кісінің Абай жайлы бір ғана дәрісін тыңдадық. Сөйтіп мен мектепте де, жоғарғы оқу орнында да Абайды оқи алмадым. Он сегіз бала институтты бітірген соң, Өзбекстанға кеттік. Мұғалім болып екі жыл жұмыс істеуің міндетті. Егер бармасаң, екі жылға соттайды. Келіншегіммен бірге бардым. Содан ұлымыз өмірге келді. Міндеттелген екі жылдан соң қасымдағылар елге қайтты, біз қалдық. Бес балалы болдық. Төрт ұл, бір қыз. Жалпы, Өзбекстанда он бес жыл тұрдым.

Сонда мектеп пен жоғарғы оқу орнында Абайды оқымасаңыз, абайтануға қалай келдіңіз?

– Аспирантураға түсу үшін Өзбекстаннан Алматыдағы қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-ға келдім. Арнайы комиссия құрды. Құрамында академик Қажым Жұмалиев, профессор Серік Қирабаев, доцент Төкен Әбдірахманов болды. Сұрақтары әлі есімде. Үш сұрақ еді: Абай, социалистік реализм, Ғабит Мүсіреповтің «Жат қолында» дейтін романы. Оны оқығаныммен, бірақ анализ жасамағанмын. Социалистік реализмге уақыт алып, сайрадым. «Әй, болды, біледі екенсің» деді де, бес қойып берді. Сөйтіп, оқуға қабылдандым. Содан диссертация қорғау үшін тақырып беру керек. Қажым Жұмалиев маған Абайды ұсынды. Қиын тақырып. Бірден бас тарттым. Қайта-қайта шақырады. Ал мен келісімімді бермеймін. Солай үш ай жүрдік. Бір күні шақырып «оқимын десең, осы тақырыпты аласың. Әйтпесе, есік ашық, кете бер», – деді. Бауыржан Момышұлының үйіне бардым, ол кісі жоқ екен. Ол үйге баруымның да өзіндік жөні бар. Баукеңмен танысқан сәтте «аспирантураға түссең, үйімде жатып оқисың» деген болатын. Жеңгейге «қиын тақырып беріп жатыр» деп айттым. «Ой, сен қорғай алмасаң, шапаныңды шешіп ала ма? Жүз сом айлық аласың. Ақшаң бар. Үш жыл сайлан да, білімін ал. Содан ауылыңа қайтасың». Бұл ойды өзімше дұрыс көрдім де, Қажекеңе барып, «әрі-бері ойлап, осы тақырып дұрыс екен» деп едім, қуанып кетті. Иә, Абайды зерттеуге осылай келдім.

БАУКЕҢНІҢ «АУРУЫ»

«Баукеңмен танысқан сәт» деп қалдыңыз. Сол таныстық жайында айта кетсеңіз.

– 1959 жылы Өзбекстанда Низами атындағы Ташкент  педагогикалық институтында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Сарыағашқа Бауыржан Момышұлы келетін болды. Доцент Әлмембет Төлеуов: «Студенттермен кездесуге шақыру үшін сен барып рұқсатын ал», – деді. Мен «бармаймын, қорқамын, ұрсады» деп ем, «сен бармасаң, кім барады? Тілін тап»,  – деді.

Қасымда тарихшы Тілеуқұлов пен Сарыағаштағы аудан орталығынан қосылған бір жігіт бар. Баукең жеке үйде отыр екен. Сартылдатып машинка басып жатыр. Ойын бөлмейік деп тұрмыз. Бір уақытта ары-бері жүре бастады. Қоңырауды басып қалдым. Дүңк-дүңк етіп бері қарай келе жатыр. Қорқып тұрмыз. Есікті ашып, «қайдан келген адамсыңдар?» – деді. «Сізге келген едік. Студенттер өзіңізбен жүздескісі келіп жатыр», – дедік. Үйге кірдік. Үстел үсті жайнап тұр. Бір коньяк ашты. Өзіне және үшеумізге құйды. Негізі үшеуміз де ішпейміз, қорыққанымыздан көтеріп салдық. Содан Баукең: «Мен бармаймын. Сарттарыңды жақсы білемін. Ертең «шақырмап едік, бұл қайдан келді» деп айтудан тайынбайды. Сұраным хат әкеліңдер», – деді. Қағазды кешке дейін әкеліп бердік.

Ертесіне Баукеңді алып келсек, 750 адам сыятын зал лық толып, сыртқа радио қойып жатыр екен. Содан «тойды біз бастаймыз» деп, өзбектің шапаны мен тақиясын кигіздік. Ол кезде елуге толып жатыр еді. Екі сағат сөйледі. Сол сәтте бір студент: «қазақ тілі тірі қала ма, әлде жойыла ма?» – деп сұрақ қойды. Баукең ойланып қалды. «Әй, мына сарттарың өте қу келеді. Есік алдына айналдыра тал егеді. Соны жыл сайын отап алады. Сол секілді біздің тіліміздің де тамыры аман. Оны қанша қырыққанмен, өсе береді», – деді. Сол сөзі әлі күнге дейін есімде қалыпты.

Қайтып келе жатырмыз. Бір уақытта Баукең:

–       Сен кімсің? – деді.

–       Мекемтаспын, Түлкібастан келгенмін.

–       Сарт болайын деп жүрмісің?..

–       Жоқ, қазақ болайын десем, аспирантураға түсірмей жатыр.

–       Кімнің баласысың?

–       Мырзахметтің баласымын.

–       Ұста ма?

–       Иә, – дедім. Он минуттай үндемеді. Сосын шешіліп, әңгімесін бастады:

–  1928 жылдары сонда жұмыс істедім. Ол кезде Сайрам, Жуалы, Түлкібас бір аудан еді. Сонда әкем: «Сайрамға барсаң, Мырзахметтің үйіне түс», – деп айтты. Мен сенің үйіңде талай рет қонғанмын, – деді. Баукең бәрін анықтап айтып берді. Ал мен әкемді жақсы білмеймін. Екі жасымда айырылып қалғанмын. Қамауда жүріп, ауырып қайтыс болды. Сол себепті осылай өзгелердің айтуымен ғана әкемді елестетуші едім.

«Енді не істемек ойың бар?» – деді Баукең. «Өзбекстаннан Қазақстанға аспиратураға алмай жатыр» дедім. Үйіне келді де, телефонды алды: «Мәлік, сөйлеп тұрған менмін. Менің Мекемтас деген інім бар. ...Білсеңіз, ол аспирантураға түсу керек», – деп, телефон тұтқасын қоя салды. Ол кезде Мәлік Ғабдуллин қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры еді. Міне, Баукеңмен таныстығым осылай басталған.

Кеңес Одағының батыры бұдан бөлек сіздің өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?

– Мен материстік, атеистік көзқарастағы адам едім.  Баукең мені 180 градусқа өзгертті. Иә, дүниетаным мен ұлттық көзқарасымды түзу жолға түсірген сол кісі. Үш жыл үйінде бірге тұрдым. Көп адамдармен танысып, жоғары ортаға қосылдым. Ал волгасымен Алматының мен бармаған тау-тасы қалған жоқ (күлді).

–       Бауыржан атамыз жайлы тағы бір естелік айтып берсеңіз...

–       Баукең бір күні өлең жазып, маған оқып берді:

Доктор-ау, қабақ түйме, ұрсатын боп,

Құрысын дәрің, ешқандай сырқатым жоқ.

Сырқатым құздың қыршау қиясында,

Қыранның қол жетпейтін ұясында.

Ауырмай мерт болатын ақиықты

Шынымен емдеу үшін қиясың ба?

«Біздің дәрігерлер адамды сиыр ұқсап емдейді. Аузыңды аш, көзіңді аш. Сөйлессе, адам ауруын айтады ғой», – дейтін. Соларға арнап жазған екен деп ойладым. «Дурак, олар менің ауруымды білмейді. СЕКАң да (орталық комитет) түсінбейді. Тәуелсіздікті айтсаң, шошып кетеді», – деді. Сөйтсем оның «ауруы» еркіндік екен ғой. Тәуелсіздікті армандап, көре алмай кетті.

БӨЛШЕКТЕУГЕ КЕЛМЕЙТІН РУХАНИ МОНОЛИТТІ ЕЛ ЕДІК

Енді Абай жайлы диссертацияңызға оралсақ. Осы жөнінде айтсаңыз.

– Бүкіл архивті ақтардым. Қай жылы қандай мақала жазды, қандай зерттеу жасады т.б. Сөйтіп, библиографияны алғаш мен толық етіп жасадым.  Маған дейін 978 деректен тұрушы еді. Соны 3500-ге жеткіздім. Үлкен 20 баспа табақ кітап болды. Мен зерттеген Абайдың 75 жылында оған қоғамның әр түрлі көзқарасы болған. Теріс пікірлер де жетерлік. Соның аражігін аштым.

Бір күні ректор шақырып: «әй, бала, ісің шатақ. Кітапханада диссертацияңның оқылатын нұсқасы ұрланып кетті. Ұйымдасып, сені мықтап тұрып сынайды енді. Сол кезде оларға қатты сөз айтпа. Фактіңді айт та, тұрып ал», – деді. Айтқаны дәл келді. Қорғау алты жарым сағатқа созылды. Он сегіз адамнан он бір адам қарсы сөйледі. Әрең дегенде қорғап шықтым. Артымнан арыз жазылды. Содан Мәскеуге барып, қайтадан қорғап, кандидаттығымды әрең алған жайым бар.

–       Абайды зерттеу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Отыз сегізінші қарасөзін жиырма шақты рет оқыған шығармын. Оның дүниетанымына кіру өте қиын болды. Тығырыққа тіреліп, көп ойландым. Соңында шығыстық көзқараспен зерттеу керек екенін, бар жұмбағы сонда жатқанын түсініп, «Толық адам» атты ілімін әкелдім. Бірақ оны толық шешіп, бір жүйеге әлі түсіргем жоқ. Оқулығын жазып жатырмын.

Абай алдымен Алланы сүю, сосын адамзатты, әділетті сүюді алға тартты. «Алдыңғы үшті бекітпей, соңғы төртті еткенмен бермес жеміс». Ол мүлде материстік көзқараста болған жоқ. Еуропалықтар жанды материалдық зат ретінде қарап, адаммен бірге өледі деп есептейді. Олай емес. Адам жаны мәңгілік сапарға аттанады. Ғалымдар зерттеді. Адам қайтыс болған кезде бірден екі грамм кемиді екен. Яғни жанның екі грамм салмағы бар. Бұл тұрғыда б.з.д. 626 жылы бабаларымыз біліп, ізгілік идеясын егіп кеткен.

–       Ізгілік идеясын егіп кеткен елдің бүгінгі ұрпағы қандай?

–    Ел шетіне жау шапса, ешкім шақырмай бәрі жетіп барған. Бөлшектеуге келмейтін сондай рухани монолитті қазақ едік. Қазір олай емес.

«Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны.

Елдігіне, жеріне һәм дініне

Құрылды талай тұзақ, талай қақпан», –  дейді С.Торайғыров.

Абайдан кейін біздің мінез бұзылды. Қазақ даласын орыстандыру саясаты белең алды. Ендігі мақсат баяғы қалыптасқан бүтін рухты қазақты қайта тірілтуіміз керек. Сонда ғана мемлекетіміз мәңгілік елге айналады.

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ ДАЯР МАМАН ЕМЕС...

–  Шәкірттеріңіз бар ма?

– Жасым алпыстан асқан кезде Алматыдан Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне шақыртумен жұмысқа келдім. Бұл жаққа шәкірт тәрбиелеу үшін бет бұрып, жеті шәкіртіме абайтанудан қорғаттым. Жалпы елу кандитат қорғаттым, оның үшеуі докторлық. Докторлықтың бірі абайтанудан болды. Абайтанушы бес шәкіртімнің басын біріктіріп, ғылыми институт ашу ойымда бар. «Толық адам» ілімін жоғарғы оқу орнына арнап шығарып жатырмыз. Сегіз университетті оқытудамыз. Бұл өз қалауымызбен. Сөзін жеңіл етіп мектепке де шығарудамыз. Мұны министр ойлап отырған жоқ. Айтсаң, түсінбейді. Алдағы уақытта Білім және ғылым минстріне дұрыс басшы келсе, біз шығарып жатқан кітаптардың құнды дүние екенін ұғады.

–       Қазіргі ҚР Білім және ғылым министрі қандай сонда?

–       Бұл даяр маман емес...

Тоқсан жасқа таяп келесіз. Бірақ әлі де болса ғылымның қайнаған қазанында жүрсіз. Тыным таппайсыз. Ұрпаққа бергеніңіз көп, бізге солай көрінеді. Әлде, үлестіріп үлгермеген танымды дүниелеріңіз әлі көп пе?..

– Болашақ үшін берерім әлі біткен жоқ. Тарихи жадты қайтаруымыз керек. VIII бен ХIХ ғасыр аралығындағы оқулықтар кеңестік көзқараспен жазылған. Қайта жазып шығу қажет. Дәл осыны іске асырып келемін. Бүгінде Оңтүстік өңірінде «Қазыналы Оңтүстік» деген кітаптың 311-ін шығардық. Енді 89-ы қалды. Жалпы, 400 кітап. Әрқайсысы 1000 данамен шығуда. Басында жоспарда 500 кітап еді. Ұлт азаттық көтерілістен бері оңтүстікте 145 ақын-жазушы бар екен. Соларға 100-ін арнамақшы болғанбыз. Көре алмай күндеп, тірлігімізді ақсаңдатқандар көбейіп кетті. Енді оны шығармайтын болдық. Бұл бастаманы қолға алған сәтте Асқар Мырзахметовтің алдына кіргенмін. Ол ойымды бірден түсініп, қаржылық жағынан көмектесуге келісім берді. Енді ол кісіге тағы да қолқа салмақшымын. Өйткені, Тараз жері тарихқа бізден де бай. Ол жақтан 500 қазынаны табу қиын емес.

Еліміздегі өзге өңірлердің әрқайсысынан 10-20 ғана қазына шығара аласың. Жалпы, мен қолға алған 1000 қазыналы кітаптың (әрқайсысы 1000 дана) әр кітабынан докторлық қорғауға болады. Сонда Кеңес үкіметі жойған тарихи жадымыз қайтады. Кітаптың мағынасы мен маңызын әлі көпшілік дұрыс түсіне қойған жоқ. Кезі келгенде бәрі ұғып, жалаңбұт жүріп, киім кигендерін түсінеді.

Бұл – ауыр ізденіс. Басында қатты қиналдық. Қателесіппін. Ақшаны бере салысымен, жұмысты бастап кеттік. Жоқ, алдымен бір жыл даярлану керек екен. Маңызды мәліметтерді шетелден сатып алудамыз. Әр парағы – жиырма доллар.  Кезінде бізде жазылған құнды дүниелердің қолжазбаларын алып алған ғой. Ал өз елімізден тек ауызша ғана мәлімет алып отырмыз. Негізі, өз кітабымды жазып, тыныш жата берсем де болатын еді. Бірақ оған арым жібермеді. Біліп тұрып оны жүзеге асырмасаң, халықтың обалына қаласың. Бәрін жалғыз білгенің кімге керек?!..

Асқар Мырзахметовті уызына жарыған әкім дегеніңізді естігенмін...

– Иә, солай. Одан кейінгі басшы Б.Атамқұловпен де тіл табыстым. Ж.Түймебаев та уызына жарыған кісі. Руханиятқа жаны ашып отыр.

ТӨРТ ВОЛГАНЫҢ АҚШАСЫН ТАРАТЫП ЖІБЕРДІМ

Өзіңізбен көп пікірлестім. Ғылым саласындағы кездескен қиындықтар мен пендешілікпен жасалынған кедергілер жайлы айтып қалушы едіңіз. Бұл салаға келгеніңізге өкінбейсіз бе?

– Ауылда трактор айдап, қарынды қасып жатсам болар еді. Ал мен азапқа түсіп кеттім. Азап деуге келмес, бұл – рухани дәулет. Қоржын-қоржын ақшам жоқ. Мен ертең физикалық түрде кетемін, бірақ рухым өлмейді. Ғалым болғаныма өкінбеймін. Ал тасыған байлық не береді?.. Қарынды қампитасың немесе бес-алты қатын аларсың, алайда артыңда із қалмайды. Баюдың да реті келген. Егер шындыққа қарай тіке жүрмегенімде, Қазақстандағы бірінші миллионер мен болатын едім. Ақшаны алдыма қапшықпен әкелген кездер болды. Сырдариядағы Қазақ-өзбек университетінде жұмыс істеп жүргенімде мынадай оқиға болды:

Дәл атын ұмытып отырмын. Киров ауданында колхоз бастығы еді. Ақшасын әкелді. Алмадым. «Бала өз бетімен түседі», – дедім. Маған ренжіп кетті. Ал баласы өз күшімен сынақтан өтіп, шетелге оқуға жолдама алды. Содан қонаққа шақырды. Жеті сағаттай отырдық. Қайтар кезде келіншегіме сыйлықтар беріп, маған костюм кигізді. Қоржынға сала салдық. Үйге келіп қарасақ, костюм ауырлау. Ішінде ақша тұр. Жиырма төрт мың. Ол кезде алты мыңға су жаңа волга аласың. Енді не істейміз?.. Қайтып бере алмаймын. Сөйтіп, ақшаның бәрін туып-өскен жерім Түлкібаста Майтөбе ауылындағы және таныс-білістегі жетім-жесірлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратып жібердім.

Қатал әкесіз бе?

– Қатал емеспін. Мен көбінесе түзде болдым. Оларды келіншегім тәрбиеледі. Балалық шақтары Өзбекстанда өтті. Қазақ мектебі тым алыс еді. Орыс мектебіне оқытуға мәжбүр болдық. Орысша оқытты. Бірақ келіншегіме шарт қойдым: үйде мүлде орысша сөйлемеңдер. Тек қазақша сөйлеңдер. Екі тілге жетік болып өсті. Дегенмен, бәрібір психологиясында зарары қалады екен. Оны өз баламнан көремін. Қазақша оқыған ұлым ағайынға жақын. Қалғандары олай емес. Алайда, бәрі нанын адал тауып жүр. Мен соған қуанамын. Кейде «адал етіп, ешнәрсе алмайтын қылып өсіріпсіз» деп өкпелейді (күлді). Қарның тоқ, керек-жарағыңа жетіп тұрса, болды ғой. Артық нәрсе адамды бұзады.

ХАЛЫҚҚА ЖАУЛЫҚ ДЕП ЕСЕПТЕЙМІН

Сөзіңізден сұрақ шығып тұр. Үштілділік реформасында сіз айтқандай бүгінгі баланың болмысы мен санасына кері әсер етпей ме?

– Бұл – тарихта болмаған нәрсе. Халыққа жаулық деп есептеймін. Бүкіл интеллигенция болып қарсылық білдіріп, хат жазғанбыз. Балаға шет тілді 5-сыныптан кейін оқытқан дұрыс. Оған дейін өз Ана тілінде сусындауы керек.

Ал латын әліпбиіне деген көзқарасыңыз қандай?

– Он жыл бұрын Тараз қаласында Президентпен бетпе-бет сөйлестім. Екі мәселе қозғадым. Бірі осы әліпби жайлы еді. «Аспай, саспай жүріп, латынға келеміз», – деді. Ал екінші «қандай идеялогияны бірінші орынға қоямыз?» деп едім, «осы капитализмге идеялогия керек пе?..» – деді. Кейіннен сол екеуара әңгіме газет бетіне шықты. «Таразда бір оқымысты бар. Латынның орнына бұрынғы ата-баба әрпін қолданайық» депті. Қияли ой», – деді автор. Мен әңгіме барысында еврейлер екі мың жылдығын тұрғызып алғанын айтып, біз бұдан 2500 жыл бұрын жасаған ата-бабамыздың таңбалы жазуын алға тарттым. Түбі бір түркі халықтары бір-бірімізді түсініп, рухани тұтастығымыз күшеюіне де серпін береді деп ем, Елбасы саясат оған жібермейді дегенге келтірді. «Латыншаға ауысып алсақ та, жетеді», – деді. Сөз соңында ол кісіге былай дедім: «Мына ұрпақ ауысады, Отанды сүйетін жаңа толқын келеді. Солар сүйегімізге кіріп кеткен дүние, көкірегімізді жарып шыққан алфавитке келеді», – дедім. «Олар өздері біледі» деп күлді.

Яғни, менің латын әліпбиіне деген көзқарасым дұрыс. Сөйлейтін құрылғымыз орыстікі екенінен арылғым келеді. Сол себепті «ч», «в», «ф» әріптерін мүлде алып тастағанын қалаймын. Ол үш әріп – бізге жат.  Латын әліпбиі қолданысқа еніп, жазуға айналып кетсе, біз рухани жеңдік деген сөз.

Ал кириллицамен жазылған кітаптардың жағдайы не болады?

– Оның да әдісін тапқан. Бір минутта аудара салады. Тек қайта басып шығару шығын демесеңіз... Бірақ халықтың жадын қайтару жолында ешнәрсе кедергі емес. Түпкі болмысымызды тауып, дәстүрімізбен толық табыссақ керемет қой. «Уықты ұстайтын – басқұр, халықты ұстайтын – дәстүр» деген. Ата-бабамыздың айтпағаны жоқ. Тек оны біз түсінбей жүрміз.

АЙБЕРГЕНОВТІҢ МІНЕЗІ ҰШҚАЛАҚТАУ, КӨШКІН СИЯҚТЫ ЕДІ

Қай мінезіңізден опық жейсіз?

– Адамға тым сенгішпін және қарыз бергішпін. Сол мінезімнен көп таяқ жеймін.

Сұхбаттың соңында ақын Төлеген Айбергенов жайлы айтқаныңызды қалап отырмын. Ұстазы болғаныңызды білемін. Мінезі қандай еді? Талантын сол кезде байқадыңыз ба?

– Мінезі ұшқалақтау, көшкін сияқты еді. Партаның соңында отырады. Дәріс оқимын, жазып жатады. Бір күні байқап қарасам, дәріс емес, өлең жазып отыр (күлді). Үндегем жоқ. Сабақтан соң шақырдым. «Әй, не болды?..» – десем, «ағай, шабытым келіп еді. Ақын болғым келеді!» – деді.  Оқып берді. Ұзақ екен.

– Лирика, – деп қояды.

– Лирика ұзақ емес, екі-үш шумақтан тұрады. Сені бір ақынмен жарыстырайын. Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз» деген өлеңі бар. Соны оқы. Жақсы көретін қызың болса, соған жаз. Бірақ үш шумақтан аспасын, – дедім. Ертеңіне жетіп келді. Оқыды. Керемет! Образды сөздері ұнады. Ішімнен сүйегіне ақындық біткен екен дедім. Айтпақшы, өлеңді терісінен оңына қарай оқитын әдеті бар еді. Студент кездері «Алға» газетіне өлеңдері шықты. Бірақ кітабы шыққан сәтте бұл өлеңдерді байқамадым. Сосын ол жырларын бердім.

Ең соңғы рет Алматыдағы Комсомол көшесінде көріп қалдым. «Туған жерім Қарақалпақстанға бара жатырмын. Ағайын-жұртты көріп, бір сілкініп келмекшімін», – деді. Әттең, сол сапардан қайта оралмады!..

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әділхан АБАЙҰЛЫ

 
Гүлшарат НҰРМАХАНҚЫЗЫ, мектеп мұғалімі: «Өнерді сүйе білген жүрек оқушыларды да ыстық ықыласқа бөлейді» Печать
15.03.2018 15:53

Маржан Тасова атындағы үш тілде оқытатын №12 мамандандырылған мектеп-интернатының тарихы тереңде жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осы білім мекемесінде 10 жыл оқып, «Алтын белгімен» тәмәмдаған. Бұл жолы кейіпкерімізді еліміздегі орын алып жатқан барлық қоғамдық іс-шараларға атсалысып отыратын Спабек Мамешов басқаратын білім ордасынан іздедік. Мектептің тыныс-тіршілігімен таныстық, таңдауымыз жауапты міндет бала оқытумен мектептің кәсіподақ ұйымының қым-қиғаш жұмысын бірге алып жүрген төрайым Гүлшарат Нұрмаханқызына түсті.


– Мектеп-интернат өзінің түлектерімен қалай мақтанса да жарасады. Талантты, талапты деген ауыл балаларының осында кеп оқып жатқанына жарты ғасырдан асып барады. Солай емес пе?

Тарихы 60-жылдардан бастау алатын бұл мектеп әсіресе облыстың түкпір-түкпірінен жиналып білім алған малшылардың қарадомалақ балаларына ерекше ыстық. Өйткені бастапқыда мектеп-интернат сол балалар үшін ашылып, шалғайдан келген балалар осы мектеп-интернатта жатып, білім мен тәлім-тәрбие алды. Қарап отырсақ, алтын ұя мектептің шәкірттеріне есігін айқара ашып білім беріп, тәрбиелеп жатқанына да алпыс жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде балалардың қасында күн демей, түн демей қаншама ұстаздар еңбек етті десеңізші. Егер осы жерде білім алған балалардың бойында адамгершілік пен ізгіліктің сәулесі болса, өмірден өз орындарын тапса, ол әрине осы ұстаздардың арқасы, ерен еңбегі мен маңдай тері. Әр ұстаз шәкірттерін білімге баулып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, өмір деген үлкен мұхитқа қанат қатайтып, ұшыруға әрекеттенеді. Міне осындай ұстаздардың бірегей дарасы, ұстаздардың ұстазы атанған аяулы ана, жұлдызы жарқыраған қазақтың аяулы қызы Маржан Тасова осы білім ордасына ширек ғасыр ғұмырын сарып етті. Ашылған күнінен тапжылмай еңбек еткен апамыз мектепті елге танымал білім ордасына айналдыра білді.

1960 жылы Маржан апай Шымкент қаласындағы №2 қыздар интернатына директор болады. 1961 жылдың 16 мамырында Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитетімен, халық депутаттары облыстық кеңесінің бірлескен мәжілісінде шалғай аудандардағы малшылардың тұрмысы мен жағдайы туралы мәселе талқыланып, Шымкент қаласында қазақ тілінде оқытатын мектеп-интернат ашу жөнінде шешім қабылданады. Оны Қазақ ССР-нің 40 жылдығы атындағы №12 мектеп-интернаты деп атайды. Мектептің алғашқы директоры етіп өмірлік тәжірибесі мол, партия қатарында шыңдалған, өзінің жақсы қасиеттерімен, іскерлігімен облыс басшыларының көзіне түсіп үлгерген Маржан Тасқызын бекітеді.

– Бүгінгі ұрпақ, бүгінгі мектептің оқушылары  Маржан апайды қалай таниды?

Алдымен айтарым, мектеп Маржан Тасованың атымен аталады. Маржан апайдың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 03.10.2003 жылғы №1021 қаулысы негізінде 24.11.2003 жыл №584 мемлекеттік мекемені қайта атау туралы облыс әкімі Болат Жылқышиевтың қаулысына сәйкес Маржан Тасова есімі беріліп, мектеп ауласына балаларының атынан ескерткіш мүсіні орнатылды. Ескерткішті 2004 жылы 1 қыркүйек күні облыс әкімі Болат Жылқышиев мырза ашты. Салтанатты жиында апайдың бірге істеген әріптестері, туған-туыстары, балалары, немерелері қатысты. Мектеп директоры - Спабек Мамешовтың басқаруымен 2006 жылы 11 сәуірде мектепте Маржан апамыздың мұражайы ашылды. Осының бәрі танымдық мақсатта істелінген жұмыстар.

– Маржан апай жайлы әйгілі қазақтың біртуар тұлғасы Шәмші Қалдаяқов ән де жазған. Осы тұста Маржан апай жайлы естелік айта кетіңізші. Ол кісінің қай қасиеті сіздің есіңізде?

Ол кісі тек білім, біліктілікке ғана емес, интернатқа жұмысқа келген ұстаздардың өнеріне де көңіл бөлетін. Өнерді сүйе білген жүрек, оқушыларға да ыстық ықыласпен қарай алатынын айта жүретін.

Бірде Ғалымжан ағай екеуміз 8 наурыз қарсаңында апайды  құттықтайық деп үйіне бардық. Барсақ үйінде қонақтар  бар екен. Бізді көріп апай қуанып қалды. Ішке кіріп қонақтарға:

Мектептегі әнші балаларым 8 наурызбен құттықтап келіпті, деп бізді таныстырып жатыр. Біз де апайға арнап бір-екі ән айтып бердік.  Сонда ол:

Баяғыда жұмысқа жаңа мұғалім қабылдар кезде бірінші қояр сұрағым «Қолыңнан қандай өнер келеді?» деп сұрап, өнерлі жастарды мектепке тартушы едім. Казіргі директор Спабекте өнерді сүйетін бала болды. Көрдіңіздер ме? Біздің мектепте осындай өнерлі жастар істейді, деп апайдың айрықша қуанғанының куәсі болып едік. Ол кісінің жақсы қасиеттері өте көп болды, сондықтан да білікті басшы бола алды деп ойлаймын. Осы өнерге деген өресі биік көзқарасы, өнерге деген құрметі менің есімде ерекше қалыпты.

– Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы білім алған алтын ұя екенін бәріміз жақсы білеміз. Тағы қандай түлектерді оқушыларға үлгі етесіздер?

Біздің ұжым, оқушыларымыз үшін облыс әкімінің осында бірінші сыныптан бастап он бір жыл бойы білім алғаны ең алдымен үлкен мақтаныш, және сонымен қатар үлкен жауапкершілік те артады. Білім ордасында қызмет ететін әрбір азаматқа өз ісіне екі есе жауапкершілікпен қарауды үйретеді деп ойлаймын.

Осы биылғы оқу жылында ұстаздар мерекесі қарсаңында облыс әкімі арнайы ат басын бұрды, мектебіне. Құр келмей мектепке қажетті сый-сияпат жасап кетті. Бұл адам ретінде де, әкім ретінде де үлкен азаматтықтың белгісі деп білемін. Біздің оқушыларға үлгі ететін түлектеріміз көп. Маржан апайдың шәкірттері: Тынысбек Қалменов, Жансейіт Түймебаев, Аманбек Ақайұлы, Жарылқасын Боранбаев, Әбу Меңдібаев, Бақыт Қожалиев, Әріпхан Садықов, Нұрмахан Жолдасов сияқты сан саңлақ республика қуанышы, ұстаз жұбанышы бола білген. Бұл аға буын, одан кейін орта буынымыз бар. Ел мақтанышына айналар тұлғалардың бүгінгі оқушылардың ішінде жүргеніне шүбә келтірмейміз.

– Интернат әлі де облысымыздағы аудандардан балалар оқытатынын білеміз. Ата-анасының бақылауынсыз балалар тәрбиесі де үлкен еңбекті талап етеді? Осы жағына тоқтала кетсеңіз.

Біз облысымыздың барлық аудандарынан оқушылар қабылдаймыз. Біздің интернатта барлық ауданнан бала бар. Ал бала тәрбиесіндегі жауапкершілік әрине оңай дүние емес. Бірақ, бізде балалардың білім алуына, сауатты оқуына, тамақтануына, дем алуына жалпы жан-жақты болуына толықтай жағдай жасалған. Балалардың тәрбиесі ұстаздар мен қатар ұжымымыздың білікті тәрбиешілеріне тапсырылған. Ауданнан келген оқушылардың барлығы дерлік мектепке келген кезде ата-аналарының қолымен біздің тәрбиешілерге тапсырылады. Бұл жағынан бала қауіпсіздігіне көп мән беріледі. Сондықтан, жұмыс барысы да, осыған сәйкес жүргізіледі. Балалар оқу жылында толықтай біздің ұжымның бақылауында болады.Жақын маңдағы аудандардан келіп оқитын балалар әр жұма күні үйлеріне қайта алады. Ал шалғай аудандағылар апта сайын бара бермейді. Ондай кезеңдерде де балалардың білім алуы, тәртіптік бақылауы толықтай біздің бақылауымызда болады.

– Осы білім ошағына  қабылдану үшін ең алдымен оқушыдан не талап етесіздер? Жалпы талаптарыңыз қандай?

Мемлекеттік білім стандартына сай білімін тексеру арқылы осында қабылданады. Онда баланың білімі, жалпы қабілеті, сондай-ақ логикалық ой-өрісі де тексеріледі. Содан соң барып тиісті нәтиже жинай алған балалар ғана қабылданады. Біздің білім ордамыз үш тілді тереңдетіп оқытатындықтан, тіл білу біліміне де көбірек зер салып қараймыз. Бұрын екінші сыныптан бастап оқушылар қабылданатын. Қазір 5 сыныптан бастап қабылдаймыз. Бүгінде бізде 3-4 сыныптар бар. Алайда, болашақта олар жоғары сыныпқа өткен соң бастауыш сынып бөлімі болмайды.

– Үш тілді білім беру қаншалықты тиімді? Артықшылықтары жайлы баяндап берсеңіз.

Кез-келген жаңалық алғашында үрей тудыруы мүмкін. Алайда одан қорықпау керек. Себебі, бұл үш тілді білім берудің артықшылықтары көп. Егер тереңдей зер салып қарасақ бұл үлкен мүмкіндік. Балалар үшін де, ертеңгі болашағымыз үшін де жасалынып жатқан мүмкіндік. Ал артықшылығы өте көп. Үш тілді білу арқылы балалар жан-жақты бола алады. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі шығармаларды оқып, соны түсініп, еліміздің дамуына үлес қоса алады. Мәңгілік ел болуымызға жасалған қадамның ең маңыздысының бірі де осы үш тілділік.

– Алда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі келе жатыр. №12 мектеп-интернат наурыз мерекесін қалай тойлайды? Сондай-ақ ақ жарма тілегіңізді де білсек.

Біздің ұжым ұлыстың ұлы күнін өте жоғары деңгейде тойлайды деп мақтанышпен айта аламын. Үш бөлім қазақтың алты қанат ақ боз үйін тігіп, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, оқушылармен бірлесе отырып тәрбиелік мәні бар әдет-ғұрыптарымызды көрсетіп, ұлттық тағамдарымыздан дастархан жайып, ұлттық ойындарымызды ойнатамыз. Сондай-ақ, түрлі ән-шашулар шашылып, наурыз тойын өз мәнерінде тойлаймыз.

Ал мерекеге айтар тілегім, қазақ ақты қастер тұтқан ғой мен де ақ мол болсын деймін! Әр қазақтың шаңырағы шаттыққа, бақытқа толы болсын. Күн мен түн теңелген ұлыстың ұлы күні елімізге бақ береке ала келсін. Шаттығымыз шалқып, берекеміз таси берсін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Нұрсұлу Базарбай

 
Мадина АЙТПЕНБЕТОВА, халықаралық «баспасөз сыйлығының» иегері: «Түркия елінің шенеуніктері әдебиеттен сусындаған жандар екен» Печать
07.03.2018 18:10

Қыздарда да қыздар бар... Көктемнің жанға жақын мерекелерді қанатына қондыра келгені күнтізбенің бірінші күнінен бастап сезіле бастады. Бір-бірімізге алғыс айтып жадырадық. Енді ақ жаулық аналарымыз бен көрікті келіншектер, жауқазын қыздарды қуантуға дайындалып жатырмыз. Осындай қарбаластың арасында Мадина Айтпенбетова сынды әріптесімізді ерекшелеп алып, құттықтап шықтық. Оның да өзіндік себебі бар.

Түркі әлемі халықтарының басын қосып, мәдениет, руханият жағынан біріктіріп отырған ТҮРКСОЙ ұйымы ОҚО мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының редакторы Мадина Айтпенбетованы халықаралық «баспасөз сыйлығының» иегері деп таныпты. Аталған ұйымның арнайы комиссиясының шешімімен берілетін шоқтығы биік марапат бізді де қуантпай қоймады. Мадина Жұмабайқызы елге оралған соң арнайы құттықтап, сапар жайында әңгімелестік. Әріптесіміз марапаттың мәнінен гөрі танымы терең кештің таңқалдырғаны жайлы тебірене сөз қозғады. Түркі тілдес қалың жұрт Мағжан Жұмабаевтың атаулы күнін айрықшалап алыпты. «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында Алаш ақынының 125 жылдығы атап өтілмек екен. Мерейлі мерекенің салтанатты ашылуының куәсі болған кейіпкеріміздің әсерлі әңгімесіне құлақ түрдік.


«МАРАПАТ ЖАЙЫНДА ЕСТІГЕНІМДЕ ЫҢҒАЙСЫЗ КҮЙ КЕШТІМ»

– Мадина Жұмабайқызы, марапатыңыз құтты болсын!

Рақмет!

– Бұл марапатқа ие болғаныңызды ең алғаш естіген сәтте қандай күйде болдыңыз?

– Жалпы, мен атақ-даңқ, лауазымға қызығып, оған ұмтылып жүрген жан емеспін. Өз шама-шарқымша еңбек етіп, ең бастысы өзіме артылған жауапкершілікті сезініп, сол іске өзімнің адал қолтаңбамды қалдыра алсам одан артық жетістік жоқ деп білемін. Сол себепті марапат жайында естігенімде ыңғайсыз күй кешіп, етсем өз еңбегімді жасадым, артықтау болды деген ой кеудемді кернеді.

– Не үшін олай ойладыңыз?

Маған дейін бұл мекемеде қаншама жыл еңбек еткен әріптестерім бар. Күні кеше ғана келгендіктен ол кісілердің алдарына шығып, беттен алып, төске шауып жатқандай күй кештім.

Халықаралық ұйым арнайы өз комиссиясының шешімімен сізді таңдаған болса, оған ыңғайсызданудың қажеті жоқ. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өзіңіздің атқарған еңбектеріңіз аз болмады. Еске түсіре отырсақ...

Халықаралық ұйымының 34-ші комиссиясының шешімімен Түркістанда өтеді деп қабылданған. Ал мен ол уақытта бұл жұмысқа жаңадан келген кезім еді. ТҮРКСОЙ ұйымы келеді деп бәрі әрі-сәрі күй кешуде. Содан нақты жоспармен қарқынды түрде іске кірісіп кеттік.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастама көтеруімен құрылған Ұйымның негізгі бағыты мәдениетпен астасады. Сол себепті бізге қатысты жиындар өте көп өтті. Осы ретте менің жұмысым – ақпараттарды таратып, БАҚ өкілдерін ұйымдастырып, өтетін іс-шараға ақпараттық қолдау білдіру. Іс-шарадан кейін де үйге келіп, тағы жиын жайлы жазып, оны газет пен сайттарға тараттым. Ақпараттарым облыс бойынша шектеліп қалған жоқ. Аталған ұйым өз елдеріне жаңалықтарды мен арқылы жіберіп отырыпты. Кейіннен мені мәдениет саласына қатысы жоқ іс-шараларға да шақыра бастады (күлді). Қысқасы, облыстық мәдениеттің басшыларынан бастап қызметкерлеріне дейін ұйқысыз талай таңдарды атырдық. Бір жылымыз дәл осылай өтті.

Енді сапар жайына ойыссақ. Алғашқы кездесу қандай шарадан басталды? Толқу болған шығар...

Тосырқадым. Өзім көріп өскен ел емес. Оңтүстік өңірінен жалғыз барып тұрмын. Алматы қаласында қасыма үш делегат қосылғанымен, Ыстамбұлға жеткен кезімізде бөліндік. Анкараға өзім ұштым. Ең алдымен ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен кездесу өтті. Іштегі толқу осы басқосуда басылды. Түркітілдес елдерден келген өкілдермен кездескен бас хатшы 2017 жылғы «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы қорытындысын сараптай келе, əрбір жұмыс, атқарылған еңбектерді талдап-таразылап, мені орнымнан тұрғызып алғысын айтты. Бәрі шапалақ ұруда. Шыны керек, Дүйсен Құрабайұлы мені таниды және бұлай арнайы ілтипат көрсетеді деп ойламаппын.

– Айтпақшы, сыйға берілген статуэткада ненің бейнесі бар?

– Бәрі аңыздан басталады. Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырып сындыруды бұйырады. Сол кезде бір бума шыбықты ары-бері майыстырып сындыра алмаған Төле бабамыз жұмбақтың жауабын: «Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой» – депті. Статуэткада осы идеяның бейнесі байқалады. Түркі жұртының жаны мен болмысы, ынтымағы, мəдениеті мен өркениеті, руханияты тамырлас, бауырлас темірдей берік бірлігі көрсетілген. Қазақ еліне 8-ші рет бұйырып отырған салмағы ауыр марапатынан бұрын, маған басқа нәрсе ерекше әсер етті.

МАҒЖАН – ТҮРКІШІЛ, ТҰРАНШЫЛ ТҰЛҒА

– Қызықтырып қойдыңыз. Сізді таңқалдырған не нәрсе?

Қазақтың ішінен қақ жара шығып, Алаштың жырын жырлаған, мұңына серпіліс, жанына күш-қайрат сыйлап рухани қорғаушы, демеушіге айналған ақын Мағжан Жұмабаевтың мерейлі жылы өтетінін естіп, қатты қуандым. ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ақынның 125 жылдығының салтанатты ашылуы өтті. Жиында оқылған өлеңдер тебіреніс сыйлады. Ашылу рәсімі Кастамону мен Анкара қаласында өтті. Одан бөлек «Алыстағы бауырыма» атты түрік тіліне аударылған кітабының тұсаукесері болды. Жинақта «Түркістан», «Қазақ тілі», «Алыстағы бауырыма», «Айда атыңды, Сәрсембай», «Абақтыда» сынды көптеген өлеңдері енген. Айтпақшы, тек түрік тілінде ғана емес, орыс, татар, түрік, өзбек, башқұрт тағы басқа ұлттардың тілдерінде аударылып, кітап етіп шығарылмақ екен. Кітапты түріктің ақыны Али Акбаш пен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев аударған.

«Ақын өлеңдерінің жан тебірентер әрбір жолдары мен болашақтан күтер арман-үміті барша түркітілдес елдердің ортақ мақсат-мүддесі мен бір арнасын сипаттап тұрғандай. Мағжан – түркішіл, тұраншыл тұлға. Ол – түркі халықтарының бірлігі үшін жанын берген адам», – деді түрік ақыны Али Акбаш. Ал Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман «Алыстағы бауырыма» өлеңін түрік тілінде жатқан білетінін айтып, оқыған сәтте ерекше әсерге бөлендім. Министр орынбасары бір емес, тіпті екі рет оқығанын көрдім. «Пайғамбар», «Түркістан», «Алыстағы бауырыма»  өлеңдерін кез келген түрік жатқа біледі екен. Олар бұл өлеңдерді бүкіл түркі әлеміне ортақ өлеңдер деп есептейді. Нәтижесінде алған әсерімді күнделігіме жазып, түсірдім.

– Күнделігіңізге не жаздыңыз?

Күнделік...19.02.2018ж. Күнім өте керемет өтті. Әсіресе, рухани серпіліспен қанаттанған жаңа мүмкіндіктер мені қуаттандырды. Мен Мағжан бабамыздың даңқын аспандатып, төрткүл дүние шығармашылығына үңіліп, өздерінің рухани қажеттіліктерін тауып қанаттанып жатқанына қатты қуандым. Саябақта өткен іс-шарада түріктің кішкене ғана қызы «Мен жастарға сенемін» деген өлеңді оқығанда көзімнен жас шықты. Ешкімге білдіргім келмеді... Ақыны өлгенімен мəңгілік өлеңі тірі, тірі болғанда да тек қазағына ғана емес, түркі еліне бірдей шарапат сыйлаған, жүректен орын алған мəңгілік бейне екенін білдіреді. Бүгін ғана Гази университеті Түркітану институтының директоры Хулия ханымның айтқаны да құлағымда тұр: «Біз Мағжанды ардақтауға арналған қанша жиын жасасақ та, оның алдындағы парызымызды өтей алмаймыз. Түрік əлемінің жастары бойына Мағжан əлемі мен табиғатын, өлеңін терең сіңіре беруіміз керек». Бұл – түрік қызының айтқаны. Ал біз ше? Ақынды қаншалықты құрметтеп жатырмыз?!..

– Түркі халқы Мағжан Жұмабаевты не үшін мұншалықты құрмет тұтады екен?

Ақын 100 жылдай уақыт бұрын Анадолыдағы бауырларын рухани қолдап, Шанаққалада қан кешіп жатқан түрік халқына арнап "Алыстағы бауырыма» өлеңін жазған. Оның жүрегінде бостандық үшін күрескен барша түркі жұртының қайғысы болды. Ақынның от шарпыған жалынды өлеңі бауырлас екі елді рухани біріктірген. Бір байқағаным – Түркия елінің шенеуніктері әдеби сусындаған жандар екен. Көбісінің өлең оқығанына куә болдым және билік басында әйел затының қатары өте аз.

– Түркия халқы, қалалары, мәдениеті қандай екен?

Қалалары өте әдемі, көшелері кең, тап-таза. Кешке серуендеуге шығып, бір көрініске таң қалдым. Дүкен сыртында қорап-қорабымен сусындар тұр. Ашық екен деп ойлап, ішіне кірмекші болып едім, жабық екен. Яғни, сенімділік нықтап қалыптасқан. Ал  халықтың қонақжайлылығы, көпшілдігі мен бауырмалдығы тез тіл табысуға шақырса, туризмнің мықтап тұрып дамыған өлкесіндегі өз тілдері мен салт-дəстүрлеріне деген беріктігі айрықша сүйсіндірді. Қай дүкен немесе дəмханаға бара қалсаңыз, түрік дəстүріне сай қызмет көрсетіп, тек өз тілдерінде сөйлейді. Міне, Ана тіліне деген құрмет! Ана тіліне деген ерекше құрметтерін бара салып байқадым.

«ӘРҚАЙСЫСЫҢЫЗ ӨЗ АНА ТІЛДЕРІҢІЗДЕ СӨЙЛЕҢІЗДЕР»

– Қалай байқадыңыз?

Ең алғаш бізді Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман қабылдаған кезде әркім өзін таныстырудан бастады. Сол сәтте қай елдің өкілі екені есімде жоқ, әйтеуір, ол өзін орыс тілінде таныстырды. Министр орынбасары: «Бәріміз де түркі халықтарымыз, түріміз әр түрлі болғанымен, тілімізде ұқсастық бар. Түркі халықтарының құрметі, ең алдымен, тілді құрметтеуден басталуы керек. Әрқайсысыңыз өз Ана тілдеріңізде сөйлеңіздер», – деді. Содан елімізге қайтқанша әрбіріміз өз тілімізде сөйлестік және бір-бірімізді түсіністік. Рухани бірігу деген осы емес пе?!

– Жиырма төрт жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ұйымның осы жылы Кастамону қаласында басталып кеткенін сөз еттіңіз. Бұл қандай қала екен?

Кастамонуда XIV-XV ғасырдағы ескерткіштер музей түрінде көп сақталған. Табиғаты шұрайлы, тарихи қала болғандықтан таңдалған. Әрқайсысының тарихи шежіресі бар. Ахмет Йассауи шəкірттерінің бірі Шейх Шағбан-и Уəлидің кесенесіне барып, зəмзəм су бұлағынан су ішіп, құран бағыштадық. Шейх Шағбани Уəли – Ахмет Йассауи бабамыздың рухани ілімін Түркияда таратып, өзінің ізгілікті жолын қалдырған жан. Сонымен қатар, көне жəдігер ретінде сақталып келе жатқан Махмұт бей, Исмаил бей мешіт-музейлерін аралап, тарихи ізімен таныстық.          Жерден 112 метр биіктіктегі қорғанға да бардық. Кастамону қаласы сол биіктіктен толық көрінеді.

Халуа мен сарымсақ – Кастамону қаласының символы. Орам-орам шығарады. Халуасының жасалуы да, дәмі де ерекше. Өндіріс орындарына да барып көрдік. Кастамонуда ұнағаны – көбіне ер азаматтар жұмыспен қамтылған. Киім үтіктейтін арнайы ғимараттар өте көп. Ол жерде зейнет жасындағы ер азаматтар  жұмыс істейді. Ателье сияқты ашып қойған. Онда он-он бес адам нәпақасын табады. Бір байқағаным, киімді қыздардан жақсы үтіктейді екен (күлді).

– Марапаттан бөлек сыйлық жасады ма?

Олар орамалды қатты құрметтейді. Орамал бағалы сыйлық ретінде жүреді. Тас басқы деген өнері бар. Кенеп сияқты матаға тамыры бар шөптерден дайындалады. Соны мөр етіп, басады. Ол жуған сайын өшпейді, керісінше, түсі қанық бола бастайды. Мұны ақ жаулықты әжелер жасайды. Оны да кәсіпке айналдырған.

Халықаралық «Баспасөз сыйлығының» иегерлерін Президент тапсырмасымен Түркия республикасы Президентінің бас кеңесшісі – Ялчын Топчын қабылдады. Президенттің құттықтауын жеткізіп, сыйлығын тапсырды. Иә, орамал сыйлады. Орамалда өз ел басшысының қолы қойылған. Ол да жусаң кетпейді, керісінше, күшіне енеді. Бұл осы Ақсарайдың ішінде ғана жүретін құрметті сыйлық екен.

ҰШАҚ ІШІНДЕ КЕЛЕ ЖАТЫП СОНЫ ОЙЛАНДЫМ

– Сапардан ұмытылмастай әсермен оралған секілдісіз?

Расымен, сапардың әсері керемет болды. Күнделікті қайталана беретін жұмысты істейсің. Бар мүмкіндігің, ақыл-ойың бүгінгі күнмен ғана шектеледі. Ал жан-жақты ойлансаң, біздің қабілетіміз көп нәрсеге жетеді. Мен осыны ұшақ ішінде келе жатып ойландым. Қазіргі таңда ойымды іске асыру мақсатында нақты іске көштім. Сөйтіп, ағылшын курсына жазылдым. Алдағы уақытта түрік тілін де үйренемін. Осы ретте ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымына, ОҚО əкімдігіне, ОҚО Мəдениет жəне тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық Мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығы басшыларына өз рақметімді айтқым келеді.  Жалпы, жасағаннан әлі жасайтын тірлігіміз көп. Сондықтан әлеуметтік желіге кіруді азайтудамын.

Әлеуметтік желі демекші, фейсбук парақшаңызда «кейбіреулердің өз есебі үшін ғана алдымда кәсіби клоун екеніне күйініп отырғаным-ай!» депсіз. Жалпы, қанша досыңыз бар?

Досты бір қиындықта, бір қуанышта айырады екенсің... Сыйласатын жандарым көп. Нақты екі-үш ғана досым бар.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні келе жатыр. Мерекеңіз құтты болсын! Сегізінші наурыздан есте қалған қызықты оқиғаңыз бар ма?

Үйдің үлкені болғандықтан атам мен әжемнің қолында өстім. Мереке келген кезде әжеме комплекті күміс әшекей сыйладым. Сол кезде «рақмет, айналайын!» деп қуанып, бетімнен сүйген сәті көз алдымда қалып қойды. Ал атам ұстаз, қатал кісі еді. Мектеп кезінде кешкі отырысқа мүлде жібермейтін.

Отбасым қатал еді дедіңіз. Атаңыз қандай кісі еді?

Сабырлы, байыпты қалпымен есімде қалды. Математика мен физика пәнінен сабақ берді. Әр жиырма бесінші мамырда шәкірттері келіп, құран оқытып, еске алып тұрады. Көп сөйлемейтін, іштей қорытып, нақты айтатын. Ағайын, туысқандар келіп, ақыл сұраушы еді. Мені өзімен көп алып жүретін. Бір оқиға есімде. Әпкем мен жездем ажырасуға дейін барып, атамды шақыртты. Мен де бардым. Әпкем заттарынының бәрін алып кетуге жиып қойыпты. Сол сәтте атам екеуін қатар отырғызып қойып, өз ақылын айтты. Нәтижесінде, жұбайлар жарасты. Ал бүгінде жап-жақсы отбасы болып тіршілік етуде. Қазіргі таңда осылай бір сөзбен билік айтатын қариялардың қатары аз болып тұр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Әділхан Абайұлы

 

 
Бет 1 , барлығы 28
 

Соңғы пікірлер

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.