Ошибка
 
 
«Құнды дерек пен қағаз иісі мені күнде жұмысқа жетелеп тұрады» Печать
31.05.2019 15:58

Назипа ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті, Құжаттамалық қамтамасыз ету тобының бас маманы:

«Құнды дерек пен қағаз иісі мені күнде жұмысқа жетелеп тұрады»

– Сәлеметсіз бе, Назипа Сыдықалықызы! Төтенше жағдай саласы мен мемлекеттік қызмет саласы тоғысқан жерде еңбек етеді екенсіз. Ең алдымен, қызметіңіздің ерекшеліктеріне тоқталсаңыз...

– Иә, біздің департамент – түрлі салалар тоғысқан қызықты мекеме. Бұл жерде қызмет ететін үш сала топтары бар. Олар – әскери қызметшілер, азаматтық қорғау қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер. Осының ішіндегі мемлекеттік қызметшілер департаменттің түрлі қызметтерін қамтамасыз етсе, ал мен қызмет ететін Құжаттамалық қамтамасыз ету тобы мекемеміздің құжаттық қамтылуын қамтамасыз етеді. Департаменттің кіріс-шығыс құжаттары, ішкі құжат айналымы, азаматтардың ұсыныстары мен шағымдары, олардың тіркелуі, орындалуы, құжаттамалық актілердің уақытылы атқарылуын қадағалау, сырттан келген құжаттарға жауап беру, мерзіміне сәйкес сақталу секілді жауапты қызметті атқарады. Менің тікелей функцияналдық қызметіме құжаттарды оңтайландыру, құжаттарды қысқарту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, мұрағаттық құжаттарды сақтау және олар бойынша әдістемелік көмек көрсету, құжаттарды тіркеу секілді жұмыстар жатады.

– Бұл салаға қалай келдіңіз? Бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Бала күнгі армандаған мамандығым дәл осы деп айта алмаймын. Дегенмен, балалық шақта дәрігер болуды армандағанмын. Кеңсе жұмысына ешқандай да қатысы жоқ, қарап тұрсаңыз. Бірақ дәрігерлер де науқастардың құжаттарын толтырып, кеңседе қызмет атқарады ғой, мүмкін содан да шығар, қағаз толтыратын мамандыққа қызыққаным рас.

Мемлекеттік қызметке арнайы емес, кездейсоқ келдім. Өйткені, менің негізгі білім алған мамандығым – инженер химик-технолог. Алғашқы еңбек өтілімді Шымкент шина зауытының автокамеральді цехында мастер болып бастағанмын. Содан кейін облыстық гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясында инженер болып жұмыс атқардым. Кеңес өкіметі құлағасын біз секілді инженерлер жұмыссыз қалды. Сол кезеңде ағаш сату базасы (лесо-торговая база) деген бар еді, сонда іс жүргізуші болғанмын. Сөйтіп жүргенде газет бетінен мемлекеттік қызметке конкурстар туралы оқып, бағымды сынап көрейін деп сынақ тапсырып, осы департаментке жұмысқа орналасқан едім.

– Жұмысқа орналасу қиын болмады ма? Тамыр-таныстық әсер етпеді ме? Мұнда қызмет етіп жатқаныңызға қанша жыл болды?

– Ол кезде мемлекеттік қызметке келетіндер аз болғанымен, конкурс комиссиясы тарапынан талаптары өте қатаң еді. Заңнамалық құжаттарды оқып, дайындықтың арқасында ешбір тамыр-таныссыз орналастым. Қиын болмады дей алмаймын, кез-келген саланың өз қиындығы мен қуанышты

сәттері болады ғой. Өзіңе таныс емес жаңа салада қызмет бастау оңай шаруа емес екен. Уақыт өте ысылып, осы саланың нағыз маманына айналдым деп айта аламын. Бұл топқа келгенге дейін де осы департаменттің «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою» бөлімі секілді бірнеше бөлімдерде осыған ұқсас қызметтер атқарып, іс-тәжирибе жинақтағанмын. Ол бөлімде жұмыс барысында қандай да бір іс бастамас бұрын дұрыс шешім қабылдау, жауапкершілік секілді қасиеттер жүктелетін. Сол тәжірибем дәл қазіргі қызметімде де көмекке келді. Мемлекеттік қызмет саласында қызмет атқарып келе жатқаныма 21 жылдан асыпты. Қызметім өзіме ұнайды.

– Мемлекеттік қызметте жалпы жұмыс өтіліңіз 21 жылдан асты дейсіз. Бұл салаға келу үшін қандай қасиеттер керек? Нені білу маңызды?

– Мемлекеттік қызметке келу үшін талапкер ең бірінші білімді болуы керек. Одан кейін адалдық, әділдік, төзімділік және жан-жақтылық қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметке қабылданар кезде талапкер алдымен заңнамалық сауаттылығын тест тапсыру арқылы дәлелдейді ғой. Жұмыс барысында сол біліктілігін іс жүзінде көрсетуі керек. Заң нормаларын ұдайы есте ұстап, қайталап, еске түсіріп отырмаса, қиындықтар кезігуі мүмкін.

– Мемлекеттік қызметшіге керек қасиеттердің бірі – төзімділік дедіңіз. Бұл салада төзім деңгейі қаншалықты болуы керек? Төзімге қатысты қиындықтарға кезіктіңіз бе?

– Өзімнің жұмысыма қатысты бұл салаға төселіп қалған соң, соншалықты қиын сала деп ойламаймын. Біз тікелей тұрғындармен жұмыс істесетіндіктен, олармен қатынас барысында келеңсіз жағдайға мүлде жолыққан емеспін. Өз білігім мен тәжірибем көп көмектеседі.

Біздің осы құжаттамалық қамтасыз ету тобының міндеттерінің бірі – жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау. Олардың барлық байланыс құралдары, мейлі электронды, мейлі қағаз жүзінде болсын, тіпті қолма-қол тапсырылғаны болсын, өзіндік қабылдау тәртібі бар. Өтініштерді қабылдаған кезде қоғамның әр түрлі топ өкілдерімен байланыс орнатып, тіл табысуға тырысамыз. Қандай көңіл күйде болса да, жылы жүзбен және жақсы көңілмен қабылдап, өтініштерін қабылдап алып, тиісті жұмыстар атқарамыз.

– Мемлекеттік қызметтің қиындықтары мен артықшылықтары туралы айтыңызшы. Жалпы, мемлекеттік қызмет адамның азаматтық ұстанымын тежейді, тиісінше шектеулер бар деп жатады. Қаншалықты рас? Қоғамда болып жатқан құбылыстарға азаматтық көзқарасыңызды ашық білдіріп тұрасыз ба?

– Мемлекеттік қызметтің ерекшелігі де сол ғой, қызмет барысында өзіңнің және отбасыңның мүддесінен мемлекеттік қызметтің мүддесін жоғары қоясың. «Әдеп кодексі» деген мемлекеттік қызметшілердің қимыл-әрекет ережелері бар, білетін шығарсыз. Сонда «мүдделер қақтығысы» деген категория арнайы қаралады. Халық пен мемлекет тарапынан жоғары сенім артылып жатқанда жеке азаматтық ұстанымыңды шектеуге тура келеді. Мемлекеттің ұстанған саясаты үдесінен шығуға тырысасың. Бірақ мұны

шектеу деп қабылдамау керек. Бұл шектеу емес, тәртіп деп қабылдаймын. Ал азаматтық көзқарасымды ашық айтуға келсек, мәселен, әлеуметтік желіде жариялап көрсетпейтінім рас. Тіпті, әлеуметтік желіге кірмеймін де. Бірақ сайлау секілді саяси науқандардан шет қалмаймын, жеке таңдауымды таңдап, ұдайы дауыс беріп тұрамын. Бұл да қоғамдағы құбылыстарға азаматтық көзқарасты білдіру деп ойлаймын. Биылғы сайлау да әділ өтетініне сенемін.

Қызмет барысында қиындықтар болмайды емес, кезігіп тұрады. Бірақ қиындықтардың қалдыратын өз сабағы бар. Қызмет бабында жетіліп, дамып, кәсіби қабілетіңді жетілдіре түсесің. Артықшылықтары көп әрине. Мәселен, кәсіби жолыңды қалыптастыру, әдістемелік көмектер және мерзімдік оқу курстары арқылы біліктілігіңді арттыру, мемлекеттік клиникаларда тегін емделу мүмкіндіктері, мансаптық өсу секілді артықшылықтар бар. Жыл соңында атқарған қызметіңе қарай көтермелеулер күтіп тұрады дегендей ерекшеліктер тағы бар. Қызметтік стимул, мотивацияларына қуанып қаламыз, жетістіктерге ұмтылдырады.

– Жаңа жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің жаңартылған жалақы төлеу жүйесі енгізіле бастады. Ол жүйеге алғаш көшкендер қатарында Шымкент қаласы да бар. Қалай әсер ете бастады? Жалақыңыз өсіп, қызметіңізге өзгеріс әкелген болар?

– Мемлекеттік қызметшілердің балдық шкала бойынша есептейтін жаңартылған жалақы төлеу жүйесіне біздің департамент әлі көше қоймады. Жалақы 30 пайызға өсіп, бонустар есептелетіні туралы естіп жатырмыз. Дегенмен, біз көшкеніміз жоқ. Себебі, Шымкент қаласының жергілікті атқару органдары өткенімен, біздің департамент тікелей Ішкі істер министрлігіне қарайды. Алдағы уақытта ішкі құрылымдармен бірге көшетін шығармыз.

– Әр мемлекеттік қызметшінің белгілі бір уақытқа арналып бекітілетін жұмыс жоспары болады. Сол жоспарға сәйкес, таңертең келгеннен кешкісін қайтар уақытқа дейін қандай іс атқарасыз? Күн тәртібіңіз қандай?

– Менің қызметім – негізінен бір сарынды жұмыс. Келіп түскен құжаттарды уақытында тіркеу, оны басшыларға жеткізу, басшының бұрыштамасына сәйкес мамандарға бөлу, мамандардың орындауын бақылауға қою, қадағалап отыру, департаменттің ішкі және сыртқа шығатын құжаттары орындаушылардың орындауларында барлық регламенттік талаптарға сай екенін келісу, сараптамадан өткізу және шығыс нөмірін тіркеп, тиісті тұлғаға жеткізу үшін нөмір беру жұмыстары. Сондай-ақ, департамент басшылығының бұйрықтарының тіркелу нормаларын ұдайы қадағалап, орындаушыларға жеткізіп отырамын.

– Сөзіңізден байқағанымыз, қала тұрғындарымен, жеке және заңды тұлғалармен тікелей қатынас жасайды екенсіз. Қанша арыз-шағым түсті және тұрғындардың негізгі бөлігін нендей мәселелер алаңдатады? Сараптама жүргізетін боларсыздар?

– Бұл статистикалық деректер ғой. Статистикалық мәліметтер дәл қазір менің қолымда жоқ, ол дерек басшылықта болады. Дегенмен, шамалап

білемін. Жыл басынан бері 20-дан аса өтініштер түскен. Олардың дені жеке тұрғындардан келген. Мемлекеттік емес ұйымдардан ғимараттарын өртке қарсы қауіпсіздігін тексеріп беру туралы өтініштер. Олардың ішінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет болса 15 күн ішінде, ал мамандар шығып, тексеруді қажет ететін жұмыстар болса 30 күн ішінде тиісті жауаптары жолданады. Қазіргі таңда аталған 20-дан аса шағымның 90 пайызы толық қанағаттандырылған. Арыз-шағымдарға жауап беру мерзімі мен шағым иесінің қанағаттануы «Айқын» деген компьютерлік бағдарлама арқылы департамент басшылығы тарапынан да, прокуратура органдары тарапынан да ұдайы қатаң бақылауда болады. Сондықтан, әр арыз-шағым иелеріне сапалы қызмет пен сапалы жауап беруге тырысамыз.

– Жаңа сөзіңізде «басшылықтан көтермелеулер тұрақты болып тұрады» дедіңіз. Қандай марапаттарыңыз бар? Одан бөлек, мекеме тарапынан қай жерлерде білім жетілдірдіңіз?

– Марапаттарымның дені осы департамент басшылығы тарапынан алған алғыс хаттар. Жұмыс барысында жеткен жетістіктерімді елеусіз қалдырмай марапаттап тұрады. Он шақты алғыс хат болса, оның көп бөлігінде төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайту секілді салалардағы еңбектеріммен ескерілген екенмін. Білім жетілдіру бойынша департамент жолдамасымен іс жүргізу ережелерін ұйымдастыру, құжаттамалық қамтамасыз етуге жауаптылық секілді тақырыптарда Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тиісті курстардан алған сертификаттарым бар. Сондай-ақ, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерейтойлық медалінің иесімін.

– 21 жыл мемлекеттік қызмет өтіліңізде тәрбиелеп шығарған шәкірттеріңіз бар ма?

– Иә, бар. Өте көп. Шәкірттерімнің көбі осы департаментке қарасты ведомстволық бағынышты мекемелерде қызмет атқарады. Нақты санын білмеймін, шамамен 20 шақты болар. Олар жолыққан сәтте ризашылықтарын білдіріп тұрады.

– Қызметімді жақсы көрем дейсіз. Жұмысыңыздың жақсы көретін бір элементін айтыңызшы. Күн сайын қандай қасиет жұмысқа тартып тұрады?

– Жұмыс бабымен біз күнделікті түрлі адамдармен кездесеміз, олардың әртүрлі мінез-құлқыларына қарамастан, тіл табысып, мұн-мұқтаждарына түсіністікпен қарап, көмек беруге тырысамыз. Осы еңбегіміздің нәтижесі – келген азаматтардың, үлкен ата-аналарымыздың алғыстары. Сондықтан, күнделікті жұмыска келген сәтте, бүгінгі күні келетін адамдарға көмек қол ұшын созуға дайын болып келемін.

Егер сіз архивке кіріп тұратын болсаңыз, түрлі ескі құжаттарды жолықтырып, қызыға қарайсыз. Біз үшін тарихтың құнды деректерін жолықтыру күнделікті нәрсе. Қағаздың иісі де уақыт өткен сайын өзгеше аңқитындай. Осы екі қасиет мені күн сайын жұмысқа жетелеп тұрады. Өзімнің ұнайтын кәсібіммен айналысқан соң, барлық кездесетін қиындықтарды ұмытып та кетемін. Кейде архивтен ерекше демалып, қайраттанып шығамын.

– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз еселене берсін!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Динара ЖАСБЕРГЕНҚЫЗЫ, Төтенше жағдайлар департаментінің мұрағатшысы:

– Ұжымда Назипа Сыдықалықызына қатысты тек жақсы мінездеме қалыптасқан. Ол кісіні өзімнің ұстазым десем де болады. Кәсіби қасиеті жақсы қалыптасқан маман. Жұмысқа келгелі Назипа Төлепбергеновадан көп нәрсе үйрендім. Құжаттаманың жасалу тәсілдері, басшылармен сөйлесу этикасы, құжаттардың архивте сақталу мерзімдеріне қарай тігілуі, ішкі және сыртқы құжаттардың орындалуы, олардың сақталу ережелері мен мерзімдері секілді дүниелерді үйретті.

Болғанай ҚАЛДЫБАЙҚЫЗЫ, Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

– Назипа Сыдықалықызымен бірге 7 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Ол кісіден құжаттарды тіркеу, орындау барысында нақтылықтарға көңіл бөлу, олардың тәртіптері, мемлекеттік тілде орындалу сауаттылығы және тексерілуі секілді тәсілдерді үйрендім. Назипа Төлепбергенованың басты қағидасы: «Бүгінгі орындалған құжат – ертең мұрағатқа өткізіледі. Ал мұрағатта қалатын дүниенің сауатты болуы міндетті!» деп ұдайы еске салып отырады.

 

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.