Ошибка
 
 
Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ, айтыскер ақын: «Айтыста дүние жарысына түсіп көрген емеспін» Печать
31.05.2019 16:31

Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ, айтыскер ақын: «Айтыста дүние жарысына түсіп көрген емеспін»

Осыдан бірнеше жыл бұрын 4-5 телеарнаны аударып отырып, өзімізге керекті дүниені тауып алатын едік. Сол кездегі көрсетіліп жатқан телеөнімдер көпшіліктің көңілінен шығып, жаппай тамашалайтын бағдарламалар легі болғаны жасырын емес. Сәні мен мәні келіскен бағдарламалардың ішінде өзіміздің төл өнеріміз айтысты да асыға күтіп тамашалайтын көрермендері көп еді. Тіпті, кейбірі ақындардың айтыста айтқан шумақтарын жаттап алып, өз арамызда айтыс жасайтын.

Дегенмен, аламан дода көк жәшіктен әлі де көрсетіліп тұрғанымен, бұрынғыдай ентелеп асыға көретін жұрт азайған сияқты. Оған ең басты себеп, күзеліп-түзелген, жіті бақылаудан өткен, жырым-жырымы шыққан айтысты кім көргісі келеді? Одан гөрі интернет желісі (Youtube) арқылы тамашалайтын мүмкіндік көп.

Біз ары-бері айтқаннан, бұл төл өнеріміз жайлы ақынның айтқаны әлдеқайда өтімді. Осы мақсатпен Түркістан қаласына 2-3 күндік іссапармен келген белгілі айтыскер ақын Әсем Ережеқызын әңгіме тарттық. Орайы түскен сұхбат барысында кейіпкеріміздің өмір жолы мен аталған тақырып төңірегінде шама-шарқы келгенше сөз қозғадық.


Әсем Ережеқызы, киелі Түркістанға қош келдіңіз!

– Көп рақмет!

Бүгінгі әңгімемізді өзіңіз жайында қысқаша мәліметтен бастасақ...

– Мен 1980 жылы Семей өңіріндегі Шұбартау ауданының Байқошқар ауылында дүниеге келгенмін. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология факультетін, кейін Семей педагогикалық институтының магистратурасын тәмамдадым. Қазіргі таңда Нұр-сұлтандамын, «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінің PR консультантымын.

– Еліміздің бастапқы партиясында қызметте екенсіз. Жалпы, өнеріңізге кедергі келтіріп алған жоқпысыз? Айтыс өнері негізі еркіндікті қалайтын өнер түрі ғой. Айтыстан қол үзіп, шектеліп, шеттеліп қалмадыңыз ба?..

– Бастығымыз сөз қадірін білетін, қазақтың төл өнерін қадірлейтін, мәдениет пен өнерге сырт қарамайтын Максим Споткай деген кісі. Өзге ұлт өкілі болса да, қандай да бір іс-шара болсын жіберіп тұрады. Өйткені халық мені осы айтыс арқылы танығандықтан, ол кісі маған қалайша «айтысқа барма!» деп айта алады деп ойлаймын (күліп).

Айтысқа алғаш қалай келдіңіз? Бойыңыздан ақындық қабілетті алғаш байқаған кім?

– Шәкәрім атындағы Семей университетінде оқып жүргенде Дәмеш Омарова деген ақын әпкеміз бар еді. Кезінде Айтақын Бұлғақов, Әселхан Қалыбекова, Қуаныш Мақсұтовтармен қатарласа шауып, айтысқан. Сол кісі бірінші курс кезінде «мен ақынмын» дейтін 25 таңдаулы оқушының ішінен таңдап алып, соңында іріктеліп 3 студент қалдық. Тап сол уақытта айтыс ақыны боламыз деген ойымызда да болған жоқ. Менің өлеңдерім ол кездері «Қазақ әдебиеті» газетіне жиі шығып тұратын. Дәмеш апайымыз сол жылдары қалалық мәдениет сарайынан «Халықтық ақындар орталығын» ашқан болатын. Аталған үйірмеде домбыра тартылып, ән де айтылатын. Біздер өлең оқимыз. Менің домбыра тарта алатынымды білген апай өзімнің қарсылығыма қарамай «Мен мына қыздан айтыскер ақын жасап шығарамын!» деді. Айтқанындай айтыскер ақын болып шыға келдік (күлді).

Қазір жазба поэзиясына көңіл бөліп жүрсіз бе?

– Өкінішке орай жоқ. Себебі, айтыста көп жүргеннің әсері ме, стиль өзгереді екен. Кейде жазған өлеңдеріме қарасам, айтыстың иісі мен мұндалап тұратын секілді.

– Бастысы дарын ба, әлде, білім бе? Қалай ойлайсыз?

– Дарынды бізге Алла береді. Егер дарынды білім алу, іздену арқылы ұштастырмасақ, жетілдірмесек, көзі ашылмаған бұлақтай болып, бойымыздағы дарын сөніп қалады. Адам баласында 1 пайыз ғана дарын, ал қалған 99 пайызы біліммен ұштасады. «Еңбек қашанда барлығын жеңбек». Жалпы, мен үшін екеуі де маңызды.

Біздер білімді 11 жыл мектепте, 4 жыл университетте, сосын магистратура,  докторантурада оқып, осымен шектеу қойып тастайтын сияқтымыз. Жұмысты да солай жасаймыз. Сіздің ойыңызша білімді тек шектеулі ғана алып, тек бір ғана мамандық бойынша жұмыс істесек қалай болады? Салалық дегенім ғой...

– Мен 3 жасымда хат танығанмын. Алдымдағы апам мектепке барып жүргенде жағаласып оқып, ерте үйрендім. 4 жасымнан кітап оқыдым. Білімге, кітапқа деген зейінім ерте ашылды. Содан болар өте зерек болдым. Мен де өзің айтқан дарын мен білімімді ұштастыра отырып, университетті бітіріп, ректордың ұсынысымен өзім оқыған Шәкәрім атындағы оқу орнында жұмысқа қалдым. Одан магистратураны екі жыл сол университетте оқыдым. Содан 2011 жылы Семейден Астанаға қоныс аудардым. Келгеннен кейін Еуразия ұлттық университетінде қызмет істей бастадым. Сол жерде жұмыс істеп жүріп 5 жыл қатарынан докторантураға оқуға тапсырып, бесінші жылы грантты жеңіп алып, 3 жыл соң бітіріп шықтым. Бірақ ол білімдер маған әлі де жеткіліксіз. Айтайын дегенім – адам бір орында тоқтап қалмай, үнемі жетіліп отыруы керек.

Бір сөзіңізде Түркия еліне білім жетілдіруге барғалы жатырмын деп қалдыңыз, Сіз үшін оқу-білім іздеу арқылы өміріңіздің мән мағынасы арта түседі деп ойлайсыз ба? Жалпы, сіз үшін өмірдің мәні қандай?

– «Докторантураны бітірдім, болдым» деп отыра алмаймын. Әр түрлі нәрсені үйренуден жалықпаймын. Одан да ары қарай даму үстіндемін. Тіл үйрену курстарына жазылып, бірнеше тіл үйреніп жатқан жайым бар. Қанша жасқа келсек те, оқу мен ізденуден жалықпауымыз керек. Бұйыртса, жаз айында өзің сұрап отырған Түрік еліне тәжірибе алмасу үшін оқуға барғалы жатырмын. Екінші сауалға жауабым: Мен үшін өмірдің мәні – дұрыс адам болып өмір сүру. Айналаңдағылармен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынас жан семіртіп, көңілді жайландырады. Өсексіз, өтіріксіз өмір сүру, мен үшін өмірдің мәні сол.

Адамды бақытқа жетелейтін не нәрсе деп ойлайсыз?

– Өзіңдегі барға қанағат, өз бойыңдағы білімді жетілдіруге деген қанағатсыздық. Мен өзімді солай бақытты сезінемін.

Әңгіменің ауанын айтысқа қарай бұрсақ. Айтыс сахнасында өзіңізбен қатар жүрген кейбір әріптестеріңіз төл өнер арқылы материалдық жағдайын жасап алғаны шындық. Сіз осы уақытқа дейін айтыстан қанша жүлде алдыңыз?

– 10-нан асады. Ең бірінші алған көлігім «Волга» еді. Жалпы, екі көлік, конверт ішіндегі «көліктерді» де біраз алдым. Бір айтыста бас бәйгесіз де «темір тұлпар» мінгем. Амангелді Ермегияев ағамыз  «қазылар тарапынан әділетсіздік болды» деп, көлік сыйға берген болатын. Осы ретте айта кетейін – мен сахнада дүние жарысына түсіп көрген емеспін.

«Шоу айтыс» деген жұлдыздардың арасында дүние шықты. Сол сайыс айтыстың мән мағынасын кетіріп, абыройын түсіріп жібермеді ме екен?..

– Жоқ, олар айтыстың мән-мағынасын кетіре алмайды. Керісінше, өздері сайқымазақ болып шығып, ел алдында күлкіге қалды. Өздерінің қадірін кетірді. Халықтың қарсылығына ұшырады. Бұл сәтсіз эксперимент болды. Мәселен, Қанат Әлжаппаровпен қарсылас ретінде қатар отырмаушы едім. Себебі, ондай адамды жеңу мүмкін емес секілді...

Сіз үшін ең мықты қарсылас кім? Кімдермен айтысқыңыз келеді?

– Мен үшін мықты қарсылас – маған айтысуға ыңғайлы, деңгейі биік ақындар.

Айтысқым келетін ақындар көп. Олармен сайысқа түсіп те жүрмін. Жалпы, «батырға оңы мен солы бір» дейді ғой атам қазақ.

Қазір қандай ақын-жазушыларды оқып жүрсіз? Кітап оқуға уақытыңыз бар ма?

– Қолым босаған уақытта шетел әдебиеттерін оқып тұрамын.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Гүлзат МҰХТАРҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.