Ошибка
 
 
«Шымкенттің логотипін біз жасағанбыз» Печать
04.07.2019 15:50

Тұрар АХМЕТОВ, Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

«Шымкенттің логотипін біз жасағанбыз»

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Қазақстан медициналық туризм бойынша жетекші еуразиялық орталыққа айналуы тиіс» деген еді. Дәл осы салада еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкент қаласында нендей өзгерістер болып жатқанын және аталған басқарма мемлекеттік қандай қызметтер көрсететінін білгіміз келіп, Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Тұрар Ахметовты әңгімеге тартқан едік.


Тұрар Асхатұлы, қаланың туризм саласын жолға қойған басқармаға басшы болып келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Айтыңызшы, жұмысты неден, қандай жоспардан бастадыңыз?

– Қалалық басқармаға 2018 жылдың шілде айында тағайындалдым. Алайда, бұл сала маған белгілі, жаныма өте жақын десем де болады. Себебі, алдында осы салада жұмыс атқарғанмын. Бүгінгі таңда қала туризмінің қазіргі жағдайы, өзекті мәселелері мен туризмге қатысты барлық дүниелермен танысып үлгердім.

Бұл қызметке келмей тұрып та, Шымкенттің туризміне қатысты салада қызмет еттім. Мәселен, Шымкенттің логотипін біз жасағанбыз. Басында бұл туристік логотип ретінде таңдалған. Туристік логотип жасалған сәтте сараптау кеңесі құрылып, қала тұрғындары, қонақтар, ел тұрғындары, туристер арасында: «Шымкент қаласын көбірек не нәрсемен байланыстырасыз?», «Шымкентпен нендей заттар ассоциацияланады?», «Шымкент қаласы дегенде көз алдыңызға қандай түстер келеді?» деген сияқты сұрақтармен сауалнама жүргізілді. Сауалнамалар нәтижесінде ашық түстер және гүлге қатысты бейнелер көбірек анықталып, осы логотип таңдалды. Сарапшы топта журналистер, қоғам белсенділері, дизайнерлер, өлкетанушылар сынды азаматтар еді. Идея авторлығы сол сарапшы топқа тиесілі. Қызғалдақ пішінді, қошқар мүйізді туристік логотип осылай пайда болды.

Бұдан басқа да Шымкенттің туристік бағытына қатысты салада еңбек еттік. «ApexConsult» компаниясын басқарып тұрған кезімде Шымкент қаласының туристік келбетін қалыптастыру бойынша, бірінші – қала тұрғындарының өздеріне, екінші – ел және шетелдік туристерге арналған жобалар, шаралар, инфрақұрылым жобаларын жинақтаған концепциялар жасаумен айналыстық. Сондықтан, мен Шымкентке, оның ішінде туризм саласына жаңадан келгенім жоқ деп есептеймін.

Басқармаға басшы болып келгенде бірінші кезектегі жұмыс – басқарма құжаттарын рәсімдеу, қалалық бюджеттен қаржы бөлдіру, басқарма мамандарын тағайындау секілді ұйымдастырушылық жұмыстардан басталды. Екінші кезекте, қаланың туристік бизнес өкілдерімен танысу кездесуін ұйымдастырып, ұсыныстары мен негізгі проблемалық мәселелері тыңдалды. Үшінші кезекте, басқарманың алдағы жұмыс жоспары түзіліп, қадамдық іс-шаралар жоспары және 2019 жылы халықаралық деңгейде өтетін іс-шара жоспары бекітілді. Осылайша жұмысты бастап кеттік.

– Басқарма туризм саласына қатысты қандай мемлекеттік қызметтер көрсетеді? Көрсететін мемлекеттік қызметтеріңіз қаншалықты сапалы? Тұлғалар үшін қолжетімді ме?

– Шымкент қаласының туризм басқармасы өз қызметі аясында мемлекеттік қызметтер стандарттарына сәйкес бірнеше қызмет көрсетеді. Олар:

1) «Туристік операторлық қызметті (туроператорлық қызмет) жүзеге асыруға лицензия беру» қызметі;

2) «Туристік ақпаратты, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері мен туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпаратты беру» қызметі;

3) «Туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімінен үзінді» беру қызметі.

Аталған қызмет түрлері электронды форматқа толықтай өткен. «E.gov» арқылы әр азамат сұраныс жолдай алады немесе басқармаға жазбаша түрде жүгінуіне болады.

Бүгінгі таңда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарына өзгерістер енгізілуде. Атап айтсақ, «Туристік операторлық қызметті (туроператорлық қызмет) жүзеге асыруға лицензия беру» қызмет түрін ғана қалдырылып, қалған екі қызметті тек басқарманың функционалдық міндетіне жүктеуде. Аталған лицензияны тек «E.gov» немесе «E.license» электронды порталы арқылы ала алады. Қызмет көрсету мерзімдері де қысқартылып отыр. Енді 3 күнтізбелік күн ішінде алуға болады.

– Міне, биылғы 2-тоқсан да аяқталып, түрлі көрсеткіштер бойынша қорытынды шыға бастады. Осы тоқсан ішінде Шымкентке ішкі және сырттан келген қанша туристер болды? Орналастыру орындарының саны, жатын орын және олар көрсеткен қызмет көлемі туралы айтсаңыз...

– Биылғы статистикалық есептің қорытындысы шыға қойған жоқ. Ол есептілікті статистикалық басқарма жүргізетіндіктен, біздің қолымызда нақты сан жоқ.

Дегенмен, жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылдың 12 айында қалаға келушілер саны 178 014 адамды құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (137 980 адам) 29,0%-ды құрады. Ішкі туризм бойынша келушілер саны 155 946 адам, өткен жылмен салыстырғанда (121 076 адам) 28,8%-ға артып отыр. Ал кіру туризмі бойынша келушілер саны 22 068 адам, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (16 904 адам) 30,5%-ға артқан.

Статистикалық ақпаратқа сәйкес, 2018 жылдың 12 айы бойынша орналастыру орындарында 271 981 төсек-тәулік ұсынылып, 2017 жылмен салыстырғанда (240 327) 13,2%-ға артыпты. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 2018 жылдың 12 айында 3 260 534,6 мың теңгені құрап, 2017 жылмен (2 637 347,4 мың теңге) салыстырғанда өсу қарқыны 23,6%-ға артып отыр. Айта кетсек, Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 106 орналастыру орындары (ірі қонақ үйлер, эконом санаттағы қонақ үйлер, аппартаменттік пәтерлер мен шағын хостелдер) орналасқан.

– Жұмыс барысында өзіңізге және қызметкерлеріңізге қандай талаптар қоясыз. Басқармаға келетін арыз-шағым көп пе? Олармен жұмыс қалай жүргізіледі? Сіздің ойыңыздағы мемлекеттік қызметшінің бейнесі қандай?

– Азаматтар тарапынан басқармаға көбінесе ұсыныстар келеді. Арыз-шағымдар да бар. Олардың барлығы заң талабына сай қаралып, толықтай зерделеніп, арыз-өтініш иесіне жауап жолданады. Мемлекеттік қызметші – заман талабына сай, білімді, жан-жақты, жаңашыл өзіне жауапкершілік ала алатын азамат болуы керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 

Соңғы пікірлер

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.