Ошибка
 
 
«Қолжетімділікті арттыру мақсатында «Ашық бюджет» интерактивті картасын енгізу жоспарлануда» Печать
12.07.2019 16:08

Кенжебек ЖАНБОСЫНОВ, Шымкент қаласы Қаржы басқармасының басшысы:

«Қолжетімділікті арттыру мақсатында «Ашық бюджет» интерактивті картасын енгізу жоспарлануда»

Елбасының «100 НАҚТЫ ҚАДАМ» – Ұлт жоспары тапсырмасында «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тармағы ерекше орын алады. Бұл тапсырмаға сәйкес, бүгінгі таңда жергілікті өзін-өзі басқару саласында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Әсіресе, жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың ішкі «қан айналым жүйесі» қызметін атқаратын қаржы басқармасының атқаратын қызметі ерек. Осы жұмыстарды оқырманға жеткізу мақсатында Шымкент қаласы Қаржы басқармасының басшысы Кенжебек Жанбосыновтан сөз сұрағанды жөн санап едік. Сауалдарымызға басқарма басшысы қаржы саласының маманы, сөздің емес, цифрдің адамы болғандықтан, атқарып жатқан ісі туралы қысқа әрі нұсқа жауап берді.


– Кенжебек Керімбекұлы, бірнеше жылдан бері қаржы саласында жұмыс істейді екенсіз. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп?

– Әр адамның өзінің қолдан келер дүниесі, сүйікті ісі, жанына жақын мамандығы болады. Мен өз мамандығымды жақсы көріп, мақтан тұтамын. Қаржыгер болудағы мақсатым – түрлі саладағы мекемелермен тығыз байланыс орнатып, қаржы жүйесін дамыту, елдің экономикасының дамуына өз үлесімді қосу.

– Қаржыгердің жұмыс тәртібі қалай болуы керек? Таңертең жұмысты неден бастайсыз?

– Мен қаржы саласын үйлестіруші және мемлекеттік қызметші ретінде өз жұмысымды күн тәртібін қалыптастырудан бастаймын. Онда ең бірінші өзекті мәселелер бойынша іс-шараларды ұйымдастыру, регламентпен бекітілген жиналыстарға қатысу, сонымен қатар, қаржы саласындағы күнделікті ағымдағы жұмыстар атқарылады.

– Еңбек жолыңызды есепші ретінде бастапсыз. Бухгалтерияның басты қағидаларының бірі – уақытылық пен нақтылық болса, мемлекеттік қызметте мұндай талаптар басты орында шығар. Бұл салада басқа нендей талаптарды талап етеді? Өзіңіз көргіңіз келетін қасиеттерге тоқталсаңыз...

– Әрине, басты талап уақытылық және нақтылық болса, онымен бірге сапалық та маңызды. Ал қаржы саласындағы қызметшілерге дер кезінде егжей-тегжейлі талдауды жүргізіп, дәлдік шешім қабылдауды талап етеді.

– Азаматтарды жеке қабылдау режиміңіз қандай? Бүгінгі күнге дейін қанша арыз-шағым түскен, олардың қаншасы қанағаттандырылды? Мәні бойынша негізінен қандай тақырыптар басым?

– Әр аптаның сәрсенбі күні сағат 17:00-ден 18:00-ге дейін жеке тұлғаларды қабылдаймын. Бүгінгі күнге дейін 4 адам коммуналдық меншікті басқару мәселелерімен қабылдауымда болды. Осы азаматтарға заң жүзінде түсіндірме берілді.

– Осы елдің азаматы ретінде сіз де мемлекеттік қызметті пайдаланасыз. Қандай жақсы өзгерістер бар, аталған қызметтің қай тұстарын жетілдіру керек?

– Қаржы саласында қызмет істеген жылдар бойы көптеген оң өзгерістер болды. Оның ішінде ең маңыздысы – мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру. Мәселен, бұрынғы уақытта жұмыстар жазбаша атқарылса, қазіргі уақытта оның барлығы электрондық жүйеге көшірілген. Яғни, қаржылық-экономикалық есептеліктер электрондық жүйені (мамандырылған бағдарламалық өнімдерді) қолдана отырып, қалыптастырылады. Қазіргі уақытта мемлекет цифрландыруға көшуде. Оның аясында халықты қаржы жүйесіне тарту үшін және қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ашық бюджет» интерактивті картасын енгізу жоспарлануда.

– Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы жұмысыңызда қалай көрініс тауып жатыр?

– Ағымдағы жылы Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдары «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын факторлық-баллдық шкала жүйесі бойынша төлеуге өтті.

Алдағы уақытта барлық азаматтар үшін кірісті және шығысты жалпы жариялауды кезең-кезеңмен енгізуге байланысты қаржылық-экономикалық секторда өзгерістер күтілуде.

– Мемлекеттік қызмет пен коммерциялық қызметтер сыйыспайтыны белгілі. Дегенмен, шығармашылық пен ғылыми ізденістерге рұқсат етіледі. Нендей шығармашылық немесе ғылыми ізденістеріңіз бар? Бос уақытта немен айналысасыз дегенім ғой...

– Бүгінгі таңда ғылым саласында ізденістерім болмағанымен, жергілікті және халықаралық конференциялар, брифингтер және форумдарға қатысамын. Сонымен қатар, республикалық деңгейде және шетел мемлекеттерінде тәжірибе алмасуға қатысып тұрамын. Бос уақытта спортпен айналысамын, яғни, өзіміздің әуесқой «Барыс» футбол командамызбен бірнеше рет жарыстарға қатысып, жүлделерге ие болдық.

– Қаланың мемлекеттік мекеме саласы бойынша барлық қаржылық мәселелері көз алдыңызда. Биылғы бюджет саласында қаралған басты тақырыптарға тоқталсаңыз.

– Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласы республикалық маңызды қалалардың санатына жатқызылуына байланысты қаланы дамыту мен құрылысына 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Осы жоспардың аясында бірнеше күрделі жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, «Оңтүстік» және «Оңтүстік-Шығыс» айналма жолдары, «Темір жол вокзалы», «Әуежай», «Шымкент сити», «Қошқар ата», «Цитадель» және басқа да жобалар. Тиісінше, қаланың бюджеті осы жобаларды қаржыландыруға бағытталды.

– Қазір 2019 жылдың жарты жылдық нәтижесі қорытындыланатын уақыт. Бюджеттің игерілуі мен оның мақсатты пайдалануына қатысты деректермен бөліссеңіз.

– 2019 жылғы 6 айдың қорытындысымен кірістер жоспары 99%-ға орындалды немесе нақты 102,2 млрд. теңгеге түсті. Бұл қаражаттар 98,6 пайызға игерілді немесе 101,1 млрд. теңгеге игерілді. Әлеуметтік көмекке, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің еңбек ақы қорына, қаланы ағымдағы күтіп-ұстауға, оның ішінде: санитарлық тазалық, абаттандыру, көріктендіру, ағымдағы және күрделі жолды, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына, инженерлік-инфрақұрылымдарды дамытуға және басқа да өзекті мәселелерге қаражат жұмсалды.

– Қаржы жылының жартыжылдығы қорытындысымен үнемделетін немесе жетіспей қалатын қаржы көлемі белгілі болған шығар. Нақтыланып, қайта бекітілетін бюджет қаражатының жинағы, оның ерекшелігіне тоқталсаңыз.

– Бүгінгі таңда, кірістердің орындалуы қатаң бақылауда. Барлық уәкілетті органдармен бюджеттің тепе-теңдігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша көздерден кірістің түсуі іздестірілуде.

– Көрші Арыс қаласында төтенше жағдай орын алды. Бюджет нақтыланған сәтте осындай жағдайлар ескерілетінін білеміз. Эвакуациялық әрекеттерге қанша қаржы бөлінбек? Бөлінген қаржының игерілуі де сіздің назарыңызда тұрған болар?

– Қала бюджетінің есебінен Арыс қаласындағы төтенше жағдайға қаржы қарастырылмаған. Алайда, Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде мен басқаратын мекеменің қызметшілері бір күндік жалақыларын аударды. Сонымен қатар, мекеменің қызметшілері қажетті шаруашылық, гигиеналық заттарды және азық-түліктерді эвакуациялық бекеттерге тапсырып отырды. Арыстағы апаттан зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін көмектерден біздің ұжым да шет қалған жоқ.

– Жаңа жылдан бастап қаладағы мемлекеттік қызметшілер жалақысын есептеу өзгергенін білеміз. Бұл қала бюджетіне қаншалықты өзгеріс әкелді? Жалақы есептеу ережелері мен әдістеріне енген өзгерістерді айта кетсеңіз...

– Қаланың мемлекеттік қызметшілерінің факторлық-баллдық шкала жүйесіне өтуіне байланысты орташа есеппен жалақы 1,5 есеге өсті. Тиісінше, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайы жақсарды, жұмыстан шығу көлемі азайды, лауазымдық қызметтің беделі артты. Бұл алдағы уақытта өз жемісін беріп, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруда ерен орны болмақ.

– Мемлекеттік қызметтің артықшылықтары мен міндеттеріне өз қызметіңіз шеңберінде тоқталсаңыз. Мәселен, қызметші өз бастамашылық қабілетін көрсете алмай, бойында тұншықтырады деген көзқарас бар. Не дейсіз?

– Өзім жоғарғы оқу орнын бітірген соң, қаржы саласында қызмет ету үшін келдім. 24 жылдан астам еңбек өтілі барысында карьералық баспалдақтың барлық сатысында қызмет атқарып келемін. Әрине, барлық өмірімді мемлекеттік қызметке арнағандықтан, ешқандай өкінішім жоқ.

– Мемлекеттік қызметші жұмысқа қабылданар кезінде заңнамаларды білу талабы барын білеміз. Ары қарай жақсы маман болып, мемлекеттік имиджді оң жағынан қалыптастыру үшін нендей қасиеттері болуы керек? «Әдеп кодексі» талаптарын орындай алмай жұмыстан шеттетілетін қызметшілеріңіз болды ма?

– Мемлекеттік қызметте жұмыс атқарғандықтан, адамдар бойындағы ұқыптылықты, жауаптылықты, шыншылдықты, пунктуалдықты бағалаймын. Ал жағымсыз қасиеттерден білімге, қойылған мақсатқа жету талпыныстың жоқтығын ұнатпаймын. Мен басқаратын мекемеде «Әдеп кодексі» талаптарын орындай алмаған қызметшілер болған жоқ. Қызметшілер арасында әдеп кодексінің талаптары бойынша үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады.

– Қызметшілеріңіздің жетістіктері, қызмет барысында көтермелеу, жұмыс ауырлығына қарай ескертулер болып тұра ма?

– Қызметшілерді көтермелеу мақсатында алғыс хаттармен, мақтау қағаздарымен марапатталады. Сонымен қатар, қызметшілердің отбасындағы орын алған жағдайға байланысты материалдық көмек көрсетіледі. Мысалы, некеге тұру, бала туу, жақын туысының қайтыс болуы, зейнеткерлікке шығу жағдайларында көрсетіледі.

– Жиырма төрт жылдық мемлекеттік қызмет еңбек өтіліңізде өзіңіз де жап-жақсы мектеп болып қалған боларсыз. Шәкірттеріңіз бар ма? Олардың жетістіктері, байланыстарыңыз, тәжірибеңізді үлгі етуі бойынша айтсаңыз...

– Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліміме 24 жыл болыпты. Осы ширек ғасырға жуық уақыт аралығында біраз дүниелерді үйреніп, көптеген тәжірибе жинадым. Жинаған тәжірибеммен ұжымдағы және басқа мекемелердегі жас мамандармен бөлісіп, жұмысты жедел әрі сауатты түрде орындауға дағдыландырдым. Шәкірттерім де менен үйренген білімі мен тәжірибелерін қолданып, мемлекеттік қызметтерін адал, сапалы атқарып, ел игілігіне қызмет етуде. Жас мамандарға білгенімді, түйгенімді үйретіп, қаржы саласын дамытуға үлесімді қосып келемін.

– Алдағы уақытта мекеме тарапынан атқарылатын жұмыстар мен жеке жоспарларыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз...

– Біздің басқарма, уәкілетті орган ретінде жергілікті бюджетті атқару және коммуналдық меншікті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында жылдық жоспарды қалыптастырып, бекітеді. Осы жоспарды атқару үшін әр қызметші өзіне бекітілген функционалдық міндеттемелері бойынша жеке жоспарында іс-шараларды жүзеге асырады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.