Ошибка
 
 
«Америка төрінде еліміздің Әнұранын орындау мен үшін ең үлкен мәртебе болды» Печать
12.07.2019 17:45

Орынбасар ӘБУ, әнші: «Америка төрінде еліміздің Әнұранын орындау мен үшін ең үлкен мәртебе болды»

Қазақты әлемге танытып жүрген жандар аз емес. Соның бірі – Шымкенттен шыққан Орынбасар Әбу бауырымыз. Бұл жігіт үстіміздегі жылдың 9 маусымында отандасымыз, әлемге әйгілі кәсіби боксшы Геннадий Головкиннің Стив Ролсспен өткізген жекпе-жегінде Қазақстанның Әнұранын жанды дауыста орындап, еліміздің ғана емес, күллі әлемнің назарына ілікті. «Ұлттық киім киіп, Америкада ән шырқаған қазақ кім болды екен?» деп ғаламтор ақтардық. Кезіккен мәлімет мардымсыз болды. Әлеуметтік желінің барлығын аралап шықтық. Фейсбук желісіне тіркелген екен. Байланысқа шығып, телефон арқылы сұхбаттасудың сәті түсті.  Осы ретте Орынбасар жайлы  сіздерге де  кеңінен таныстыруды жөн көрдік.


– Орынбасар Құрбанәліұлы, әдемі дауысыңыз бен таңғалдырар дарыныңыз бар екеніне көз жеткіздік. Енді өзіңіз туралы жақынырақ білгіміз келеді...

1991 жылдың 12 қарашасында Шымкентте дүниеге келдім. 3 ағайындымыз.  Менің алдымда 1984 жылғы Жәнібек деген ағам шетінеп кеткен соң, артынан  дүниеге келген маған «орнын басты» деп Орынбасар қойған екен.  Мектепті орыс тілінде  №31 Терешкова атындағы жалпы орта мектептің 9-сыныбына дейін оқыдым. 9-сыныптан кейін 2007 жылы Шымкенттегі  «Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің»  үрмелі және соқпалы аспаптар факультетінің кларнет сыныбында үздік бітірдім. Бірақ кларнет аспабы жаныма жақын болмағандықтан, одан ары қарай кларнетте ойнауды дамытпадым. 2011 жылы Нұр-Сұлтандағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өнер факультетінің ішіндегі эстрада және вокал мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2015 жылы тәмәмдадым. 20132016 жылдары өнердегі жолымды Елордада, ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде солисті болып жалғастырдым. Қазір АҚШ-тамын.

– Ең алғаш қатысқан  байқауыңыз есіңізде ме және қандай байқауларда бақ сынадыңыз?

2011жылы колледж бітіргеннен кейін Нұр-Сұлтан қаласында республикалық француз әндерінің аясындағы «Франкафония» байқауы өтті. Сол байқауда «Гран Приді», 2013 жылы Лос-Анджелестің Калифорния штатында өткен «Coolibri» байқауында да бас жүлдені жеңіп алдым.  2014 жылы «Дельфийские игры» деген халықаралық байқаудың дипломаты атандым. 2016 жылы «Қазақстан дауысы» байқауына қатысып, Жанна Орынбасарованың тобында болып, ІІІ орынды иелендім. 2018 жылы Нъю-Йорк қаласында өткен «West park music festival» байқауында да Гран При иегері атандым. Бұл байқауға 30-дан астам мемлекеттен әншілер қатысқан еді.

– Керемет! Сондай-ақ, жеке топ құрып, жұмыс жасағаныңызды да естідім. Осы жөнінде айта кетсеңіз...

2016 жылы «Live Band» атты жанды дауыста орындайтын оркестрде жұмыс жасадым. «Action live band», «Déjà vu live band» деген өзім құрған  топтардың солисті болдым.

– Жалпы, қазақстандық байқаулардың әділ өтетініне сенесіз бе?.. Мәселен, өзіңіз қатысқан «Қазақстан дауысы» қаншалықты әділ өтті деп ойлайсыз?

Негізі қандай нәрсе болса да, қалай ойласаң, солай жүзеге асады. Мен қатысқан «Қазақстан дауысы» жобасы әділ өтті деп айта аламын. Біреу үшін емес, өзім үшін қатыстым. Халық кімді қалады, сол адам финалға шықты, жеңімпаз атанды. Аталған жобадағы жеңімпаз Дінмұхаммед Дәулет – қарапайым қазақтың баласы. Нағыз әділ таңдау болды.

– Ол жобадан кейін не істедіңіз? Немен айналыстыңыз?

– Жобадан соң, «той бизнес» саласында жүрдім. Сол кезде халық арасында аздап танымалдылығым артты. Бірақ туған елімде ұзақ тұрақтамай, барлық жиған абырой, атағыма да қарамай, 2017 жылы тәжірибе жинау үшін «Америка қайдасың?» деп, Нью-Йоркке тартып отырдым.

– Қазақстанның ішіндегі басқа қала емес, тілі, діні бөлек бөтен елге барлығын тастап,  тәуекел етіп кете салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның үстіне тәп-тәуір атағыңыз шығып жатқанда. Сонымен, қиналмадыңыз ба?..

– Туған қаламды тастап, бөтен жерге бару оңайға соқпады. Әрине, қиналдым. Өкінген кездерім де болды. Құрылыста да жүрдім. Аспаздың көмекшісі де болдым. Жұмыс талғап, қол қуысырып отырмай, барынша алға ұмтылып, қандай жағдайдан болса да шыдамдылықпен осындай дәрежеге жеттім. Бірақ біреу үшін емес, өзімді осы сынақтарда сынау үшін тәуекел еттім. Сынақтарды сынақ емес, сабақ деп қабылдадым. Жаратушы көтере алмайтын сынақты ешкімнің басына бермейді деп ойлаймын.

Сөз саптауыңызға қарасам, шешендік байқалады. Кітап оқисыз ба?..

– Мектепті орыс тілінде оқығанмын. Айналамдағы араласатын ортам орыс тілділер болды. Қазақша сөйлеуім шорқақтап бара жатқан соң, М.Әуезовтың «Абай жолын» оқыдым. «Абайдың қара сөздерін» жатқа білемін және күнделікті өмірде қолданыста пайдаланамын. Бірнеше қазақша кітаптарды жақсы түсінбесем де, оқып шығатын кездерім болады. Себебі, өзімді дамытуда бұл да көмектеседі. Шалқар Әбішұлының: «Өз тіліңді өшірме, өшіргенді кешірме» деген сөзін ұран етіп ұстанамын. Айнаның алдында отырып, өз-өзіммен қазақша сөйлесіп, жұмыс жасаймын.

– Психологияны да меңгерген сияқтысыз немесе өмірдің өзі сізді психолог етіп жасап алған тәрізді. Жалпы, шешім қабылдар кезде не нәрсеге көңіл бөлесіз? Ал қателескен кезіңізде өзіңізді қалай жұбатасыз?

– Адамның қолынан барлығы келеді және мүмкін еместің өзінен мықты мүмкіндік жасау да өзіміздің қолымызда дер едім. Тек жүректі тыңдай білу керек. Мен жүрегімді тыңдау арқылы шешім шығарамын. Өйткені, жүрек тек шындықты айтады. Сонымен қатар, алға қойған арманың мен мақсатың нық болуы керек. Бұл өмірде қателеспейтін пенде болмайды. Тек сол қателіктерден дер кезінде сабақ алып, түзетіп отыру қажет. Адам «жақсылық көрсе де, жамандық көрсе де өзімнен» деген ұстанымды ұстанса, бір-бірін айыптамас еді.

– Әлеуметтік желіге қаншалықты уақыт бөлесіз? Оның пайдасы мен зиянын атап айта аласыз ба?

– Әлеуметтік желіде көп отырмауға тырысамын. Пайдасы да, зияны да теңдей. Тек дұрыс жағын пайдалану өзімізге байланысты. Адам өзіне керектіні ғана алу арқылы жан дүниесі тынышталып, жүйкесі орнында қалады.

– Неден шаршайсыз?

– Шынайылықтың жоқтығы шаршатады.

– Адам болып қалыптасуымыз үшін не істеуіміз керек?

– Адам «алтын орта» қалыптасыра алмаса, бір-бірін тыңдаудан, тәрбилеуден қалады. Өзіне керектіні алып отыру адамды жақсы жағынан қалыптастырады.

– Кездейсоқтық дегенге сенесіз бе?

– Орыс халқында: «Кездейсоқтық болмайды» деген жақсы сөз бар. «Адамның басы – Алланың добы». Ойламаған жерден күтпеген өзгерістер орын алуы мүмкін. «Құдайсыз қурай да сынбайды». Мен осы сөзбен келісемін. Өмірдегі барлық жайт Алланың қалауымен болады. Менің Америкада жүруім де кездейсоқтық емес. Бұл – биік белестерді бағындыруымның бастапқы сатысы.

Ореке, сіз айтқан сөзбен келіскім келіп отыр. Себебі, жақында өткен Генаның жекпе-жегінде Қазақстан республикасының Әнұранын орындауыңызды «әу бастан Алла Тағала есепке алып тұр» деп қарадым. Айтыңызшы, Әнұранды орындау мәртебесіне қалай қол жеткіздіңіз?

Еліміздің Гимнін орындау үлкен бақыт болды. Жекпе-жекке аз ғана күн қалғанда, өкілеттіктен хабарласып, «Әнұран орындайсың ба?» деп ұсыныс білдірді. Басында қорқақтап, жоқ деп ұсынысты кері қайтардым да, ойлана келе, намысқа тырысып, орындаймын деп шешім қабылдадым. Мәтінінің өзгеруіне байланысты сөзін толық білмегендіктен, бір күн бас алмай отырып жаттадым. Бірінші орында сөзінен жаңылыспай, ұмытпай айтып шығуым және қазақ елінің абыройы тұрды.

– Өмір жолыңда кімдерді ұстаз тұтасыз?

Ұстаздарым көп болды. Ерекше атап айтатын ұстазым, әкемнің туған бауыры  Әміреқұл Әбу. Ол кісі жаныма жылу сыйлай білген, маған сеніммен қараған, өрге сүйреп, «Бір Алла жар болсын!» деп ақ батасын беріп, рухани демеу білдірген, жанымды жылытып, биіктерге қарай ұмтылуыма шабыт сыйлаған бірден бір адам. Өзі өнер саласына жақын болған соң сырласым, ақылшым. Мінезі ерекше. Ақкөңіл, таза, адал да мейірімді жан. Біреу жайында жаман әңгіме айтқызбайды. Өзі де өзге туралы артық әңгіме айтпайды. Ілімді, білімді жан. Ағаммен мақтанамын. Үлгі тұтамын!

– «Жұлдыз ауруына» шалдығып қалған кездер болды ма? Еліміздің эстрада жұлдыздарынан кімді тыңдайсыз?

Қалай бармын, солай қаламын. Адамгершілік пен қарапайымдылықты бірінші орынға қоямын. Қарапайым қазақтың намысты қара баласымын. Елімізбен әрдайым біргемін. Мені тыңдайтын да, өсіретін де, өшіретін де халық. Халық  құдайдың бір аты! Қазақстан эстрада жұлдыздарынан М.Беспаев ағамызды тыңдаймын. Жүректен жүрекке жеткізіп  айтады. М.Арынбаев пен Ж.Жексенұлы ағаларымыз дауыстары қазақтың даласындай кең, иірімдері өзгеше әншілер.

– Қандай бағыттағы әндерді ұнатасыз?

Джаз, соул, фанк, фьюжн бағытындағы әндер ұнайды.

– Алдағы уақытта қазақстандық сазгерлермен жұмыс жасау ойыңызда бар ма? Қандай ән жаздырар едіңіз?

Ойымда бар. 2018 жылы 29 желтоқсанда әншілік өнеріме жылдық қорытынды жасап, Америка төрінде жеке шығармашылық кеш өткіздім. Концертті «Меmories», яғни, «Естеліктер» деп атап, Батырхан Шүкенов пен Мұрат Насыровтың және «А-студио» тобының әндерін орындадым. Әрине, басым бөлігінде өз репертуарымдағы әндер айтылды. Болашақта «Туған жер», «Отан» туралы ән жаздырып айтып, еліме деген сағынышымды ән арқылы жеткізсем деген жоспарым бар.

– Әннің сөзіне мән бересіз бе, әлде, әуен маңызды ма?

Мен үшін бірінші орында әннің сөзі  маңызды. Сөзі мағыналы болмаса, өзгерткіземін. Яғни, әнді мәтінге қарап орындаймын.

– Елге қайтатын ойыңыз бар ма?

Әрине, бар. Бірақ бастап, жоспарлап қойған ісімді аяқтамай, қайта алмаймын. Нәсіп етіп, қолға алған істерім орындалса, Отанға барып қызмет етемін. Көбісі «шет елде барлығы жақсы, айлығы жоғары, дамыған мемлекет» деп алыстан тамсанып отырады. Олар салықтың да жоғары екенін біле ме? Бұл жақта не болып жатқанын мен сияқты шетте тұрып жатқандар ғана біледі. Қай жерде жүрсек те ояу, етіміз тірі, жалқаулық жасамасақ, табыс көзін ашып, дұрыс өмір сүруге болады. Қалай болғанда да өз елімізде әлдеқайда жақсы. Қадірін білейік!..

– Орынбасар, келелі сұқбат үшін мың алғыс! Уақыттың айырмашылығына қарамай, түн жарымында 2 сағат уақыт бөліп, жұмысыңызды кейінге ысырып, сұхбат бергеніңізге рақмет айтқым келеді.  Сіздей текті ұлды тәрбиелеген ата-анаңызға Алла ұзақ ғұмыр берсін. Қазағымның мақтан тұтар өзіңіздей патриот азаматтары көп болсын!

– Сізге де рақмет! Қазақстаным әрқашан жүрегімде!

Сұхбаттасқан – Гүлзат МҰХТАРҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 

Соңғы пікірлер

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.