Ошибка
 
 
«Электронды сәулет» жүйесі: 15 минутта дайын құжат Печать
27.08.2019 12:55

Шымкент миллионды шаһар атанып, республикалық маңызы бар қала статусына ие болғалы қаланың келбеті мен сәулетіне қойылар талап та өзгеріп отыр. Бұл тұрғыда тұрғындар мен қаладағы кәсіпкерлердің сәулет және қала құрылысы саласы мамандарына қояр сауалы аз емес. Сол сауалдарды арқалап Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының босағасын аттадық. Әрі сәулет саласында Елбасының Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» тапсырмасының 46-қадамының атқарылу жайы және көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондыландыру барысы туралы білмек ойымыз бар.  Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Жайлауұлы Байымбетов жылы шыраймен қарсы алды.


Қонақтарды қаламыз төрт түрлі түспен қарсы алатын болады

Жеңіс Жайлауұлы, Шымкент қаласының сәулет саласында еңбек етіп келе жатқаныңызға 4 жыл, осы басқарманың өзінде 2 жыл болыпты. Миллионды қала болғаннан кейінгі уақытта бұл салаға артылар салмақ та еселенді. Басқарма көрсететін мемлекеттік қызметтер, басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берсеңіз.

– Менің өмірбаяныма қатысты интернет ресурста тұрған ақпарат ескі, жаңартылмаған мәлімет. Сәулет және құрылыс саласындағы менің мемлекеттік қызмет өтілім 8 жылдан асты. Оның алдында да келісім шарт негізінде 2001 жылдан бері осы салада жұмыстар атқарғанмын. Сондықтан, бұл сала маған етене таныс, әрі жақын деп айта аламын.

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасында халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік қызметтің 7 түрі бар. Оның ішінде халық арасында сұранысқа ие қызмет түрі – қаланың бас жоспары және егжей-тегжейлі жоспары бойынша тұрғындардың өтініштері. Одан кейінгі орында жаңа құрылыс және реконструкциялау бойынша сұраныстар. Келесі орында құрылысқа эскиз нобайлар беру, әр нысан құрылысы басталар кезде сәулет-жоспарлау тапсырмасын береміз. Тағы бір көрсететін мемлекеттік қызмет түрі – қажеттілігіне байланысты әлеуметтік (мектеп, аурухана, бала бақша, т.б.), кәсіпкерлік (кафе, дүкен, қонақ үй, т.б.) нысандарының құрылыстарын бекітіп береміз. Тұрғындардың тағы бір қызметке сұранысы артып келеді. Ол – жер учаскенің қызыл сызыққа қатысы туралы анықтама беру. Бұл тұрғындардың қандай да бір жаңадан алған жер учаскесінің қызыл сызыққа, жасыл аймаққа, бас жоспарда жобаланған басқа жер теліміне, және басқа да мақсаттағы учаскелер үстінен түсу-түспеуін анықтап, нақтылап береді. Бұрын осы қызметті пайдаланбау салдарынан көптеген дау-дамайлар орын алып, тұрғын үйлер қайта бұзылып жататын. Егжей-тегжейлі жоспарлау кезінде жоспарға сай халық санына қарай жасыл саябақ аумақтары, көшелер, мектеп, поликлиника, бала бақшалар және өзге де нысандар үшін учаскелер қаралатын болса, жаңадан жер телімін сатып алған тұрғындар сол жоспарланған нысан учаскелерінің үстіне түсіп, құжаттандыру кезінде қайта бұзылды. Мұндай мәселелер Асар-2, Достық, және өзге де қалаға Сайрам ауданынан енген тұрғын алаптарда бірінші орында тұратын. Қазір бұл мәселені шешудің оңай жолы қаралған. Тұрғындар құрылыс бастар алдын біздің қызметке жүгініп, тиісті анықтамасын алып жатады. Сұранысқа сай күнделікті үзінді беріп отырмыз, мұның барлығы тегін. Халық Шымкент қаласының бас жоспарын көріп отыруы үшін электронды интернет ресурсқа орнатып, жариялағанбыз (https://shymkent.genplan.kz/). Қазір ол ақпарат көзі жаңартылып жатыр.

Бас жоспар бойынша, бұрын жергілікті халық жер учаскесін алып, ешкімнің рұқсатынсыз жеке тұрғын үй құрылысын бастай беретін болса, қазіргі таңда тұрғындар үйреніп қалды. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) берер кездегі процесс ішіне қосымша талаптар ендіріп отырмыз. Мәселен, өзіміздің бойымызбен қарағанда ғимараттардың шатырлары көрінбейді, ал алыстан немесе ұшақ әйнегінен қарағанда ол әдемі көрінеді. Концепция ретінде қаладағы төрт ауданның тұрғын үйлері бір-бірінен ерекшеленіп көрінуі үшін әр ауданға әр түрлі түсті бекітуді ұйғардық. Тұрғындар СЖТ аларда ауданына қарай тиісінше шатыр түсін бекітіп беретін болдық. Сырттан келетін қонақтар әуежайға жақындаған сәттен бастап қаламыз төрт түрлі түспен қарсы алатын болады.

Соңғы кездері қала көз алдымызда өзгеріп келеді. Шымкенттің бас жоспары бірнеше рет өзгерді. Осының себебін түсіндіре отырсаңыз, жақын 5 жылдықта атқарылар жоспарлар қандай?

– Астана, облыс орталығы, республикалық маңызы бар қала, тіпті аудандық маңызы бар қала болсын, барлық ірі елді мекендердің өзіндік дамуын айқындайтын Бас жоспары бекітіледі және ол экономикалық дамуын көрсететін құжат болып саналады. Соның негізінде Егжей-тегжейлі жоспары жасалады. Бұл құжатта барлық нәрсе (көшелер, қиылыстар, орналасу координаттары) нақтыланып көрсетіледі. Егжей-тегжейлі жоспары болғасын сәулет заңнамасына сәйкес келсе, барлық құжаттарды заңдастыруға болады. Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарынан енген елді мекендерге егжей-тегжей жоспар жасалғанмен, ескерусіз қалып кеткен тұстары да болған. Қазір сол құжаттармен бірге Шымкент қаласының егжей-тегжейлі жоспарын қосып, бір үлкен база жасақтадық.

Осы жерде түсінікті болу үшін айта кетейін, жер телімінің мемлекеттік актідегі пайдалану мақсатына қарамай, тіпті өз бетінше басып алу тәсілдерімен тұрғын үйлер салып алған Жаңаталап, Игілік, Азат деген тұрғын алаптарда мәселе туындаған еді. Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарда кей телімдер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілгеніне қарамастан тұрғындар сол жерлерге өз беттерінше тұрғын үй салып алған. 2012 жылы қала аумағы 117 мың гектарға ұлғайған тұста елді мекендер осындай мәселелерімен бірге Шымкентке қосылды. Кейбіреулерінде жарық, ауыз су, табиғи газ, жол жоқ болды. Халық жоспарға қарамай, құрылыстарын жалғай берді. Мәселе үстіне мәселе қосты.  Қазір жағдай біршама реттеліп келеді. Тұрғын алаптарына жолыңыз түсе қалса, байқауға болады, тұрғын үйлер саманнан күйдірілген кірпішке көше бастады, халық құрылыс бастамай тұрып СЖТ алатын, құрылыс мамандары мен компанияларға жүгінетін болды. Бұған жету үшін қаншама тер төгіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімізді білсеңіз. Осының бәрін жүйелеу үшін аз шаруа атқарылған жоқ.

Құрылысты қабылдау актісі оңайлатылған

СЖТ алмай жеке тұрғын үй құрылысын бастап жіберген, немесе тұрғын үйді пайдаланып жатқандар болса, оларға не шара болады?

– Жергілікті атқарушы орган – біздің басқарма және аудан әкімдігі болып саналады. 2008 жылға дейін жер телімдерін беталды бөлінді, ол бірнеше мәрте сатылды, одан кейін біреулер заңды білмей үй салды, одан кейін тағы 5-10 жыл жүріп қалды делік. Құрылысы салынған үйге біз СЖТ бермейміз, ол тек жаңа құрылысқа беріледі. Салынған құрылысқа СЖТ беру заңға сәйкеспейді.Бірақ, жер учаскесі жеке меншікте болғандықтан, конституциялық құқығы қорғалуы тиіс. Конституцияда әр азаматтың өзінің баспана және жеке меншікке құқығы бар болса, неше жылдан тұрып келе жатқан үйін «талаптарға сай емес» деп сырып тастай алмаймыз. Оның үстіне, «Кәсіпкерлік кодекс» деген заң бар, сол заң талаптарында жеке кәсіпкер ісіне кедергі келтіру – қылмыстық жауапкершілікке апаратыны айтылған. Сондықтан, мүмкіндігінше заңды әрі оңды шешу жолын қарастырамыз.

СЖТ-дан кейінгі мәселе «Қабылдау актісі» деген құжат. Бұл туралы «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңнаманың 74-бабында 1-3 қабат аралығындағы үйлерді тапсырыс беруші өз бетінше қабылдауға рұқсат етілген. Жеке азамат 2 қабатты үй құрылысын аяқтап, шатырын жауып, есік-терезесін орнатып, коммуникациялық желілерін тартып қойып, «өмір сүруіме осы да жетеді» деп шешсе, онда неге пайдалана беруге болмайды? Демек, жеке тұрғындар осындай құрылыс нысандарын өздері жеке дара пайдалануға қабылдай берсе болады, оған рұқсат етіледі. Бірақ мұның да өзіндік тізімі бар: жеке тұрғын үйлер, тұрмыстық қосымша құрылыстар, контейнер блогтары, 50 машинаға дейін автотұрақ, аула ойын жабдықтары, т.б. нысандар. Жалпы, мұндай құрылыстар бұрын мемлекеттік қабылдау актісімен қабылданатын еді, қазір оңайлатылған.

Ал, 3 қабаттан жоғары құрылыстар Шымкент қаласы сейсмикалық аймаққа жататындықтан мемлекеттік қабылдау комиссиясы актісімен қадағаланып, қабылданады. Сейсмикалық аймақта 4-5 қабаттан биік болмау қажет деген талабы бар болғанмен, бұрынғы Кеңес одағы тұсынан қазіргі Д.Қонаев даңғылы бойы мен бірнеше тұстарда 9-12 қабатты үйлер салуға рұқсат етті. Бүгінде «Биік» тұрғын үй кешені мен «Шымкент Сити» ауданында одан да жоғары қабатты құрылыстар салына бастады. Кейбірінде 9-25 қабатқа дейін жоспарланып жатыр. Меніңше, осы тұрғыда сейсмикалық аймақ және ондағы көпқабатты ғимараттар салу тәртібі туралы заңнаманы қайта қарау керек сияқты. Өйткені, қазіргі заң талаптарының талқылайтын тұстары жеткілікті деп ойлаймын.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, «Электронды архитектура» жүйесі іске қосылғалы жатқанын естідік. Ол жүйенің артықшылықтары қандай, тұрғындарға нендей жаңа қызметтер көрсетілмек?

–2018 жылдың желтоқсанында «Электронды сәулет» жүйесін бастаған болатынбыз. ІТ саласы мамандарын шақырып, олармен бірге анализ жасап, басқарма көрсететін мемлекеттік қызметтерді электронды түрде қалай жасау мүмкіндіктері туралы талқыладық. Ол талқылауда бас жоспардан көшірме (выкопировка) анықтама беру, егжей-тегжейлі жоспардан анықтама беру, СЖТ электронды түрде беру, эскиздік жобаны электронды беру және мекен-жай тіркелімін беру секілді қызметтер қаралды. Түсініктірек болу үшін соның біріне толығырақ тоқталайын. Мәселен, сіз үй, жер учаскесі немесе пәтер ала қалсаңыз, халыққа қызмет ету орталығына (ХҚКО) барып тіркеуге қояр сәтте олар біздің басқармадан түзетілім (корриктировка) сұрайды. Біздің басқарма ол құжатты республикалық базадан 7 жұмыс күні ішінде беретін болса, мекен-жайды жою/жаңа мекен-жай беру анықтамасын 3 күн ішінде беретін едік. Осы қызмет бойынша біздің басқармаға күнделікті 600-700 сұраныс түседі және оның барлығы ХҚКО-дан курьер арқылы қағаз жүзінде келетін. Ал ол біздің мекемеде тіркеліп, тиістілігіне қарай сұрыпталып, мамандар оларды белгілі бір уақыт аралығында қарайтын, дайын болған құжатты курьер қайта алып кететін. Осыншама уақыт, қағазбастылық және қол жұмысын шектеу мақсатында https://halyksaulet.kz/ деген сайт аштық. Сайттың интерфейстері өте қарапайым, барлығына түсінікті етіп жасалған. Кез-келген интернет ресурсқа қолжетімді жерден қалаған қызметті алуға мүмкіндік бар. Бұл электронды құжат алу тәсілінің ұзақтығы 15 минут ішінде. Салыстырып қараңыз, 7 жұмыс күні мен 15 минут арасы, қаншалықты тиімді? Бұл жүйені іске қосудың да этаптары болды. Пилоттық жоба ретінде биыл қаңтар, ақпан айларында екі ай ішінде «Азаматтарға арналған үкімет порталымен» келісу арқылы мамандарымыз ХҚКО-нда отырып жұмыс істеді. Наурыз айынан бастап толық жұмысына кірісіп, бүгінгі күнге дейін 5 ай ішінде 1120 адамға электронды форматта қызмет көрсеттік. Бұл жүйені тұрғындарға таныстыру мақсатында теледидар және қалалық автобустарда бейнероликтер көрсетіліп, хабардар ету жұмыстары атқарылды. Ай сайын сұраныс артып келеді. Мұндай жүйені республика бойынша алғаш рет біздің қалада жүзеге асырылып отыр.

Шымкент 2020 жылы «ТМД-ның мәдени астанасы» мәртебесін атқармақ. Келген қонаққа алғашқы әсер қалдыратын нысан темір жол вокзалы мен әуежайы. Осы бағытта қандай шаруалар жасалып жатыр?

– Дұрыс айтып отырсыз. Вокзалға реконструкция жасау эскизін мақұлдап, ұсыныс бердік. Қазіргі таңда оның жобасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген, осы қыркүйек айынан бастап қайта құрылымдау жұмыстары басталғалы жатыр. Бұл жөнінде «Қазақстан теміржолы» АҚ-на тапсырма берілген, қалалық әкімдікпен бірлесе атқарылатын болады. Құрылысты аяқтау мерзімі 2020 жылдың 1-тоқсаны ішінде, яғни наурыз айының соңына дейін қаралған. Екінші нысан, әуежай бойынша үлкен жаңа терминал салу жобаланып, қазіргі таңда мақұлданған жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Бұл нысанды пайдалануға беру де 2020 жылдың наурыз айына жоспарланған.

Қаламыз «ТМД-ның мәдени астанасы» мәртебесін қабылдағасын, алыс және жақын шетелдерден қонақтар келеді. Бұл тұрғыда әуежай мен вокзалдан өзге де атқарылатын шаруалар бар. «Цитадель» жобасы. Қазір онда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын уақытта цитадель орнында музей құрылысы басталатын болады. Сондай-ақ, қалаға келетін қонақтарды жайғастыратын қонақ үйлер, қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер аяқжолын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент миллионды қала мәртебесіне енді ғана жетті. Әлемде Шымкенттен бірнеше есе үлкен 10-20 миллионды қалалар бар. Олардың жүрген жолын қарап отырсақ, көшелерді кеңейткеннен транспорт жүктемесі мен ондағы көлік тығыны мәселесін шеше алмайды екен. Біз де сол тәжірибені ескеріп, тұрғындарды қоғамдық көлікке отырғызуға және денсаулық жақсарту ережелерін негіздей отырып жаңа концепция жасағанбыз. Ол – велосипедпен жүру мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта құрылымдалып жатқан көшелерде қазіргі жүру жолақтары сол күйі қалдырылып, жанындағы жүргіншілер аяқжолы кеңейтіледі де, веложолақтар қосылып салынады. Қала орталығындағы көшелердің көлік жүктемесін азайту мақсатында қосымша жобалар қарастырудамыз. Мәселен, Мәскеудің орталығындағы көшелерге кіру ақысы сағатына 500 рубль, ол бізше 3000 теңге болады. Осындай жүйені ендіре қалсақ, тұрғындар «екінші автокөліктің қажеттілігі бар ма?» деп ойланар еді. Бұл болашақта артық көлік санынан арылуға жол ашуы мүмкін. Осылай саламатты өмір салтын ұстануға жетелейтін веломәдениетке келе жатырмыз.

 

Топотүсірілім тегін беріледі

–  Жеке тұрғын үй құрылысын бастайтын тұрғындар үшін СЖТ-ға қажетті құжаттар тізімінде топотүсірілім деген құжат бар. БАҚ беттерінде сол құжат тегін беріле бастайтынын айттыңыздар. Бұл қызмет кімдерге және қашаннан бастап көрсетіле бастайды?

–  Иә, тек жеке тұрғын үй құрылысы ғана емес, кез-келген құрылыс нысанына СЖТ әзірлеу үшін регламенттік стандартқа сәйкес алдымен топотүсірілім (топосъемка) құжаты тапсырылуы тиіс. Оны әкімдіктің сәулет басқармасы, яғни біз береміз.

Қазіргі таңда қала аумағы 117,0 мың гектарға ұлғайғанымен, қала республикалық маңыз алған сәтте 1985-86 жылдары алынған топостүсірілімдерге жүгінетін. Оның өзі қала орталығының 8-10 мың гектарын ғана қамтиды. Егемендік алғалы қалада қосымша құрылыстар жүрді, оған коммуникациялық желілер тартылды, жылу, газ құбырлары ауысты, қала аумағы ұлғайды, әлеуметтік нысандар салынды, оларға да жүйелер тартылды, қысқасы сол уақыттан бері таудай өзгерістер еніп кетті. Осыншама өзгерістерге жауап беруді қамтамасыз ету үшін алдыңғы жылы сметалық құны 3760,0 млн теңге қаржыны құрайтын топотүсірілім жасалды. Бұл мәселеден басқаша шешіммен шықтық. 117,0 мың гектардың көп жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға жоспарланғандықтан, біз ол жердің ауданын алып тастап, тек қана құрылыс жүргізілген ауданды алдық. Осылай бюджет қаржысын үнемдедік. Қамтылған ауданға жаңартылу үшін қаланың ескі базасы, жаңадан қосылған 40 елді мекен жерлері кірді. Мұндай жұмыс құны бұрын гектарына 35-40 мың теңгеден түсетін болса, биыл наурыз айында жеңімпаз анықталып, соған сәйкес қазіргі таңда гектары 8,0 мың теңгеден түсіп отыр. Нәтижесінде бюджет қаражаты үнемделіп қана қоймай, 49,5 мың гектар құрылыс жүргізілген аумаққа топотүсірілім картасы жасақталып, қазіргі таңда 46,0 мың гектары дайын және тамыз айының соңына дейін 3,5 мың гектары әзірленіп бітетін болады. Қазірдің өзінде топотүсірілім базасы жұмыс жасауға дайын, жақын арада басқарма мамандарының компьютерлеріне орнатылса, қала тұрғындарына қыркүйек айынан бастап қызмет көрсетіле бастайды. Құрылыстар, нысандар, жер асты және жер үсті жүйелері толық қамтылатын топотүсірілім 1:500 масштабта жасалған. Бұл жоба өзінің оң нәтижесін береді, өйткені қазір халық бұл құжатты өз қаражаты есебінен жасатып келсе, бұдан кейін басқарма тегін жасап беретін болады. Алдағы уақытта тұрғындарға ғана емес, коммуналдық құрылым жүйелерін тартатын жағдай туа қалатын болса, мемлекеттік тапсырыстарға да қызмет ету көзделген.

Қарапайым тұрғындар жеке тұрғын жайларында құрылыс нормалары мен тәртіптерін сақтай бермейді. Жеке құрылыс бастағанда қандай құжаттамалар әзірлеу керек, ол үшін қандай орындарға баруы керек. Оқырмандар үшін толық түсіндіріп беріңізші. Мәселен, СЖТ-ден (АПЗ) бастап, мемлекеттік пайдалануға беру актісіне дейінгі кезеңдерді қоса алғанда.

–  Қазіргі таңда СЖТ алу үшін мына құжаттар тапсырылу керек:

1) СЖТ алу туралы өтініш,

2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын жеке куәлігінің көшірмесі,

3) коммуналдық жүйелерге қосылу нүктелеріне (су, жарық, газ) монополист мекемелер беретін техникалық шарттар,

4) жер телімінің растайтын құжаттары (сатып алу/сыйға тарту келісім шарты, әкімшіліктің шешімі, мемлекеттік актісі) көшірмелері,

5) топотүсірілім,

6) жобалау жөніндегі тапсырма (тапсырыс берушінің өзі бекіткен құрылыс бастағалы тұрған тұрғын үйі туралы өлшемдері, құрылыс материалдары, ерекшеліктері, т.б. жазбаша түсіндірмесі). Осы аталған құжаттарды жинап, ХҚКО арқылы бізге тапсырса жеткілікті. СЖТ дайын болғаннан кейін өтініш иесі жазған жобалау жөніндегі тапсырмаға қарап, сәулетшілер эскиз жобасын жасап береді. Бұл құжат та қазір ХҚКО арқылы жасалады. Егер, жобалау стандартына, кестеге сәйкес болатын болса, жасалған эскиз жобасын мақұлдап бекітіп береміз.

 

Электронды техникалық шарт алатын күн жақын

–  Сәулет жоспарлау тапсырмасын алу кезінде монополист (су, жарық, газ) мекемелерден алынатын техникалық шарттарды алу жұмыстарын цифрландыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр екенсіздер. Нәтижесі бар ма? Бұл жоба «бір терезе» тәсілімен атқарылатын болса, құжаттарды қабылдау және тапсыру қай мекеме базасында атқарылу көзделген?

–  Тұрғындар сәулет жоспарлау тапсырмасын әзірлеуге қажетті талаптардың бірі коммуналдық жүйелер үшін монополист (су, жарық, газ) мекемелерден техникалық шарт тапсыруы міндетті. Бұл құжатты дайындауға қатысатын мекемелермен келіссөздер жүргізіп, цифрланған жүйе әзірлеп қойдық.

Негізі, регламент бойынша біздің мекеме сұраныс түскеннен кейін СЖТ-ны 6 күн ішінде беруі керек. Осы уақыт ішінде сұраныс беруші техникалық шарт үшін мекемелер арасында сабылып жүрмеуі керек. Оның үстіне мекеме мамандарымен тікелей байланыс болатындықтан жемқорлық белгілерін туындатуы да мүмкін. Осындай жағымсыз жағдай тудырмас үшін басқарма мен монополист мекемелер өзара құжаттарды жаңадан қалыптасатын электронды жүйеде жолдау арқылы шешу жобасын қарастырып отырмыз. Өз кезегінде монополист мекемелер бір не екі күн ішінде қосылу нүктесін көрсете отырып техникалық шарт беретін болса, онда тұрғындар үшін тек сұраныс беру жеткілікті болады. Ал содан кейін басқарма әзірлеген СЖТ бірден ХҚКО-на жөнелтіледі, сұраныс берген тұрғын сол жерден дайын құжатты алатын болады. Қазір бұл интеграциялық жүйеге «ОңтүстікЖарық» ЖШС және «Су Арнасы» ЖШС келісім беріп отырғанмен, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ келісімге келу қиындап тұр.

Сәулет және қала құрылысы туралы айтылғанда «Қызыл сызық» дейтін термин жиі айтылады. Қаладағы құрылыстарда бұл мәселе қатаң бақылауда болар? Қазіргі таңдағы туындап отырған мәселе бар ма?

–  «Қызыл сызық» дегеніміздің өзі сәулет және қала құрылысы заңнамасында кварталдарды бөлек белгілейтін сызық, ғимараттан ғимаратқа дейін, ғимараттан жолға дейінгі қашықтарды ажыратып, арнайы қалдырылатын үзіктер. Қаланың бас жоспары кемі 20-30 жылға, астана мен республикалық маңызы бар қалалар 50 жылға дейін концепциямен алдын ала болжанып жасалатындықтан, «қызыл сызық» та болашаққа есептеледі. Бас жоспарда «жол-көлік желісі» деген категория болады, онда міндетті түрде «қызыл сызық» нақтыланып көрсетіледі. Мұндағы басты ескерілетін нәрсе, ғимарат және тратуарлар мен жол жиектеріне дейін қалдыратын қашықтық көшелердің маңыздылығына қарай 10-40 метрден бастап, 80-90 метр аралығына дейін болуы мүмкін. Бұл ара қашықтық міндетті түрде сақталуы тиіс. «Қызыл сызықтан» шығып кететін құрылыс тиісінше мемлекетке шығын келтіретін, мәселе тудыратын нысан болып есептеледі. Бұл сызықтың сыртқы көрінісі ескірген коммуналдық жүйелер, не басқа да жүйелер үшін қалдырылатын белдеу арасында тратуарға, ирригациялық арықтар және жасыл желекке арналған жолақ. Егер мұндай бос кеңістікке нысан құрылысы түсетін болса, ол міндетті түрде бұзылуы керек. Қазір мемлекет пайдасына алынып жатқан жер телімдері, бұзылып жатқан құрылыс нысандары кезінде Шымкент қаласының бас жоспары жоқ кезеңде, 90-шы жылдары кеткен қателіктер салдарынан орын алған. Ал, бүгінгі күні «қызыл сызыққа» қатысты бұзылып жатқан құрылыстардың нақты санын дәл қазір мен айта алмаймын, оны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (ГАСК) жүргізеді. Біздің мекеме тек мониторинг жүргізумен айналысады.

 

70 пайыз көпқабатты үй болады

–  Қазіргі Шымкенттің 97% бөлігін жеке тұрғын үй секторы құрайды екен. Көпқабатты тұрғын үйлер секторын көбейтуде біршама жұмыстар атқарылып жатыр. «Шымкент Сити» ауданы секілді тағы қандай аудандар бой көтермек?

–  Шымкент қаласының бекітілген Бас жоспары бар. Қазіргі бас жоспар 2012 жылғы 3 қыркүйектегі ҚР Үкіметінің №11/34 бұйрығымен бекітілген. Негізі, нормативтерге сәйкес халық саны 500,0 мыңнан асатын қалалардағы көпқабаттылықтың пайыздық қатынасы 70/30 болу керек. Яғни, қаланың 70% көпқабатты, 30% аз қабатты тұрғын үйлер құрауы тиіс. Егжей-тегжейлі жоспар бекітілген кезде осы нормативтер ескерілген. Дегенмен, тұрғындардың қала айналасына жеке тұрғын үйлер арқылы шоғырлану процесі бас жоспар жоқ кезеңде, 90-шы жылдары жүргендіктен қазіргі 3/97 қатынасы қалыптасып отыр. Халықтың жағдайы ескеріліп, түзету енгізуге тура келгенмен, бас жоспарда 70/30 шамасымен нақтыланған. Қазіргі таңда көпқабатты үйлерге сұраныс артып келеді. Мәселен, жеке тұрғын үйлерге жоспарланған «Тұран» шағынауданы қайта жоспарлау нәтижесінде кәсіпкерлердің көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастауына мүмкіндік туғызып отыр. Кәсіпкерлер 1-2 гектар жер теліміне көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарласа және ол жобасы қала сәулетіне көрік қосатын болса, ондай жобаларды бекітіп және нысаналы мақсатын ауыстырып беріп жатырмыз. Осындай қадамдармен бекітілген пайыздық қатынас қалпына келетін болады.

Жаңа әкім Е.Айтаханов мырза қалаға жаңадан қосылған шағын аудандарға көп көңіл бөлетінін айтты. Осы орайда, атқарылатын жұмыс жоспарларыңыз туралы айтсаңыз?

–  Ерлан Қуанышұлы қала басшылығына келгелі бері қаламыздың ең өзекті мәселелеріне назар аудара бастады. Инфрақұрылым тартылмаған  Сәуле шағынауданы, 276 орам, Еңбекші ауданындағы Жұлдыз алабы секілді аймақтардың мәселелері өзекті. Аталған тұрғын алаптарына инфрақұрылым тарту жұмыстары қаланың егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес жүргізілетін болады. Оның құрылысын жүргізуге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жауапты, ал біздің басқармаға қосымша тиісті өтініш түссе, егжей-тегжейлі жоспарға сай схема әзірлеп, бекітіп, шешу жолдарын қарастырып береміз.

Ескі қала аумағындағы өзен жағалауын реттеу жұмыстары туралы айтып берсеңіз.

–  Қаланың Ескі қала ауданына қатысты жасалған егжей-тегжейлі жоспар бар. Ол жоспарда Ескі қала мен Қошқар ата өзені бойы қаланың «тарихи ядросы» деп қаралған. Сәулет және қала құрылысы туралы заңнамада тарихи маңызы бар деп танылған учаскелер сол күйі сақталуы тиіс, немесе реконструкциялауға жатады. Қошқар ата өзенінің екі жағалауы 35 метрден санитарлық зона ретінде белгіленген. Өзен жағалауын абаттандыру жұмыстарының кестесі бар, бірінші кезеңде бұлақ көзінен «Ордабасы» алаңына дейін, екінші кезеңде «Ордабасы» алаңынан Ә.Жангелдин көшесіне дейінгі аралық қамтылады. Жағалауға көпқабатты тұрғын үй салу қаралмаған.

Сондай-ақ, тарихи маңызы бар орындар дегенде айта кететін тағы бір нысан бар, ол – Сайрам алабы. Сайрамдағы архитектуралық ескерткіштерді реконструкциялау жөнінде егжей-тегжейлі жоспар әзірлеп ұсынғанбыз. Бұған қоса, Сайрамның «тарихи ядросы» – Шахристан орнын да тарихи-мәдени нысан ретінде реконструкциялауға және одан жоғарырақ орналасқан тағы бір тарихи орынды этнографиялық парк ретінде белгілеп, ұсыныс бергенбіз.

 

Жаңа жоба: «Субұрқақтар қаласы»

–  Жұмыс қалай басталады, қандай жаңа жобалар бар?

– Жобаларды қараудан басталады десем қателеспеймін.  Күнделікті нешеме көпқабатты тұрғын үйлер және коммерциялық нысандардың эскиздік жобалары келіп жатады. Қарап отырып көз қуанады. Қала сыртындағы жеке тұрғын үйлердің жобасын қарасаңыз бұрынғыдай төрт бұрышты құрылыстар азайып барады. Бұл – қала тұрғындарының сәулет саласы жағынан сауаты ашылып, көркемдік талғамы мен мәдениетінің өскенін, комфорттық сұранысының артқанын көрсетсе керек. Жылдан-жылға көшелер де кеңейіп, жасыл-желек артып, қаланың келбеті көркейіп келеді. Осындай қаланы субұрқақтар арқылы көріктендірсек деген жоспарымыз бар. Биыл жаз Шымкентте өте ыстық болып, қаланы салқындатуға арналған субұрқақтар саны аздық етті. Микроклиматты аз да болса өзгертуге арналған, әрі қала көшелері мен алаңдарын көріктендіре түсетін «Субұрқақтар қаласы» деген жобамыз бар. Қала әкімінің назарына ұсынып, болашақта іске асырамыз деген ойдамын.

«Әдеп» кодексі талаптарына жауап бере алмаған, сол себепті жұмыстан босатылған қызметші, не шәкіртіңіз болды ма? Мүдделер қақтығысын қалай шешесіз?

–  Ондай жағдай өте аз. Қазіргі уақытта өзіңізге белгілі, кадр мәселесі өте қиын. Тәжірибелі мамандар мемлекеттік қызмет саласында қала бермейді. Оларды жұмыстан босату да өте қиын, жұмыс жүрмей қалу ықтималдығы жоғары. Жаңадан келген жас маманға да заңнамалық нормаларды үйретіп отыратын, жетекшілік ететін маман керек. «Әдеп» кодексі талаптарына жауап бере алмай жұмыстан босатылу деген өте сирек құбылыс. Менің тәжірибемде орын алған емес. Мүмкіндігінше мүдделер қақтығысының алдын алып отыруға тырысамыз.

–  Соңғы дәстүрлі сауалымыз, мемлекеттік қызметші болу үшін қандай қасиеттерге басымдық берер едіңіз. Оның келбеті қандай болу керек? Шәкірттеріңізге қояр талабыңыз?

–  Ең бірінші, мемлекеттік қызметші халыққа жақын болуы керек, екінші – жауапкершілік. Осы екі қасиетке басымдық беремін. Аталған қасиеттер мемлекеттік қызметші бойынан табылса, ол дұрыс маман бола алады.

Аптасына бір мәрте, бейсенбі күндері жеке қабылдау өткіземін. Кей кезде жеке қабылдауыма тұрғындар жазылып, мәселелерімен келіп жатады. Олар әр-түрлі көңіл-күйде болатындықтан кейде ұрсып, балағаттап та жататын сәттер болады. Сондай кезде барынша сабырлы болып, қызбалыққа салынбай, мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп» кодексі талаптарын бірінші орынға қоямыз. Қызметшінің тағы бір айнасы – тазалық дер едім.

Әңгімеңізге рақмет! Қаламыз сәулетті бола берсін!

Сұхбаттасқан Сейдалы Дүйсебайұлы

Пікір қосу


Қорғаушы код
Жаңалау

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.