Ошибка
 
 
Тәрбие
«Ұлттық кодты ұрпаққа беру – бала бақшадан басталады» Печать
28.03.2019 15:49

Фатима ТІЛЕУБЕРДИЕВА, «Гаухар» жеке бала бақшасының меңгерушісі, зейнеткер:

«Ұлттық кодты ұрпаққа беру – бала бақшадан басталады»

– Фатима Сманқызы, келе жатқан мерекеңіз құтты болсын!

– Рақмет!

«Абысын-ажын асарлатып, түшек, жастық тіктік»

– Кәсіпті зейнет жастан кейін бастапсыз. Жалпы, кәсіп ашу туралы ой қайдан келді? Зейнеткерлікке шыққасын зейнетақыңызды алып, демала берсеңіз болар еді ғой, бала тәрбиесіне араласуға не себеп болды?

Мен бұл кәсіпті ашқанға дейін де білім беру, ағарту саласында еңбек еткенмін. Бұл салада 40 жыл еңбек өтілім бар. Бірінші мамандығым бастауыш сыныптарының мұғалімі болса, екінші мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мектепте бастауыш сыныптары және қазақ тілінен дәріс бергенмін. 2013 жылы зейнетке шыққанмын, қазір зейнеткермін. Зейнеткерлікке шыққасын, үй-ішімізбен ақылдасып, жекеменшік бала бақша ашуды ойластырдық. Бақшада бала кешке дейін қарны тоқ болса болды деген мақсатта емес, бала тәрбиесі, баланы жаңашылдыққа үйрету, олардың білімін жан-жақты етіп тәрбиелеуді басты мақсат еттік. Ол үшін заңнамалық талаптарға сәйкес бағдарламалар түзіп, соған сәйкес жұмыс істедік.

Жаңадан іс бастаған сәтте келіндеріміз, абысын-ажындарымыз, көпшілік болып бәріміз жабылып, көрпе тіктік, балалардың жатын жабдықтарын әзірледік. Асарлатып, матрац, түшек, жастыққа дейін екі тігін мәшенесімен жасап шыққанбыз. Ісімізді осылайша бастадық.

– Кәсіпкерлік ісіңізді бастағанда қандай қиындықтар болды? Бала бақшаға бала тарту мәселесі, олардың санын толтыру, материалдық-базалық немесе қаржылық қиындықтар болмады ма?

Жоғарыда атап өйткендей, зейнеткерлікке шыққасын бала бақша ашу туралы үй ішімізбен ақылдастық. Жұмыс істеп үйренген адамға қол қусырып қарап отыру қиын болады екен. Зейнеткерлік демалыс деген аты болмаса, құры қарап шаршайсың. Балаларым демеушілік жасап, үй-жай, қажетті материалдық көмектерін алып беріп, осы жерде ісімізді бастадық. Кез келген істі бастаған сәтінде өзіндік қиындықтары болады ғой, әрине. Дегенмен, еш жерден несиеленіп қаржы іздемедім. Төрт балам төрт жағымнан көмектесті.

Бала тарту мәселесі де соншалық қиындық туғыза қоймады. 2013 жылы мектептерде шағын орталықтар жаңадан ашыла бастаған кез еді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашу жұмыстары қолдау тауып жатқан шақ. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 75 баланы қабылдайтын болсақ, алғаш ашылған кезімізде бала саны тіпті көп болып, коридорға дейін жатқызған кезіміз болған. Ол жылдары баланы бала бақшаға орналастыру үшін қалалық білім басқармасында ұзақ сонар кезек, айқай-шу болып жататын. Қазір ғой, электронды түрде үйде отырып-ақ кезекке жазыла береді, жақсы болып қалды.

– Қазір бала бақшада қанша балаңыз бар? Неше жастан бастап қабылдайсыздар? Ата-аналар төлемінің мөлшері қандай?

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 75 баламен жұмыс жүргізіп отырмыз. Қазір электронды тіркеу жүйесі арқылы тіркеліп, тапсырыс қабылдап жатырмыз. Бала бақшамызда бір жарым жастан бастап, 7 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп отырғандықтан мемлекет қаржысын пайдаланып жатырмыз. Ата-аналар тек тамақтану шығындарын ғана төлейді. Балаларды күніне үш мезгіл тамақтандырамыз. Сол шығын үшін ата-ана күндігіне 528 теңге жарнасын төлейді.

«Мінез деген жеген асына да байланысты қалыптасады»

– Тамақтану деп қалдыңыз, балаларды тамақтандыру мәселесі қалай шешілген?

Біз бала бақшаға баланы қабылдаған сәтте ата-анаға ең бірінші мекемеміздің тәртібін түсіндіремін, екінші, баланың білімі мен тәрбиесін ғана емес, сонымен қатар, денсаулығы мен дұрыс тамақтану мәселелерін де қоса түсіндіремін. Академик Т.Шармановтың сөзін ұдайы ескеріп отыратындықтан, тамақ мәзіріне сиыр мен қойдың етін емес, жылқы және күркетауық етін тұрақты пайдаланамыз. Сиыр мен қой еті тез тоңады. Балаларға тамақ ыстықтай емес, суытыңқырап берілетіндіктен тоңып қалған етті жей алмайды, оның сорпасын да іше алмай жатады. Жылқы мен күркетауық еті тоңбайды, бұл – бір. Екіншіден, баланың тісіне жұмсақ болса, үшіншіден, сіңімді. Атамыз қазақта еттің сіңімділігіне қатысты «жылқының еті – төсек салып жатқанша, сиыр еті – ертеңіне түс қайтқанша» деп жататын сөз бар емес пе? Төртіншіден, қазақты жылқы мінезді деп жатамыз. Мінез деген жеген асына да байланысты қалыптасады ғой. Біздің бақшадағы қазақтың баласы түгілі, өзбектің, орыстың, басқа ұлт балалары қазыны жақсы көреді.

Сондай-ақ, балалардың ас мәзірінен ақ өнімдерін: айран, сүт, қаймақ, құрт, ірімшікті үзген емеспіз. Мына Төле би ауданындағы Зертас деген ауылда сиыр бағатын өзіміздің саяжайымыз бар. Сол саяжайдан сүт өнімдерін жеткізіп, осында айран ұйытып, ірімшік сығып, құрт жасап, балаларға береміз. Артылғанын осы маңдағы ел сұрап жатады. Балалардың ағарған ішуіне көп көңіл бөліп, қадағалап отырамын.

– Жылқы етін өзге ұлт өкілдерінің балалары да сүйсініп жейтінін айтып қалдыңыз. Балалар тілдік категорияға байланысты топтарға бөлінген бе? Неше тілде тәрбиеленеді? Жалпы, тіл үйрету жолға қойылған ба? Кадрларыңыз бен олардың білім жетілдіруі туралы да қоса айта кетсеңіз.

Тілге байланысты, ата-аналардың талабына орай тәрбиеленуші балалар екі топқа бөлінген: мемлекеттік тілде және орыс тілінде жүргізіледі. Бала бақша орналасқан Тельман бөлімшесінде бірнеше ұлт өкілдері аралас тұрады. Оның үстіне базар маңы болғасын, «Алаш» базарында сауда жасайтын қырғыздар да осы мөлтекауданда тұрады. Сондықтан, тәрбиеленушілер қатарында қазақ, өзбек, орыс, әзірбайжан, түрік, қырғыз балалары қатар тәрбиеленуде. Баласын орыс тобына беретіндер негізінен түріктер мен әзербайжандар. Солардың талаптарына орай, орысша бір топ ашқанбыз.

Елбасының бастамасына сәйкес, бала бақшамызда қазақ және орыс тілдерінен өзге ағылшын тілінің алғы шарттары үйретіледі. Ол үшін тіл мамандарымыз бар. Мамандардың біліктілігін арттыру жағы жолға қойылған. Әр 5 жыл сайын біліктілігін көтеру бойынша салаларына сәйкес Шымкент, Алматы, Астана қалаларына семинарларға қатыстырып отырамыз. Сондай-ақ, қазіргі дамыған техниканың көмегімен онлайн және көшпелі сабақтарға қатысуға мүмкіндіктеріміз бар. Психологтарымыз, медбикелеріміз, педагог мамандарымыз білімдері мен біліктіліктерін жетілдіру, тәжірибе алмасу жағынан шет қалып жатқан жоқ.

Қазір негізгі маман қызметкерлеріміз бен техникалық персоналдарымызды қосқанда 19 адам жұмыспен қамтылған ұжымбыз. Олардың ең төменгі жалақысы 43,0 мың теңге болса, педагог мамандарымыз еңбек өтілдеріне қарай 80,0 мың теңгенің үстінде жалақы алады. Мен өзім ұжымда кадрлардың бірі кетіп, бірі келіп жататын тұрақсыздықты ұната бермеймін. Мамандарымыздың дені бала бақша алғаш ашылған кезден бері қызмет етіп келеді. Тәжірибесін жинақтап, біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалып отыр.

«Сырнай, дауылпаз, домбыра, пианино аспаптарымен қамтығанбыз»

– Жаңа ғана осы бала бақшаға келгенде «Ертеңгіліктің» үстінен түстік. 8-наурыз әйелдердің халықаралық мерекесіне арналыпты. Ұжымыңызда неше әйел қызметкер бар?

Жалпы бала тәрбиесі деген әйел затына жақын болғасын, ұжымда негізінен әйелдер құрайды. Ер кісілер шопыр, қарауыл және музыкант секілді қызметте.

– Осындай ертеңгіліктер мен іс-шараларда музыкалық сүйемелденуі міндетті, иә. Бала бақшаның музыкалық жабдықтармен қамтылу жағы қалай?

Міне, осы отырған бөлмеміз музыкалық бөлме. Мұнда балалар ән айтып, би билейді. Кейде дене шынықтыру жаттығуларын да өткіземіз. Музыкалық аспаптардан пианино, сырнай, дауылпаз, домбыра, қоңырау секілді аспаптармен қамтығанбыз. Сондай-ақ, қазақтың мың әні, мың ертегісі басылған «Электронды киіз үйлеріміз» бар. Қазақтың ертегісі мен ән-күйін тыңдап өскен бала ұлтжанды болып өспей ме?

Айтпақшы, осы келе жатқан Наурыз мерекесіне балалардан құралған ұлт аспаптар оркестрін дайындап жатырмыз. Ол оркестрде домбыра, дауылпаз, қоңыраулар ойнайтын болады. Жоғарыда айтып өткендей, біздің бала бақшамыз мемлекеттік тапсырысқа сәйкес нормативтерді орындайды, сонымен қатар, мүмкіндігінше этнопедагогикаға баса назар аударып келеді. Оркестр құрып жатқан себебіміз де сол. Әлі мектеп қабырғасына бармаған балғын балалар керемет музыкалық білім алып кетпесе де, ұлттық музыкамен тыныстаса, әуенді құлағына сіңіріп, үнін тыңдап өссе, ұлттық аспапты қолына ұстап шала білсе, соның өзі де үлкен тәрбиелік мәні бар нәрсе ғой. Қазір біз тәрбие құралы ретінде ұлттық ойындарды, әсіресе, асықты көп пайдалана бастадық. Елбасымыздың «Ұлттық кодты жаңғырту» идеясы да осы емес пе? Ұлттық кодты ұрпаққа беру – осылайша бала бақшадан бастау алса деген ой менікі. Менің басты кредом да осы. Баяғыдағы қазақтың бала тәрбиесінде «Әжелер институты» деген дүние болған болса, соны зейнеркерлікке шыққан қазіргі әжелер осылайша қайта қалпына келтіріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Наурыз мерекесі қарсаңында бізге келетін болсаңыз, арнайы дайындалған ұлттық мерекелік шарамызға куә бола аласыз.

«Әжелер институтын» «Ене институтына» жалғау ойымда бар»

– Бала бақша ұстаудың жауапкершілігі қалай екен?

Бала бақша меңгерушісі болғанмен, «бастықпын» деп кабинетте шіреніп отыра алмаймын. Жауапкершілік көтергесін, тыныш отыра алмайды екенсің. Баланың тамағы, денсаулығы, тәрбиесі, көлікпен тасымалы, білім үйретуі, олардың ұйқысын қадағалануы дегендей шапқылайсың да жүресің. Өзімнің тіпті жеке кабинетім де жоқ. Төменгі қабатта, дәлізде жүремін. Келген ата-ана мен келушілер болса, сол дәлізде қабылдаймын. Жоғарғы қабаттағы ересектер тобы мен төменгі қабаттағы кішкентайлар топтары арасында құлақ түремін де жүремін.

– Әңгімеңізге қарап отырсақ, этнопедагогиканы дәріптейтін бала бақшаңыз шынында да керемет екен. Осындай ұлттық тәлім-тәрбиеге баса назар аударған ұлттық форматтағы кәсіпкерлік ісіңізді бұдан ары дамытуды, қанат жаюын ойластырдыңыздар ма? Жалпы бала бақшаңыздың филиалдарын басқа да мөлтекаудандардан ашу жағына қалай қарайсыз?

Қазір осы бала бақшамызды қалыптастырдық. Құдай қаласа, филиал ашып, өркен жаю да болар. 2-3 бала бақша ашып отырған әйелдер көп. Болашақта филиал ашып жатсақ, оған мүмкіндігіміз де, материалдық жағдайымыз да жетеді деп ойлаймын. Жоғарыда айттық қой, «Әжелер институтын» ақырындап оятып келеміз деп. Өзімнің 4 балам, 4 келінім бар. Келіндерімнің екеуі Астанада болса, екеуі осы бала бақшада қызмет етіп келеді. Алла бұйыртса, «Әжелер институтын» «Ене институтына» жалғап, екі келініме екі бала бақша ашып, осы ісімнің екі филиалын ашсам деп ойлаймын. Жаңадан ашылатын бала бақшаларға да осындағы іс-тәжірибемді бөлісіп, қазақтың этнопедагогикасын ендіруді қолға алсам деймін.

«Көпқабатты үйлердің бірінші этажын бала бақшаға бейімдеп салса екен»

– Фатима Сманқызы, бала тәрбиесі мен білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек өтіліңіз бар, мектепке дейінгі бала тәрбиесі саласында кәсіпкерлік ісіңіз де 6 жылға қадам басыпты. Осы саланы жақсы білесіз. Бұл салада шешілмей жатқан нендей мсәелелер бар? Не ұсыныс айтар едіңіз?

Осыдан бірнеше жыл бұрын орта білім беретін мектептер жанынан шағын орталықтар ашылды. Ол – сол кезде балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту үшін тиімді шешім болған шығар. Бірақ, бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмай жатады. Шағын орталықтарда баланы тек түске дейін ғана тәрбиелейді. Ал түстен кейін балаға кім қарайды? Жұмыстағы ата-ана үшін тиімсіз. Баланың ата-әжесі ауылда, ата-анасы жұмыста, ал мұнда қарайтын ешкім жоқ, үйге қамап кету тіпті қауіпті. Мүмкін, сол шағын орталықтарды жауып, оларға бөлінетін қаржы мен мүмкіндіктерді балалар бақшасына берсе, біз секілді мектепке дейінгі бала тәрбиелейтін мекемелер бұдан да көркейіп қалар еді. Өйткені, қазіргі шағын орталықтарда мектепке дейінгі бала тәрбиесінің мүмкіндіктері тым шектеулі. Немесе, сол шағын орталықтарды бала бақшаға айналдырып, мектептерді «мектеп-бала бақша» форматындағы білім мекемесіне өзгертсе, ол да жақсы. Жас ата-анаға ол да ыңғайлы болар еді. Болашақта осыған келетін сияқты.

Және бір ұсынысым – жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарын бала бақшаға бейімдеп салса деген ұсыныс. Мәселен, осы Шымкенттегі Нұрсәт мөлтекауданындағы Қ.Төлеметов көшесі бойында бірнеше көпқабатты үйлер салынуда. Сол үйлердің бірінші қабаттары коммерциялық мақсатқа бейімделіпті. Өткенде сол жаққа жол түсіп, қарап шықтым. Тұрғын үйлердің бірінші қабаттарына бала бақша жоспарлау туралы ой сол кезде келген. Мәселен, таңертең жұмысқа шығып бара жатқан жас ата-ана өздерінің подъезінің бірінші қабатындағы бала бақшаға бүлдіршіндерін қалдыра кетеді де, кештетіп жұмыстан келгесін сол жерден баласын алып, өз пәтеріне көтеріле салады. Ыңғайлы емес пе, былайша? Тұрғын үй жоспарлағанда осыны да ескерсе деп сәулетшілер мен осы салаға жауапты мемлекеттік қызметшілерге құлаққағыс еткім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Ұлттық кодты бүлдіршіндердің бойына сіңіретін өзіңіздей әжелер аман болсын. Зейнеткерлікке шықсаңыз да ұлт болашағына осылайша еңбек ете беріңіз. Мерекеңізбен тағы да құттықтаймыз!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

 
ЖИЫРМА ЖЕТІ БАЛАНЫҢ АНАСЫ Печать
28.03.2019 15:16

Кеше бір кісімен сұхбат құрып, нағыз мейірім мен адамдықтың биігін көрдім. Дәл бүгінгі Халықаралық әйелдер мерекесі күнінде сол аяулы ана жайлы жазғым келді. Мүмкін, сіздер тақырыпты оқып, таңырқап отырған боларсыздар?.. Иә, расымен де 27 ұл-қызы бар. Ол өмірін өзіне емес, тағдырдың тауқыметін тартқан жандарға арнаған. Яғни, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға аналық махаббатын беріп, бауырына басқан.

Өзі өте байсалды, көп сөйлемейді. Бірақ ол кісінің өмірі сөйлеп тұр. Ширатып жазсаң, талай жанның жүрегіне мейірім құярың сөзсіз. Осы ниетпен Роза Қадырқызы істейтін облыстық «Бауыржан» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына» арнайы ат басын бұрдық.


Кейіпкеріміз қыздары мен немерелерін шығарып салып, аналық қимастық сезімнің жетегінде отыр екен. Олай дейтініміз – Роза апайдың жақында ғана алпыс жылдық мерейтойы өтті. Бұл кешті өз бауырынан түлеп ұшып, бүгінде отбасылы болып отырған төрт қызы мен күйеу балалары өткізген. Қонақтардың алыстан келгендері сағынышын басып, ауылдарына енді аттанған кезі екен.

«Туған күнімді тойлауға қолқа салған бес қызым ғой. Одан бөлек, үш ұлым келді. Жалпы, есептеп отырсам, он алты ұл-қызды өсіріп, өмір жолына салыппын. Бүгінде қыздарымның көбісі бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Ал ұлдарым әлі үйлене қойған жоқ. Бұйыртса, осы наурыз мерекесі кезінде бір балам отбасы құрады. 21-і құдалық, 22-cі ұзату, 23-і беташар. Дәл қазір директор бәріміз тойға дайындалып жатқан жайымыз бар» – деп, Роза апай қуанышты жаңалығын жеткізді.

Аталған отбасылық негізіндегі балалар үйі 2002 жылы ашылған. Кейіпкеріміз содан бері осында істейді. Аяулы ана сол алғашқы жылдарды еске алып, осы арада мерейтой кезіндегі әсерлі сәттермен бөлісті.

«Мұнда келмей тұрып, №33 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруші ем. Жасым қырықтан асқан кез. Тұрмыс құрмағанмын. Сол арада осы отбасылық балалар үйіне конкурс болып жатқанын естіп, қатыстым. Аталған конкурстан өтіп, осында келдім. Кеше бір балам: «Бізге ана керек болды, сізге бала керек болды», – дейді. «Иә, мен өзімде жоғымды сендерден таптым», – дедім. Яғни, бұл жерге келгеніме мүлде өкінбеймін. Керісінше, өзімді өте бақытты ана ретінде сезінемін!

Келген кезімде балаларымның алды 1989 жылғы еді. Одан кейінгілер 7-5-3-сыныптарды оқыса, бірі төрт жас, бірі тым кішкентай (1 жас, 2 ай), еңбектейтін еді. Есімі – Ұлданай. Әне тұр (суретті нұсқап). Ал бүгінде солар жаныма жамау болып, туған күнімді өткізіп берді. Асаба мені ортаға шақырып, балапандарымның бәрі гүлмен шығып, қасыма келген сәтте қатты толқыдым. Одан бөлек, ертең үйленейін деп жатқан баламның: «Анашым, кезінде сізді талай ренжітіп, жылатып ем...» деген сөздері жүрегімді тербетті. Тіпті, тойға жиналғандардың бәрі жылады-ау деймін. Ол бала кезінде бұзықтау, ауыл балаларымен төбелесіп қала беретін еді».

Осы ретте мейірімді жүректің иесінен «бүгінгі балаларыңыздың мінезі қандай және оларды қалай тәрбиелейсіз?» деп сауал қойдық.

«Психолог Ләззат апай: «Балаларды жақсы көріп өсіріңіз. Сонда ол балалар сізді де жақсы көреді» деп айтатын. Кейде мен оларды тіптен қатты жақсы көріп кеттім-ау деп ойлаймын (күлді). Өз бауырларым бар ғой. Бірақ балаң болмаған соң, бәрібір жалғызсырайсың. Кішкентай кездерінде «осылардың барлығы менің балаларым болып, мейіріммен өсіп, өрісім кеңейсе екен!» деп, Құдайдан тілеуші ем. Өзің мейірім берсең, олар да сенен ешнәрсесін аямайды екен. Бұл күндері осыған көз жеткізіп отырмын. «Анашым, сізді бүгін түсімде көрдім, ауырып қалмадыңыз ба?!» дегенде, «ойпырмай, соны білдіріп жатқанын қарашы!» – деп, көз жасымды бір сығып алам. Иә, менің өмірден ұтқаным осы – бала-шағам.

Балалардың барлығы мейрам сайын жиналып тұрады. Кіші қызым «үлкен отбасы болсақ!» деп айтушы еді. Сол арманымызға жеттік. Әрқайсысы үш-үштен бала-шағасымен келгенде, тіпті, үйге сыймай кетеміз. Аллаға шүкір деймін.

Ал сұрағыңызға келсек, тәрбие барысында ішкі жан-дүниенің тазалығына қатты мән беремін. Шыншылдық пен адамгершілікке, адал еңбекке баулимын. Мақтанғаным емес, өзімнің болмысым сондай. Сол себепті шығар, балаларым да осылай болып өсті. Өз күштерімен оқып, қазіргі таңда әрбірі өздерінің сүйікті істерімен айналысып жатыр. Өйткені, мамандықтарын қарым-қабілеттеріне қарай таңдатқанмын.  Ал бүгінгі кішкентай балапандарым жайлы айтсам, 4 ұл, алты қызым бар. Бұлардың ішінде ұлдарыма қарағанда, қыздарым бұзықтау (күлді). Бұзық болғанда, өз ақысын жібермейді».

Өткенге көз жүгіртіп, көңілдегі көп естеліктерді есіне түсірген Роза апай назарымызды қабырғада ілулі тұрған суреттерге аударды. Ол сүгіреттердің әрбірі әсерлі әрі айтары бар естелік. Кішкентай кездері мен балалық шақ. Мектептегі шуақты күндер. Шаңырақ көтерген кездегі бақытты сәт. Арасында өз балаларын бауырына басқан суреттер де жоқ емес.

«Жоғарыдағы Ақтамақ қызымның тұрмысқа шыққан кезі. Ақтамақ демекші, бірде осы үшінші қызымның ата-енесі: «Осындай керемет қызды тәрбиелегеніңізге рақмет!» деп, алғысын білдіргені бар еді.

Мына сурет – балалардың кішкентай кезі. Бәрі де мектепті бітіріп кеткен. Еркебұлан ғана мектеп қабырғасында оқып жатыр. Оның өзі 11-сыныпта. Еркебұланның да бала кезінде Азамат секілді дүлей мінезі бар еді. Ештеңеге қарамай, төбелесе кететін. Ал қазір ондай емес. Ақылды, салмақты ойлайды. Ұйымдастырушы педагог мамандығына түсуді ниеттеніп отыр. Өнерлі, домбыра тартады. Спортты да қатар алып жүр. Мына сағаттағы суреттегі де осы балам ғой.

Ал анау қолмен салынған суретті Көкшетаудағы кадет корпусында оқитын Жандос балам салдырып әкелді.

Мынау – Азамат деген үйленейін деп отырған балам. Сосын күйеу бала. Мұндағы Ұлданайдың кішкентай кезі мен мектеп бітірген сәті. Мына жақтағы балалар бөлмесінде де суреттер бар. Бұл да балалардың мектеп бітірген кезі. Еркебұланның ағасы – Нұрлыбек. Сосын Жандос. Солардың кішкентай кезі ғой. 2005 жыл-ау деймін...» ... Осылай аяулы ана қабырғадағы біз білмейтін естеліктермен таныстырды. Ол кісінің нендей күй кешкенін білмедік, ал біздің көз алдымыздан өмір белестері киноның лентасындай бір сәтте өте шықты.

Аталған отбасылық балалар үйінде бұрын 2 тәрбиеші болған. Бүгінде олардың қатарына бір педагог қосылыпты. Осы орайда кейіпкеріміздің әсерлі әңгімелерінен соң, жүрегін селт еткізіп, есте қалған сәттерін сұрадық.

«Бала кезінде Азамат: «Анашым, мен оқуға кеттім» деп айқайлап тұратын. Олай дегені – ақша дегені. Осындай сәттерді бәріміз бас қосқанда айтып, күліп отырамыз.

Жалпы, қызықты күндермен қатар, аздап қиындықтар да болды. Ата-анасы болмаған соң, іші үңірейіп тұрады ғой. Біреудің іздеп келгенін қалап тұратындай. Кейде жылайды. Жұбатасың. Тағдырын ешкім сұрап немесе қолдан жасап алмайды. Осыны біз және психологтармен бірігіп, түсіндіреміз. Дегенмен, бір қуанарлығы – бұрынғы балалар үйіндей бөліп-бөліп жібермейді, бәрі бір жерде өседі. Кішкентай бауырларын қасына алып жатады, жылап қалса, көтереді. Осылай бір отбасында өмір сүріп, бір-бірін жетектеп өсті. Ал қыздарым бойжеткен соң, басында толық отбасылы жерге тұрмысқа шығуға қорқатын. Оларға: «Сендер ешкімнен кем емессіңдер. Адамдардың бәрі бірдей. Тек тағдыр әр түрлі... Кейін балалы болған соң, үлкен отбасы боп, сіңісіп кетесіңдер», – дедік. Расымен де, бүгін тұрмысқа шыққан жеті қызым барған жерлерінде сіңісіп кетті. Естелік болсын деп, бір-бір айтқан дүниесін әперіп қоямын. Тек мен ғана емес, олардың құдалық, той-томалағы кезінде осындағы жұмыстағы кісілер, директорымыз бар, бәріміз жабылып бірігіп көтереміз. Ешбірінің де көңілін жарым қылмауға тырыстық».

Сөз соңында кейіпкерімізден ата-анасы және бауырлары, туып-өскен жайында білгіміз келетінін жеткіздік.

«Бәйдібек ауданы, Бөген совхозының тумасымын. Әкем Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ ауылында алғаш ұстаз болған кісі еді. Өмірден ерте өтті. Анамның тәрбиесінде өстім. Шешем қарапайым, салмақты, көп сөйлемейтін. Қазір ауылға барсам, бәрі тура анаңызға тартыпсыз дейді. Енді өскен соң, біреуіміз әкеміз, біреуіміз шешеміз боламыз да қоямыз. Оны өзімнің балаларымнан көріп жатамын. Кей мінездері дәл өзімді қайталап тұрады.

Отбасылық балалар үйіндегі тіршілігім қым-қуыт болғандықтан, туысқандарыммен жиі араласа алмай, бастапқыда олар маған ренжитін. Кейіннен менің өмірім – осы екенін, бұларсыз өмір сүре алмайтынымды түсінді ғой...».

Қоштасар сәтте ардақты ананы мерекесімен құттықтап, аяулы қолынан ас ішіп, мейірімді жүрегіне шомып, рухани сусындап қайттық.

Авторы – Әділхан АБАЙҰЛЫ

 
Шебер класс Печать
23.02.2018 17:13

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ

«№5 КОЛЛЕДЖ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

 

Шебер класс

 

«Резеңкемен өңделетін орамал»

Орындаған: Кульбаева Жаныл

Шымкент-2017

Тақырыбы: Резеңкемен өңделетін орамал. (10-мин)

Күнделікті  киюге арналған әрі сәндік үшін қолдануға болатын және үй жағдайында , тамақ жасағанда қажет ететін орамал.Бұл орамал модельі басқа ыңғайлы тез киіледі және шешіледі. Тігісі басқа батпайды.

Қазіргі таңда жас келіншектерге және қыздарға таптырмас құрал. Әсіресе жас өспірім қыздарға кешкі сәндік әшекей ретінде тақса болады. Өздерінің қиялдарымен түрлі әшекейлермен модельдеуге болады.

І. Матаны пішуге дайындау.

Ленталық таспаның көмегімен бастың өлшемін аламыз. Бұйымды дайындау үшін бірінші кезекте мата қажет болады. Мата таңдау барысында қойылатын негізгі талап; мата трикотажды, созылмалы жұқа, жылы, жұмсақ, жақсы бүгілетін  маталардарды таңдаған жөн. Сонымен қатар екі жақтамалы болғаны жөн (екі жағында пайдаланатын).

 

Қажетті құрал-жабдықтар:

 

Екі бөлшекті лекало арқылы пішіп аламыз. Орамалдың өлшем бірліктері:

1-бөлшек ұзындығы-45см, ені-20см.

2-бөлшек ұзындығы-20 см, ені 10 см

Резеңке-10 см

ІІ. Тігу

1 бөлшектің оң бетінен екі шетін торлап  аламыз. 2-ші бөлшекті оң бетін бір-біріне қаратып толап аламыз, содан соң 2 бөлшекті аударып ішіне резеңкені саламыз.1 бөлшектің оң бетіне ортасын тауып орналастырамыз, содан соң оңнан солға қарай бүктеп торлаймыз.

Оң бетіне аударып, 1 бөлшекті резеңкеге алып келіп сосын торлаймыз. Бұйымымыз дайын, енді әшекей сәнді заттарды қолмен сәндеп шығамыз.

«Резеңкемен өңделетін орамал»  дайын.

 
ТІГІСТЕГІ ҚАЛТАНЫ ӨҢДЕУ Печать
14.02.2018 11:10

САБАҚ ЖОСПАРЫ

Бағдарлама тақырыбы: Әйел және ерлер киіміндегі жеке бөлшектермен түйіндерін өңдеу.

Сабақ тақырыбы: Тігістегі қалтаны өңдеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақты меңгеру.

Өткізу әдісі: Аралас сабақ.

Сабақ мақсаты:

Білімділік: Оқушыларға тігістегі қалтаны өңдеу әдісінің технологиялық шарттарын сақтай отырып, қалтаны өңдеуді үйрету. Нұсқау картасымен өз бетінше жұмыс жасауға үйрете баулу.

Дамытушылық: Оқушылардың білімін тереңдету. Ойлау, есту, сақтау қабілеттерін дамыту, оны қайта жаңғыртуға машықтандыру.

Тәрбиелік: Жұмыс барысында оқушыларды тазалыққа, шыдамдылыққа, ұжымдылыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі:

1) Суреттер (тігістегі қалтаның кездесетін жері)

2) «Ойлан тап» атты ойын плакаты.

3. Нұсқау карталары.

4. Тігістегі қалтаның дайын үлгілері.

5. Тігістегі қалтаның өңделу реттілігі.

6. Бұйым эталоны.

7. Тігістегі қалтаның өңделу операцияларының технологиялық суреті презентациялық түрде.

Пәнаралық байланыс: Бұйымды дайындау технологиясы, мата тану, жабдықтау, сызу.

Сабақтың техникалық базасы: тігін машиналары, үтіктер, қайшы, ине, жіп, кептірілген сабын, желім қатырма, мата, сантиметрлі таспа, сызғыш, сөккіш.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі -5 мин

1. Сәлемдесу
2. Оқушылардың сырт көрінісіне назар аудару.
3. ҚР әнұранын орындау.
4. Оқушыларды түгелдеу.
5. Оқушылардың жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыруын бақылау.

ІІ. Кіріспе нұсқама шаралары:

1. Бағдарлама тақырыбын хабарлау.
2. Ашық сабақ тақырыбын хабарлау.
3. Сабақтың оқулық мақсатын хабарлау.
4. Өткен сабақты қайталау, жаңа сабақпен байланыстыру.

Топ оқушыларын екі топқа бөліп, жарыстыра отырып, белсенділіктерін арттыру.

Топтар:

1. «Алтын Ине» тобы.
2. «Алтын Жіп» тобы.

І. Қызығушылықты ояту

Жұмбақ оқу арқылы сабақтың тақырыбын ашу:

1. Қандай байлық iшiнде,

Барын өзiм бiлетiн,

Қоймалар көп үстiмде,

Көшiп бiрге жүретiн. (қалталар)

 

2. Жүрген сайын жүйрігім,

Қысқартады құйрығын (Ине)

 

3. Жарқылдаған қос қылыш,

Қолға түссе жоқ тыныш (Қайшы)

 

4. Тұмсығы мықты,

Қырмен ойды тегістеп шықты. (Үтік)

 

5. Басқаға киін дейді, ал өзі киінбейді (Т.машинасы)

ІІ. «Ойлан тап» ойыны арқылы қайталанады.

Ойынның шарттары:

Екі топ оқушыларына плакаттар таратылады. Оқушыларға ортақ бір тапсырма беріледі. Тапсырмаға 2 мин. уақыт беріледі. Қай топ тапсырмаға көп жауап беретін болса, сол топқа ұпай беріледі.

Тапсырма

1. Рамкалы тілме қалтаның бөлшектерін ата!

1. Негізгі мата

2. Әдіп 2 бөлшек

3. Подзор 1бөлшек

4. Қалта астары 1бөлшек

5. Желімдік қатырма 1 бөлшек,

6. желім бойлама 2 бөлшек

2. Қақпақты тілме қалтаның бөлшектерін ата!

7. Негізгі мата

8. Әдіп 2 бөлшек

9. Подзор 1бөлшек

10. Қалта астары 1бөлшек

11. Желімдік қатырма 1 бөлшек,

12. желім бойлама 2 бөлшек

13. Қақпақ негізгі мата 1 бөлшек

14. Қақпақ астары 1бөлшек

15. Желімдік қатырма қақпаққа жабыстырылады 1 бөлшек

ІІІ. «Кім жүйрік» сайысы.

Екі топқа да ортақ сұрақтар қойылады. Қай топ көбірек жауап берсе, сол топқа да ұпай саны беріледі.

Сұрақтар:

  • · Қалталар бұйымда қандай мақсатта қолданылады?

Ж: Қажеттілік үшін, сәндік үшін.

  • · Матаны пішпес бұрын не үшін үтіктейді?

Ж: Қыртысын жазу үшін және отыратын мата болса, отыруы үшін.

  • · Қол тігін жұмыстарымен жұмыс жасаған кезе қандай техника қауісіздік ережелерін сақтауымыз қажет?

Ж: Шашымызда орамал, үстімізде алжапқыш, аяғымызда жеңіл аяқ киім, ине және ағылшын инелері арнайы орынға қадау керек, жұмыс орнын тиімді ұйымдастыру, қайшының жүзі өткір болуы керек, қайшыны тек сабымен бір бірімізге береміз, сынған инелерді арнайы қорапшаға саламыз, оймақпен жұмыс жасау керек.

  • · Қалталар құрылымына қарай нешеге бөлінеді?

Ж: Жапсырма (үшбұрышты, төртбұрышты, овалды), тілме (рамкалы, қақпалы, жапырақшалы), тігістегі қалталар.

  • · Жапсырма қалтаның жоғарғы қиығын қалай өңдейміз?

Жауабы: Ашық және жабық қиықты қайырып, тігу арқылы және әдіппен өңдеу арқылы.

  • · Рамкалы тілме қалтаны өңдеу үшін қажетті бөлшектер?

Жауабы: Негізгі бөлшек, әдіп 2, қалта астары, подзор, желім қатырма.

  • · Рамкалы тілме қалтаның ұзындығы неше см?

Жауабы: 14-15см.

  • · Қақпалы тілме қалтада қай бөлшектерде желімді қатырма жапсырылады?

Жауабы: Қақпаққа, желім бойламаға жапсырылады.

  • · Қақпалы тілме қалтада қақпақ пен подзор бірдей матадан және негізгі жіп бағыты бірдей болады?

Ж: Өйткені подзор қақпақтың жалғасы болып табылады.

  • · Уақытша көктеу тігістері қандай жіппен орындалады?

Ж: №40 мақта жібімен.

  • · Шеті қондырылып тігілетін жапырақшалы тілме қалтаның жапырақшасының негізгі жібі қалай өтеді?

Ж: Жапырақшасының негізгі жібі көлденеңінен өтеді.

  • · Машина жұмысымен жұмыс жасаған кезде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтауымыз қажет?

Ж: Орамал, алжапқыш, жеңіл аяқ киім болуы керек, барлық құрал саймандар қорапшада болуы керек, оқушы мен машинаның арасы 25-30см болуы керек. Денені тік ұстау керек, жарық сол немесе алдынан түсу керек.

ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру

Бүгінгі ашық сабағымыздың тақырыбы «Тігістегі қалтаны өңдеу». Қалта- Қалта дегеніміз не? — Қалта қандай киімдерге көбірек қажет деп ойлайсыздар – салтанатты киімдер, үй киімдері, жұмыс киімдері? Қалталар қалта — киімнің құрамдас бөліктерінің бірі. Қалталардың өңделуіне карай үш түрі бар-жапсырма, тілме, тігістегі. Орналасуына байланысты қалталар ішкі қалталар (киімнің астарына), және сыртқы болып бөлінеді. Киімнің қай жерінде орналасқанына байланысты: жапсырма қалта, төс қалта, омырау және жан қалта болып ажыратылады. Тігіске түскен қалта, тігіс үстінен жүреді. Мысалы: бүйір, бедер қиықтарының бойында. Қалта аузын кей жерлерде сырмамен де өңдейді. Бұндай қалта тігіс арасында болғандықтан көрінбей тұруы мүмкін.Осындай қалталар: пальто, көйлек, белдемше және т.б киімдерде кездесуі мүмкін.

Сонымен қалталар бұйымда, киімді сәндік және қажеттілік үшін қолданылады. Қалталар бұйымның бөліктеріндегі орналасқан жеріне, пішілуіне, өңдеу әдістеріне байланысты әр түрлі болып келеді. Қалталарды конструкциясына қарай үш түрге бөлуге болады. Қима (тілме) қалталар, қиылмаған (тігіс бойымен орналасқан) қалталар, жапсырма қалталар, соның ішіндегі бүгінгі біздің өтіп отырған қалта түрі бұйымның негізгі бөлігіндегі тігіс, бедер, қатпар бойымен орналасқан қалталарды қиылмаған қалта деп санайды. Бұл қалта қақпақпен, жапырақшаларымен, сыдырмаларымен, астармен өңделеді. Ал қалтаны өңдеу үшін мынадай бөлшектер қажет: негізгі бөлшек (2), қалта астары (2), желім қиынды, желім бойлама қажет. Негізгі бөлшек пен қалта астарының негізгі жіп бағыты тігіннен өтеді. Ал желім қиынды мен бойламада көлденең өтеді.

Қалтаның түрлері

Қалта төмендегідей реттілікпен өңделеді:

1. Қалтаның кіру сызығын белгілеу.

Бедерлі тігістің сызықтарының боймен қалтаның кіру сызықтарын екі белгімен белгілейді және екі перпендикуляр сызығымен белгілейді.

2. Желім қиындыны жапсыру.

Желім қиындыны қалтаның қайтару сызығынан берілген тігіс еніне қарай 0,1-0,2 см қашықтықта жапсыру. Желім қиындыны бақылау белгілерін 1см жауып тұруы тиіс.

3. Желім бойламаны жапсыру.

Бүйір бөлігінің теріс бетіне қалтаның кіру сызығын 2-3см жабылуы тиіс, және де бақылау белгілерін 1,0-1,5см жауып тұруы тиіс.

4. Қалта астарын қалтаның қосымшасына қосып тігу.

Қалтаның астарын (астар жағынан) екі қосымшаға тігіс еніне 0,7-1,0 см қашықтықта құрап тігеді. Қосымшаны астарға қарай қайыра үтіктейді.

5. Бедерді қайып тігу.

Бедерді бақылау белгілеріне дейін қайып тігеді, ал қалта астарын қайып тікпейді және қалта ауызын көмекші уақытша тігіспен қайып тігеді.

6. Бедерлі тігісті айыра үтіктеу.

Дымқылды шүберектің көмегімен бедерлі тігісті теріс бетінен айыра үтіктеу.

7. Қалта шетіне көркем сәнді тігіс жүргізу.

Қалтаның кіру сызығында көркем сәндік тігісті басында және соңында бекітпесіз тігеді, жіптерді теріс бетіне иненің көмегімен аударады, тігіс ені 0,5-1,0 см аралағында береді. Көмекші уақытша тігісті сөгіп тастайды да, бастыра үтіктейді.

8. Бедер мен қалта астарын қайып тігу.

Алдыңғы бой бөлшектерін оң беттерімен беттестіріп, ортаңғы бөлік бетінен қайып тігеді, бір мезетте қалта астарын қоса қайып тігеді, міндетті түрде басында және соңында бекітпе береді.

9. Қалта бүктемесін бекіту, ылғалды жылумен өңдеу.

Қалта бүктемесінің үстінен, қалта аузының шеттеріне бекіту мақсатында бекітпе беру. Дайын қалтаның үстінен ылғалды жылумен бастыра үтіктейді.

Жаңа сабақты бекіту.

Жаңа сабақ түсінікті болса, онда моншақ тізу ойыны арқылы бекітейік: Ойынның шарты екі топқа бірдей сұрақтар беріледі жауап берген оқушыға 1 моншақ беріледі. Ол моншақтарды өз ұяшықтарына салады. Қай топ моншақтарды көп жинаса сол топ жеңімпаз.


  • Қалта қандай киімдерге көбірек қажет?

Ж: Үй киімдеріне және жұмыс киімдеріне қажет. Көйлек, белдемше шалбар, күртеше,пальто т.б сырт киімдерде.

  • Қалталардың өңделуіне карай қанша түрі бар?

Ж: Үш түрі бар-жапсырма, тілме, тігістегі

  • Тігістегі қалтаны өңдеу үшін қандай бөлшектер қажет екен?

Ж: Негзгі бөлшек (2), желім қиынды, желім бойлама.

  • Қалта аузының ұзындығы неше см болады екен?

Ж: 14-15см.

  • Қалта астарын қалтаның қосымшасына неше см-де құрап тігеді екенбіз?

Ж: 0,7-1,0см-де.

  • Желім бойламаны қалай жабыстырамыз?

Ж: Бүйір бөлігінің теріс бетіне, қалтаның кіру сызығын 2-3см-ге жабылуы тиіс және де бақылау белгілерін 1,0-1,5 см-ге жауып тұруы керек.

Оқушылардың еңбек тәсілдерін көрсету.

1-тәсіл. Негізгі матада қалтаның кіру сызығын белгілеп, желім қатырманы жапсыруды көрсету.

Негізгі матада бедерлі тігістің сызығының бойымен 15см қалтаның кіру сызықтарын екі шектеуші сызықпен белгілеймізм және желім қиындыны ортаңғы бөлікке қалтаның кіру сызығын 0,1-0,2 см-ге жеткізбей және шектеуші бақылау сызықтарын 1см асырып жапыстырамыз. Ал желім бойламаны бүйір бөліктің теріс бетіне қалтаның кіру сызығын 2-3 см-ге жабуы тиіс. Бақылау белгілерін 1-1,5 см жауып, жапсырамыз.

Жұмыс орындарын тексеру: қалтаның кіру сызығын дұрыс белгіліп, желім қиынды мен бойламаны тура жапсыруын тексеру.

2-тәсіл. Қалта астарын қалтаның қосымшасына құрап тігуді көрсету.

Қалтаның астарын (астар жағынан) екі қосымшаға тігіс 0,7-1см қашықтықта құрап тігеміз. Қосымшаны астарға қарай қайыра үтіктейміз.

Жұмыс орындарын тексеру: Қалта астарын бекітпе бере отырып, түзу тігуін қадағалау.

3-тәсіл. Бедерді қайіп тігу және айыра үтіктеуді көрсету.

Бедерді бақылау белгілеріне дейін қайіп тігеміз, ал қалта астарын қайір тікпейміз және қалта ауызын көмекші уақытша тігіспен қайіп тігеміз де дымқылды шүберек көмегімен бедерлі тігісті айыра үтіктейміз.

Жұмыс орындарын тексеру: Бақылау белгілерінне дұрыс қайіп тігулерін тексеру.

4-тәсіл. Қалта шетіне көркем сәнді тігіс жүргізуді көрсету.

Қалтаның кіру сызығына көркем сәндік тігісті басында және соңында бекітпесіз тігеміз, жіптерді теріс бетіне иненің көмегімен аударамыз, ал тігіс ені 0,5-1см аралығында береміз. Көмекші уақытша тігісті сөгіп тастаймыз да бастыра үтіктейміз.

Жұмыс орындарын тексеру: Көркем сәндік тігісті бекітпесіз тігуіг және дұрыс теріс бетіне аударуын қадағалау.

5-тәсіл. Бедер мен қалта астарын қайып тігуді көрсету.

Алдыңғы бой бөліктерін оң беттері мен беттестіріп, ортаңғы бөлік бетінен қайып тігеміз, міндетті түрде басында және соңында бекіте береміз.

Жұмыс орындарын тексеру: Бекітпе бере отырып, технологияға сай қайып тігуін тексеру.

6-тәсіл. Қалта бүктемесін бекіту, ылғалды жылумен өңдеуді көрсету.

Қалта бүктемесінің үстінен, қалта аузының шеттеріне бекіту мақсатында бекітпе береміз. Дайын қалтаның үстінен ылғалды жылумен бастыра үтіктейміз.

Жұмыс орындарын тексеру: Бекітпені дұрыс берулерін, бастырып үтіктеулерін қадағалау.

Оқушылардың жұмысын тексеру, бағалау, қорытынды нұсқау жұмыстарын әзірлеу.

ҚОРЫТЫНДЫ НҰСҚАУ ШАРАЛАРЫ

  1. Күні бойы оқушылардың орындаған жұмыстарын шебер бағалайды. Жасаған жұмыстың сапасын, тазалығын, оқушының тәртібін, білімін ескере әділ бағасын қояды.
  2. Әр жұмысқа жасаған қателіктерін ескере бағасы қойылады:

а) «Өте жақсы» деген бағаға ешбір қатесі жоқ, технологиялық шарттарға сай үлгі.

ә) «Жақсы» деген бағаға бір екі қателіктері бар үлгі сай.

б) «Қанағаттанарлық» деген бағаға бір емес бірнеше қателіктері бар жұмыс болып табылады.

3. Ортақ қателіктерді, ақауларды атап, шешу.

ІV. Үйге тапсырма беру. Тігістегі қалтаны өңдеу.

Жадыра Балқыбекқызы МЫРЗАБЕКОВА,

Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері.

 
Бет 1 , барлығы 9
 

Соңғы пікірлер

 
Барлық құқықтар қорғалған.
"Қызмет" интернет басылымы.