«БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» МАҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ

Елбасының бұл мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып отыр. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап беріп отыр.

Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ол – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналарына күмән жоқ.

Бұған дейін еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы Бірінші жаңғыруды жүзеге асырды. Содан кейін «Қазақстан–2030» Стратегиясын қабылдады және Астананы салды. Нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді. Бұл Екінші жаңғырудың нәтижелері.

Бүгінгі таңда Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және рухани жаңғыру сияқты үш жаңғыру үдерісі жүзеге асырылатын болады. Аталған үдерістердің қатарында рухани саланы жаңғырту негізгі бағыт болып табылады. Мұндай аксиомалық байлам жасауға берік негіз бар деп ойлаймыз. Саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан, бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр. Бұл орайда, ең әуелі, жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету негізінде түбірлі өзгерістерді қажет етіп отырған осы саланың бүгінгі жай-күйін атауға болады.

Елбасының бағдарламалық мақаласы – бұл, ең әуелі ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Оның мақсаты күшті әрі жауапты адамдардың Біртұтас ұлтын құру болып табылады. Мақала кіріспеден, «ХХ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі негізгі тараудан және қорытындыдан тұрады.

Ең әуелі, ел Президенті тарапынан бүгінгі таңда адамзат қоғамы жинақтаған аса зор өркениет тәжірибесіне зерделі талдау жасау бойынша қыруар жұмыс жүргізілгенін көруге болады.

Біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырларда өмір сүрген Қытайдың ежелгі ойшылы Конфуций адамның өмірі ең әуелі моральмен реттелуі тиіс екенін тұжырымдап берді. Бұған білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасатын дұрыс адамгершілік әдептердің ережесі ли ұғымын насихаттау негіз болды. Қытай өзінің жүздеген жылдардан бергі өмір салтында Конфуцийдің осы өсиеттеріне барынша адалдығын көрсетіп келеді.

Мемлекет басшысының жоғары рухани дамуға қатысты сөзі дүниетанымдық саладағы жаңғыру бойынша қолданылған жаңаша ұғым. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың 6 бағытын белгілейді:

1. Бәсекеге қабілеттілік;

2. Прагматизм;

3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;

4. Білімнің салтанат құруы;

5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

6. Сананың ашықтығы.

Бұл бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. Олардың әрқайсысына егжей-тегжейлі тоқталу мақаланың басты міндеті емес екенін ескеріп, біз Екінші және Үшінші жаңғырулар –

«Прагматизм» және «Ұлттық бірегейлікті сақтауға» назар аударсақ.

Мақалада біздің ұлттық кодымыздағы прагматизмнің бар екендігіне дәлме-дәл негіздеме беріледі. Ұлы даладағы қатаң табиғи жағдайлар мен шөлейтті жерлердегі тіршілікпен байланысқан көшпенділік дәстүрі ата-бабаларымыздың бойына табиғатпен үндескен өмір салтын, яғни прагматизмді қалыптастырды. Өткен ғасырлардағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына талдау жасай отырып, Елбасы радикалдық идеологияның заманы мүлдем келмеске кеткенінін тұжырымдайды. Сол себепті, біздің болашаққа жасалатын ұранымыз реализм және прагматизм болмақ.

Біз назар аударып отырған екінші жоба «Қазақстанның рухани жәдігерлері». Мәдениет саласы материалдық және рухани құндылықтардан тұратыны өздеріңізге мәлім. Өкінішке қарай, бұған дейін елімізде киелі құндылықтарға деген тұжырымды көзқарас болған жоқ. Сондықтан, ел Президентінің бастамасы бойынша қолға алынған жоба ұлттық бірегейліктің маңызды рухани тірегі болып табылады.

Әрбір халықтың өзіне тән киелі орындары бар. Сол сияқты біздеің елімізде де мақтаныш ететін қасиетті орындар жеткілікті. Бұлар ежелгі Тараз, Ұлытау, Түркістан, Алтай, Жетісу өңірлері және Бекет-Ата кешені. Алайда, қоғамдық санада бұл орындар туралы бірегей ұғым мен ортақ түсінік қалыптаспаған. Сондықтан, ұлтты ұйыстырудағы аталған стратегиялық міндетті орындауда осы жобаны жүзеге асырудың маңызы аса зор.

Ойымызды қорытындылайтын болсақ, жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты және ұмтылысты қажет етеді. Өйткені, біз айрықша серпінділікпен жылжып жатқан зымыран уақытта өмір сүрудеміз.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдірді.

Н. БЕКЖАНОВ,

ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің ОҚО бойынша департаментінің бас маманы .

Т. Е. ХОДЖАМБЕТОВА,

«Қазақстан Стандарттау және сертификаттау институты» РМК ҚазСтИн Оңтүстік Қазақстан филиалы маманы.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика