Алғашқы Түркістан облысының орталығы Шымкент болғанын баста айттық. Оның алғашқы кеңсесі қорған ішіндегі бұрынғы Қоқан билеушілерінің рабатханасында орналасады. Көп кешікпей облыс орталығы Ташкентке көшірілгеніне қарамастан, 1866 жылы Черняев бастаған орыс шенеуніктері Шымкентті Ресейлік типтегі қалаға айналдыру жөнінде шешім қабылдап, қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі жазықтан әкімшілік және орыс солдаттары мен қызметкерлері, қатардағы тұрғындары тұратын ұзынынан бір көше, көлденеңінен екі көше салуды ұйғарады.
tories/20122019-30.jpg» border=»0″ />
Алғашқыда қазіргі Ордабасы алаңынан солтүстікке қарай екі шақырымға созылатын бас көшенің жоспары құрылады. Бас көше Царская деп, ал оның орта белінен шығысқа қарай созылған бірінші көше – Мещанская, екінші көше – Александр, үшінші көше Черняев деп аталатын болады. Сәл кейінірек Степная көшесі пайда болады.
Әу баста Царская деп аталуы тиіс көше артынша – Николай, Черняев – Садовая болып өзгертіледі. (Николай көшесі бүгінгі – Қазыбек би, Мещанская – Түркістан, Александр – Майлықожа, Садовая – Тәуке хан көшелері, Степная – Қонаев бульвары). Черняев 1865 жылы Николай (Царская) көшесінің басынан өзіне және облыс қызметкерлеріне арнап, бір қабатты әкімшілік және тұрғын жайлар салдыра бастайды.
Ол кезде Шымкенттің қазіргі Түркістан көшесіндегі көлдің (базар астындағы көл) шығыс жағындағы жазықтан шығып жатқан бұлақтар өте көп болыпты. Бұлақтардан аққан сулар әр тарапқа ағып, жердің бәрін саз балшыққа айналдырып жіберген екен, Әрі бұлақ бастарын қамыс басып жатқан. Орыс инженерлері әлгі аталған көшелерге үйлер тұрғызбас бұрын осы бұлақтардың суларының бәрін бір арыққа жиып, бір арна жасауды қолға алады. Сөйтіп ол кезде бос жатқан осы күнгі Ақпан батыр және Орынбаев көшелерінің бас жағынан барлық бұлақтың сулары осы арыққа жиналатындай етіп, үлкендеу канал қазады. Каналды бүгінгі Тәуке хан даңғылымен жағалатып әкеліп, Қазыбек бидің бойымен өткізіп, Түркістан көшесі арқылы Кошқаратаға қосып жібереді. Бұл каналға Кенбаба паркінің ішінен шығып жатқан бұлақтың мол суын да қосады. Осылайша, жоспарланған көшелердің жері үй салуға жарамды болып, саздан құрғайды. Бұл каналдың сұлбасын қазір де байқауға болады.
1866 жылы Шымкетте қалалық полицияның алғашқы бөлімі құрылады. Бір жылдан кейін оған жандармерия тобы қосылды. Оларға қоса екі рота арнайы әскер де жасақталады.
1866 жылы қазіргі орталық базардың астындағы көлдің шығыс бетіндегі жазықтан екі кірпіш зауыты бірдей салынады. Бұлардың кірпіш өндірісін қатты жүргізгендері сондай, 1866-67 жылдары Николай көшесінің басынан (қазіргі «Ордабасы» қонақ үйі тұрған жер) әскерилерге арналған қазарма, бір дүкен мен монша (қаржы полициясы орналасқан аумақ), оның қарама-қарсысынан күйдірілген кірпіштен қала шенеуніктеріне арналған барак типтес корпустар салынады (бұл тұс – қазіргі ескі «Универмаг» пен «Қазпоштаның» аралығы).
1868 жылы Николай және Садовая көшелерінің батыс жақ бетіндегі қиылысынан әскери казарма бой көтереді. Казарманың бір бұрышынан уездегі бірінші дәріхана ашылады. Казарманың бір бұрышынан уездегі бірінші дәріхана ашылады. 1870 жылдардың басында осы күнгі «Ордабасы» алаңынан Төлеби көшесін жағалай бір қатар үйлер түсіп, ол квартал «Солдатский» немесе «Русская слободка» деп аталады (бұл жерлерде әзір «Айту би» жиһаз дүкені, «Заря» аяқ киім шеберханасы және бес қабатты екі-үш үй тұр).
1872 жылы Николай көшесінің бойынан отаршыл ұлттар слободасына арналған кішкене би алаңы мен шағын клуб тұрғызылады. Сол клубтың қарама-қарсы бетінен, нақтысы, қазіргі «Вольщебница» салоны тұрған жерден қоғамдық тамақтану орны мен арнайы ішкілік ішетін «кабак» және солдаттар мен офицерлер ерікті түрде күш сынасатын «Кулачный бойға» арналған алаң ашылады. 1886 жылы осы жерден орыстардың зиялы қауымы жиналатын жабық үлкен клуб бой көтереді. Бұл клуб 1946 жылға дейін бұзылмай тұрған.
1886 жылы қазіргі «Шолпан» кафесі тұрған жерден уезд полициясының бастығы, үлкен кітап жанашыры Самойловтың бастамасымен кітапханаға арналған екі бөлмелі кішкене үй тұрғызылады. Оған жергілікті шенеуніктер мен солдаттардан, көпестерден, сондай-ақ мұсылман саудагерлері мен молдаларының үйлерінен жиналған 250-дей кітаптан тұратын және сол кездегі орыс жазбагерлерінің қолжазбалары қоры жинақталған алғашқы ақылы кітапхана ашылады. Мұны орыстар «Изба читальня», яғни «Оқу үйі» деп атайды. 1899 жылы ол Николай көшесіндегі жаңадан салынған уездік кеңсенің бірінші қабатына көшіріліп, Пушкин атындағы кітапхана болып аталады. Бұл атау атақты ақынның туылғанына 100 жыл толуына орай қойылады. Кітапхананың үлкен болып қалыптасуына сол кездегі уезд бастығының көмекшісі, кітап пен тарих жанашыры, өзі де кейін бірталай еңбек жазған Н. С. Лыкошин деген азамат көп атсалысады.
1869 жылы сол заманға лайықталған уезд орталығының кеңсесі тұрғызылады (Оның орны алдында қызыл трактор тұрған бұрынғы музейдің, қазіргі Пушкин кітапханасы. Ескі кеңсе 1961 жылы сүріліп, қазіргі тұрған ғимарат салынған).
1870 жылдың басында күйген кірпіштен салынған, төбесі түнікемен жабылған жаңа типтегі үйлердің саны 100-ден асады. Осыдан кейін жылдан-жылға қала көшелерінің бойларынан жаңа үйлердің қатары көбейе береді. Қабырғасы қам қыштан, төбесі қамыспен жабылған тамдардың сандары да көбейіп, барлық көше ұзартыла түседі.
1870 жылы Николай және Александр (Қазыбек пен Түркістан) көшелерінің қиылысынан он койкалы әскери лазерет (оның орнында қазір облыстық аурухана тұр), шығыс жағынан бір қабатты түрме салынады.
Осы жылы қалада осы лазареттің жанынан екінші дәріхана ашылады. 1873 жылы олардың саны төртеуге жетеді.
Осы жылы Алматыдан Ташкентке қарай тартылған телеграф сымы Шымкентке жетеді. Жан-жақтан хабар алатын және тарататын телеграф орталығы алғашқыда Николай көшесіндегі уездің полиция мен жандермерия кеңсесінде орналасады (полиция кеңсесі бүгінде Шымкент-Қазақстан телеарнасы тұрған тұста болған). 1889 жылы телеграф орталығы Степная көшесінің бойына ауыстырылады.
1875 жылы Шымкентте Вознесенский деген священник Николай көшесінің бойынан өз қаражатына бір жылдық халық училищесінің ғимаратын салдырады, ол бір жылдан кейін Оқу-ағарту министрлігінің құзырына беріледі де, екі жылдық оқу орнына айналады. 1891 жылы бұл мектепке Белинскийдің аты беріледі. Бұл – бүгінгі орталық саябақтың жанындағы №8-ші гимназия-мектеп.
Қаладағы алғашқы орыс шіркеуі 1866 жылы Николай көшесінде ағашпен салынған екен. Оның жанында Шымкент гарнизонының ат қорасы орналасады. 1883 жылы ағаш шіркеу қиратылып, архитектор В. С. Гейнцельманның жобасымен күйген кірпіштен үлкен әрі бекем, төбесінде 500 келі тартатын қоңырауы (колокол) бар жаңа діни ғибадатхана салынады. Ол 1886 жылы бітіп, Сергий Радонежский шіркеуі аталады. Оның бір шетінде кейін «Приходская школа» ашылады.
Шымкентте алғашқы парк 1884 жылы ашылған. Ол – «Патша бағы» аталған. 1888 жылы уезд бастығы Благовидовтың бұйрығымен «Патша бағының» аты өзгертіледі және екінші парктың негізі қаланады. Николай көшесінің бойындағы бұрынғы «Патша бағы» – «Қалалық қоғамдық бақ» (Общественный городской сад) болып өзгертіледі. Ал Николай және Садовая көшелерінің қиылысынан жаңадан ашылған екінші парк – «Соборный сад» деген атауға ие болады. Қалалық қоғамдық парк – қазіргі Орталық саябақ, ал «Соборный сад» – бүгінгі Кенбаба. 1888 жылы осы екі паркке емендер мен мәжнүн талдар, теректер мен қараталдар, қарағаштар мен бақа теректер және басқа да неше түрлі ағаштар отырғызыла бастайды. Сол ағаштардың көпшілігі әлі күнге дейін өсіп тұр.
1889 жылы Николай атындағы орталық көшеге түннің бір уағына дейін жанып тұратын керосин шамдар орнатылады.
1890 жылы жаңа атауға ие болған екі парк те ашылады. Қоғамдық паркке қаланың барлық тұрғындары кіре беруіне рұқсат етіледі. Ал «Соборный садтың» жан-жағы қоршалып, онда тек христиан дініндегілерге ғана кіруге рұқсат беріледі. Тіпті, уезд басшылығы парктың бас қақпасына «Киргизам, сартам и собакам вход запрещен!» деп жазылған хабарламаны іліп қойып, баққа мұсылман адамдарының кіруіне мүлдем тыйым салған.
Ташкент архивінде «Сведения о датах взятия городов Аулиеата, Чимкент, Туркестан для проведения крестных поход» деген құжат сақталған. Аталмыш құжат сол уақыттағы Сырдария облысының бастығы генерал-лейтенант Н. И. Гродековтың Түркістан өлкесінің бастығына жазған өтініш хатынан тұрады. Онда жоғарыда аталған қалаларды орыс отрядтарының басып алған күндерін айрықша мерекеге айналдырып, сол күндері аталған қалаларда крест шеруі (крест шеруі деген – христиан дініндегі адамдар үлкен крестті жоғары көтеріп, екі-үш көшені айнала жүріп, шеру өткізетін салт) мен азалы еске алу рәсімін ұйымдастыруға рұқсат сұраған өтініш жазылған. Өтініш генерал-губернатор тарапынан бірден қабылданып, 1891 жылдан бастап, рәсімге енген.
Шымкенттегі крест шеруі Николай көшесіндегі шіркеуден басталып, Шымкентті алу кезінде өлген орыс әскерилері жерленген бауырластар зиратына (ол бүгінгі Тәшенов көшесінің басында болған) дейін жалғасқан. Шеру осы зиратқа келгенде шейіт кеткен орыстарды еске алу азанамасы айтылып, дұға жасалынған. Аталған рәсім 1891 жылдан 1914 жылға дейін жыл сайын үздіксіз жүргізіліп келген.
1894 жылы Николай көшесінен екі қабатты уездік кеңсе салынады. Мұның екінші қабатында уезд бастығының кеңсесі орналасты. Алғашқыда бірінші қабаты алыстан келген сыйлы қонақтар жайғасатын қонақ үй болды. 1905 жылы жарты құрамы ескі ғимаратта отырған уездік кеңсе қызметкерлерінің бәрі осында келіп орнықты. (Бұл ғимаратқа 1920 жылы уездік-қалалық сот, милиция, 1932 жылы облыстық сот жайғасқан. Кейін адвокатура, қалалық заң консультациясы, қала әкімдігінің коммуникация бөлімі, Қазақ тілі басқармасы отырды. Ғимарат күні кешеге дейін аман-сау тұрып келген…)
Қазір Шымкентте арғы ғасырлардан қалған көне ғимараттар некен-саяқ. Солардың бірі Кенбаба паркінің ішінде тұрған Никольск кафедральды соборы, яғни проваслав христиандары епархиясының шіркеуі. Бұл шіркеудің тұрғызылған және пайдалануға берілген жылдары жайында зерттеушілер арасында біраз пікірталастар бар. Өткен ғасырда Шымкент тарихын жазушылардың көпшілігі бұл шіркеу 1908 жылы басталып, 1914 жылы пайдалануға берілген деген пікірді ұстанады. Олар мұндай датаны қайдан алып жүргені белгісіз, бірақ Ташкент архивінде сақталған мәлімет бойынша, бұл шіркеудің құрылысы 1896 жылы басталып, 1904 жылы біткен. Осы шіркеудің құрылысы біткенде «Соборный сад» – «Никольский церковный парк» деп аталады.
Оның бұрынғы қалпының суреті жақсы сақталып қалған әрі ол қазіргі күндері интернетте бар. Әу баста сырттан қарағанда шіркеу төрт қабатты үйге ұқсатып салынған. Бірақ кіре берісінде кішкене екі бөлме болған да, арғы іші өте үлкен бір залдан ғана тұрған. Үсті дөңгелек күмбезді болған. Күмбез үстіне үлкен крест қадалған. Күмбездің ішінде салмағы бір жарым тонна келетін қоңырау (колокол) ілулі тұрған.
Шіркеу алдында биік, бірақ көлемі шағын, төрт бұрышты, бес қабатты тағы бір діни ғимарат соғылған. Шіркеу де, жаңағы шағын ғимарат та, 1922 жылға дейін тұрған. Сол жылы қызыл үкіметтің белсенділері шағын ғимаратты түбімен қиратып, шіркеудің күмбезін қоңырауымен қоса алып тастайды. Оны бұзған белсенділер бір жарым тонналық алып қоңырауды қалай жерге түсіргені белгісіз, қариялардың айтуынша, ол 1942 жылға дейін шіркеу маңындағы жерде жатқан. 1942 жылы оны арнайы жасалған арбамен Пресс автоматтары зауытына апарып, темірін басқа мақсатқа пайдалану үшін ерітіп жіберген.
1925 жылдан кейін шіркеу іші бос тұрған. 1926 жылы шіркеудің кең залын қолмен салынған тақтай дуалдармен бөліп, Пушкин кітапханасы мен губерниялық оқу бөлімі орналасады. 1929 жылы бұл жерде ауылшаруашылығы техникумы ашылады. 1943 жылы шіркеу ішіне этаждар салынып, пионерлер сарайына айналдырылады. Содан бер бұл саябақ – Пионерлер немесе балалар саябағы атанған.
1954 жылы шіркеу ғимаратынан өрт шығып, ішіндегі этажаралық құрылыстар түгел жанып кетеді. 1958-59 жылдары шіркеу толық қайта жөндеуден өтіп, ішінде бөлмелер тұрғызылады. Темір-бетон бұйымдарымен ғимарат ішін этаждарға бөлінеді. Ең үстінді қабатқа әйнек дуалды галерея жасалынады. Осылайша, шіркеу үш қабаты болып шыға келеді. 1983 жылдан мұнда қуыршақ театры орналасады. 2001 жылдан аталмыш саябақ – «Кенбаба» этносаябағы деп аталады.
Қоқандық жазбагерлердің көрсетуі бойынша, ХІХ ғасырда Шымқалада 10 керуен сарай, 16 диірмен, 12 тері илейтін, 7 кетпен-күрек, тырма, бесақа, қылыш-қанжар, пышақ-мыштар дайындайтын темір ұстаханалары мен көрік басатын орын, 5 атарба, өгізарба құрастыратын, олардың дөңгелектері мен ат әбзелдерін жасайтын шеберхана, 15 тігін үйлері, 6 шаштаразы, 5 қышхана, 12 шайхана, 3 майда базар, 3 ағаш ұстаханасы, 1 шыны ыдыстар, 4 саз балшықтан құмыра мен ыдыстар дайындайтын, 9 мақта тазалайтын орын болған.
ХҮІІІ ғасырда Абылайхан Шымқаланы Шымыр руының билігіне берген. Онда қалада бөтен ұлттар аз болған. Қоқандықтар қаланы басқанда мұнда сарт-соғдылықтардың қатары көбейді. Қала билеушілері қазақ руларын қаладан қуды, шетке ысырды. Сайрамды талай ғасырдан бері ұстап келе жатқан қазақ рулары да осындай күй кешті. Қоқандықтар бір ғана Шымқала-Сайрамнан емес, оңтүстіктегі бүкіл қалалардан қазақтарды қуып, Ферғана-Наманған жақтан көшірілген келімсектерді орнықтырған. Осының кесірінен қазақтардың үлкен тобы ұзақ уақыт қалада тұруға бейімдік танытпады, шаһар өмірінен тыс қалды. Қоқан кезінде қалалардағы келімсектердің үлес салмағы 80-90 процентке артты. Керісінше, оның айналасы 50-60 жылдық басқыншылығының кезеңінде шаһарлардағы қазақ тұрғындарының саны осыншама процентке азайды. Оның үстіне шаһарда жатжерліктермен көрші отырған қазақтардың көпшілігі сол басқа ұлтқа кірігіп, болмысы мен ұлттық қалпы өзгеріп кеткен.
Орыс отаршылдығынан соң да қазақтар шаһарларға ұзақ уақыт бойы қоныстана алмайды. Есесіне, баяғы Қоқан басқыншыларымен бірге келген жұрттың қатары көбейеді Осының салдарынан ХІХ ғасырдың өн-бойында оңтүстіктегі кез келген қалаларда Алаш баласының үлес салмағы аз болып келді. Мұндай үрдіс тіпті ХХ ғасырдың 50-ші жылдарына дейін жалғасқан.
Қанша дегенмен орыстар қоқандықтар сияқты емес, баста айтқанымыздай, қазақ жеріне қай тұрғыдан болса да батыстық өркениет әкеледі. Бірақ та, басқыншы ел басып алған жерінде өз үстемдігі мен саясатын жүргізетіні белгілі. Орыс отаршылдары да осы ұстанымды ұстанады. Осыған байланысты қазақтар бар тараптан қысымшылықа ұшырамаса да, рухани тұрғыда артта қалды. Қазақтарға қарағанда шаһарда тұратын өзбектер қалаға шоғырланған орыстармен етене араласып, заман ағымына тезірек үйлесімділік танытыпты. Дегенмен өзбектер діни ілімге көбірек ден қойды. Осының айғағы ретінде ХІХ ғасырдың аяғында шаһардағы өзбектердің саны артып, Шымкентте ірілі-ұсақты 42 мешіт-медіресе жұмыс істепті. Бұларда аракідік қазақтар болмаса, ылғи өзбек балалары оқыған.
ХХ ғасырдың басында Шымкент уезд орталығы ретінде сол заманның өркениетіне сай әжептеуір-ақ дамыды. Бұл кезде қалада 3 май сығатын, 5 тері өңдейтін, 15 сабын қайнататын, 15 кірпіш шығаратын зауыт, 15 темір ұстаханасы, 26 диірмен, 4 мақта тазалайтын өндіріс орны жұмыс істеді. Бұлармен қатар 19 мануфактуралық, 87 жеті тері және ыдыс-аяқ, 70 ұсақ-түйек лавкалары, 50 шайхана, 9 асхана, 27 ұн сататын шағын дүкендер болған.
Кейбір жазбаларда ХХ ғасырдың басында қалада 42 мешіт, 3 православ храмы бар деген дерек айтылады. Меніңше, бұл асырылып айтылған дерек. Өйткені бар болғаны 13 мыңнан сәл ғана асатын мұсылмандары бар онша үлкен емес қалада мұнша мешіттің болуы мүмкін емес. Бұдан басқа ол кезде Шымкентте Никольск шіркеуінен басқа православ храмдары болмаған. Оның үстіне «Отчет о уезде Чимкента» деген 1902 жылы шыққан құжатта сол уақытта Шымкент қаласында ірілі-ұсақты төрт мешіт-медіресе бар екені анық көрсетілген.
1900 жылдары қаладағы Николай атындағы орталық көшеге жалпақ тастар төселеді. Шенеуніктер мінетін жұмсақ жүрісті тарантастар көбейеді. Су жүйесі ретке келтіріліп, көше бойларынан арнайы арықтар қазылып, қалдық ағын сулардың кәріздері жүргізіледі.
1909 жылы Шымкент қаласының алғашқы гербі жасалады.
Сол жылы Николай және Садовая көшелерінің қиылысынан Твардов деген көпес қаладағы ең үлкен деп танылған дүкен салады.1910 жылдарға таман Степная көшесінің батыс беті де үйлерге толады. Қазіргі «ЦУМ-ның» батыс жағында, солдаттардың мінісіне және ішім-жеміне арналған 100 жылқы, 200-дей қой, 300-дей шошқа бағылатын арнайы қораның қабырғасы қаланады.
1864 жылға дейін Ресей аумағында 13 әскери округ бар еді. Сол жылы тағы екі – Орынбор және Түркістан әскери округтары құрылады. Бұл екі әскери округ Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны жаулауға ерекше еңбек сіңіреді. Бір қызығы, сұр-көкшіл (серовато-зеленая) түсті әскери гимнастерка 1869 жылы алғаш рет Түркістан әскери округінің солдаттарына берілген форма болатын. Осы сұр-көкшіл түсті гимнастерка кейінгі төңкеріс уақытында жұмысшы-шаруалар әскерінің, одан соң 1969 жылға дейін совет армиясының да формасы болған. Патша уақытында Шымкентте тұрған гарнизон солдаттары да тура осы форманы киген. Сол уақыттарда осы киіммен түскен орыс солдаттарының суреттері тарихи құжттарда көптеп кездеседі.
Орыстар Түркістанды жаулаған кезде қала коменданты А. Н. Веревкин (кейін Шымкенттің коменданты) 1864 жылы «Түркістандағы жергілікті халықты басқару» атты бұйрық шығарады. Ол бұйрық бойынша, шаһар халқын шейх атағы бар қожадан шыққан дінбасы басшылық жасайтын үш ақсақалдан тұратын кеңес басқарды. Үш ақсақалдың әрқайсысы көмекшілерімен бірге өздеріне қарасты көшелердегі тәртіпті қатаң қадағалауға міндетті болды. Сонымен қатар қазыларға мұсылмандар арасындағы дау-дамайды шариат қағидаттарына байланысты шешіп отыруға құқық берілді. Ал адам өлтіргендер, тонаумен айналысқандар және сатқындық жасағандар Ресей империясының заңдарымен жазаланды.
Веревкин 1865 жылдың аяғында Шымкент коменданты болып тағайындалған кезде де осы бұйрықты қала халқы арасында қолданысқа енгізеді. Отаршылдар мұсылмандарды өз заңдарына бағындыруға қатты күш салғандарымен, алғашқыда өздері ешбір заңға бағынбайтын шексіз билікке ие болады. Атап айтқанда, қалада өздеріне ұнаған үйлердің қожайындарын далаға қуып шығып қоныстануға, байлар мен бақуаттылардың мал-мүліктерін тартып алуға, бойдақ офицер-солдаттар мұсылман әйелдерін зорлауға, тіпті кейде көңіліне ұнамаған қазақ-өзбекті атып тастауға, керегінше қорлауға, шексіз келеке-мазақ етуге, тағы басқа да түрлі басымдықтырға ие еді. Тек 1886 жылы шыққан Түркістан жұртын билеудің жаңа «Ережесі» шыққан соң ғана отаршылдар өздері бұратана атайтын мұсылмандарға оң қабақпен қарай бастайды.
1900 жылы бұрынғы қала қорғанының Қошқарата жақ бетіндегі биік төбесіне Шымкент қаласын басып алу кезінде қаза болған солдаттар мен офицерлерге арналып ескеткіш орнатылады. Ол ескерткіштің түбі тастан қаланып, үстіне мылтық ұстаған солдат бейнелері, зеңбірек пен ракеталық қарулардың көшірмелері тұрғызылады.
1914 жылдың басында генерал-губернатор А. В. Самсонов Түркістан өлкесіндегі барлық орыс қауымына Шымкенттің ортасынан генерал Черняевке ескерткіш орнату жайында ұсыныс тастайды. Және бұл ескерткішке кететін шығын өлке қазынасынан емес, Шымкентті алғаш жаулап, Азия жеріне жол ашқан генерал Черняевқа деген құрмет білдіретін әрбір орыс азаматынан жиналатын қайырымдылық қаржыдан тұрғызылуы керек деп шешеді.
Артынша Сырдария облысының бастығы А. Галкин Шымкентті орыс әскерінің жаулағанына 50 жыл толуына орай қала атын Черняев деп атау туралы бастама көтереді. Бұл бастаманы да облыстағы орыс қауымы бірден қолдап кетеді. Содан 1914 жылдың көктемінде Шымкент уезді – Черняев уезді, Шымкент қаласы – Черняев қаласы болып өзгертіледі.
Ташкент архивінде осы өзгеріс туралы сандаған материалдар сақталып қалған. Сондай-ақ Черняевке ескеркіш тұрғызуға арналған қайырымдылық қорына ақша жинаған біраз орыс шенеуніктері мен көпестерінің, мұжықтарының тізімдері сақталған. Бірақ 1914 жылдың жаз айларында бірінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетуіне байланысты Черняевке ескерткіш ортнату жұмысы аяқталмай қалады.
1867 жылы алғаш рет құрылған облыстық басқармада облыс бастығын есептемегенде 20 қызметкер болыпты. Атап айтқанда, басқарма штатын – облыс бастығының ерекше тапсырмаларын орындайтын бір көмекші, бір кеңесші мен бір аудармашы, 5 маман мен 12 іс жүргізуші. 1900 жылға қарай ондағы қызметкерлер саны 40-қа жеткен. 1869 жылдан облыстың бастығына бағынышты облыстық полиция және жандармерия, шекара, кеден басқармасы, 1873 жылы переселендер, 1876 жылы жер, жол-құрылыс, түземдіктермен жұмыс, 1879 жылы ауа райын зерттеу комитеттері ашылды. Облыс бастығының айлығы 10 000 мың, көмекші мен кеңесшінің жалақысы 4800 рубльді құрайды.
Уездік кеңседе бастықты қоса алғанда 10-12 шенеунік қызмет еткен. Уезд бастығының жалақысы 5 мың, қызметкерлердікі 4,5-2,5 мың рубльді құраған. Уездерде басқармалар болған жоқ. Тек түземдіктермен жұмыс, полиция мен жандармерия және переселендер сияқты үш дербес бөлімдер болған.
Ресей патшалығы Түркістанды отарлаған соң өлкені ұстап тұруға кететін шығынның бәрін әскери министрліктің мойнына артқан болатын. Әлбетте, әжептеуір жері бар мемлекеттің аумағына сай келетін Түркістанды дамыту мен мұнда мемлекеттік жаңа құрылымдар жасау үшін миллиондаған қаржы керек еді. Оның үстіне жаңа отарланған жерге келген мыңдаған шенеуніктер мен әскерилерді қаржымен, тамақпен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отыру да оңай емес-ті.
Бірақ алғашқы жылдары мемлекеттік дотациямен күн көрген Түркістан өлкесіне берілетін мемлекеттік жәрдемнің көлемі 1870 жылдардан бастап азая бастайды. Өйткені өлке билеушілері өздеріне қажетті қаражатты жергілікті халықтың есебінен толықтырудың жолын табады. Әрине, қазынаға кіріс түсіретін ешқандай өндірісі жоқ Түркістанда үкімет орындары тек халықтан түсетін салықпен қана қоржындарын толтыра алатын еді. Орыс шенеуніктері кешікпей осы тәсілді қолға алып, әр облыс пен уездердегі, қалалар мен кенттердегі мұсылмандардың тұрмыстық деңгейіне қарай салық салады. Уақыт өте келе, салықтан түсетін пайда мемлекеттің қазынасын әжептеуір көлемде толтырып отырады.
Шымкент уезд орталығы санатындағы қала болған соң әрі мұнда қолөнермен, сауда-саттықпен, сондай-ақ әр түрлі кәсіппен айналысатын кәсіпкер, делдал, саудагер өзбектер көп тұрған соң олардан алынатын салық көлемі қала қазынасын белгілі бір деңгейде толтырып отырған. Мысалы, кәсіпкерлікпен шұғылданатын кез келген адам айына екі сомнан, базар делдалдары екі сомнан, базар қожайындары, кірешілер мен керуен тартатындар бес сомнан, мешітттер үш сомнан, молдалар мен қазылар бір сомнан, бала оқытатын молда екі сомнан салық төлеген. Әр үйге түтін салық елу тиыннан түскен. Бұлардан басқа да салық түрлері болған.
Одан соң қала халқы пайдаланатын Қошқарата мен басқа да бұлақ сулары уездік кеңсенің құзырына алынып, тұрғындар ішкен және бау-бақша суғарған сулары үшін жаз айларында айына бір сомнан, қыс айларында жиырма бес тиыннан салық төлеген. Ол кезде патша ақшасының кейінгі уақыттардағы құнына қарағанда біршама төмен-тұғын. Дегенмен осы салық көлемінің қанша уақытқа созылғаны туралы мәлімет қалмаған. Әр кезеңде ақша құнының өзгеруіне байланысты салық көлемі де өзгеріп отырған. Сол үшін де, ол туралы нақты бір кесімді дерек айту қиындау.
Патшалық Ресей Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия жерін жаулағаннан кейін бұл өлкеде отаршылдарға қарсы бірнеше көтерілістер өтті. 1850 жылдары Арал төңірегінде, 1892 Ташкентте, 1894 жылы Ферғанада, Жызақта, 1906 жылы осы күнгі Төлеби ауданына қарасты Бадам жерінде әлденеше мың мұсылмандар отаршылдар саясатына қарсылық танытып, көтеріліске шыққан. Бірақ бұлардың бәрі қарулы әскердің күшімен басылып жаншылған.
Шымкентте 1916 жылға дейін жергілікті тұрғындар патша шенеуніктері мен биеушілері тарапынан қаншалықты зәбір көрсе де, оларға қарсы ешқандай бас көтермепті. Бірақ соғыс болмағанымен, шаһар жұрты бөтеннен көп жапа шегіп, аса мол қасірет тартқан. Солай болса да, елу екі жыл бойы соғыссыз өткен мұндай тыныш заман бұрынғы ғасырларда Шымкент қаласында ешқашан болмаған екен…
1905 жылы Арыс қаласы арқылы өтетін Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысы бітіп, 1906 жылдан екі арада пойыздар қатынай бастайды. Шымкент-Арыс арасына тартылған теміржол 1915 жылы бітеді. 1915 жылдың 6 қарашасында Арыстан Шымкентке алғаш рет екі вагонды паравоз келеді.
1916 жылдың басында Жетісу тарапына жаңадан салынып жатқан жол бойынан Шымкент пен Манкент арасына, сондай-ақ Түлкібас станциясына дейін адам таситын тауар-көлік пойызы жүргізіледі.
1910 жылы Шымкент қаласындағы уезд бастығына мына адамдар бағынышты болған:
Уезд бастығының көмекшісі,
Уезд басқармасының хатшысы,
Уездік басқарманың жазбаша аудармашысы,
Уездік хат-хабар жүргізушісі,
Уездік дәрігер,
Уездік ветеринарлық дәрігер,
Жер өлшеуші,
Қалалық архитектор,
Полиция приставы,
Екі кластық қалалық училищелердің құрметті қараушысы,
Училищенің оқытушы-инспекторы,
Мировой судья,
Қалалық нотариусшы,
Қалалық қазынагер,
Телеграф-пошта кеңсесінің меңгерушісі және көмекшісі,
Орман қорғаушысы,
Қалалық дәрігер,
4 учаскелік дәрігер,
Податный инспектор,
Екі орыс-түзем мектебінің екі меңгерушілері,
Әйелдер «Приходская школасының» меңгерушісі
Осындай дәрежедегі қызмет орындары 1917 жылға дейін сақталып тұрған.
Амангелдиев М.Ә.
шежіреші, тарихшы.
Шымкент қаласы
Leave a Reply