2023-02-09

Қайтарымсыз грант: Комиссия отырысы ашық өтті

Spread the love

Шымкентте қайтарымсыз грант алу үшін комиссия отырысы ашық өтті. Бүгінгі таңда үшінші лек бойынша үміткерлердің бизнес жоспарын қарап шықты. Бұл отырыста 170-ке жуық азаматқа оң шешім шығарған. Үміткер саны көп, таңдау қатаң әрі әділ жүргізіліп жатыр дейді сала жауаптылары. Осы кезде қайтарымсыз грант алу үшін жарияланған төртінші  кезеңге құжат қабылда науқаны аяқталды. Оған 1500-ден астам өтінім келіп түскен.

Бизнес жоспарын қорғап, қайтарымсыз грант алуға келген үміткерлер көп болды.Басым бөлігі көпбалалы аналар. «Тең қоғам» орталығына жиналған олар үшінші лек бойынша құжат тапсырған. Бүгінге дейін 1062 өтінім түсіп, комиссия мүшелері 700-ден астам азаматты қабылдап үлгерген. Нәтижесінде170-ке жуығына оң шешім шыққан. Таңдау қатаң. Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің іскерлік дағдыны меңгеруіне және жаңа жұмыс орнын құру жоспарына басымдық беруде.

Талғат Балтабаев, қалалық мәслихаттың хатшысы, комиссия төрағасы: «Үміткерлермен сұқбаттасу барысында көп олқылықтар орын алуда. Мысалы дайын, ашып алған бизнесіне ақша алғысы келетіндер кездесті. Біз басымдық психологияны жойсақ дегенді мақсат етіп отырмыз. Көп адамдар мемлекеттің ақшасынан құр қалғысы келмей келген. Тағы бір бөлігі жобаны сатып алған».

Жансая Сатыбалдиева көпбалалы ана. Онлайн бизнес оқытудан өтіп, сертификатқа ие болған.Бүгінде баланың ойлау қабілетін дамытатын ойыншықтар шығаруды қолға алған. Егер грант алса, кішігірім цех ашуға дайын. «Мен әзірше үйде айналысып жатырмын.Егер грант ұтсам,  кішігірім цех ашамын. Қазірдің өзінде үлкен үйшіктер тапсырыс түсіп жатыр. Оны орындау үшін станоктарым жетіспейді. Сол үшін де «Бизнес бастаудан» үмітті болып келдім»-дейді.

Үшінші лектегі жаңа бизнес идеяларды іске асыратын үміткерлер 23-қыркүйекке дейін жобаларын қорғап шықты. Күніне 150-200  қатысушыны тыңдаған комиссия мүшелеріне де оңайға соққан жоқ. Ал оң шешім алғандығы турасындағы хабарлама үміткердің ұялы телефонына sms хабарлама болып түседі.

Айта өтейік, мемлекет қаржысына кәсіп ашқандар жіті тексеріледі. Жылына екі рет мониторинг жүргізіледі. Бүгінде қайтарымсыз грантты жеңіп алған үш азамат қаржыны кері қайтарғаны белгілі болып отыр.

Бекболат Әлиханов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «2022 жылы жаңа ұлттық жоба аясында портал арқылы әркім өзінің жеке кабинетіне кіріп, үш айдың ішінде кәсібін ашқаны туралы растау керек. Жеке кәсіпкер ретінде есеп тапсырады. Ал есепті тоқсан сайын тапсырады.Алған затына фискальды шегі керек. Төлем қағазы тіркеледі. Оған міндетті түрде суреті керек».

Қайтарымсыз грант мөлшері-1 225 200 теңгені құрайды. Биылғы жылы Шымкент қаласында өз ісін бастағысы келетін азаматтарға 1 150 қайтарымсыз грант (400 АЕК) беру жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы үш лек бойынша 610 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Оның ішінде 430-ы әйел азаматшалар. Олар жартылай дайын тағамдарды сату, кондитерлік өнімдерді даярлау, тігіншілікпен айналысу, сүт өнімдері мен балалар ойыншықтарын жасап шығару сынды ұсыныстарын білдірді.

 

Яндекс.Метрика