Мектеп – әрбір адамның өміріндегі ең алғашқы білім ордасы, тұлға болып қалыптасу жолындағы алғашқы қадам. Бұл жер тек оқып, жазуды үйренетін орын ғана емес, сонымен қатар адамгершілік, еңбекқорлық, достық сияқты өмірлік құндылықтарды бойға сіңіретін ерекше орта. Мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие адамның болашақ өміріне негіз болады.
«Жүректен жүрекке» акциясы ұйымдастырылды
Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде «Біртұтас тәрбие» жобасы аясында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жүректен жүрекке» акциясы биыл да өз жалғасын тауып, үлкен маңызға ие болды. Іс-шараның басты мақсаты – білім алушылар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, психологиялық қолдау көрсету және олардың өзара қарым-қатынасын жақсарту. Бұл игі бастаманың ұйымдастырушысы мектептің білікті педагог-психологы Жанар Байғазықызы. Оның жетекшілігімен 6 сынып оқушылары үшін арнайы психологиялық тренингтер өткізіліп, білім алушылардың эмоционалдық жай-күйін жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Шара барысында оқушылар бір-біріне деген жылы лебіздерін айтып, ыстық ықыластарын жеткізіп, мейірімділік, жанашырлық пен қамқорлық қасиеттері туралы өз ойларын ортаға салды. Олар өздеріне және өзгелерге оң көзқараспен қараудың маңыздылығын түсініп, достық қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосты.
Сонымен қатар, іс-шара барысында оқушылар әртүрлі шығармашылық тапсырмалар орындап, топтық ойындарға қатысты. Бұл жаттығулар олардың ұжымдық жұмыс істеу қабілеттерін арттырып, өзара түсіністік пен сенім атмосферасын қалыптастырды. Тренингтер оқушылардың өзін-өзі бағалауын арттырып, бір-біріне қолдау көрсету дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Акцияның соңында қатысушылар іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, осындай кездесулердің олардың өмірінде үлкен рөл атқаратынын атап өтті. «Жүректен жүрекке» акциясы – мектеп оқушыларының рухани-адамгершілік тәрбиесіне, психологиялық қолдауға және достық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады. Әрбір оқушыны қайырымдылық ісіне тарту және оның жүзеге асуына олардың ортақтасуы, балалар мен жасөспірімдердің тілектерін орындауға көмектесу үшін ортақ күш салуды біріктіру мақсатында жүзеге асқан акция алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деген сөзді ұран еткен ұстаздардың еңбегі қашанда ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Ұстаздарды ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған.
Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің ұлағатты ұстаздар қауымы да өз шәкірттерін жан жүрегімен жақсы көріп, құрметке бөленіп жүрген жандар. Осындай құрметке бөленіп жүрген ұстаздарымыздың білім саласында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Атап айтар болсақ, бала жанының бағбанына айналған бастауыш сынып мұғалімі Аташ Құндыз Өртайқызы Республикалық «Алтын тұғыр» олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысып, жүлделі І орынды иеленсе, бастауыш сынып мұғалімі Утебаева Жаңыл Қалдыбайқызы жүлделі ІІ орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Одан бөлек Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде ғылыми-әдістемелік кабинеттің бастамасымен құрылған «IT start-up 7» гуманитарлық бағыттағы магистрлер қауымдастығының «Цифрлық дәуір және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың трансформациясы» деп аталатын апталығы шеңберінде мектеп мұғалімдері арасында «Ең үздік спорт шебері — 2024» атты эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Еркін бейресми қарым-қатынас жасауға, командада жұмыс істеуге және корпоративтік байланыстарды нығайтуға бағытталған бұл сайысты мектеп директоры Раушан Алмаханқызы ашып, қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі. Ол бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы мұндай спорттық сайыстардың маңызы ерекше екенін атап өтті.
Қатысушы спортшылар арқанды секіртпе, доппен секіру, таяқшаға дәлелдеу, қос аяқпен секіру, арқан тартыс секілді спорттық сайыстардан сынға түсті. Сайыстың қорытындысы бойынша «Жеңіс» тобы І орынды иеленіп, арнайы кубокпен марапатталса, ІІ орынды «Бүркіт» тобы, ал жүлделі ІІІ орын «Мұрат» тобының еншісіне бұйырды. Педагогтер арасында қызықты әрі тартысты өткен спорттық жарыстың өтуіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Балабеков Темірхан, бастауыш сынып мұғалімдері Асемкулова Салима, Абишова Динара, Искакова Айгул сынды педагогтар ұйытқы болды.
Айта кетсек, апталық білім алушылардың цифрлық технологиялардың қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарға әсері, оның ішінде білім беру мен зерттеу әдістерінің өзгеруін қолдану және қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған болатын. Мектеп директоры Раушан Алмаханқызы ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тілеп, оқушылардың ғылыми жетістіктерімен танысып, оларға оң бағасын берген еді. Апталықтың соңы жас өнерпаздар мен магистр ұстаздардың дайындаған мерекелік іс-шараға ұласты.
Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің оқушылары арасында да ауыз толтырып айтарлық нәтижелер жоқ емес. 10-11 сынып оқушылары «Алтын түлек» олимпиадасының өңірлік кезеңіне қатысып, төмендегідей нәтиже көрсетті: 10 «А» сынып оқушысы Міркәрім Ертұлға І орынды иеленіп, Республикалық кезеңге жолдама алса (жетекшісі математика пәнінің мұғалімі Кезенбаева Асемай), 11 «А» сынып оқушылары Бейсенов Расул мен Паринбек Назерке ІІІ орынды (жетекшілері Пернебек Әсел), 10 «А» сынып оқушылары Баимбетова Асылжан, Байсенов Нұрасыл ІІІ орынды (жетекшілері Кезенбаева Асемай), 10 «Ә» сынып оқушысы Қоңырбай Арсен ІІІ орынды (жетекшісі Пернебек Әсел) иеленді. Ал 11 «А» сынып оқушысы Асан Нұрхат пен 11 «Б» сынып оқушысы Жансейт Мерей арнайы Мақтау қағазымен марапатталды.
Сонымен қатар, Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің мақтанышына айналған тағы бір топ оқушы шетелге барып, ерекше әсер алып қайтқан болатын. 10 «А» сынып оқушысы Орынбасар Дамир, 10 «Б» сынып оқушысы Құлнияз Нұрасыл, 10 «Ғ» сынып оқушысы Әміре Сымбат Біріккен Араб әмірліктерінде болып, Дубайдағы бас Консулдықтың ауқымды іс-шарасына қатысты. Әлем ғаламаты Бурдж Халифа ғимараты сияқты бірнеше нысанда қасиетті қара домбыраны шертіп, жергілікті халықтың, туристердің таңданысын тудырды. Сапар аясында арнайы бейнематериалдар түсіріліп, оны Республика күні Дубайдың ең көрнекі жерлерінде монитордан көрсету жоспарланды. Оқушылардың екі ел арасындағы мәдени байланыстың одан әрмен беки түсуіне атсалысуы – білім ұясы үшін үлкен мәртебе.
Мектеп парламенті өзін-өзі басқару ұйымының республикалық балалар құрылтайы өтті
Астана қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық Қосымша білім беру оқу салалық орталықтарының бастамасымен Мектеп Парламенті өзін-өзі басқару ұйымы көшбасшыларының «Әрекет уақыты» Республикалық балалар құрылтайы өткен болатын. Аталған құрылтайға киелі шаңырақ Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің Мектеп парламенті өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі Міркәрім Ертұлға Серікұлы қатысты. Төтенше жағдайлар министрі бойынша қатысқан шәкірт осынау форумнан ерекше әсер алып, мол тәжірибе жинақтағанын жеткізді. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, оларды көшбасшылыққа тәрбиелеу, тың идеяларды жүзеге асыру мақсатында Мектеп Парламенті өзін-өзі басқару ұйымының жетекшісі Сарбаев Канат Нышанбайұлының да еңбегін ерекше атауға болады.
Ауқымды форумға Республика көлемінде 100 жас көшбасшылар қатысып, оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамытуға және жастарды әлеуметтік процестерге белсенді тартуға ұмтыла отырып, идеялар мен тәжірибе алмасты.
Іс-шараның маңызды бөлігі билік және БАҚ өкілдерімен кездесу болды. Қатысушылар Астана қаласы мәслихатының депутаттарымен, «ESBOL QORY» өңірлерімен өзара іс-қимыл жөніндегі менеджерімен, «Астана ТВ» телеарнасының журналистерімен және №6 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен сөйлесті. Бұл маңызды мәселелерді талқылауға және оларды шешудің жолдарын табуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Құрылтай қатысушыларға экскурсия, соның ішінде ботаникалық бақтың жылыжай кешеніне баруды ұсынды.
Құрылтайдың басты оқиғасы Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің қатысуымен Бейбітшілік және келісім сарайында өткен пленарлық отырыс болды, онда жас көшбасшылар ел мектептерінде іске асырылған табысты жобалар мен бастамаларды талқылады. Жас көшбасшылар балалар мен жасөспірімдер қозғалысын одан әрі қалай дамыту керектігі туралы пікір алмасты және осы маңызды әлеуметтік маңызды қозғалысты нығайтуға көмектесетін қарарға идеялар ұсынды.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Ұрпақ тәрбиесі қашанда қоғам назарынан тыс қалған емес. Бала тәрбиесіне байыппен қарайтын еліміз өзінің баянды болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырады. Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде «Біртұтас тәрбие» ұлттық жобасын жүзеге асыру бағытында, сонымен бірге Әл-Фараби ауданы прокуратурасының 2024 жылғы 12 қараша күнгі №2-12-24-05021 хатына сәйкес онкүндік іс-шаралар жоспары аясында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты тақырыпта сала мамандарымен кездесу өткізілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен әлімжеттілік, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау, буллинг, кибербуллингтің алдын алу, интернет алаяқтықтан сақтану, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына дарыту, ұлтжандылық, Отаншылдық сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жиналысты директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Серікқызы ашып, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. «Бақытты жанұя» отбасын қолдау орталығының заңгері Жантөре Асылбеков оқушыларға балалардың құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілігі туралы айтып, оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Білім алушылардың психологиялық ахуалын қалыптастыру, өмірге деген көзқарастары мен білім алуға деген құлшыныстарын арттыру, олардың мінез-құлықтары туралы «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығының психолог маманы Назерке Бегалиева сыр-сұхбат әңгіме жүргізіп, «Өмірге деген көзқарас» атты психологиялық тренингтер жүргізді.
Әжелер алқасының мүшесі, қоғам белсендісі Мамыркүл Елемесқызы баланың отбасындағы тәрбиесі, отбасы құндылықтары, әке мен ананың бала тәрбиесіндегі маңызы, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мәселелері бойынша ғибратты әңгімелерімен бөлісті. Ұлттық құндылықтарымызды, бабалар дәстүрін сақтау, әсіресе қазіргідей жаȟандану дәуірінде үлкен маңызға ие болып отыр. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау арқылы ұлттық сананы сақтап қала аламыз. Сондықтан да ана тіліміз бен төл тарихымызды, мәдениетіміз бен қалыптасқан салт-дәстүріміздің насихаттау өте маңызды.
Мектеп инспекторы Мейірман Қуанышбекұлы бүгінгі таңда өзекті болып отырған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен әлімжеттілік, оқушылардың түнгі уақыттарда ойын-сауық мекемелерде және кафелер мен түнгі клубтарда жүрмеуі, жаңа жыл мерекесі қарсаңында химиялық жарылғыш заттарды қолднабауға және өміріне қауіп төнетіндігі жайында кең көлемде құндық ақпараттармен бөлісті.
Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған ғасырында ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттердің алдын алуға бағытталған келелі кездесу жоғары деңгейде өткізілді. Кездесудің жоғары деңгейде өтуіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Серікқызы, педагог-ұйымдастырушы Қанат Нышанбайұлы мен педагог-психолог маман Нұргүл Нұрлыбайқызы атсалысты.
Дені сау ұрпақ – ел ертеңі
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен әлімжеттілік, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау, буллинг, кибербуллингтің алдын алу, интернет алаяқтықтан сақтану, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына дарыту, ұлтжандылық, Отаншылдық сезімдерін қалыптастыру мақсатында да мектепте түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде «Дені сау ұрпақ – ел ертеңі» атты тақырыпта №8 емхананың мамандарымен кездесу өткізілді. Жиналысқа №8 емхананың гинеколог дәрігері Алиева Назира Бақытжанқызы, №8 емханасының психолог маманы Құрманалиева Жадыра Ордабекқызы, №8 емхананың салауатты өмір салтын сақтау дәрігері Мұсаханова Жанна Шалқарқызы қатысып, білім алушыларға жеке бас гигиенасын сақтау, буллинг пен кибербуллинг мәселелері туралы құндық ақпараттармен бөлісті. Жиналысты директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Серікқызы ашып, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен әлімжеттіліктің алдын алу мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мектептегі іс-шаралар – тұлғаны дамыту алаңы
Мектеп – тек білім беру орны ғана емес, сонымен бірге оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін ерекше орта. Осы мақсатта мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Мектептегі іс-шаралардың қатарында спорттық жарыстар, мәдени-танымдық байқаулар, шығармашылық кештер мен ғылыми жобалар байқауын атап өтуге болады. Мұндай шаралар оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа дағдыларды меңгеруге және өз таланттарын ашуға жол ашады. Сонымен қатар, мектеп ішіндегі іс-шаралар – оқушылардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, ұжымдық жұмысқа бейімделуіне көмектеседі. Олар бір-бірімен пікір алмасып, жаңа достар табады, жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Осындай іс-шаралар арқылы мектеп оқушылары тек білім алып қана қоймай, өмірлік маңызды тәжірибе жинақтайды. Сондықтан мектептегі әрбір іс-шараның маңыздылығы жоғары, ал оған белсене қатысу – әр оқушының міндеті. Мектеп өміріндегі белсенділік – болашақта жетістікке жетудің алғашқы қадамы екені сөзсіз.
Leave a Reply