АРЫСТЫҢ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШТЕРІНЕ НАЗАР АУДАРУ КЕРЕК

Арыс қаласы әкімінің назарына

Оңтүстік өлкеде Арыс деген тамаша қала бар. Ол қаланың кереметтігі сол, ғасырлардан өткен тарихи маңызы бар сәулет ескерткіштері көп шоғырланған. Ондай көркем архитектуралық ескерткіштері сақталған қала Оңтүстік өлкеде жоқ шығар. Бір көріп шыққанның өзінде ерекше таңданыс сезімде боласың. Әрине, 2019 жылғы жарылыс кезінде ол ғимараттар біршама зардап шегіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргені рас. Жолымыз түскенімізде Арысты шарлап, тарихи сәулет ескерткіштерінің келбетін көзбен көрудің сәті түсіп еді.

Жалпы, Арыс қаласы 1900 жылы Орынбор-Тәшкен теміржол құрылысымен тығыз байланысты іргесі қаланды деп саналады. Дегенмен, қаланың іргесіндегі оба-қорғандар мен қалажұрттардың (городище) іркес-тіркес жатуының өзі бұл маңның атам заманнан бос жатпағанын білдірсе керек. Дұрыстап жүйелер болса, қала тарихын мыңдаған жылдарға тереңдетуге болады. Біздің айтпағымыз ортағасырлардан жеткен ескерткіштер жайлы емес, өткен ғасырдың басынан басталатын көркем сәулет ескерткіштері төңірегінде болмақ.

Арыста орын тепкен сәулет ескерткіштерінің дені теміржолмен байланысты. Қаладағы ең көне ғимарат – қалалық музей орналасқан Көпес үйі. Вокзал алдындағы алаңқайлы аллеяның шетінде, көрнекті жерге орын тепкен бұл ескерткіштің сыртқы көрінісінің өзі өте көркем, жақсы сақталыпты. Музей ішінде ортағасырлық қалалар орнынан табылған керамика бұйымдары, алып құмыралар, су құбырлары секілді экспонаттар қойылған. Ат басын бірден музейге бұруымыздың себебі бар. Арыс қаласының тарихи-мәдени ескерткіштерін жақсы білетін Қанат деген экскурсовод жігіт бар. Қайсысы қай жерде, оған баратын жолдарды бес саусағындай біледі. Арысқа жасаған сапарымызға таптырмайтын кісі.

Қанат жол бастаушымызға айналып, Арыстың теміржол вокзалынан бастап, рет-ретімен таныстыра бастады. Сәулет ескерткіштерінің көп бөлігі Қазыбек би, Әділбек би, Әйтеке би көшелерінің айналасына шоғырланыпты. Музей үйі (Көпес үйі, 1900ж., геокоординаты 42°25’12.4″N 68°47’42.9″E), Арыс вокзалы (1904ж., геокоординаты 42°25’09.8″N 68°47’38.1″E), Қызметтік корпус (Теміржол полициясының ғимараты, 1904ж., геокоординаты 42°25’09.6″N 68°47’47.0″E), Су мұнарасы (1906ж., геокоординаты42°25’14.5″N 68°47’40.6″E), Теміржол ауруханасы (1906ж., геокоординаты 42°25’15.6″N 68°47’39.8″E) ғимараттарының жақсы сақталғанына көз жетті.

Ал, Кітапхана ғимараты (1905ж., геокоординаты42°25’07.3″N 68°47’48.0″E), Тұрғын үй (ХХғ. басы, геокоординаты 42°25’07.6″N 68°47’49.9″E), Қатынас жолдары министрлігі көшесінің құрылысы (барлығы 10 үй, 1904ж., геокоординаты42°26’23.3″N 68°48’31.6″E) үйлерінің жан-жағына бастырма секілді жапсарма құрылыстар түсіп, ескерткіштің сырт келбетіне әдеуір кері әсерін тигізген. Сондай-ақ, Демалыс үйі (1905ж., геокоординаты 42°25’08.1″N 68°47’41.3″E) деп аталатын сәулет ескерткішінің алаңқай бетіндегі сырт келбеті дұрыс сақталғанмен, негізгі кіретін жағы қирап жатыр, іші 2019 жылғы жарылыс кезінде өртеніп, қатты зардап шеккен күйі тұр. Қабырғаларының барлығын қап-қара болып күйік шалған. Қатты зардап шеккен сәулет ескерткіштерінің қатарына Мұздық (1904ж., геокоординаты 42°25’16.6″N 68°47’40.4″E) нысанын жатқызуға болады. Бұл ескерткіштің іші жуынды төгетін орнына айналса, сырты тауықхана болып кетіпті.

Жоғарыда аталған сәулет ескерткіштерінің барлығы Түркістан облысы әкімінің 17.09.2020 жылғы №188 қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған. Сондықтан, ескерткіштердің дұрыс сақталуына Арыс қаласы әкімдігі мүдделі болу керек. Саяхат барысында белгілі болғандай, тамаша сақталған көркем ғимараттардан алған эстетикалық ләззатымызды кейінгі көрген нысандардың жағдайы су сепкендей басты. «Орыс патшалығынан қалған нәрсе ғой, оны сақтаудың қажеті жоқ» дейтін пікір айтатындар да шығар. Мейлі, халқымыз нендей дәуірді бастан кешсе де, Ресейдің отаршылдық саясатын өткерсе де, әр дәуірдің ескерткіштері сақталғаны жөн. Өркениетті елдер еске алғысы келмейтін қандай тарих беттері болмасын, «Берлин қабырғасы» секілді ескерткіштерін келешек ұрпаққа сақтап келеді. Ескерткіштерін сыйламайтын, тарихына құрметпен қарамайтын, өткенінен сабақ алмайтын елдің болашағы күңгірт болмай ма?

Осы орайда Арыс қаласы әкімдігіне аталған сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіріп, айналасын жөнге келтірсе деген тілегіміз бар. Өйткені, бірқанша сәулет ескерткіштерінде Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы»Заңнамасының талаптары сақталмаған. Қандай меншікте болмасын, сәулет ескерткіштерін сақтаунормалары сақталуы керек. Бұл тұрғыда аталған заңның 17-бабының талаптары бұзылып отыр. Қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерткіштердің сырт келбетіне әсер етіп тұрған қосымша жапсарлас бастырмаларды бұзып, тазалау керек. ҚР Азаматтық кодексінің 256-бабына, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 33-бабынажәне ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 18-бабына сәйкес, күтімсіз ұсталатын тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою әрекеті жүруі мүмкін екені көрсетілген. Осындай тетіктерді іске қосып, сәулет ескерткіштері айналасын ретке келтіруге мүмкіндік бар.

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Шымкент-Арыс-Шымкент

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика