
TikTok, Instagram, YouTube сияқты желілер тек көңіл көтеру құралы ғана емес, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, мәдени, рухани бағыт-бағдар беретін күшке айналғалы қашан. Бұл платформалар қазіргі таңда тіл саясатына әсер ететін ықпалды құралдардың бірі болып отыр. Алайда мұнда қазақ тіліне қаншалықты орын бар? Ең маңызды сауал да осы. Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен әлеуметтік желілердегі контенттің басым бөлігі әлі де орыс тілінде жарияланып жатыр. Бұл жағдай тілдің қолданыс аясын шектейтіні анық. Олай болса қазақ тілі қашан трендке айналады? Қалай айналдыра аламыз? Ендеше осы тақырыпты бір қаузап көрейікші.
Әлеуметтік желіде контент жасаушылардың басым бөлігі кімдер?
Әңгіменің әлқиссасын әлеуметтік желідегі статистикадан бастайықшы. Елімізде TikTok, Instagram, Youtube, Facebook, Telegram, ВКонтактет.б. секілді түрлі әлеуметтік желілердің күнделіктіқолданыста екені белгілі. Соңғы уақытта бұларды Threads те өкшелеп келеді. Дегенмен, осылардың ішінде ең көш бастап тұрғаны – TikTok.Datareportal деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың басында TikTok аудиториясы 15,7 миллион адамға жеткен, бұл – қазақстандық интернет қолданушылардың 81,5 пайызы. Екінші орында Instagram желісі тұр. 2025 жылғы дерек бойынша оған 12,4 млн қазақстандық тіркелген, бұл – халықтың шамамен 60 пайызы (немесе интернет қолданушылардың 64 пайыздан астамы). Ал Youtube желісі үшінші орынды еңселейді: ол мобильді қолданушылар арасында 31,4 пайыз, веб-нұсқада 17,3 пайыз үлеске ие. 9,5-10 миллион қазақстандық осы желіні пайдаланады. Одан кейінгі орынды 2,6 миллион (шамамен 12 %) қолданушысы бар Facebook иеленіп тұр.
Жас аудитория осының ішінде TikTok пен Instagram желілерін өте белсенді қолданады екен. Әсіресе, 18-34 жас аралығындағылар аталған платформалардың негізгі пайдаланушылары болып табылады. Ал Facebook желісінде көбіне 25-44 жас аралығындағы қолданушылар тіркелген. Осы деректерге сүйене отырып, әлеуметтік желілерді ең көп пайдаланатын топ 18-34 жас аралығындағы жастар екенін айтуға болады. Бұл – бүгінгі Z ұрпағының сандық медианы өте жиі тұтынатынының айқын көрсеткіші. Бұл тұста тұтыну деп тек қана әлеуметтік желіге тіркеліп, ақпарат алуды ғана емес, ақпарат беруді де айтып отырғанымызды дұрыс түсінгейсіз.
Ал енді біз сөз етіп отырған Z ұрпағы деген кім? Олардың ерекшелігі неде? Қазақ тілін трендке айналдыруда неге осы буынды бөліп-жарыпкөрсетіп отырмыз? Ендеше осы сауалдарға жауап беріп өтейін.
Z ұрпағы – бұл шамамен 1997 жылдан 2012 жылға дейін туған адамдар. Қазіргі таңда бұл ұрпақ 13-28 жас аралығында. Бұлар – цифрлық технологиялар дәуірінде туып-өскен алғашқы буын. Олар әлеуметтік желімен де, заманауи технологиялармен де бала кезінен таныс. Иә, 1997 жылы смартфон, TikTok, Instagram болмады дерсіз, бірақ сол жылы туған бала 10 жасқа келгенде YouTube ақырындап дами бастады. Олар енді ес біле бастағанда интернет өз жұмысын жаңа бастаған еді. Сондықтан бұл буынның балалық шағы цифрлық әлеммен тығыз байланысты. Соның нәтижесінде олар кеңестік дәуір мен өтпелі кезеңді көрген X ұрпағынан және интернетті ересек жасында меңгерген Y (миллениал) ұрпағынан көп ерекшеленеді. Атап айтар болсақ, олар біріншіден,ақпаратты жылдам қабылдап, өңдеуге дағдыланған. Ұзақ мәтіннен гөрі қысқа-нұсқа контентті дұрыс көреді. Екіншіден, әлеуметтік желіде өте белсенді, яғни өз талантын көрсетуге, пікірін ашық білдіруге, қоғаммен байланыс орнатуға келгенде қымсынбайды. Сол үшін де влог түсіреді, TikTok роликтерін жасайды, Reels жүктейді, ара-тұра пост жазады. Үшіншіден, цифрлық сауатты, интернетті, смартфон қолданбаларын еркін пайдаланады және бір уақытта бірнеше ақпарат көзін қолдана алады. Мысалы, видео көріп отырып, чат арқылы тілдесіп отыра береді. Төртіншіден, әлемдік трендтерге өте бейім, оңай іліп алып кетеді. Сондықтан қазіргі таңда әлеуметтік желіде контент жасаушылардың басым бөлігі осы Z ұрпағы болып отыр. Бұлар – тек ақпарат алушы ғана емес, ақпарат беруші және насихаттаушы буын. Олардың бүгінгі тілге деген көзқарасы қазақ тілінің болашағын анықтауға көмектеседі. Z ұрпағын тақырыбымызға тұздық етіп алуымыздың бір себебі де осында жатыр.
Қазақстандағы әлеуметтік желі қай тілде сөйлейді?
Әлеуметтік желідегі тіл болашағы кімдерге тиесілі екені түсінікті болса, ары қарай кеттік. Бүгінде еліміздегі әлеуметтік желі қай тілде сөйлеп жатыр? Үңіліп көрейікші.
Қазақстандағы әлеуметтік желі негізінен қазақ және орыс тілдерінде қолданыста екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен мына сандар орыс тілінің үлесі жоғарырақ екеніне сендіреді. Олай дейтінім, Brand Analytics сайтының 2024 жылдың тамыз айына берілген қорытынды деректерін көзім шалды. Онда еліміздегі YouTubе платформасы бойынша орыс тілінің үлесі – 67,3 пайыз, қазақ тілі – 17,8 пайыз, Instagram желісінде орыс тілінің үлесі – 45,9 пайыз, қазақ тілі – 9,8 пайыз деп көрсетілген. Бір қуантарлығы, қазақ тілі ең көп қолданылатын желі Facebook екен. Ондағы қазақ тілінің үлесі – 43,2 пайыз, орыс тілінің үлесі – 34,1 пайыз. Жалпы әлеуметтік желідегі қалған пайыздар ағылшын, қырғыз, өзбек секілді өзге тілдерді құрайды. Ал TikTok бойынша нақты ресми дерек жоқ. Бірақ, соңғы уақыттары қазақ тілді контенттің көбейіп келе жатқанын аңғарсақ, жоғарыда мен келтірген статистиканың бүгінгі таңда әлдеқайда өзгерген болуы бек мүмкін.
Дей тұрғанмен біз жоғарыда әлеуметтік желідегі тіл тақырыбы мен Z ұрпақ туралы әңгімені бекер қозғаған жоқпыз. Қазақ тілін трендке айналдырудың бір жолы әлеуметтік желі десек,оған үлес қосатындар – жастар. Біз әлі де әлеуметтік желіні қазақшаландыруымыз керек. Сонда қазақ тілінде сөйлейтіндердің қатары қазіргіден де арта түсетіні анық. Қазақ тілі дегендекалька немесе жаргон тіл емес, кәдімгі сапалы қазақ тіліне ден қою.
Рас, соңғы кезде қазақша контенттің көбейіп келе жатқаны анық. Бірақ, дені – жеңіл формат, көбіне күлкі мен қызық үшін жасалған, терең мазмұны жоқ дүниелер. Бізге жетіспейтіні – сапалы қазақ тіліндегі білім, ғылым, технология тақырыбындағы ақпараттар. Ұлттық құндылықтар, патриотизм, адамгершілік, қайырымдылық, мейірімділік тақырыптары да өте аз насихатталады. Тіпті жоқтың қасы деуге де болады. Көп видеолар жаргон мен калькаға, шұбар ала қазақшаға толы.
YouTubе платформасында да қазақ тіліндегі подкасттардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Қазақша влогтар, шолулар, білім каналдары пайда бола бастады. Бірақ, қайталап айтамын, сапалы контент әлі де аз. Көбісі көшірме мен аудармадан аса алмай жатыр. Нәтижесінде көрермен саны жеткіліксіз. Қынжылтатыны да осы. Бәлкім сіз «Сапалы контент жасау үшін қаржылық қолдау, мықты команда, кәсіби дайындық керек, ал оған көп адамдарда мүмкіндік жоқ» дерсіз. Иә, келісемін. Сол үшін де бұл сала кенжелеп қалып жатыр. Дегенмен, солай екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Бұлай отыру қазақ тілінің болашағына бейжай қараумен тең. Ендеше не істемек керек?
Тілді трендке айналдырамыз десек…
Егер сіз әлеуметтік желінің қолданушысы болсаңыз, алдымен өзіңізден бастаңыз. Қазақша видео көріңіз, қазақша пікір қалдырыңыз. Қазақтілді видеоларға лүпіл басыңыз және оны өзгелермен бөлісіңіз. Сонда әлеуметтік желінің алгоритмі сондай, аталған контентті сұранысқа ие және маңызды деп танып, оны көбірек адамға көрсете бастайды. Ал бұл – сол видеоны жасаған авторларға үлкен мотивация. Қазақ тілді контент жасаушыларды осылай қолдау арқылы олардың еңбегін бағалап қана қоймай, осы бағытта ары қарай да тұрақты түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік бере аламыз.
Ең бастысы мемлекет тарапынан бұл нәрсе назарға алынуы тиіс деп ойлаймын. Мысалы, қазақ тіліндегі ойлы, мазмұнды, сапалы контент жасап жүрген жас авторларға марапат, көтермелеу, ынталандыру болса, бұл жұмысты олар одан сайын жандандыра түсер еді деген ой. Тіпті, осы бағытта түрлі байқаулар, сайыстар ұйымдастырса да қазақ тілді контенттің жұлдызы жанары анық.
Әрине, бұған байланысты жастар өз арасында да флешмобтар, челлендждер ұйымдастыра алады. Мысалы, «Таза қазақша!», «Тек қазақша сөйле!» деген атаумен немесе хэштегпен тіл тазалығын насихаттауға болады. Қазіргі таңда жастар трендтерді тез қабылдайды. Мысалы, «Брат, мен келеатырмын» емес, «Досым, мен келе жатырмын», «Үй жаққа тартылсай, родной» емес, «Досым, үй жаққа кел», «Батяға айту керек» емес, «Әкеме айтып көрейін» деген секілді таза қазақ тілінде дұрыс сөйлеу тәртібін видео арқылы трендке айналдыра алса, мұның өзі қаншама жастардың ауызекі сөйлеу тілінің түзелуіне сеп болар еді. «Бір күнде бір қазақша сөз» деген тақырыпта құнарлы қазақша сөздердің мән-мағынасын түсіндіруді де тағы бір трендке айналдыруға және болады. Айта берсек, қазақ тілін трендке айналдырудың, жастарды таза қазақ тілінде сөйлеуге шақырудың, сапалы қазақша контент жасаудың жолы көп. Тек соны қолға алып, жыл он екі ай тұрақты түрде үздіксіз үрдіске айналдыру қажет. Сонда ғана тіліміз өркендейді, өнеді, кең қанат жаяды.
Тіл тағдырын тек қана мектепке, оқу орындарына, мемлекеттік мекемелерге ғана артып қоя алмаймыз. Оған барлығымыз атсалысуға міндеттіміз. Соның ішінде өте белсенді саналатын топ – жастар да қазіргі әлеуметтік желі деп аталатын алпауыт құралды қолдана отырып, тілдің нығаюына өз үлесін қоса алады. Қазақ тілін әлеуметтік желіде сөйлетпесек онда тілдің дамуы да бәсең болмақ.
Әлеуметтік желі арқылы қазақ тілін трендке айналдыру – бұл жай ғана бастама емес, бұл – тіл саясатын қалыптастыру. Ол үшін тілге деген құрметті нақты іспен көрсетейік және соны жастарда да талап етейік. Қазақ тілінің беделін бүгіннен бастап арттыра алсақ, ертеңгі күні ол біздің басты жетістігімізге айналары хақ. Қазақ тілінде сөйлеу тек қана сәнге емес, өмірлік мәнге деайналуы тиіс. Қазақ тілін біз биікке көтермесек, оны біз үшін ешкім де көтермейді. Олай болса сіз де үлес қосыңыз, мен де үлес қосайын. Сонда мұндай тақырыптағы мақалалар болашақта мүлде жазылмайтын болады. Келісесіз бе?
М.ҚҰРБАНҚЫЗЫ