
Түркістан облысы Келес ауданында өткен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен дәстүрлі турнир мәресіне жетті. Осымен 58-рет ұйымдастырылған балуандар бәсекесінде Қайсар Шамшиддинов түйе балуан атанды.
Ол 90 килограмнан жоғары салмақ дәрежесінде боз кілемде белдесті. Қарсыластарының барлығының жауырынын жер иіскеткен Қайсар Шамшиддиновке «Нексия» автокөлігінің кілті табысталды.
Аса тартысты өткен дәстүрлі турнирге облыстағы аудандардан 17 команда қатысты. Бүгін басталған спорт сайысында 120 балуан өнер көрсетті. Олар 6 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Сонымен қатар 90 және 90 келіден жоғары салмақтағы 31 спортшы «түйе балуан» атағы үшін таласты.
Дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ақментай Есбаев:
– Бұл айтулы жарыс талай-талай буынды спортқа баулып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып келеді. Кезінде бұл жарысты оңтүстік өңіріндегі кіші әлем чемпионаты деп те атаған. Қазақ күресінен жарыстар сирек өтетін. Сол кездері еліміздің түкпір-түкпірінен мықты балуандар қатысатын. Қазір де жарыстың маңызы жоғалған жоқ. Ұлттық спортты ел арасында насихаттауда қара шаңырақ басылым «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сіңірген еңбегі зор, – деп атап өтті.