1 қазан – Қарттар күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Келес ауданын Бірлік ауылдық округінде тұратын 4 отбасы айырықша қуанышқа кенелді. Талай жылдан бері баспана тауқыметін тартып келген олар қоныс тойын өткізді.
Тұрмысы төмен төрт отбасы бұрынғы әкімдік ғимараты болған, жуырда тұрғын үйге лайықталып, күрделі жөндеуден өткен үйге жайғасты. Салтанатты жағдайда өткен шара барысында мәслихаттың хатшысы Арын Тотиков отбасыларға баспана кілттерін табыстап, жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ, Келес ауданы әкімі атынан төрт отбасыға күнделікті тұрмыста қолданатын қажетті техникалар тарту етілді. Қуанышқа кенелгендердің бірі: Айгүл Алтыбаева. 34 жастағы келіншек осы кезге дейін 6 баласымен пәтер жалдап келген. Жаңа қонысқа жайғасқан Раушан Құлбекова мен Зәуре Әшірбаева да төрт перзентін жетектеп әр босағаны сығалап келсе, Перизат Рысбек екі баласымен баспана кезегін күтіп келіпті. Кеңсе ғимаратын «Дим-Нурай» компаниясы күрделі жөндеуден өткізді. Көп балалы және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға осындай қамқорлық жасау ісі ауданда әрі қарай да жалғасын таппақ.
Leave a Reply