
Келес ауданында ескі бағаналар жаңартылуда. Бүгінге дейін жоғары кернеулі желі тіреулері мен электр бағаналары алмасты. Жөндеу жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС есебінен жүргізуде,-деп хабарлайды Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
«ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесінің 2021 жылға жоспарлаған инвестициялық бағдарламасы Келес ауданында қарқынды жүріп жатыр. Аудан бойынша Біртілек ауылдық округінің Керегетас, Оразата елді мекендері , сондай-ақ Абай ауылындағы Арал мөлтек ауданындағы ескірген ағаш бағаналары темірбетон бағаналарымен алмастырылады. Сонымен қатар, кернеуі 0,4 киловольттық электр сымдары да жаңарады.
Қазіргі таңда мекеме қызметкерлері ұзындығы бойынша 4,3 шақырым жерге 132 электр бағанасын жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң 125 үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Биылғы жылдың қыркүйек айында Ораз ата ауылы көшелеріндегі ескірген электр бағаналары жаңасына ауыстырылды.
Аудандағы ауыл-аймақтарды сапалы электр энергиясымен қамту бойынша 2018 жылдан бері 16 елді мекенде 85,5 шақырым болатын электр желілері ауыстырылып, трансформаторлар орнатылған. Биыл жыл соңына дейін 7 елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту жоспарлануда. Бұл жұмыстар аяқталған соң тұрғындардың сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 74, пайызға немесе 62 елді мекенге жетеді. 2018 жылы бұл көрсеткіш бойынша небәрі 46 елді мекен ғана сапалы электр қуатын тұтынып келген.