ШАРДАРА «АТЛАНТИДАСЫ» ҚҰРҒАҚТА ЖАТЫР

Шардара суқоймасының суы астында көне қалалар қалып қойғаны туралы мерзімдік басылым беттерінде айтылып жүргеніне неше уақыт болды. Ара-тұра сол қалажұрттар жайлы мәлімет табу үшін су астын зерттеуге маманданған археологтар жоғы да сөз болып тұратын. Рас, біздің елдің өткенін түгендеу үшін шетел архивтерінен мәлімет тасып, тау мен тас кезіп, теңіз түбін сүзіп отыратын мамандар қажет. Алайда, су астында қалған қаланы былай қойғанда, құрғақтағы қалалардың өзі көз алдымызда құрып бара жатқаны қалай қынжылтпайды?

Кейде көктен тілегенің өздігінен тап алдыңа келе қалады ғой. Бүгінде су астын зерттейтін археологтың да қажеті болмай тұр. Биыл еліміз ғана емес, Орта Азия өңірінде де бұрын-соңды болмаған құрғақшылық болып, телегей теңіздей шалқып жатқан су айдындары тартылып кетті. Соның қатарында Шардара суқоймасы да бар. Бөген суының төмен түскені сонша, тарих тақырыбына елеңдеп тұратын мамандардың «су астын зерттейтін археолог керек» дейтін қажеттігі бар Ақтөбе қалажұрты құрғақта қалды. Мұндай мүмкіндік жылда бола бермейді!

Суқойма суы шегініп, бүгінгі таңда құрғақта қалған Ақтөбе қалажұртының орнынан талай жәдігерлерді көзбен көруге болады. Қолына тостаған ұстаған балбалтас та, талай ғасыр бойы сынын жоғалпаған құмыралар да, қала сыртын қоршаған қамал кірпіштері де, ең қызығы жүздеген метрге созылған ауыз су жүйесінің қыш құбырлары да сайрап жатыр. Баба мұрасын жинап ала қойса, әдемі музей жасақтауға болады.

Осы мақсаттта Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық қазметкерлері, Шардара ауданының өлкетану музейінің мамандары, аудан әкімдігі басшылығы және академик Б.Байтанаев бастаған археологтар тобы Шардара суқоймасы шайып жатқан Ақтөбе қалажұртында (VI-XIII ғ.ғ.) болып, ескерткіш жайын көзбен көрді.

Ақтөбе қалажұрты (VI-XIII ғ.ғ.) Шардара қаласынан оңтүстік-батыс бағытта, 4-5 шақырым қашықта, суқойма жағасында орын тепкен. Шардара бөгеті тұрғызылғанға дейін Сырдарияның ескі арнасының бойында тұрған. Суқойма құрылысы салынар алдында 1951 жылы Г.Пацевич пен Е.Агеевтердің археологтар тобы зерттесе, 1959-63 жылдары М.Мерщиевтің жетекшілігіндегі «Шардара экспедициясы» қазба жұмыстарын жүргізген. Плотина тұрғызылғаннан кейін археология ескерткіші толығымен су астында қалды.

Тараптар тарихи жәдігерлерді қорғауға алу, зерттеу, музейге тапсыру ісі жөнінде келісімге келді. Ақтөбе қалажұртынан табылған жәдігерлер Шардара аудандық өлкетану музейіне қойылатын болды. Бұл жөнінде аудандық музей директоры Н.Смайылов былай дейді:

– Қазіргі жинақталған деректер бойынша бұл қалажұрт Ақтөбе қаласының орны болу керек. Бірақ, нақты ғылыми тұжырым емес. 2012 жылдары бұл нысаннан осындай бірқатар бұйымдарын жинап алғанбыз. Биыл суқойма суы көп мөлшерде тартылғандықтан, тарихи нысанның едәуір бөлігі көрінді. Жұмыстар жүргізудеміз.

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика