
Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Е.Ахметов пен Шымкент қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Татыбаевтың қатысуымен А.Асқаров атындағы дендросаябақта атқарылып жатқан абаттандыру, вело, жүгіру жолақтарын салу мен жарықтандыру жұмыстары жөнінде баспасөз брифингін берді. Шенеуніктердің БАҚ өкілдерін жинап, түсіндіру жұмыстарын атқаруға мәжбүр еткен нәрсе өткенде ғана әлеужелідегі осы саябаққа қатысты «Шымкенттегі веложолақтан қанша қаржы айналып кетіп жатыр?» дейтін тақырыпта көтерілген пост себеп болған.
Е.Ахметовтың айтуынша, бұл жоба 2018 жылы жасалса, биылғы қаңтарда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер мекеме анықталған. Жоба құны 490 млн теңге, ал конкурстық құны 458 млн теңге. Атқарылуға тиіс жұмыстар ішінде тек 6,5 шақырым веложол ғана емес, дендросаябақта жүргіншілер жолын салу, абаттандыру және жарықтандыру, беседкалар орнату жұмыстары да бар. Сметалық құжаттама бойынша асфальт жабынды веложолақтың құны 130 млн теңге болса, жер қабатынан биіктігі 25 см екен. Веложол құрылысын салу кезінде жасыл желекпен қоса, балалар темір жолының рельсін бүлдірмеу жағы да қарастырылған.
Одан басқа, жаяу жүргіншілер аяқжолының ұзындығы 1,2 шақырым, 670 дана жарықтандыру бағаны орнатылады. Жарықтандыру шамдарының биіктігі 6 метр болса, оның әрқайсысының жарықтандыру ауданы 15 метр аумақты қамти отырып, бүкіл саябақ көлемі жарықтандырылмақ.
Құрылыс биылғы наурыз айында басталған, желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта дендросаябақпен қоса аталған веложол да қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті серуендейтін орнына айналады деп күтілуде.