2023-02-09

Шымкентте жалпы қалалық сенбілік өтті

Spread the love

Шымкенттіктер әр сенбіні тазалық күні деп белгілеген.  Шаһар  аумағындағы  2 294 көп қабатты үй ауласы мен 4 268 көшені бір мезетте тазалайды. Жаппай сенбілікке шыққандар тек сыпырып қана қойма,  бұл жолы аялдамалар мен аула ішіндегі балалар алаңшасын сабын сумен жуды.

Тазалық күнінде Әл-Фараби ауданының тірлігі тындырымды болды. Қарасу шағынауданы 67,69 көпқабатты үйлерінің ауласын жуып шайғандар көптің алғысына бөленді.  Санитарлық тазалық кезінде балалар алаңшасы сұйық сабынмен жуылып, ойын элементтері сырланды. Тұрғындарға қолайсыздық келтіретін қураған ағаш бұталары кесіліп, аулалар сыпырылды.  Сондай-ақ, аудан аумағындағы қоқыс алаңшалары тазартылды. Аталған жұмыстарға Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, 11 арнайы техника және 120-ға жуық жұмысшы жұмылдырылды.

Сондай-ақ, А.Байтұрсынов көшесі, Тәуке хан даңғылы, Түркістан, Б.Момышұлы және Желтоқсан көшелері сұйық сабынмен жуылып, көзі ашылды. Аялдамаларда тазалық жұмыстарымен бірге ілінген заңсыз жарнамалар алып тасталынды. Сондай-ақ, автобус бекеттерінің айналасы сыпырылып, қоқыс жәшіктері жуылды. Аталған жұмыстарға 12 техника мен 50 жұмысшы тартылды.

Абай ауданының да тұрғындары қалалық сенбілікке белсенді қатысты. Аудан аумағында санитарлық тазалық  шөп ору жұмыстарынан басталды.  Ауданда мердігер мекеме тарапынан негізгі көшелер мен ішкі орамдық көшелердің және аулалардың санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті таңғы сағат 5:00-ден бастап жүргізілуде. Орталық көшелердегі қоқыс алаңдары күнделікті, ішкі орамық көшелер аптасына бір рет тазаланады. Тазалық жұмыстарына «Build Stroi» мердігер мекемесі жауап береді. Компанияның 300-ге жуық жұмысшы мен 120 техника жұмылдырылған.

Ал Қаратау ауданында тазалық жұмыстары күнделікті бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Ауданның санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысатын «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серікестігі тарапынан жүргізіледі.  Көшелер мен аялдамаларды, арықтарды тазалау жұмыстары тұрақты атқарылып келеді. Бүгінде ауданда орталық көшелер мен ішкі орамдық жолдарға механикалық тазалау жүргізіліп, аялдамаларды жуу жұмыстары жүйелі өткізілді.

Еңбекші ауданы тұрғындары да сенбілік тарына белсене қатысты. Аудан аумағына қарасты басты көшелердің аялдамаларына механикалық жуу мен қолмен тазарту шарасы атқарылды. Аялдамалардың шыны қорғандары сүртілді. Бұл жұмыстарға 12 арнайы көлік, жаяу жүргіншілер жолын жууға 2 трактор, аялдаманы жууға 3 арнайы көлік жұмылдырылған. Жалпы, санитарлық тазалық жұмыстары кезінде аяқжолдар да сыпырылып, қоқыс жәшіктері тазаланды. Жалпы, ауданда аталған жұмыс түрі күнделікті атқарылып, қала тазалығы басты назарға алынған.

 

Яндекс.Метрика