2023-02-09

Шымкентте кәсіподаққа өтуге қызығушылық бар

Spread the love

«10 қазан — кәсіподақтар күні» мерекесіне орай, Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет  көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамындағы мекемелердің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді мүшелерінің салтанатты жиыны өтті.

Жиында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов кәсіподақ белсенділерін кәсіби мерекемен құттықтап, биылғы жылы осы салада көптеген жетістіктерге ие болғанын, оның ішінде кәсіподақ негізгі жұмысының бірі — 11 мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылып, оған 924 адам кәсіподақ мүшелегіне тартылғаны ерекше атап өтілді.

Жалпы бұл саланың мекемелердегі ұйым саны 49-ға жетіп, ал кәсіподақ мүшелерінің саны 3,0 мыңға жуықтаған. Филиал құрамындағы мекемелер 100% немесе толығымен 2022-2026 жылдарға, яғни 5 жылға арналған ұжымдық және келісім шарттар жасап, тіркеуден өткізілген. Олардың орындалуы бойынша жыл басынан бері «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 40 мекеменің  бастауыш кәсіподақ ұйымында 1731 кәсіподақ мүшесінің қатысуымен кездесу өткізіліп, филиал төрағасы мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары кәсіподақ мүшелеріне жүйелі есеп беріп, оның ішіндегі үлгілі жұмыстары таратылып, тәжірибе алмасып, нәтижесінде салалық кәсіподақтың жұмыстары едәуір жоғарылаған.

Сондай-ақ, осы сала бойынша үлгілі жұмыстар республиканың басқа өңірлеріне таратылып отыр.

Кәсіподақ мүшелерінің осы жұмыстары бағаланып, мереке қарсаңында 40 адамға марапаттар табысталды.

Соның ішінде, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар орталығының ұйымдастырылуымен өткізілген іс-шарада  «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы С.Әуесхановқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалі табысталды.

Ал, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шарада белсенді жұмыс істеген азаматтарға «Қызмет» салалық кәсіподағының «Кәсіподақ қайраткері», «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгілері табысталды.

Яндекс.Метрика