
Шымкентте кәріз жүйесімен қамту үшін 20 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда шаһардың 54% кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60-ға жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған.
Атап айтқанда, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. Яғни 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтылады.
Жалпы Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75%-ға артатын болады. Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Биыл барлығы 16 нысанда құрылыс жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.