ЖОЛАЙЫРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫН БҮГІН САЛУ МАҢЫЗДЫ

Ақпарат тасқындаған заманда күнделікті қоғамда болып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды халыққа дер кезінде жеткізіп отыру бүгінгі журналистика, ақпарат саласы мамандарының басты міндеті. Осы ретте 2020 жылдың 30 қыркүйегінде Шымкент қаласы әкімдігі жанынан бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылған болатын. Жуырда Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен аталмыш кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Қоғамдық кеңесте баяндама жасаған басқарма басшыларының сөзінің түйінін қала әкімінің өзі таратып отырды. Қазір әлемді коронавирус індеті теңселтіп тұрғаны жасырын емес. Сол Еуропаның өзінде бықсып қалады дейтіндей емес, қауіпті кесел Ресейді де тәлтіректетіп тастады. Ресеймен шектес Шығыс Қазақстан облысындағы шиеленіскен жағдай Қазақстанның қай облыс, қалаларына да сақадай сай отыру қажеттігін ұқтырады.

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы алғашқы толқында біраз қателіктер жіберілгенін жасырмай айтып, бүгінде пандемияны ауыздықтауға барша жұмыстар атқарылып жатқандығын деректермен сабақтады. Бұл ретте Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайырықтың маңыздылығына тоқталып өтті. Осыған байланысты Мұрат Дүйсенбекұлы бір жылда 150 мың көлік тіркелген мегаполисте көлік саны жылдан-жылға өсіп бара жатқанын сондықтан жолайырық құрылысы кейінге қалдыруға болмайтын өте керекті жобалардың бірі екендігіне тағы бір мәрте көпшіліктің назарын аударды.

– Маған бір ақсақал келіп, жолайырықтарды әзір салмау мәселесін айтты, – дейді Мұрат Дүйсенбекұлы. – Аға, қазір салып үлгермесек бір-екі жылда қалада көлік кептелісінің көкесі болады дедім. Қала халқы тез өсіп жатыр. Қазір бір миллион халық болса, аздаған жылдарда екі миллионға жетеді. Сондықтан, көлік тығынын болдырмау үшін қазір үлгеріп қалуымыз керек.

Осылай деген қала әкімі бұл іске Белорусь мемлекетінің тәжірибесі пайдаланатындығын айтты. Кеңес барысында журналистердің сауалына жауап берген қала әкімі Шымкенттің болашағы туралы ойын өрбітті.

Бүгінде Алматы қаласы өзінің шектеу деңгейіне жетті. Халық көп. Өрісін кеңейтуге жер, табиғат жағдайы көтере бермейді. Нұр-Сұлтан қаласының болашағы зор. Сосын Шымкент. Ұлы Жібек жолының бойында отырған қаланың экономикалық әлеуеті зор. Сіздер мен біздер осы мақсатқа бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.

Әнуар Жұмашбаев

shymkala.kz

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика