
Түркістан облысы Келес ауданының тұрғындары аудан әкімінің қабылдауында болып, өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді. Қабылдауға он азамат жазылды. Олар негізінен Абай-Ораз ата бағытына көлік қатынасын жүргізу, ағын су жүретін қашыртқыларды тазалау, табиғи газ беру, атаулы әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй салуға қол ұшын беру мәселелерімен жүгінді.
Аудан әкімі тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап шығып, Абай-Ораз ата бағытына көлік қатынасын жүргізуді жол бөлімінің басшысына тапсырды. Оған жауапты мекеме мен көлік жүргізуші арасында келісім-шарт түзіп, шұғыл арада мәселені шешуді жүктеді.
Ал, Біртілек ауылдық округі аумағындағы ағын су жүретін қашыртқыларды тазалау бойынша аудан басшысы биылғы жылға қаржы бөлінгенімен жарияланған конкурс өтпей қалғанын айтты. Енді қайта конкурс жарияланып, мердігер анықталған жағдайда көктемгі егіс басталғанға дейін қашыртқыларды тазалау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
А. Есбаев атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша жүгінген азаматшалардың мәселесін заң аясында шешуді ауданның жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасарына тапсырды. Сондай-ақ елді мекендерге табиғи газ беру бойынша қазіргі таңда мердігер компаниялар құрылысты аяқтап қалғанын, абоненттерді тіркеу жұмыстарын аяқтаған соң биылғы жылдан қалмай үйлерге табиғи газ берілетінін айтты.
Тұрғын үй салуға қол ұшын беру мәселесімен жүгінген азаматшаға тиісті құрылыс материалдарымен көмек берілетінін болды. Бұл жұмысты ұйымдастыру мен қадағалау ісі Бірлік ауылдық округінің әкіміне жүктелді.