2022-08-09

«ЫНТЫМАҚ-2» ШАҒЫНАУДАНЫ ТҮПКІЛІКТІ ӨЗГЕРУДЕ

Өткен аптаның жұма күнінде Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов тұрғындарды қабылдады. Келген тұрғындар әкімге өз көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, барлығына қанағаттанарлық деңгейде жауаптарын алды. Солардың бірі «Ынтымақ-2» шағынауданынан келген Кәмшат Бекмұратова. Бұл кісі аталған шағынауданға мектеп қажеттілігін айтты.

Әкім өз кезегінде айтылған мәселенің жеке назарында тұрғанын тілге тиек етіп, «Ынтымақ-2» шағынауданынан алдағы уақытта бір емес, екі мектеп салынатынын жеткізді. Қазіргі таңда білім ордалары түсетін жерлердің құжаттары әзір екен. «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мектеп салу үшін инвестор тартуда. Яғни, алдағы уақытта жаңа білім ордасы инвестор есебінен тұрғызылмақ.

Жалпы, «Ынтымақ-2» шағынауданында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, 2020 жылы шағынауданның батыс жағында үш орталық көшеге, мұнан бөлек, 55-ші бағыттағы автобустың кесте бойынша жүретін жолына асфальт төселді. Шағынауданның шығыс жағындағы айналма жол мен Алматы трассасының арасындағы 1 шақырымдай жалғанбай тұрған жолға тас төселіп, тегістелді.

Көптен бері күтілген су жүйесін де «Компания Ахмет» серіктестігі жүргізуде. Былтыр басталған су құрылысы үстіміздегі жылы аяқталады деп күтілуде. Өйткені, аталған жұмыс екі жылға өтпелі. Ал «Ынтымақ-2» шағынауданының батыс жағындағы ауыз су құбырын «Мелиоратор» серіктестігі тартуда. Қуанарлығы, «Темірлан» тас жолынан «Ынтымақ-2» шағынауданына баратын жолдың бойына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда түн мезгілінде қатар орналасқан шамдар самаладай жарқырап тұр.

Келесі айтар жаңалық, «Ынтымақ» және «Ынтымақ-2» шағынауданындағы 55-ші бағыттағы автобустар жүретін жол бойына 8 аялдама орнатылған. Шағынаудандағы көгілдір отын жоқ тұстарына табиғи газ құбырының жобалық сметалық құжаты әзірленуде. Оның құрылыс жұмыстарының басталуына да көп уақыт қалған жоқ.

Тағы бір қуанышты жаңалық, «Ынтымақ-2» шағынауданындағы электр жүйесі тартылмаған тұсын сапалы электрмен қамтамасыз ету жұмыстары басталмақ.

Аталған шағынаудан тұрғындары былтырғы жұмыстар үшін Бұхарбай Рысқұлұлына дән разы. Тіпті, аудан әкіміне риза екенін білдіріп , тұрғындар арнайы хат жазды. Себебі, Б.Парманов Абай ауданына әкім болып келгелі бірнеше мәрте тұрғындармен кездесіп, көпшілікті ден қоя тыңдап, көптеген мәселелердің шешілуіне сеп болды.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Яндекс.Метрика