
«Келесі жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайту көзделіп отыр. Себебі, балабақша — білім беру саласының іргетасы. Сонымен қатар, балалардың тамақтану нормативі мен балабақшаға орналасу кезегі де қайта қаралады». Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов Шымкент қаласының білім саласының өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.
Бас ұстазы өз баяндамасында мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқығын қорғау мен педагог мәртебесі жайында сөз қозғады.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі А.Аймағанбетов алдағы уақытта өңірлерде салынатын мектептердің жай-күйіне, мұғалімдердің жұмысқа орналасу мәселесіне тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанның жүргізуімен өткен жиын сұрақ-жауап негізінде жалғасты. Кездесуге келген мұғалімдер мен мектептердің қамқорлық кеңесінің төрағалары, колледж оқытушылары саладағы көкейтесті сауалдарын жолдады.