2022-08-18

ШЫМКЕНТКЕ 2200 ЖЫЛ: ТУРИСТІК КЕЛБЕТІ ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЛА

Бұдан он күн бұрын 7 қарашада Шымкент қаласының Туризм басқармасы туризм саласын дамыту мақсатында ұйымдастырған семинар-тренингке қатысқан едім. Семинар саяхатқа қатысушылар әуелі «Ескі қалашық» аумағындағы Цитадельде болып, тарихи-мәдени орыннан табылған археологиялық жәдігерлермен танысты. Бізді бұл жердегі мәліметтермен Марғұлан атындағы ғылыми археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаевтың өзі таныстырып өтті. Сондай-ақ, тарихшы ғалым журналистерді қызықтырған сұрақтарға да толыққанды жауап берді.

Біз, одан кейін қаланың киелі орындары саналатын Қарашаш ана, Ибрагим ата және Мәртөбеге бардық. Бұл нысандардың ел тарихындағы маңыздылығы жөнінде мен және тағы бір маман қатысушыларға айтып өттік.

Осы ретте, Шымкенттің жасын анықтау оңай болмағаны және соған байланысты бұдан бірнеше жылдар бұрын археологтар мен тарихшы ғалымдардың қатысуымен өткен бірнеше, республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар барысында айтылған есіме түсті.

Соның нәтижесінде Канада, Франция, Бельгия, Англия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын бірауыздан растағаны, бірақ бұл датаны атап өту үшін, ЮНЕСКО мақұлдауы керектігі айтылған-ды. Осылайша, көне қаланың жасын бірнеше жыл анықтаған ғалымдар алғашқы қадамын жасап, Шымқаланың 2200 жылдығын тойлау 2017 жылдың еншісінде деп журналистер жазған болатын.

Мысалы, 2014 жылы Көне қаланың жасын анықтап, оны ЮНЕСКО-ның тізіміне ендіру мақсатында Қала әкімдігі мен “Бәйтерек” жастар ұйымының ұйымдастыруымен Шымкентте халықаралық ғылыми конференция өткен болатын. Конференцияда Ә.Марғұлан ат. Қазақстан ғылыми археологиялық институтының директоры Б.Байтанаев «Археологиялық қазба деректемелеріне сүйеніп, Шымкент қаласының жасы» тақырыбында баяндама жасап және маңызды жиынға Канада, Франция, Англия, Польша, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстаннан келген ғалымдар «Шымкент ─ 2200 жылдық тарих» тақырыбында өздерінің дәлел-дәйектерімен бөліскен-ді.

Жақында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Royal Group LLC» дистрибьюторлық компаниясының техникалық директоры Хан Умармен кездесу барысында Шымкент қаласындағы «Ескі қаланың тарихи-мәдени объектілері кешені» ТОП-50 туристік дестинациялардың тізіміне енгізілгенін айтқанын есітіп қуандық.

Кешегі сенбі күні А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта «Шымкент 2020 ─ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылу рәсіміне орай «Шымкентке 2200 жыл» атты уақыт керуені іс-шарасының бастау алғаны туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан айтты.

Қ.Дүйсенби

Яндекс.Метрика