
Түркістан қаласында орналасқан «FARAB» ғылыми кітапханасында ақын Дәуірбек Дүйсебайдың «Саңылауға түскен нұр» деп аталатын жаңа жинағының таныстырылымы өтті. Бұл еңбек Иранның Тегеран қаласында жарық көріп, тұсаукесері Қазақстанның Ирандағы елшілігінде, одан кейін Алматы қаласында өткен болатын. Автор жаңа кітабының таныстырылымын туған жеріндегі оқырмандары алдында да ұйымдастырып отыр.
Ақын соңғы жылдары еліміздің сыртқы саясат саласында жүргендіктен, бүгінгі таныстырылып отырған «Саңылауға түскен нұр» жинағы Қазақстанның 30 жылдығына арналған. Еңбекте Д.Дүйсебайдың соңғы кездері жазған өлеңдері, мақалалары, аудармалары енген. Шығармалардың біршама бөлігі бұған дейін республикалық түрлі басылым беттерінде басылған. Кітап «Жұпар», «Қысқа қайырымдар», «Топырақпын жай ғана» (парсы поэзиясынан аудармалар), «Таста да тіл бар» (ескі дәптерден), «Тәуелсіз сана» (мақалалар, ой-пікірлер) дейтін 5 бөлімнен тұрады. Жинақта еліміздің тәуелсіздік алған кезден бергі түрлі тарихи оқиғалар желісі өлең шумақтарымен суреттеліп, ақынның ішкі толқынысын жеткізеді. Аудармаларында парсы әдебиетінің жауһарлары Сағди Ширази, Хафиз Ширази, Омар Хайям, Мәулана Руми, Рудаки, Парвин Етесами секілді авторлардың жыр шумақтарын қазақ оқырманына ұсынады.
Шараны өңірімізге танымал журналист Б.Нарымбетова жүргізіп, оқырман назарына ақынның шығармалары мен мақалаларын таныстырып отырды. Д.Дүйсебай көпшілік алдында жинаққа енген өлеңдерін оқыды, жиынға қатысушылардың қойған сауалдарына жауап берді. Кеште түркістандық Д.Ислам, Б.Сердалы, Д.Айманбет, Ғ.Сапарбеков, Г.Өмірбек секілді қаламгерлер қонақ болып, кітап авторына жылы лебіздерін білдірді.
Айта кететін нәрсе, бұл әдеби кеш «Farab» кітапханасы ашылғалы өтіп жатқан ең алғашқы шара екен.
ДӘУІРБЕК ДҮЙСЕБАЙДЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ
Дүйсебай Дәуірбек Құдабайұлы 1977 жылы Түркістан облысының Қазығұрт ауданында туған. Алматы қаласындағы №2 Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттың түлегі. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін, 2020 жылы М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Мамандығы: шығыстанушы, халықаралық заңгер.
Филология ғылымдарының кандидаты.
Ол 2001-2006 жылдар кезеңінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аспирантурада оқып, оқытушы-тағылымгер, ассистент, оқытушы, аға оқытушы қызметтерін атқарған. 2006-2007 жылдары Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында аға ғылыми қызметкер лауазымында болды.
2007 жылдан бері еліміздің сыртқы саясат мекемесінде, Қазақстанның Ирандағы елшілігінде атташе, кеңсе меңгерушісі, үшінші хатшы, екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші және басқарма басшысы болып жұмыс істеп келеді.
Өлеңдері, мақалалары оқушы кезінен бастап «Ұлан», «Ақжелкен», «Қазақ тілі мен әдебиеті» басылымдарында, одан кейін «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Жас қазақ үні», «Тұмар», «Жамбыл», «Үркер», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Қызмет» және т.б. республикалық және өңірлік басылымдарда басылған.
2003-2004 жылдары Алтыншы және Жетінші «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты һәм лауреаты болды.
2004 жылы «Сағынып жүрмін» атты жыр жинағы, 2013 жылы «Оянып кеткен ақ сәуле» атты кітабы жарық көрді. Бірнеше республикалық мүшайрада жүлде алған.
2005 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шағын жыр кешін, 2016 жылы шілдеде Бурабайда оқырмандармен кездесу, 2017 жылы қарашада Қазығұртта «Туған жерге тағзым» атты, ал 2018 жылы елордадағы Республикалық академиялық кітапханада Астананың 20 жылдығына арнап «Дүр дүниенің парасат тәжі» деген шығармашылық кештерін өткізген.