«Nur Otan» партиясының Келес аудандық филиалы және ауданның халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Ашық есік» еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған Павлодар облысының Баянауыл және Успенка аудандарынан арнайы өкілдер келіп, аудан тұрғындарына ерікті түрде қоныс аудару бойынша үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жәрмеңкеде партияның аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ахмет Жұмабеков еңбек қолы жетімсіз солтүстікке қоныс аударудың маңызы туралы жан-жақты айтып берді.
Елімізде өз еркімен қоныстандыру жұмыстары 2016 жылдан бері «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүргізіліп келеді. Бағдарламаға қатысушыларға және оның отбасы мүшелеріне отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бір реттік 70 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) 204 190 теңге мөлшерінде көшуге материалдық көмек беру қарастырылған.
Атап айтқанда:
1 адам — 204.190 теңге;
2 адам — 408.380 теңге;
3 адам — 612.570 теңге;
4 адам — 816.760 теңге;
5 адам — 1.020.950 теңге;
6 адам — 1.225.140 теңге;
7 адам — 1.429.330 теңге;
8 адам — 1.633.520 теңге;
9 адам — 1.837.710 теңге;
10 адам — 2.041.900 теңге.
Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға мынадай мүмкіндіктер беріледі:
- Қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін тиісті бағдарлама шеңберінде салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер беру;
- Қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберу;
- Жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушының (қоныс аударғандар) отбасына, оның ішінде жалғызбастыларына 12 ай бойы АЙ САЙЫН тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеуге мынадай мөлшерде материалдық көмек беріледі:
1) Қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
- бір адам 20 АЕК (58 340 теңге) мөлшерінде;
- отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 25 АЕК (72 925 теңге) мөлшерінде;
- отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде — 30 АЕК (87 510 теңге) мөлшерінде төленеді.
2) Ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
- бір адам үшін — 15 АЕК (43.755 теңге);
- отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 18 АЕК (52.506 теңге);
- отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде — 21 АЕК (61.257 теңге) мөлшерінде төленеді.
Кездесу барысында мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай жеңілдіктер мен қолдауларды жете түсінген 28 отбасы солтүстікке қоныс аударуға ниет білдірсе, 7 отбасы бірден көшуге шешім қабылдады.
Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі тұрмыс-тіршілік және ондағы жағдаймен танысу үшін биылғы жылдың 28 қыркүйегі күні Сарыағаш қаласынан аранайы автобус сапарға шығатын болады.
Leave a Reply