
Биылғы қуаңшылыққа байланысты Түркістан облысы Келес ауданының шаруаларына төрт түлікті қыстатуға және жем азығын қамдауға көмек берілуде. Жергілікті билік өзге аймақтармен келіссөздер жүргізе отырып, шөбі шүйгін өңірлерден арзан бағада пішен жеткізіп алуға ықпал жасауда.
Өткені, орталықтан шалғайда қоныстанған Бозай ауылы шаруаларының тіршілігі бүгінгі таңда шатқаяқтап тұр. Ауыл округінде қазір 75 мың уақ мал, 12 мың 800-ден астам ірі қара бар. Елді мекен аумағында жайылым мен өрістің жоқтығына байланысты мұндағы төрт түліктің тең жартысы Шардара ауданына қарасты Сырдария өзені жағалауына апарылды.
Ал, іргедегі Бірлік ауылдық округінде жағдай мұнан тәуір. Ауылдық округтегі төрт түлік малға 16 мың 842 тонна шөп қажет. Оның жартысынан астамы шаруа қожалықтары үшін, қалған 7 мың 853 тоннасы жеке шаруалардың малына азық үшін жиналуыс тиіс. Бүгінде ауыл округы бойынша мал азығының 11 мың 789 тоннасы дайындалған. Бұл қажетті жем-шөптің 70 пайызы. Оның қалғанын қыс түскенше қамдап үлгереміз,- дейді Бірлік ауылдық округі әкімнің міндетін уақытша атқарушы Қали Айтқожаев.
Айта кетейік, Келес ауданы бойынша мал және егін шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіру үшін, халық санына қарай 3 млрд 849 миллион теңге қаралған. Шаруалардың бұл қаржыны 6 пайыз үстеме қайтырыммен «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры», «Ырыс», «ҚазАгроқаржы», және «Бизнестің жол картасы 2025» қаржы ұйымдары арқылы алуына мүмкіндігі бар.