
«Егіс алқабынан-дастарханға». Түркістан облысы Келес ауданы диқандары өсірген бағасы арзан әрі уылжып піскен көкөніс пен бақша өнімдері Елорда жұртшылығы дастарханының сәнін келтірмек. Аудан шаруалары бүгін 33 тонна азық-түлік тиелеген авто кереуенді Нұр-Сұлтан қаласына шығарып салды.
Тарту толы керуенді Келес ауданының атынан аудан әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев бастап барады. Керуен қоржынында қызанақ, қияр, қарбыз бен қауыннан бастап бау-бақша өнімдерінің барлық түрлері бар. Атап айтқанда, 2 тонна қызанақ, 3 тонна қияр, 5 тонна қырыққабат, 5 тонна қарбыз, 5 тонна қауын және болгар бұрышы, баклажан, пияз, сәбіз және қызылша балауса күйінде егістік алқаптарынан жиналды. Диқандар Елорда тұрғындарын қуанышқа бөлеу үшін көкөніс пен жеміс-жидектің ең дәмдісін таңдап үзген. Автокереуенге тиелген бау-бақша және азық түліктің барлығы арнайы зертханада тексеріліп, сапасы анықталды.
Елорда жәрмеңкесінде көпшілікке қызмет көрсететін сатушыларға арнайы пішіндегі киім-кешек беріліп, карантин талаптары толық сақталу жағы ескерілді. Олардың барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дезинфекция құралдарымен қамтылған.