
Түркістан облысы Келес ауданында биыл орта мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер саны өткен оқу жылында білім ұяларын бітірген түлектер санымен салыстырғанда екі есеге артты. Биылғы оқу жылында 1 сыныпқа 3 мың 80 оқушы электронды жүйе арқылы қабылданған болса, былтыр аудан мектептерінен 1 мың 700 оқушы түлеп ұшқан болатын. Бұл туралы Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев мәлімдеді.
Жаңа 2021-2022 оқу жылында білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-зпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, аудандағы барлық мектептерде оқу дәстүрлі түрде жүргізілетін болады. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жергілікті бюджет есебінен жыл сайын мектеп оқушылары тегін оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етіліп келеді. 2021-2022 оқу жылында 1сыныптың оқулықтары, 1-3 сыныптар үшін «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», 7, 8 сыныптар үшін «Информатика» оқулықтары жаңартылды.
Сондай-ақ жетіспейтін және ескі оқулықтарды жаңарту арқылы толықтыруға, мектеп кітапханаларына көркем әдебиеттер алуға 2021-2022 оқу жылына облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Ал жалпыға бірдей білім беру қорынан тұрмысы төмен 6 мың 47 отбасыының балаларына спорттық киімдер мен оқу құрал жабдықтары берілді.
Қазіргі күнде Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 63 мектеп оқушыларға білім мен тәрбие беруге әзірлік жасауда. Оның 8 бастауыш, 3 негізгі, 52 жалпы білім беретін мектеп. 2021-2022 оқу жылында мектептерде барлығы 33 мың 747 оқушы білім алады. Аудан аумағындағы барлық мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. 61 мектептің ішіне әжетхана орнатылды, 2 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілуде.