2022-09-29

«100 жаңа оқулық» коворкинг орталығы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Жоба бойынша Тарих, саясаттану, социология, философия, психология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, медиа, экономика, менеджмент ғылымдары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға, студенттерге дүние жүзіндегі таң¬даулы оқулықтардың негізінде білім алуға мүмкіндік жасалуда. Осыларды қамтамасыз ету үшін «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарды бастап кетті. 2018 жылы алғашқы 18 оқулық аударылып, таныстырылымы өтті және оқу орындарына тегін тарқатылды.

Қазіргі уақытта аударма жұмысы жалғасып жатыр.
2018 жылдың тамыз айында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «100 жаңа оқулық» коворкинг орталығы ашылды. Оқу орнымызға жеткізілген оқулықтарды студенттердің, магистрантар мен докторанттардың еркін пайдалануына мүмкіндіктер жасалды. 2018-2019 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтарды оқу процесіне енгізіп, білім алушылардың әлемдік деңгейдегі білім нәрімен қазақ тілінде сусындауына қол жеткізілуде. Қазіргі таңда кітапхана қорына оқулықтың 84 атаумен 10281 данасы түсті.

ОҚМПУ «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Байдлаева Ақмарал Қаржауқызы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына белсенді қатысып, «Әлеуметтік психология», «Педагогиканы цифрлық дәуірде қайта зерделеу», «Этика» кітаптарының аударылуына үлесін қосып, сэр Энтони Кеннидің «Қазіргі заман философиясы» және Томас Касулистің «Жапон философиясының тарихы» кітаптарын толық өзі аударды. Оған қоса, Ақмарал осы жобаға байланысты түсірілген «Қазіргі заман философиясының бастауы», «Қазіргі заман философиясы», «Этика», «Өнер философиясы», «Жапон философиясы» атты видеокурстарды жүргізді.

Яндекс.Метрика