Өткен 2020 жыл ішінде атқарған шаруалары жайында халық алдындағы есеп беру жиынын үлкенді-кішілі әкімдер ішінен алғаш болып Түркістан қаласының әкімі Р.Аюпов бастады. Әкім есебі облыс орталығының әкімшілік-іскерлік орталығынан жаңадан бой көтерген келбетті «Конгрес-Холл» ғимаратына жиналған БАҚ өкілдері алдында және әлеуметтік желілер арқылы онлайн режимде өтті.
Р.Аюповтың сөзінше, өткен жыл карантин құрсауында болып біршама шаруалардың атқарылуына тұсау болғанмен, көптеген тындырымды тірліктердің тынысын ашқан жыл болған. Әсіресе, Түркістанның түрлене түсуіне ықпал еткен құрлыс саласы карантиндік шектеулерге қарамастан қарқынын тоқтатпаған. Облыс орталығының көшелері жасыл да жарық, кеңейген әрі қауіпсіз кейіпке ене түсіпті. Әкім есебінен түйгеніміз, Түркістан қаласын жарықтандыру мен автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бағытында 2020 жылы бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, былтыр қала ішінде 168,5 шақырымды құрайтын 126 көше жарықтандырылған. Бұнымен қоса, орташа жөндеу жұмыстары (асфальт төсеу) 106,1 шақырымға, яғни 81 көшеге жүргізіліп, аяқ жолдар салынған.
Атқарылған жұмыстар халық игілігіне бағытталғанын бағамдауға болады. Р.Аюпов бұл туралы «Әкімдік жқмысының басты мақсаты – халықтың жайлылығы! Жайлылық – қауіпсіздік, тұрғын үйге қолжетімділік, денсаулық, білім және жұмыспен қамтылу. Жайлы жағдайы бар адам арқылы қоғам дамиды» деп сөз сабақтады.
Тұрғындардың сапалы өмірін қамтамасыз ету ісінде біршама ілгерілеушілік бар. Мысалы, электр қуаты, ауыз су, табиғи газбен қамту шаруалары жүйелі түрде кезең-кезеңімен атқарылу үстінде екен. Бұл туралы Р.Аюпов халық алдындағы онлайн форматтағы есебінде: «Түркістан қаласы тұрғындары электр қуатымен 99,8 пайыз қамтылған. Жылу жүйесінде орталық қазандықты қайта жөндеу (реконструкция) жұмыстары толық аяқталды. Орталық қазандықтың жұмысы көмір отынынан табиғи газға ауыстырылды. Сондай-ақ, Түркістан қаласында 37 455 абонент (98%) таза ауыз сумен қамтамасыз етілген», — деді.
Айта кетерлігі, былтыр Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілген. Нәтижесінде көгілдір отынды толық пайдаланушы абоненттер 63%-ға жеткен. Ал, қала бойынша инфрақұрылым және сол инфрақұрылымға газ беру көрсеткіші — 100%. Сонымен қатар, жаңадан қоныстанған, жер құжаттарын жаңадан заңдастырған және тағы басқа да себептермен жобаға енбей қалған қала аумағындағы 380 тұрғын үйді табиғи газбен қамту мақсатында жобалау сметалық құжаттары әзірленуде. Жобаның құрылыс жұмыстарын жүргізу 2021 жылдың 2-ші жарты жылдығына жоспарланған.
Әкім есебі онлайн режимде өткенмен, қала тұрғындарының қашықтан сауал қоюларына мүмкіндік берілді, тиісінше әкім оларға жауаптарын берді. Бізді бір таңдандырғаны өзге әкімдер секілді алдын-ала дайындалған сауалдар мен есеп соңында соғылатын ду қол шапалақсыз өткені болды. Көзбояушылықтан алшақ тұрған жаңашыл әкімнің қадамына сүйсіндік, алдағы атқарар істеріне табыс тіледік.
С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Түркістан қаласы
Leave a Reply